ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА

ГУГУЦА


Гугуцэні мектепке шығарып салуға көрші-қолаң түгел жиналды. Қарындасы гүл алып жүруге көмектесті. Әкесі бұлардың соңында Гугуцэнің атақты партасын машинамен алып келе жатыр. Директор омырауына өзінің барлық медальдарын қадап, мектептің алдында Гугуцэге қолын беріп амандасты. Партаны екінші класқа, ал баланы бірінші класқа қабылдап, жаңа партадағы бір қыздың қасына отырғызды.
— Сен кімсің?—деді оған Гугуцэ сабақ басталған кезде.
— Менің атым Гугуца,— деп жауап берді қыз сабақ аяқтала бергенде.
Екінші сабақта мұғалім нүкте салыңдар деп тапсырма берді. Гугуца өзі салған нүктелерді Гугуцэ көшіріп қоймасын деп қолымен қалқалап отырды.
Әр күні бір-бір әріптен жаздырады. Мұғалім апай тақтаға ақпен қараға жазады, ал оқушылар ол әріптерді өз дәптерлеріне әкеліп қондырады, тек олар аққа қарамен жазады.
Жаңа әріпті үйреніп алғасын, Гугуца партасының астынан кауын шығарып, Гугуцэге иіскеп көрүге ғана береді де, өзі бүкіл үзіліс бойы жеп жүреді. Ал өзі жеп тауыса алмайтындай үлкендеу қауын болса, Гугуцэге де бір шеті тиіп калатын.
Үлкен үзілісте Гугуца терезені ашып тастап, құстарға оқу үйретеді:
— Міне, мен мына жерге «Чик» деп жаздым. Менімен бірге қайталаңдар. Жарайсыңдар! Ал енді «Чик-чик» деп тағы да қайталаңдар. Бәрің қосылып: «Чик-чирик»-— деңдер.
Гугуцэ мұндай ұсақ-түйекпен айналыспады — не дегенмен оның партасы екінші класта тұр ғой!
Гугуца мектептен қашық тұратын. Ол әрбір әріпті жаңа дәптерге жазады. Соның кесірінен оның портфелі күн сайын ауырлай береді.
Қызының күші көп болсын деп анасы оның портфеліне тамақты толтырып салатын.
Гугуца әрбір әріпті үйренген сайын келесі класка көштім, менің әріптерім екінші жылға қалмайды деп мақтанатын.
Парта терезе алдында. Күн сәулесі көз қаратпайды. Гугуца көршісінің сабақ айтуын ылғи күтіп отырады. Егер Гугуцэ сабақ айтса, денесі күн сәулесін қызға түсірмей тұрады. Сондықтан Гугуца үзілісте балаға кауын беріп, өзімнің қол шатырымды тамақтандырып жатырмын дейді.
Гугуцэ бұған ашуланып қалды да, қауынды қабағын түйіп жеді. Сосын сабақта үндемей отырып көріп еді, көп шыдай алмай, қолын көтерді. Қыз тағы да көлеңкеде рақаттанып отырды.
Оларға «Я» әрпін және бір-екі әріпті үйрену ғана қалып еді, мұғалім апайды аудан орталығына жұмысқа алып кетеді деген сыбыс шықты.
Бұл қалай? Олар өз апайларын «А» әрпін қалай жақсы көрсе, сондай жақсы көретін еді ғой. Мектепке келе жатқанда қолдарына түскен гүлге дейін соған алып келетін. Гугуцэ апайға арқасында жиырма бір нүктесі бар сары қоңыз ұстап әкеліп еді.
— Басқа мұғалім келеді!—деп жұбатты апай балаларды.
— Сіз бәрінен де әдемісіз,— деп қоймады оқушылар.—Енді қыс түседі. Біз сізді шанамен сырғанатамыз.
Мұғалім апай шанамен сырғанауды, әриие, жақсы көреді. Бірақ оны министрдің өзі мұғалімдерді оқыт деп шақырып жатса, не істейсің.
Енді оны жібермей қоюға директордың да шамасы келмейді.
Сонымен, не керек, мұғалім апай балалармен қоштасып, мұғалімдер бөлмесіне кетті.
Гугуцэ де портфелін алып, пальтосын киді де, кластан шығып кетті. Бір бала оның мектеп алдындағы баспалдақта портфелін тізесіне қойып, ешкімді шығармау үшін екі қолын екі жаққа созып жіберіп отырғанын көріпті.
Содан кейін бәрі кластан жүгіре шығып, баспалдаққа отыра қалысты. Апай мектептен шығуға бет алып еді, өзін жібергісі келмеген оқушыларын көргенде, көзіне бір тамшы жас үйірілді.
Кешкісін апай Гугуцэнің ауылында қалатынын айтып министрге хат жазды.
Ертеңіне кластағылар Гугуцэні староста етіп сайлады. Сонан соң бала менің партам екінші класта деп мақтанбайтын болды.


ГУГУЦЭ ЖӘНЕ ҚАР АДАМДАР


Гугуцэ қар жапалақтарьшың қалай түсетінін бақылап еді, оның көзіне ақ ешкілер мен қойлар, сосын ақ қояндар мен ак аюлар, тіпті қардан жасаған жолбарыстар елестеп кетті. Бірақ аппақ адамдар көрінбеді.
Гугуцэ қолғабын шешіп алып, әлгі ақ ешкілер мен қойларды, кішкентай ақ қояндарды, жолбарыс пен аюларды уыстап араластырды да, аппақ кемпір жасады. Онысы әдемі болып шықты. Сосын Гугуцэ оған аппак шал жасап берді. Екеуіне көңілдірек болу үшін қардан бірнеше бала жасады.
Басқа үйлердің алдында да қардан жасалған адамдар пайда бола бастады.
Әбден қараңғы түсіп, ешкім көрмейтін кезде қардан жасалған әлгі адамдар жүріп үйрене бастады. Сөйтіп олар бір-біріне қонаққа барып, кішкентайларына көк мұздақ сыйлады.
Құстар араласпаса, бәлкім, қар адамдар осылай өздерімен-өздері өмір сүре берген болар еді.
— Әй, қарақшылар!— деп айқайлады құстар! Нандарың бар ма?
Қар адамдар иықтарын қөзғап, бастарын шайқады.
— Адамдарда нан бар,— деп гуілдесті құстар,— ал сендер тек қарақшы ғанасыңдар: нан да, дән де жоқ сендерде. Адамдар жер жыртады, егін егеді. Ал сендер олай істей алмайсыңдар!
— Біз не егеміз? Қарды ма? Нені орамыз? Тағы да қарды ма?—десті қар адамдар.
— Мына қырсықты қарашы! Қастрюльдің бәрін әкеліп басымызға теңкеріп қойды, ботқаны неден жасайтынын көрсеткен жоқ. Бізде дән болса, кұстың бәрін тамақтандырар едік те, олар бізді келемеж етуін қойған болар еді,—десті қар әйелдер.
Қардан жасалған балалар: «Гугуцэ оңбаған. Оның достары — ылғи ашық ауыз»,— деп бір-біріне телеграмма бере бастады.
Қар балаларға бұлардан бір нәрсе қажет болып тұрғанын ауыл балалары түсіне қойды да, олардың әрқайсысына бір-бір сыпырғыш ұстатты: ауланың іші кең, мейлі сыпырып тазалай берсін.
Құстар нақ осыны күткендей, топ-топ болып жиналып келіп, кішкене қар адамдарды мазақтап, әбден естерін шығарды.
Қар адамдардың шыдамы таусылды. Олар қараңғы түсісімен көтеріліске шықты. Алдымен Гугуцэнің үйіне карай қозғалды.
Қар еркектер сыпырғыштарын ызалана сермеп, әйелдер мен балалары бақыраш, кастрюльдерін ала жүгірді.
Гугуцэнің үйі жан-жағынан қоршауда қалды. Ит үрді. Шам жағылды. Біреу терезеден қарады. Ата-анасы ештеңеде байқаған жоқ. Оның есесіне Гугуцэге бәрі де түсінікті болды. Егер сенің үйің қоршауда қалса, бұл әзіл емес кой. Гугуцэ ауыз үйге шығып, есіктің ілгешегін ашты да, саңылаудан басын сұғып:
— Не керек сендерге?— деді.
Ертеңіне таңертең қар адамдар түк болмағандай орын-орнында екен және бәрі де дән мен нанның қалдықтарын ұстап тұр.


АТАСЫНЫҢ ЕРКЕСІ


Жаңа жылдың алдында Гугуцэ қалада тұратын ағасынан хат алды. Ол хатында қалада қалаш нан көп, бірақ қоңыраулатып, әндетіп Жаңа жылмен құттықтайтын адамдар жоқтың қасы деп жазыпты. Гугуцэ өгіздің өкіргені секілді дыбыс шығаратын бугай деген құралды, сосын ең үлкен қоңырауды алды. Әкесі тездетіп шанаға ат жегіп, құйғытып отырып баланы вокзалға алып келді.
Поезд ертегіде айтылатын қанатты арғымақтай, ормандарды басып зымырап келеді. Гугуцэ түні бойы ұйықтамай терезе жанында жаңа жылдық әндер мен тілектерді ыңылдап айтумен болды. Бұрын айтылып жүрген тақпақ, әндердің кейбір жерлеріне өзі жанынан шығарып шумақтар қосты. Ондағы ойы — қаладағылар ауыл баласын не заманғы әндерден басқа түк білмейді екен демесін.
Қалаға келген соң ағасы вокзалда қарсы алды. Гугуцэ оны сол бойда-ақ қышқыл квас әкелуге жұмсады. Себебі бугайды қышқыл бір нәрсемен сүртпесе, дыбысы шықпайды.
Жаңа жыл кеші де болды. Гугуцэ ең алдымен ағайын құттықтады. Сосын ағасы оған құттықтау керек деген адамдардың тізімін жасап берді.
Гугуцэ өзінің немере інісіне бугайды қалай «өкірту» керек екенін үйретті. Өзі қолына қоңырауын алды да, екеуі қаланы аралауға шықты. Кала Гугуцэге таныс болмағанмен, немере інісі бес саусағындай біледі екен.
Екеуі көшеге шығып еді, Гугуцэнің қолындағы коңырау өзінен-өзі сыңғырлап қоя берді. Үйлердің есігі бірінен соң бірі бұлардың алдарынан ашыла бастады. Адамдар көшеге жүгіріп шықты. Бірақ олардың колдарында жаңа жылдық құттықтау айтқан балаға әдет бойынша берілетін қалаш нан емес, қоқыс салған шелектер екен.
Гугуцэ қорқып кеткені соншалык, тұра қашайын деп еді, немере інісі шегі қатқанша күліп, сосын оған қалада қоқыстарды жинап алып кететін машина келгенде әдетте қоңырау сылдыратады деп түсіндірді. Адамдар қоқыс жинайтын машинаны іздеп жан-жағына көз жүгіртеді. Біреуі Гугуцэнің қолтығындағы бугайды көзі шалып, балаларды үйге кіріңдер деп шақырды.
Екеуі есіктен кірер-кірместен:
— Ән салуға, сізді құттықтауға рұқсат етіңіз!— деп айқайлады.
— Рұқсат, рұқсат, балақайлар!
Ағайынды екеуі бөлменің ортасына шығып алып, Троян батыр туралы білетін ақпақтарын зулатты-ай кеп! Сосын олар балконға шығып, жаңа жылдық құттықтауларын жалғастырды.
— Жарайсыңдар, жарайсыңдар!— деп, үй иесі мәз болды. Сонан соң бір үйге телефон соқты да, трубканы Гугуцэге ұстатты. Ар жағынан шыққан дауыс оның Жаңа жылмен құттықтауын өтінді.
Гугуцэ бугайды телефон жанына әкеліп өкіртіп жіберді де, қоңырауын сылдыратып әндете жөнелді. Үй иесі бұларға тағы бір-бірден қалаш берді.
Тағы телефон шылдырады. Шамасы, Гугуцэнің қалаға келгенін жұрттың бәрі естіп алған ғой. Не істейсің енді. Тағы телефон трубкасы арқылы бірнеше адамды қүттықтауға тура келді. Сосын балалар ағасы жасаған тізімді алып, сол бойынша үйлерді аралауға кірісті. Олар бірнеше көшені тауысты, тіпті автобус пен троллейбусты да құттықтады.
Гугуцэ үйге келгеннен кейін ағасына:
— Ой, атам мен әкемді, апамды, бүкіл ауылды құттықтар ма еді қазір!— деді.
Ағасы телефонға ұмтылды да, Гугуцэнің ауылына әлі телефон жүйесі жүргізілмегені есіне түсіп, тоқтап қалды.
— Жарайды. Бірдеме ойластырармыз,—деп, ол пальтосын жамылып шығып кетті.
…Жаңа жыл түні. Гугуцэнің әкесі мен анасы, атасы мен кішкене қарындасы стол айналасында телевизор көріп, Жаңа жылды тойлап отырды. Тек Гугуцэнің орындығы бос тұр. Сонда да анасы оның алдына нан мен қасық, шанышқы қойды. Телевизор экранына бастарында қаракөл бөркі бар үш бала шығып, «гей-гей» деп өздерінше Жаңа жылдық құттықтау айта бастады. Дауыстары әлсіз, аптасына екі рет қана тамақтанған балалар секілді.
— Біздің Гугуцэ қайда отыр екен? — деп күрсінді анасы.
— Анау қоңырау тәрізді шыршаның айналасында шығар,— деді әкесі.
— Бугай!— деп айқайлап жіберді қарындасы осы кезде.
— Біздің бугайдың даусы ғой мынау!
Әлгі үш бала ығысты да, экранға Гугуцэ шықты!
— Сіздерді құттықтап, ән салуға рұқсат етіңіздер!—деп айқайлады Гугуцэ экраннан.
Үйдегілер ауыздарын ашқан күйі сөз айтуға шамалары келмей қалды. Алдымен анасы есін жиды:
— Шырқа, ұлым, әніңді шырқа! Тек мен саған қалашты қалай берер екем?
Гугуцэ бар даусымен әнге басты. «Гей-гей!» деген қайырмасын айтуға келгенде, қызып кеткені сондай, тіпті басындағы беркін жұлып алып, еденге соғып-соғып қойды. Бугайды да барынша өкіртіп, қоңырауын да әдемі сыңғыратып тұрды.
— Көрмегенді көреді деген осы-ау!— деді әкесі.
Ал атасы стаканға толтырып шарап құйып алды да, телевизордағы Гугуцэнің бөркімен қағыстырып жіберіп:
— Сенің денсаулығың үшін, атасының еркесі!— деп көтеріп салды.


СЫПЫРУШЫЛАР


Гугуцэ екінші класқа көшті. Оның бұған қуанғаны сондай, қолына сыпырғыш алып, өзінің үйінен мектепке дейінгі жолды тазарта бастады.
Мына істі көрген көршінің бірінші класс оқитын баласы да көшеге сыпырғыш алып шықты. Ал содан соң басқа көшелерде де сыпырғыштар көріне бастады. Қешке қарай балаларға ауылда тазалайтын жол қалмады.
Ертеңіне үшінші кластықтар ала таңнан тұрып, бұлар да өздерінің жақсы ата-ананың балалары екенін, үшінші класка тектен-тек көшпегендерін көрсетуді ұйғарды. Әрқайсысы үйлерінің айналасы мен көшені тазартуға және өз маңына басқа сыпырушыларды жібермеуге шешім алды. Тек Гугуцэге ғана үйінен мектепке дейін сыпыруға рұқсат етілді. Қалған екінші кластықтардың үлесіне көшенің түкпірлері ғана тиді. Оның есесіне олар емхананың жанындағы жүзім қоймасының ма-ңында жұмыс істейтін еді.
Көшелер үйдің ішіндей тап-таза болды. Ауылдың шетінде оқушылар қойған тексеруші тұрды. Ол ауылға келе жатқан адамның аяғының тазалығын тексерді. Аяқ киімі барлар қалталарынан шөткелерін алып тазаланып, ал жалаң аяқтар Реут өзеніне барып, аяқтарын жуатын тәртіпке көшті.
Адамдар Гугуцэ екінші класка көшкен тамаша күнге дейін ауыл көшелерінің қаншалықты лас, қоқысқа толып жатқанын естеріне алмауға тырысты.
Тіпті шағын базар да ауыл сыртына көшірілді.
Қыста балалар ауыл ішінде жүретін жол салды. Ал бұл жолдардың бойына кішкене қыздар іңірде жүре қалса қорқынышты болмасын деп, қардан күзетші-кемпірлер жасап тізіп қойды.
Көктем келді. Окушылар жаңа сыпырғыштармен қаруланып, таң сәріден байырғы көше тазартушылар секілді іске кірісетін болды.
Ауыл адамдарының арасында балалардың осы еңбегіне ақы төленетін болыпты деген сыбыс шықты. Біреулер медаль береді деп күтіп жүрді. Конфет аламыз деп қапшық даярлап қойғандар да болды.
Міне, Гугуцэнің үйінің жанына ауылдың белгілі адамдары жиналды. Қариялар әуелі екі колды жан қалтаға сальш жүретін балалар қанша жерді тазалағанын есептеді. Олардың тазартқан жолының ұзындығы сыпырғыштың сабынан да қысқа екен. Сосын олар Гугуцэ мен оның жолдастары бір күнде қанша жерді тазартқанын есептеді. Олардың тазартқан жерін есептеп, бәрін қосып қарағанда, ұзындығы аудан орталығына апаратын жолдай жерді тазалаған екен. Бірақ мұндай жерді балалар бір күнде ғана тазартты ғой. Ендеше бұл ұзындықты бір жылдағы күннің санына көбейту керек. Сонда ұшы-қиыры жоқ ұзақ сан шықты.
— Мұндай ұзақ жолмен бір рет жүріп өтсе де, теріс болмас еді,— деді қариялардың бірі.
Балаларға машина таңдап алуға рұқсат етілді. Олар да осыны күткендей, жапырлап жүк машинасының кузовы аузы-мұрнынан шыққанша отырып алды. Гугуцэ шофермен қатар кабинаға отырды. Машина Қара теңізге қарай тартып берді, одан кейін тауға қарай беттеді.
Балалар жүріп келеді, жүріп келеді, осынша ұзақ жолды тазалағандарына тіпті өздері де таң қалды.
ҚЫСҚАШ
Ауылда жаңғақ жинайтын мезгіл болса-ақ, оның басы-қасында ылғи Гугуцэ жүреді. Ұзын сойыл да жетпейтін ағаш басындағы жаңғақты Гугуцэден басқа кім түсіре алушы еді!
Сондықтан жанғақ жинайтын адам алдымен Гугуцэнің әкесіне келеді:
— Құда, жаңғақтың тең жарымын алсаң да, анау кішкентайынды көмекке бермесең болмас. Әйтпесе қарға біткен шұқып кететін түрі бар.
Гугуцэнің үйіне жаңғақ капшық-қапшық келіп жатады.
Әкесі ұсақтау жаңғақты былай койып, тек ірі, сопакшаларын ғана аламын дейтінді шығарды. Бәрібір — күндіз бе, түнде ме, жаңбырда ма, ыссыда ма — Гугуцэ үйінің есігіне тыным болмады. Тіпті есік шыдамайтын болды. Әкесі байғұс есікті бүтіндегені үшін ағаш шеберіне де жаңғақты қаптап тасумен жүрді. Есікті қондыруы-ақ мұң екен, тағы біреулер жаңғақ алып жетіп келеді. Тағы есік тыным көрмейді.
Күз түсіп, енді жаңғақ піседі-ау деген кезде әкесі де қақпа қағушылардың көбейетінін сезіп, істі оңай шешуді ойлады:
— Гугуцэ қарағым, мүмкін, сенің аяғың ауырып отырған болар?
— Жоқ, әке, қазір ауырмайды.
Гугуцэ тағы да биік ағаштардың басына шығып жаңғақ тере бастайды. Қайтадан үйіне қапшық-қапшық жаңғақ әкелініп есікке дамыл жоқ.
Ағаш шебері биыл да жүмыстың көп болатынына қуанышты еді, бір күні ол да Гугуцэні жаңғақ жинауға шақырды.
Гугуцэнің әкесі иығы салбырап әбден шаршады. Ағаш шебері миығынан күліп жүр.
Бір күні ауылдағы темір ұстасы істейтін жұмыс таппай қойды. Қішкене қыдырып қайтуға көшеге шықты. Гугуцэ үйінің есігі шиқылдап тұрғанын естіді де, сол үйге келді:
— Мен сіздерге жаңғақ жаратын қысқаш жасап берейін,—деді.
— Міне, міне,— деп қуанды Гугуцэнің әкесі.— Осыны өзім де айтқым келіп, аузыма түспей қойып еді. Келгенің жақсы болды, құда!
Темір ұстасы жаңғақ жаратын қысқаш жасап берді.
Жаз өтіп, күз де келді. Жаңғақ та пісіп қалды. Дәл сол кезде, неге екені белгісіз, Гугуцэнің аяғы ауырып калғаны.
Қысқаш тып-тыныш сандықтың түбінде жатты да қойды. «Гугуцэнің аяғына не болды екен?»—деп ойлап жатты ол.


АТАСЫНЫҢ ТАЯҒЫ


Атасының туған күні болды.
Гугуцэнің шешесі атайға көйлек, әкесі үйге киетін кебіс, қарындасы гүл, ал Гугуцэ атасы сүйеніп жүрсін деп таяқ сыйлады.
Атасы гүлді вазаға, көйлекті сандыққа салды, сосын сол қолымен Гугуцэні құшақтады. Өйткені оң қолына таяқ ұстап тұр еді. Олар тамақ ішуге отырғанда да, таяқ атасының қасында сүйеулі тұрды және атасы ылғи сол туралы айтып мақтады. Әкесі кебіс туралы әңгіме қозғағысы келіп, кереуеттің аяқ жағында жатқан кебіске қарай берді және атасынан аяғың тоңбай ма деп сұрады. Атасы оған жауап берудің орнына таяғын көрсетті.
Сол кеште Гугуцэ көпке дейін ұйықтай алмады. Бұның сыйлаған таяғы атасына ұнағаны сонша, ол енді жатпастан, таяғына сүйеніп таң атқанша жүреді, әрине. Көп жүргесін таяқ желініп қысқарады-ау, себебі ол темір емес қой.
Таң атқасын Гугуцэ темір сақина тауып, сол бойда атасына жүгірді. Жолшыбай ол кез келген адамнан қолына таяқ ұстаған атамды көрмеді-ңіз бе деп сұраумен болды.
Біреулер жауап берудің орнына иықтарын қиқаңдатты, біреулері қолдарын сермеді. Гугуцэ атамның таяғына бірдеңе болып қалған жоқ па екен деп одан сайын үрейленді.
Үйге келсе, атасы ұйқыдан жаңа ғана тұрып, Гугуцэнің шешесі берген көйлекті, әкесі әперген кебісті киіп бөлме ішінде жүр екен. Ал Гугуцэ сыйлаған таяқ тып-тыныш шегеде ілулі күйінде тұр. Тіпті ұшы да мұқалмаған.
Шамасы, атасы Гугуцэ өзі біліп темір сақына кигізгенше күте тұрайын деген болса керек.
Үйде сіріңке таусылып қалыпты. Атасы қазір дүкенге баратын болар, Гугуцэ сонда темір сақина салған таяқ атасына ауырлық етпей ме екен — соны білетін болады.
Бірақ атасы сіріңкеге Гугуцэні жіберді.
Келесі жолы Гугуцэ темір сақинаны алып тастап, орнына резеңке сақина салды. Енді таяқ жеп-жеңіл болып кетті. Атасын сол кезде қой қора салуға шақырып жатқан, жеңіл таяқ ұстап баратыны тіпті жақсы болды. Ол таяғын ұстап шығады, сонда Гугуцэ резеңке сақина салған жеп-жеңіл таяқпен атасының қалай шапшаң жүріп бара жатқанын көреді. Алайда атасы қасына Гугуцэні ертті, ал таяқ сол шегеде ілінген күйінде қала берді.
Құрылыста Гугуцэ бір минут та тыным алған жок. Ол бұрын ешқашан да қой қора салып көрген емес қой. Гугуцэ бағаналарды ұстасты, атасына тақтай тасып берді. Қораның есігін жасаған кезде қойдың бәрі өрісте еді. Гугуцэнің қүрылыс басына келгені мұндай тамаша болар ма! Есікті соның бойына өлшеп жасады. Сосын шопан Гугуцэге бір аяқ айран мен үлкен ағаш қасық берді.
Жаз да өтті. Атасына анасы сыйлаған көйлек те күнге күйіп бітті. Әкесі берген кебіс те жыртылды. Ал таяқ сол шегеде әлі тұр.
Бір күні атасы Гугуцэні базарға ертіп кетті. Екеуі ештеңе сатқан жоқ. Атасы көрші ауылдардан келетін таныс қариялармен әңгімелесті. Гугуцэге де іс табылды — атасы оған балмұздақ сатып әперді.
Бала оң қолына балмүздақ ұстады да, сол қолымен атасының қолын ұстап тұрды. Өйткені адам көп, адасып қалуы мүмкін ғой.
Екеуі базардан қайтып келе жатты. Гугуцэ ретін тауып атасына былай деді:
— Ата, сен ғой менің берген таяғымды керемет мақтадың, ал өзің оны ұстамай шегеге іліп қойдың.
Атасы оның қалпағын көзіне түсіре тартып, иығынан құшақтады да:
— Гугуцэ, менің сүйенетін таяғым өзіңсің ғой!— деді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *