АЙЛАКЕР АТҚОРА
Қар қиыршықтары Гугуцэнің ауласын көрді де, шыр айналып атқораның үстінен шықпай қойды. Өйткені қораның ішіндегі екі қоңырау қайта-қайта сыңғырлап оларды қызықтыра берді.
— Қоңырауларды бізбен бірге жіберсейші!— деп қар қиыршықтары атқораға жалына бастады.— Жұрт қыс келе жатқанын естісін.
Бірақ атқора есігін ашқысы келмеді:
—Әуелі маған жақсы етіп бөрік жасап беріңдер.
Қар қиыршықтары жарты күн бойы жұмыс істеді. Атқораға төбесі шошайған аппақ бөрік істеп берді.
—Енді тереземнің алдына гүл керек! Қиыршықтар айтысып жатпады. Енді, міне, терезенің алдында ақ гүлдер пайда болды.
— Біз сенің тілегіңнің бәрін орындадық.— деді қар қиыршықтары.— Енді қоңырауларды босат!
— Қулықтарын қарай гөр!—деп кейіді атқора.— Енді мұнда Жасыл патшаны әкеліңдер, ол мені тазаласын.
— Қүлағың сал, атқора!— деп қар қиыршықтары шошып кетті.— Еліне жалғыз түйір қар қиыршығы барып көрмеген Жасыл патшаны біз қалай әкелеміз?
Атқора одан бетер ашуланды:
— Ендеше өздерің біліңдер! Қоңыраулар өзімде қалады. Амал таусылды. Қар қиыршықтарының жартысы ұшып кетті де, қалғандары атқораның үстінде айналып жүрді.
Атқора ақ бөркінің астынан оларға жақтырмай бір қарап алды да:
— Ал, сендер неменеге топырлай қалдыңдар?— деді.—Барып Қызыл патшаны алып келіңдер. Күзетші боп жұмыс істейтін болсын. Егер әкелмесеңдер, қоңыраудан дәмелерің болмасын.
— Атқоражан,— деп жалынды қар қиыршықтары,— Қызыл патша елінің алыстығы сонша, біз оған жете алмай жолда қаламыз.
— Ендеше шаруаларың білсін,— деп шытынды атқора. Сүйдеді де, қоңырауларын тағы бір сыңғырлатып қойды.
Қар қиыршықтары ұша жөнелді және сол кеткеннен қайтып оралмады. Жалғыз қалған ақсақ қар қиыршығы ғана есік алдында айналып жүрді. Қенет ол аяқ тысырын естіді.
— Патша келді!— деп ойлады ақсақ қиыршық.— Қайсысы екен— Жасылы ма, Қызылы ма?
Бұл келген Гугуцэ еді. Ол атқораның есігін шалқасынан ашып жіберіп, онда тұрған қос қоңыраулы жүйрік атты шығарды. Оны шанаға жекті де, қоңырау үнін сыңғырлатқан күйі желмен жарысып кете барды.
Сөйтіп айлакер атқора қар қиыршықтарын алдап-алдап, ақыры Гугуцэнің ат-шанасы үшін аппақ жол төсеттіріп қойды.
АЯЗ АТАЛАР
Аяз Аталардың қайдан шығатынын Гугуцэ жақсы біледі. Олардың өз елі бар. Онда бұлттар аяздан дірілдеп жүреді, ал күн мүлде болмайды, өйткені ол елде күн орнына айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана бар.
Ол елде түрлі-түрлі Аяз Аталар болады: жасы да, кәрісі де, тіпті құртақандайы да бар. Қыс әже оларды былай жасайды: әуелі қар бетіне түйіршіктер себеді де, әрқайсысына бөрік кигізеді. Ертеңіне әлгі түйіршіктен басында бөркі бар кішкене Аяз Ата өсіп шығады. Қыс әже олардың бәрін үш күн бойы үйде ұстайды да, тек қар түйіршіктерімен тамақтандырады. Сөйтіп, олардың мұрындарының астына аппақ мұрт пен сақал шыққанша үйден шығармайды. Содан кейін оларды аулаға ертіп шығарады да, өзі жаңа Аяз Аталарды өсіруге кіріседі.
Кішкентай Аяз Аталар қар үстінде бірін-бірі қуысып, тау басынан шанамен сырғанайды, бөріктерін ақ аюларға лақтырып ойнайды. Ал олардың үйде қалғаны қардан қуыршақ жасайды. Аяз Аталар мектепке бұғыға мініп барады. Мектепте оларға география мен шет ел тілдерін ғана оқытады. Себебі Аяз Аталар дүние жүзіндегі барлық тілді және жолдарды жақсы білуі керек қой. Олар қара тақтаның орнына ақ қарға жазады.
Қарт Аяз Аталар ойыншықтар жасайтын фабрикада жұмыс істейді. Олар кенеттен еріп кетпеу үшін фабриканың төбесін жаппайды. Үйлерін ақ қар басқан кезде Жаңа жылдың алдында, Аяз Аталар ойыншықтарды қапқа салып алады да, бұғыға мініп жолға шығады. Бұғылар далада аяқтарымен, ал орманда мүйіздерімен өздеріне жол жасап алады. Аяз Аталар ешкімнен қорықпайды. Тіпті қасқырлар да оларға ит орнына қызмет етеді. Аяз Аталар жүріп-жүріп, ақыры аппақ атқораға жетеді. Онда жарқылдаған үлкен кездерімен түнде де жолды көріп отыратын ақ боз аттар күтіп тұр. Сол жерде бұғылар кейін қарай, яғни солтүстікке қайтады да, ал ақ боз аттар Аяз Аталарды мінгізіп алып, бірін шығысқа, екіншісін батысқа, біреуін оңтүстікке әкетеді. Ақша қарды сықырлата сырғыған шана үстінде желмен желбіреген ақ сақалдарымен аттарды айдап қойып Аяз Аталар отырады. Олар барлық ауылдар мен қалалардағы балаларға сыйлық әкеледі. Аяз Аталар ойыншық толы қаптарын босатқан соң, шырша жанында балалардың, барлық тілде айтқан тақпақтары мен әндерін жаттап алып үйлеріне қайтады. Олар енді балалардан естіген әндерін бір-біріне айтады. Тақпақтар оқиды. Ендігі Жаңа жылдың келуін асыға күтеді.
Осы уақыттың бәрінде де Аяз Аталар елінде бұлттардың бәрі тоңғаннан дірдектеп жүреді. Ал аспанда айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана жылтырайды.
ЖАҢА ЖЫЛ КЕШІ
Жасыл шырша өзі есік ашты да, үйге кіріп келді. Оның соңынан қыздың әкесі кірді. Орманшының қызы Дойна әуелі алақанын шапалақтап алды да, сонсын шыршаға өзінің кішкене кереуетін және оның жанындағы шыршаның тұратын орнын керсетті. Құстар, тиындар, қояндар шыршаның осында екенін бірден біле қойды да, біреулері бұтақтың үстіне, біреулері бұтаның астына рақаттанып отырды. Сөйткенше болмай, шырша сәулелерге бөленді. Барлығы да Жаңа жылды қарсы алуға дайын болды.
Жаңа жыл молдаван ауылдарына жайдан-жай келе қоймайды. Бұл жақта Жаңа жыл кешінде үйді-үйге кіріп құттықтайды. Терезе алдарында «гей-гей!» деген қуанышты дауыстар сыңғырлаған қоңырау үндеріне қосылып жатады.
Дойна терезенің алдына отырып, қараңғы далаға қарады. Онымен бірге шырша да терезеге көз жүгіртіп қояды. Жол бойында ешкім көрінбейді. Тек алысырақтан, анау ауыл маңынан қоңырау үні естіледі.
— Ауылға Жаңа жыл келіп қалыпты,— деді қыз өзіне-өзі.— Көкем біздің үйді орманға неге салды екен? Біздің терезенің алдында қоңырау сылдырламайды, тіпті Жаңа жыл бізді таба алмайтын шығар. Мені құттықтауға Гугуцэ де келмейді. Ол ауылда қорықпайды ғой, онда иттер бар. Ал мұнда орманда ше?
Дойна қабағын шытты. Шырша да өзінің оттарымен көңілсіз жымыңдап қойды.
Түн ортасы болды. Әкесі мен шешесі, атасы Дойнаның бетінен сүйіп Жаңа жылмен құттықтады, көп сыйлықтар берді. Бірақ терезе алдында «гей-гей» деп ешкім айқайламаса, қоңырау үні естілмесе, бұл қандай Жаңа жыл болмақ? Әкесі үйді орманға салғаны несі екен?
Қыз қараңғыға қарап отыра берді. Бірақ ұйқы атай келді де, оны терезенің алдынан алып кетті. Дойнаның кірпіктері жұмылғаны сол еді, терезенің алдынан қардың сықыры мен әндеткен дауыстар естілді:
Үй иесі, тұрыңыз!
Ұйқы бұлтын қуыңыз!
Көңілдерді көтерсін
Біздің айтқан жырымыз.
Гей-гей!
Қосылыңдар бұл жырға,
Қоңыраулар, сыңғырла!
Мына балалардың ішіндегі қолында үлкен қоңырауы бар ең кішкентайы кім екен? Гугуцэ екен ғой!
Ән саламыз, билейміз,
тұнжырауды сүймейміз.
— Бізден рұқсат, рұқсат!— деді Дойнаның әкесі. Қоңыраулар сыңғырлап, бугай1 үні естілді. Шыршада отырған аңдардың бәрі де оянды. Үй ішін көңілді дауыстар кернеді. Дойна қуанғаннан секірем дегенде, маңдайшаға төбесін ұрып алса да, ауырсынбады.
Далада қар жауып тұр. Балалар тізесіне дейін қар кешіп тұрса
да, әндетулерін қоймады. Қар белуардан жауды, сонда да ән мен күйді ешкім тоқтатар емес. Үлкендігі Дойнаның қолқабындай жапалақ қар жауа бастады. Қардың қалыңдығы иықтарынан келсе де, балалар қоңырау үнін бәсеңдетер емес.
Қатты болса қыс мына,
көктемеде көңілді,
күздігүні алтын дән
тербетеді өңірді.
Гей-гей!
Қосыл, орман, бұл жырға,
қоңыраулар, сыңғырла!
— Мен әкем үйді орманға салғаны несі деп өкініп жүрсем!— деп, қыз енді қуана бастады.
Кенет ол қар үстінде балалардың тек бастары қылтиып қалғанын
байқады. Ал Гугуцэнің бөркінің төбесі мен қолындағы қоңырауы ғана көрінеді. Дойна шапшаңдап тонын киді де, қолына күрек алып, балаларды арши бастады. Сонсын оның өзі де түні бойы балалармен қосылып «гей-гей» деп ән салды. Ал әкесі, шешесі, атасы оларға терезеден қарап тұрды. Олармен бірге түнімен ұйықтамаған шырша да қарап тұр екен.
Таңертең Дойна терезенің жанына жүгіріп келді. Аспаннан қар түйіршіктері құйылып тұр екен. Олар:
Ақ бидай ғой ақша қар,
шашып жатыр ақ аспан.
Қыс осындай болғанда,
көп болады қалаш нан! —
деп әндетіп жүр. Сөйтіп, ақ түйіршіктер аулада да, орманда да, терезе алдында да толып жатты. Айналаның бәрі аппақ. Жаңа жылдың алғашқы таңы осындай екен ғой!
Орманшының қызы етегін жаңғақ пен тәтті нанға толтырып, ақша қардың алдынан шықты. Бірақ бұл сыйлықты кімге беру керек? Ақша қардың қалтасы да жоқ, оған тәтті нан да, жаңғақ та керек емес.
Ақша қар әндетіп жүріп баламен қоштасты да, аппақ бөркі
жылтылдап әрмен қарай оны сағынып күткен ормандарға, дала мен ауылдарға асығып бара жатты.
БАРАБАНШЫ
Гугуцэнің көршісінде қыз туды.
Ол қыздың шешесі түні бойы шамын сөндірмейді — шамасы, қуанғаннан болар. Ал оның әкесі Михай ағай көшедегі бар баланы жиып алып, арбаға мінгізеді. Тіпті бір күні арба жеккен аттар орталық көшемен құйғытып бара жатқанда, Гугуцэге делбені ұстатып қойғаны бар.
Михай ағай Гугуцэні өз адамындай көреді. Екі үйдің арасын ап-аласа шарбақ қана бөліп тұрады: бір секірсең, арғы жағынан шығасың. Онда бесікте жатқан кішкене қыз бар. Өзі үлкен адамша көздерін жыпылықтатып қояды. Шешесі ол ұйықтап жатып күледі дейді.
Ол қызға Лили деп ат қойылатынын жұрттың бәрі біледі. Бірақ сәбиге ат қою үшін алдымен шілдехана жасау керек. Сондықтан да Лилидің бір әжесі ашымал ашытып, екінші әжесі жаңа туған ай тәрізді тәтті нан, тоқаш пісіріп әлек болып жүр. Ал Михай ағай ауылды кезіп әнші-күйшілер іздеуде.
Гугуцэ үлкендерге бөгет болғысы келмейді. Үйге де мезгілінде келеді. Ол өзінің көрші балаларды салып жүрген сурет дәптері мен қарындашын тауып алды да, есік алдына отырып, өз үйіне қарап тұрған кішкене қызды сала бастады. Сол жерде оның жанына Михай ағай келе қалды.
–Гугуцэ, сен барабан соғу білесің бе?
— Білгенде қандай, Михай аға!
— Мынандай жұмыс болып тұр, Гугуцэ. Менің кішкентай қызым бар екенін білесің ғой. Бүгін кешке қалай болғанда да біздің үйде көңілді ән-күй шалықтауы керек! Ал ауылдағы күйшілердің бәрін жан-жаққа тойға алып кетіпті. Таң атқалы жүгірсем де, аккордеоншы жалғыз жігіттен басқа жан таба алмай, шаршадым. Бірақ шілдеханадағы ең бастысы барабан екенін өзің білесің ғой.
— Ешкім табылмаса, барабан соғуға мен келейін, Михай аға. Тек менде барабан жоқ қой.
— Айналып кетейін Гугуцэ, барабан табылады!
Михай ағай сол бойда Крецуляк деген жесір әйелдің үйіне барып, бір кешке оның күйеуінен қалған барабанды сұрап алды. Әйел ілулі барабанды алып, шаңын сүртіп берген соң, Михай ағай оны иығына салып үйіне әкелді.
Күн ұясына батар кезде, Гугуцэ шарбақтан секіріп түсіп, көршінің үйіне келді. Таяқшаларын әзірлеп, барабанның жанына тұра қалып еді, аккордеоншы бала жігіт оған қызыға қарап қалды.
Оған жаны ашыған Гугуцэ:
— Шыдай тұр, саған да соққызамын,— деп қойды.
Аккордеон мен барабан үні қосылып, көңілді күй басталып та кетті. Аккордеон үні шарбақтан әрі шықпағанмен, оның есесіне барабан даусы бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызды.
Тоадер Крецуляк қайтыс болғаннан бері бұл барабанның үні естіліп көрген емес-ті. Бір ғажабы — барабан шаң-шаң болған күйі үн-түнсіз шарбақта жатса да, бірде-бір әнді ұмытпапты.
— Естисің бе,— деп таңданысты жол бойындағы адамдар бір-бірін тоқтатып.— Мынау Тоадер Крецуляктың барабаны емес пе? Иә, иә, дәл өзі! Шіркіннің үні бөлек қой! Ал, барабаншы қандай? Кім болды екен өзі?
Барабан үнін естіген халықтың бәрі Лилидің үйіне қарай ағылды. Михай ағай қонақтарды қарсы алуға әрең үлгеріп тұрды. Гугуцэ аккордеоншымен қосылып марш ойнап отырған. Қонақтардың бәрі бастарын иіп:
— Ән мен күй жасасын!— деп айқайлады. Барабан үнін естуге Крецуляк апай да келген еді. Гугуцэ барабан тартқанда бір орында тұру мүмкін емес. Жұрт билеп, секіріп, екеу-екеу дөңгеленіп жүр.
— Ей, Гугуцэ! Бір минут демалуға мұрша бер! Әбден сілемізді қатырдың!
Бірақ Гугуцэ қоятын емес. Ауладағы ағаштарға дейін бас шайқап таңданады. Құстар Гугуцэнің қалай барабан тартатынын тыңдасын деп ұяларындағы балапандарын оятып жатыр.
Сол кеште ауылда қатарынан үш той болып жатыр еді. Үш үйде де барабан соғылды. Бірақ барабаншылардың қай-қайсысы да Гугуцэмен теңдесе алмады. Михай ағай жан-жағына қарап еді, билеп жүрген адамдардың көптігі сонша, олар есік алдына сыймағасын көшеге шығып билеп жүр екен. Сол жерде Михай ағайға үш күйеу жігіт жүгіріп келді: «Біздің тойымызда адам қалған жоқ, қонақтарыңның біразын бізге берсейші»,— дейді.
Гугуцэ барабанды соғып жіберіп еді, үш жігптің өздері де шыдай алмай, билей жөнелді. Күйеу жігіттерді іздеп қалыңдық келді. «Бізге қонақтардың қажеті жоқ,— дейді олар,— тек жігіттерімізді беріңіз». Бірақ осы сөзді айтып үлгермей, өздері де биге араласып дөңгеленіп кетті.
Күйеу мен қалыңдықсыз той бола ма! Енді, міне, үш тойға жиналған музыканттардың бәрі Гугуцэнің үйіне қарай ағылып келеді. Олардың алдында үш барабаншы келе жатыр.
Гугуцэ кішкентай Лилидің құрметіне қанша адам билегенін, аспанды да жұлдыздар қаптап кеткенін көрді де, жанындағы аккордеоншыға барабанды беріп, өзі ұйықтауға үйіне кетті. Адамдар онымен коштасарда бөркін толтырып конфет сыйлады. Ал Тоадер Крецуляктың жесірі күйеуінен қалған барабанды Гугуцэге түпкілікті беретінін айтты.
ТАРАЗЫ
Бірде Гугуцэ қалаға барғанда үлкен таразы көрді. Таразының жанында ақ халатты шал көшеде өтіп бара жатқандарды өлшеп тұр.
Гугуцэ үйге қайтып келе жатып, сарайда баяғыдан бір таразы жатқанын есіне алды. Таңертең әкесі мен шешесі жұмысқа кеткен соң, Гугуцэ кішкене қарындасы екеуі таразыны сарайдан шығарып, қақпаның алдына қойды. Гугуцэ үстіне көйлек киіп, етегін шалбарланбай қоя берді (қаладағы студенттер осылай жүретінін көрген).
Көйлек ақ, әрі ұзын, халаттан аумайды. Қарындасы үлкенді-кішілі кірдің тасынан аумайтын бірнеше картоп қазып әкелді.
Гугуцэ қағазға «4» санын жазып, қасына тиынның суретін салды. Қағазды таразыға жапсырды да, өзі жанына тұрды.
Өткенде қалада көрген таразыдан, өзі оның жанындағы шалдан аумай қалды. Бірақ таразыға ешкім келмейді. Жанынан өтіп жүре береді. Ол «4» санын сүртіп тастап, «3» санын жазды. Бәрібір ешкім келмеді. Ендеше бағасын бір тиынға дейін төмендету керек.
Бір кісі жақындап келді де, таразыға қарады. Бір нәрсе айтқысы келді білем. Бірақ үндемеді, әрі қарай жүре берді.
Гугуцэ жапсырған қағазды жұлып алды. Мұнысы таразыға тегін өлшенуге болады дегені. Бәрібір ешкім жақындамады. Сонсоң қарындасы бір етек алма, бір етек алмұрт алып келді. Таразыға шегілгені үшін, ер адамға бір-бір алма, ал әйелдерге бір-бір алмұрт беруге ұйғарды. Бірақ адамдардың бәрі келісіп қойғандай, жалғызы таразыға жоламайды. Оның есесіне көрші үйлердің балалары жүгіріп келіп, бөріктеріне дейін өлшетіп, ақыры алма мен алмұртты жеп тарасты.
Түске қарай есік алдымен Гугуцэнің ескі досы, арбашы кетіп бара жатты. Ол аттарын тоқтатып, Гугуцэнің хал-жағдайын сұрап білді.
— Қайғырма,— деді,— мен саған үйретейін. Таразыңды әкел, арбаға сал, қырманға барамыз. Халықтың бәрі сонда ғой.
Олар қырманға келіп, таразыны жерге түсірді. Расында да халықтың ұшы-қиыры жоқ екен.
— Ей, халайық!— деп айқайлады арбашы.— Өздеріңнің салмақтарыңды білгілерің келсе, мына жас жігітке келіңдер.
Алайда жұрттың бәрі жұмыстан бас алатын емес. Гугуцэ таразының қасында жападан-жалғыз тұрды да қойды. Ешкім өлшенбейтін болғасын не қажеті бар деп, ол таразысын қырманға тастап, үйіне қайтуға ыңғайланғанда, күн де батуға таянып еді.
Кенет Ион ағай топтан шықты да, маңдайынан шып-шып шыққан терін сүртіп тастап, Гугуцэнің жанына келді.
— Қане, жігітім, мені өлшеп жіберші!
Ион ағай Гугуцэге кірдің тасын әкеліп, өзі таразының үстіне шыққанда, қуанғаннан Гугуцэнің көзі оттай жайнап кетті.
Гугуцэ кірдің тасын былай қойып, құлағына қыстырулы тұрған қарындашын алып жіберіп есептей қойды.
— Ион аға, салмағыңыз мынандай екен.
— Шын ба?— деп, Ион ағай жымиып мұртынан күлді.
Гугуцэ енді басқа көк қарындашын алып, тағы есептеді. Ұзын саны алдыңғы өлшегенмен дәл келіп тұр.
— Ендеше мынаны өлшеп көрші,— деп, Ион ағай күлімсіреген күйі бір қап бидайды таразы үстіне тастай берді.
Гугуцэ қапты өлшеді де, оның салмағын Ион ағайдың өз салмағына қосып айтып еді.
— Дұрыс емес секілді. Мына бір бидайды қосып өлшеші,— деді ағай.
Гугуцэ содан қараңғы түскенше таразыға өлшеумен болды. Қара қарындаш та, көк қарындаш та таусылып бітті.
— Жігіт екенсің!— деп, Ион ағай мақтап қойды.— Мына бір қап дәнді де өлшей қойшы.
Бұл өлшегені бұрынғыдан жеті есе көп болып шықты.
Жұмыстан жалығатын Гугуцэ емес қой. Әлі кететін түрі жоқ. Сонда Ион ағай тағы да үлкен кірдің тасы мен екі көмекшіні қосып берді. Гугуцэ бір апта бойы қырманда жұмыс істеді. Қарындасы оған тамақ тасып, қарындаш, дәптер әкеліп берумен болды. Күнде бір дәптер бітеді. Ал қарындаш дегенің тіпті шақ келер емес. Гугуцэнің бір көмекшісі тек қарындаштың ұшын шығарумен тұрды.
Сегізінші күн дегенде Гугуцэ дәннің бәрін өлшеп болып, шыққан санды Ион ағайға көрсетті. Ион ағай қабағын шытты да:
— Әлі де дұрыс емес, ұлым. Тағы өлшеу керек,— деп, аспанмен таласып үюлі жатқан жүгері мен шекілдеуікті, арба-арба болып тұрған жүзімді көрсетті. Ион ағай Гугуцэге үшінші көмекші қосып, тағы да жаңа кірдің тастарын берді.
Күз болатын. Мектепте сабақ басталғалы қашан. Гугуцэ дәптерлерін чемоданға салды да, өлшегендерін есептету үшін, қарт мұғалімге келді. Мұғалім үшінші класты түгел отырғызып, есеп шығарта бастады. Балалардың бәрі сиясауыттағы сия таусылғанша қосып, алып есеп шығара берді. Ақыры олардың есебінің шығындысы керуен сияқты ұзыннан-ұзаққа созылған сан болды.
Гугуцэ оларға тағы да есептете берер еді, бірақ ол биылғы себілген бидайды, жаз бойы ауылдағы балалар жеген жүзімді, құстар жеп кеткен дәннің санын білмеді. Ол Ион ағайды тауып алып, жаңағы керуен секілді ұзын санды көрсетіп:
–Ион аға, сенің салмағың жүз мың пүт екен!— деді.
— Болса болар. Енді біршама дұрыс секілді,— деп, Ион ағай мұртын сипап қойды.
— Гугуцэ, денің сау, мықты болып өс! Сенен түбінде жақсы оқушы шығады,— деді сосын ол.
ГУГУЦЭНІҢ ПАРТАСЫ
Бірнеше күннен бері Гугуцэ есік алдында ойнауды қойды. Үлкен балалармен дос болып жүр. Өйткені олардан мектепке апаратын кітап алады. Ол ауыл балаларынан төрт әліппе тапты, немере ағасының аспалы сөмкесін сұрап алды.
Ертең бірінші қыркүйек деген күні кеште Гугуцэ бұрынғы бірге ойнайтын балаларға басқа дос тауып алыңдар деді. Ал қарындасына өзінің бар ойыншығын, тіпті рульде шофер отырған машинасын да берді.
Ол кешкісін күндегіден, ерте жатқанмен, ұйықтай алмады. Ит үреді. Егер балаларға жақсы түс көргізетін Ене атай келіп, мұның сөмкесін алып кетсе ше? Гугуцэ есік алдына жүгіріп шығып, байлаулы тұрған Тарзанды босатып жіберді. Таңертең төбет үйдің іргесінде ұйықтап жатыр екен. Шамасы, түнімен Ене атаймен арпалысып шыққан болар. Әйтеуір сөмке орнында екен.
Гугуцэ екі құлағын да әбден жуып, жаңа костюмін киді. Сонсын сөмкесін иығына асынып, бақшадан бір түп гүл жұлып алды да, мектепке тартты.
— Бір кітабың болса, бірінші класқа барасың, екі кітабың болса екінші класқа,— деп ойлады Гугуцэ жүріп келе жатып.— Ал төрт кітаппен нешінші класқа бару керек?
Мектептің алдында директор тұр екен.
— Гугуцэмісің?— деп таңданды ол.— Сен мына сөмкеңнен де кішкентайсың ғой! Бірінші класқа бару үшін саған анау бөркіңнің төбесіне дейін өсу керек. Жақсы енді. Қеліп қалған екенсің, мектептің тәжірибе участогынан қарбыз жеп кет.
Гугуцэ ұялғаннан жерге кіре жаздады. Сөмке толы кітап алып келген адамға бүкіл баланың көзінше қарбыз жеуге бар дегені қызық екен!
Гугуцэ ашуланып кетіп, үйіне қарай бұрыла жөнелді.
Директор ағай Гугуцэнің ашуланып кеткенін біліп, кешке қарай онымен татуласуға келді. Баланы былай үгіттейді, алай үгіттейді — бірақ Гугуцэ көнер емес, әлі ашулы.
— Ендеше, Гугуцэ, мен саған үзіліс кезінде мектеп қоңырауын соғуға рұқсат етсем, бұған қалай қарайсың?— деді директор.
— Керегі жоқ.
— Онда сен мейрамдарда мектеп сахнасынан тақпақ айтсаң қайтеді?
— Түк те айтпаймын.
Директор ақыры ештеңе шығара алмай кетті. Гугуцэ әкесіне айтты:
— Көке, маған есік алдынан мектеп жасап бер.
— Мектеп болса, кәдімгі шын мектеп салу керек. Ал менде көтергіш кран да, самосвал да жоқ,— деп, әкесі желкесін қасыды.
— Онда маған парта жасап бер,— деп қоймады Гугуцэ.
— Несі бар, парта жасауға болады…
Бір апта өткенде Гугуцэнің партасы да әзір болды. Мектеп жақтан қоңырау дыбысы естілгенде, Гугуцэ партасына отыра қалады, оқи бастайды. Ауылдағы кішкене балалардың бәрі шарбақтың тесігінен сығалайды. Олардың қызығатыны соншалық, Гугуцэнің партасына бір-ақ рет отыру үшін нені болса да беруге даяр.
Гугуцэ оларды аяп кетті: мейлі өздері кітап тауып алсын да, құлақтарын тазалап, бір-бірден келсін деп ойлады.
Гугуцэнің партасы туралы хабар ауылға түгел тарады. Тіпті үлкендер де бақшаның жанынан өте беріп, шарбақтың ішіне көз жүгіртетін, біздің ауылдан тағы бір оқымысты адам шығады деп қуанатын. Ал олардың кейбіреулері бақшаның ішіне де кіріп, партаны көріп кетіп жүрді.
Бір күні Гугуцэнің үзілісі кезінде мектеп директорының өзі келді:
— Гугуцэ, партаңа отыруға маған да рұқсат ет.
— Жарайды,— деді Гугуцэ.— Тек алдымен біздің бақшадан алма жеп ал.