ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА

ГУГУЦЭНІҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ
Гугуцэ өзінің қауқиған бөркін киіп үлгермей-ақ, қыс түсіп кеткені. Шамасы, тентек аязға бала да, оның дәу бөркі де ұнап қалған ғой.
Гугуцэні көру үшін дүниенің төрт бұрышынан ақша қар ұшып келді. Олар бірден-ақ баланы басынан аяғына дейін орап алды. Гугуцэ болса, қардан соғылған бала секілді: жұп-жұмыр, аппақ болып тұр. Тек бөркінің астынан түтін бұрқырайды.
— Ойпыр-ай!— деп таңданды ақша қар.— Мынау бөркінің астында от жағып жатыр-ау! Мынадай бөрікті киіп алса, оның ішінен аязыңның өзі де қашып шығар!
Бірақ ол Гугуцэнің аузынан шыққан демі түтіндей будақтап тұрғанын түсіне алмады. Ақша қар өз дегенін істеп жатыр: есіктің алдын, қора-қопсыны түгел жауып алды, баланы да шарбаққа тықсырды.
Гугуцэ көзін сүртіп жіберіп, жан-жағына қарап еді, таң-тамаша қалды. Күні кеше сайрап жатқан жол жоқ болып кетіпті! Далада жасырынып қалды ма екен деп шарбаққа шығып қарап еді, бірақ ол орнында екен. Төбелер де тұр. Тек бәрі аппақ болып кетіпті. Тіпті ауылға жақындап қалған сияқты.
«Қарай гөр!—деп ойлады Гугуцэ.— Бұлар қайда барады өзі? Ә-ә… Төбелер де бізбен бірге қыстап шыққысы келген екен ғой».
Гугуцэ бөркін көзіне түсірді де:
— Ой, бізге қаншама қыс келген!— деп қойды.
Ал ақша қар болса, оның жанынан әлі қалмай, топталып жүр. Бұлт секілді буға қарайды да, Гугуцэ бөркінің астында неге от жағып жатыр деп таңырқайды.


ГУГУЦЭНІҢ БӨРКІ
Мұның бәрі әкесінің Гугуцэге арнап тым үлкен бөрік тігіп бергенінен басталып кетті. Мейлі, бала бір жыл ғана киіп қоймасын дегені еді.
— Көзіме түсе береді, көке.
— Сен оны көтеріп қой, Гугуцэ. Міне, саған қыс бойы іс табылады сонда.
— Ә, солай ма! Яғни Гугуцэнің мұнан өзге шаруасы жоқ екен ғой. Ендеше көрсін олар!
Таңертең Гугуцэ жұрттың бәрінен бұрын тұрды. Аяғының ұшымен ептеп басып далаға шықты да, қойларды жемдей бастады. Әкесі келген кезде, Гугуцэ қойға мініп алып, қораның ішінде шапқылап жүр еді.
— Хал қалай, Гугуцэ!
— Ә-ә! Жақсы, көке!
Сонан соң бала жемді әкете бер деп қолымен белгі берді.
Сол күннен бастап Гугуцэ қойларды күтетін болды. Күн өткен сайын ауылда аяз күшейе түсті. Көшемен жүргеніңде, қар сықырлап қана қоймай, сым ішек сияқты сыңғыр-сыңғыр етеді. Адамдар қымтанып киініп алған.
Гугуцэ сыңғырлаған қарлы жолмен жүріп отырып, бірінші класс оқитын қызды қуып жетті. Байғүс тоңғаннан көгеріп кетіпті. Гугуцэ оның кітаптарын алды; ал қыз қолдарын жеңіне сұғып, оның соңынан секіре басып еріп отырды. Гугуцэ кітаптарды қолтығына тығып жүріп келеді, жүріп келеді. Кенет оның басына тамаша ой келе қалды. Кітаптарды бөркіме салып алайын, оның ішінде кітапқа да, басыма да орын жетеді деп ойлады.
Гугуцэ бөркін алды. Бірақ қызға тағы бір қарап еді, бұрынғыдан бетер аяп кетті.
— Тоңдың ба? Шыныңды айт.
— Аздап. — Қыздың тісі тісіне тимей тұр.
— Онда менің бөркімді ал.
— Жоқ, Гугуцэ, өзің тоңып қаласың ғой. Және мұндай бөрікті қыздар кимейді.
— Мейлің ендеше,— деді Гугуцэ.— Онда жолда-ақ қалсын.
Ол бөркін қардың үстіне қойды.
Екеуі жүріп келеді. Гугуцэ алдында, қыз соңында, оқтын-оқтын арттарына қарап қояды. Иесі тастап кеткен бөрік жетімсірегендей, жол үстінде тұр. Ақыры бөрік шыдамады, бар күшін жинап ауаны ішіне тартып қалып еді, үп-үлкен болып өсіп кетті.
Гугуцэ бөркін алып, жалма-жан өзінің басына да, қыздың басына да кигізе қойды. Екеуі бірге жүріп келеді, ал бөрік оларды аяздан жасырып келеді.
Сол кезден бастап бірінші класс оқушылары мектеп қақпасынан шығар-шықпаста-ақ, олардың жанына Гугуцэ жетіп келетін болды. Қеледі де, қатарынан жеті-сегіз қызды бөркінің астына алып, үйлеріне жеткізіп салады. Бөркі де Гугуцэні тыңдайтын болды — қанша керек болса, сонша кеңиді. Бір күні тіпті мұғалім апайдың өзі де балалармен бірге сол бөріктің астында үйіне барған. Жұрттың бәрі бұған қарап, бастарын шайқап таңданатын.
Бөрік деп осыны айт! Дәл бір шөмеле пішен тәрізді. Ғажап екен де!
Гугуцэ балаларды үйлеріне жеткізіп салады, ал бөркі сол бойда кіп-кішкене бола қалады.
Дегенмен бір күні бөрік баланы ұятқа қалдырды. Гугуцэ оны сипап та, жалынып та көрді — бәрібір бөрік өспей қойды. Дәл сол күнгі суықтық сонша, тіпті аяздан қоңырау үні де шықпай қалды және бүкіл ауылда бірде-бір ит үруге шамасы келмей койды.
Гугуцэ үйге келген соң бәрін түсінді: ертеңгісін ол қойларға жем бермеген екен ғой! Гугуцэ сонда ғана санын бір соқты: өзіңнің ісіңді ұмтушы болма! Енді бөркі де оны қайта тыңдайтын болды.
Сонан кейін Гугуцэ бүкіл ауылды үйлермен қоса бөркімен жапқысы келді. Бұл жайлы ойлағаны сол-ақ еді, бөрік өсіп барады, өсіп барады, тіпті аспанды тұтас жапқанша өсті.
Бөріктің астында көктем шықты. Рас, күндіз де электр шамдары жанып тұрды. Бірақ бөріктің астындағы өмір бұрынғысындай өте берді…
Ал адамдар бөріксіз жүретін болды. Біріншіден, онсыз да жылы, екіншіден, бөрік біткеннің бәрі Гугуцэнің үлкен бөркіне сыйып кетті. Бүкіл ауылда аз ғана бөрік қалды. Олардың өзі де тек халуа не тоқаш алуға, не басқа шаруамен қалаға баратындар үшін ғана еді. Өйткені сиқырлы бөріктің астынан шықсаң-ақ болды, қыс билеген жерге тап боласың.
БӘЙШЕШЕКТЕР
Бір күні Гугуцэ өз заттарының арасынан жеті тиын тауып алды. Артық та емес, кем де емес — жеті тиын ғана (басқа басқа ғой, ал Гугуцэ жеті емес, тіпті онға дейін санай білетін). Тиындарды қалтасына сүңгітіп жіберді де, сосын үш күн бойы оларға қол тигізген жоқ. Онысы тағы да жаңа тиындар қосылып қалар ма деген үміт еді. Бірақ әлгі жеті тиынға жаман шегеден басқа ешнәрсе қосылмады. Кішкене қарындасы өз қалтасында ешқашан ақша өніп кермегенін айтты. Ал енді әкесінің қалтасында ақша өне ме, өнбей ме — бұл туралы ағасы мен қарындасы ештеңе айта алмады, өйткені әкесі үйде жоқ болатын.
Дәл сол кезде жылына бір-ақ рет келетін күн жақындап қалғаны. Бұл күні барлық ер адам әйел адамдарға сыйлық әперіп, құттықтайды ғой. Ауылдағы ер атаулының бәрінен бұрын дүкенге Гугуцэ келді. Жолшыбай ол шешесіне машина, ал қарындасына вертолет сатып әперуді ойлады. Қарындасын машинаға отырғызып балабақшаға, ал шешесін базарға апарып келетін, әрине, Гугуцэнің өзі болмақ.
Бала дүкенге кірді. Бірақ ойлап келгені дүкенде болмай шықты. Шамасы, ауылдық дүкеннің ішіне вертолет сыймаған болса керек, ал сатылып жатқан машиналарға шешесін былай қойғанда, Гугуцэнің өзі де сыятын емес.
Мұны көрген соң Гугуцэ бір түйме сатып алды. Қалтасында үш-ақ тиыны қалды. Енді түймені қадайтын көйлек сатып алған дұрыс болар еді. Кез келгенін емес, тек көк көйлек алуы керек. Бірақ көк көйлек те болмай шықты. Мүмкін, әне бір биік өкше туфлиді ала салу керек шығар? Гугуцэ сатушыдан туфлиді алып бер деп сұрап қала жаздады да, бірақ қай размер алу керектігін білмеді.
Жүгіріп үйге келді де, кеш түсіп, шешесінің ұйқыға жатуын күтуге бел байлады. Шешесі тезірек ұйықтауы үшін, Гугуцэ оған ертегі айтты. Ертектің жартысын айтқанда, анасы ұйықтап кетті де, екінші жартысы баланың басында қалды. Мейлі, ханша өзінің Фэт-Фрумосын келесіге дейін күте тұрсын. Гугуцэнің оларда шаруасы қанша.
Ол еппен басып бөлмеден шықты да, жіп алып келді. Жіпті анасының аяғына апара беріп еді, кенет оның қолы қозғалып кеткені. Гугуцэ шешесінің қолын алақанымен сипап қойып, әлдилей бастады:
Мамық төсек, тымық түнде,
Ұйықта, қолым, тыныш түрде,
Әлди, әлди, әлди-ау!
Гугуцэ өлеңді айтуы-ақ мұң екен, қол ұйықтай қойды. Ол шешесінің аяғын өлшеп алды да, жіпті жастығының астына қойып, төсегіне жатты.
Таңертең Гугуцэ қолына жібін алды да, дүкенге жүгірді. Туфлидің бәрін жіппен өлшеп көрді де, орнына қойып жүре берді.
Егер сен сол маңда болған болсаң, Гугуцэнің шошайған бөркі ағараңдап, жолға түсіп алып, ауыл сыртына қарай қалай адымдай басып кеткенін көрген болар едің. Ал одан кейін құшағын бәйшешекке толтырып төбеден түсіп келе жатқанын да көрген болар едің.
Бәтеңкесі де жүрістен жалықса керек, аяғын аттатар емес. Ал бөркінің шаршағаны сондай, тіпті бұлғаңдап басына тұрмай қойды. Бірақ бейшара бәтеңке мен бөрікке қарағанда, Гугуцэ әлдеқайда күшті болатын. Ол бәйшешектерді бірден дүкенге алып келді. Ең үлкен шоқ гүлді сатушыға, қалғандарын дүкеннің ішіндегілерге бөліп берді.
Бұл биылғы жылдың тұңғыш бәйшешегі еді. Жұрттың бәрі Гугуцэні мақтап, ал сатушы апай тіпті оның бөркін сипады. Сол жерде Гугуцэ сатушының көзінше үш тиынын алып жіберіп үш рет санады да, туфлиге қарап күрсініп қойды. Бірақ сатушы еш нәрсеге түсінген жоқ.
Күн еңкейіп, аспан бетін ақша бұлттар жапты. Ал Гугуцэнің шешесіне сыйлайтын ештеңесі жоқ, көңілсіз.
— Түк те етпейді,— деп ол өзін-өзі жұбатты.— Ертең таң атысымен тұрамын да, бәйшешек әкелемін.
Алайда кешке қарай қар жауып кетті. Тіпті Гугуцэ бұрын-соң көрмеген алақандай жапалақ қар. Аспан қарауытып, төбешіктер ақ қар жамылды, ал бала ұйықтап кетті. Шешесі оны терезе алдында сүйеніп ұйықтап отырған жерінен тапты. Бала үш тиын мен жалғыз түймені алақанына қысып алыпты. Және мынандай көк түйме анасына өте қажет еді.
ГУГУЦЭНІҢ ӘНДЕРІ
Гугуцэ Иоанна кемпірдің тауығына кесек лақтырғаннан бері ауыл адамдарының ешқайсысы оған қарап бұрынғыдай езу тартпайды. Гугуцэні көрсе болды, қабақтарын түйіп, тұмсықтарын көтереді. Тіпті шешесі де бұрынғыдай күлімдемейді.
Не істеу керек? Бірге күлетін де ешкім жоқ…
Жол бойында тауық, үйрек, түйетауықтар кездеседі. Олармен сөйлесе аласың ба?! Тек жем жеп, су ішкенде ғана ауыздарын ашады.
Гугуцэ Лука шалдың үйіне келді. Лука атай басқалардай емес. Ол былтыр Гугуцэге қарбыз берген. Гугуцэ қақпаны соғып еді, дәліздің есігі сықыр етіп ашылды да, Лука атайдың бөркі көрінді.
— Немене, Гугуцэ?
— Ата! Менімен бірге күлесің бе?
— Мен тамақ ішкелі жатырмын. Балам, сен өкпелеме, бірақ мен ешқашан аш қарынға күліп көрген емеспін.
Гугуцэ әрі қарай жүре берді. Жолда кетіп бара жатқан Гудора әжейді қуып жетті.
— Әже, екеуміз күлсек қайтеді?
— Қой, айналайын! Мен сиыр айдап барамын,— деп, кемпір қолындағы шыбықпен сиырды жасқап қойды.
Гугуцэ келесі көшеге бұрылып еді, біреулер құдық қазып жатыр екен. Олар су іздеп жүр, ал әзір топырақтан өзге еш нәрсе шығатын емес. Гугуцэ құдықтың ернеуіне тізерлеп отыра қалып қарап еді, түбіндегі адамдар оның бөркінен де құрттай болып көрінді. Осылай қаза берсе, Америкаға да жететін түрі бар, бірақ әлі су шығатын емес.
— Ей, ағатайлар, күлейік!— деп айқайлады Гугуцэ.
— Ананы ұстаңдаршы-ей!— деп ашуланды олар.
Гугуцэ үйіне көңілсіз оралды. Бұл адамдарды қайткенде көңілдендіруге болады?
— Тұрбаның ішіне түсіп, үсті-басым қап-қара күйе болып ауылды аралап жүрейін. Жұрт күліп мәз болады да, сосын маған өкпелеуді қояды. Егер апамның көйлегін киіп алып жүрсем, тіпті керім болады,— деп ойлады Гугуцэ.
Бірақ оның басына тағы бір ой келді. «Мұнымнан ештеңе шықпайды. Иоанна кемпірдің тауығына кесек лақтырғаны аз болғандай, енді сұмырайға ұсап жұртты күлдіргісі келген екен. Нағыз ұятсыз деп жұрт тағы айтады».
Енді не ойлап табу керек? Гугуцэ ойланып тұр, ойланып тұр, бірақ басына ештеңе келмейді. Ол үйілген топырақтың үстіне отырып ойлап еді, онда да түк шықпады. Сонсоң Гугуцэ шарбаққа шықты да, сол жерде бір ақыл ойлап тапты. Онысын жұртқа айтқанша асық болып жүгіре жөнелді. Бірақ ешкім кездесе қоймады. Жолдың шетінде бір трактор тұр екен. Тракторшы олай қыздырады, былай қыздырады, бірақ от алмайды.
— Ағатай, ағатай!— деп айқайлады Гугуцэ.— Сен оған ән салып берсеңші!
— Не қылған ән? — деп тракторшы жақтырмай қарады.
— Міне, мынандай ән:
Трактор, трактор, қыз жылдам,
Жүйткіп атта жүз қырдан.
Тракторшы мәз болып күлді, ал трактор болса со бойда от алып, орнынан ытқи жөнелді. Тракторшы оны әрең қуып жетіп, кабинаға секіріп мініп алды да, күлімдеген күйі балаға қол бұлғады.
Гугуцэ одан әрі жүре берді. Жүзім бағының ішінде қарттар жерді кетпенмен қопсытып жатыр. Маңдай терлерін жеңдерімен сүртіп қояды. Олардың арасында Лука атай да жүр.
–Ата, ата, сен ол кетпендерге ән салып бер, сонда олар өзінен-өзі жерді қопсытады.
–О не қылған ән?—деп қарттар мән бермеді. Гугуцэ Лука атайдан кетпенді алды да, әндете жөнелді:
Қетпен, кетпен, кетпенім,
неге бүгін осындай
жалқау болып кеткенің?
Атайлар жүр жер өңдеп
неге тұрсың қосылмай?!
Қарттар ду күліп жіберді. Сол-ақ екен, кетпендер өз-өзінен жерді қопарып, жұмыс істей жөнелді. Қарттар өзінен-өзі істеліп жатқан жұмысты көрді де, көңілдене қол ұстасып үйлеріне қайтты.
Гугуцэ де адымдап үйіне келе жатты. Жол бойы кімді кездестірсе де, бәрі бұған күлім қағып, қолдарын бұлғады. Бірақ ол ауылдың ішіне кірген соң, кездейсоқ Иоанна кемпірдің үйінің жанынан өтпеу үшін, тар көшеге қарай бұрылып кетті.
ЖАҢБЫР
Аспандағы бұлттар күнімен жасырынбақ ойнап жүр. Біреуі күн көзін тасалай қояды, қалғандары қайда жасырынарын білмей бірінен соң бірі жөңкіліседі. Жер бетінде болса жасырыну оңай ғой: қораның артына немесе үйілген шөптің тасасына тығыла қоюға болады. Ал аспанда жасырынатын ондай ештеңе жоқ.
— Мен сендерді қазір-ақ тауып алам!— деп күн көңілдене айқай салады. Шоғыр бұлттар аспанның қай түкпіріне тығылса да, күн өзінің шуақ саусақтарымен ұстап алады.
Кенет бір кішкене бұлт айла тапты: ол еңбектеп келді де, өзіндей бір бұлтқа жасырына қойды. Сөйтіп, кішкене екі бұлттың орнына үлкендеу бір бұлт пайда болды.
Бұл ақыл басқа бұлттарға да ұнап қалды білем — бәрі біріне-бірі жасырынып, аспанды үлкен қара бұлт жапты. Күн тағы да оларды іздеп шығып еді, таныс бұлттардың ешқайсысын көре алмады. Сөйтіп, ол енді жасырынбақ ойнайтын да ешкім таппады, әлгі үлкен қара бұлт аспан бетін түгел жауып алыпты. Күн ашуланып кетті де, жарқылдаған қылышымен бұлтты тілді-ай кеп! Бұлт шытынап жарылды да, гүрілдеп жаңбыр құйды.
Түу-у, сондағы әбігерді көрсең ғой!
Әтеш тауықтарға бұйрық берді: — Тыңдаңдар мені! Тез қораға кіріңдер?
Құстар жапырақтарды паналап, ауыздарын басып отырды. Өйткені дыбыс шығып кетсе, жаңбыр естіп қалады да, сабалай жөнеледі ғой. Әдемі көбелек дір-дір етіп ұсқынсыз ошағанның астында отыр. «Мені гүлдер көріп қалса ғой, бұл көбелек ошағанды бізден жақсы көреді екен деп ойлап қалады-ау»,— деген ой оған маза берер емес.
Ал аналар жаюлы кірлерді алып, терезелерді жауып жүр. Балаларын айқайлап шақырған дауыс естіледі.
Жалғыз Гугуцэ ғана қақпа жанында тұрып қалды. Алақанын жаңбырға тосып еді, екі тамшы ұстап алды.
— Әй, мәжнүндер! Сендер, немене, менің алақанымда бидай себілген деп ойладыңдар ма?
Сөйтті де, әндете бастады:
Жасыл түске боянса дала, маңай,
үйде шыдап отырсын бала қалай?!
Жаңбыр, жаңбыр, жаусаңшы жайлап қана
үй төбесін тамшымен сабаламай!
Жаңбыр әнді не қылсын, үй төбесін сатырлата тілгілей берді. Сонда Гугуцэ шалбарын түріп алды да, жол бойына шығып, жаңбырға айқайлады:
— Еріңдер менің соңымнан!
Жаңбыр Гугуцэнің артынан шапқылап еріп отырды. Жаңбыр тамшылары үйлерге соқтығысып, шарбақтардан секіріп әрең ілесті.
Далада жұмыс істеп жүргендер бастарына қап бүркеп алыпты. Біреулер — машинаның үстінде, кейбіреулер — арбада, енді біреулер жалаң аяқтанып су кешіп жүр. Тек Гугуцэ ғана батыл басып, жаңбырды соңынан ертіп кетіп барады.
Тамшылар қуып жетіп, оның құлағын тістелеп, мұрнын түрткілеп кояды. Бірақ Гугуцэ оларға көңіл аударған жоқ: мейлі олар да көңілдерін көтерсін. Осылайша ол жаңбырды егін даласына ертіп келді. Жаңбыр тамшылары өздері тәрізді нәзік те жіңішке масақтарды көріп, қуанғанынан олармен қосыла билей жөнелді.
Гугуцэ үйге су-су болып оралды. Қараса, кемпірқосақ шығып тұр екен. Ауылдағы аналардың бәрі оған қарсы терезелерді ашып мәз-мәйрам болып жүр. Ал әтеш тауық қораның басына шығып алып, маңғазданып кемпіркосаққа қарап тұр: оның ойынша, кемпірқосақтың үстіне шығып шақырса, жер үстіндегі әтеш біткеннің бәрі оған үн қосатын тәрізді.
ҚАРЫНДАС
Кішкене Қарбызша гүлдің арасынан бас көтеріп қарады, бірақ ол өзінің басқа қарбыздардай дөп-дөңгелек емес, қияр тәрізді сопақша екенін білген жоқ еді.
Ал оның дөңгелек ағасы Қарбыз жапырағын жарып жерге түскен. Бұл Қарбыз жасы үлкен болғасын, қарындасын қамқорлыққа алды. Өйткені Қарбызша әлі кіп-кішкентай болатын. Ол тіпті қашан жатып, қай мезгілде тұруды да білмейтін, күн мен түнді де айыра алмайтын.
Қарбыз кішкене қарындасын түн сайын әлдилеп, таңертең оятатын болды. Оған түрлі ертегілер айтып берді. Ақыры қарындасына ақыл ене бастады.
— Ағатай, мені мына қарбыздың сабағы қайдан алды?
— Сатып алды ғой.
— Ол мені құрттай кезімде сатып алғаны несі? Мен өскенше күте тұрса қайтеді екен?
Қарбыз не деп жауап берерін білмегенде, ашулана бастайтын:
— Сен неге балшыққа былғанып жатырсың, онан да соны айт?
— Ойнадым, ағатай.
— Бұған ақылың жетеді екен, ендеше санауды үйренсеңші.
— Біреу…
— Әрі қарай!
— Мен тек бірге дейін білем.
— Ақылың қысқа. Сен нағыз ақымақсың.
Қарбызша жапырақты жамылды да, қашан оны түскі тамаққа шақырғанша, үнсіз жатып алды.
Түскі тамақтан соң Қарбыз қарындасына тағы да ақыл үйретпек болды:
— Тамақ бергені үшін сабаққа не деу керек?
— Тағы да тамақ бер!
Қарбыз әбден ашуға булығып, қарындасын қомағай және оңбаған деп атады.
Олар өскеннен кейін, Қарбыз ән-күйді жақсы көретін болды. Ол ылғи екпетінен жатып алып, жақын тоғандағы бақалардың концертін тыңдайтын. Қарындасын онша жақтырмайтын. Өйткені Қарбызшаның музыкадан хабары жоқ еді. Шамасы, оның басының тым кішкенелігінен болар.
Бір күні түнде Қарбызша ағасын оятып жіберді:
— Ағатай, айтшы, ана аспанда бидай еккен кім?
— Ол бидай емес, жұлдыздар ғой.
— Жұлдыздардың сабағы бола ма?
— Болмай енді…. болады.
— Ағатай, осы бақалар неге бақылдайды?
— Қарбыздар жақсы өссін деп бақылдайды.
— Алдама.
Күндердің бір күні бақшада бір күрке пайда болды. Қарбызша аң-таң.
— Ағатай, мына күркенің аузы неге мұнша үлкен?
— Бақшаны түгел көріп отыру үшін.
— Сенің өзің де ақымақ екенсің ғой, аға. Ауызбен көре ме екен?
— Енді көп мазамды алма,— деп, Қарбыз жақтырмай теріс айналып жатып алды. Қарбыз ұйқылы-ояу жатып біреулердің жүрген дыбысын естіді. Бірақ не болғанын білген жоқ.
Ертесіне ол қарындасын оятайын деп қарап еді, сілейіп қатты да қалды: қарындасының ізі мен сабағы ғана жатыр екен.
ҚҰПИЯ СЫР
Егер сары ауыз балапандар аппақ үйрек болуға жетсе, ал кішкене әтештер терезенің алдына тұрып алып шақыра бастаса, бұл — Гугуцэнің туған күні жақындады деген сөз. Бала бұл күндері аттарды суаруды да ұмытып кетеді. Бір апта бойына ол түрлі түсті жалаушалар жасап, оларды шарбақтың басына, үй төбесіне, қораға желбіретіп іліп қояды. Мейлі, жұрт Гугуцэнің мерекесі екенін білсін.
Әжесі ұйқыдан оянған бойда жалаушаларды көреді де, Гугуцэге жүгіріп келеді, етегін толтырып оған тәттілерді ала келеді. Сонда Гугуцэнің құлағын сипайды да, өмірінің мынау жалаушалар сияқты көңілді де ұзақ болуын тілейді. Басқа адамдар да келеді. Олардың бәрі Гугуцэнің үлкен және мықты болып өсуін тілейді, өйткені елімізге осындай балалар керек қой. Гугуцэ «ел» деген сөзді естігенде, беліне ағаш семсерін байлап алады.
Шешесі туған күнінің құрметіне баласын қалаға ертіп барды. Базарға келді. Шешесі жайманың үстіне тауықтың жұмыртқаларын шығарып қойды, ал Гугуцэ қолына шұбар әтешті ұстап тұрды. Бұл — ашуланса тістеп алатын кәдімгі әтеш. Базардағы адамдар бағасын білгісі келіп, Гугуцэнің қасынан шықпай қойды. Көзілдірікті бір адам шұбар әтешті қолына алып салмақтап көрді, екінші біреуі оның айдарын сипап қойды. Ал бір әйел қауырсындарын үріп көрді.
— Жігітім, шұбар әтешің шақыра біле ме?— деп біреу сұрай қалса:
— О, не дегеніңіз! Өз құлағыммен талай тыңдағам!— деп жауап берер еді Гугуцэ.
— Балақай, сұрағаныңды ала ғой,— деп, бір әйел ақшасын ұсынады.
— Қой, сатқым келмей қалды,— деп, Гугуцэ қабағын түйіп, шұбар әтешін бауырына қыса түсті.
Жұрт тарай бастағанда, баланың қасына бір моряк келді:
— Иә, жігітім, әтешің жақсы шақыра ма?
— Шақырғанда қандай!— деді Гугуцэ.— Сен мұны жеп қоймайсың ба?
— О не дегенің?— деп таңданды моряк. Сөйтті де, балаға көзін қысып қойды.
Гугуцэ ақыры оған шұбар әтешін сатты.
Оның ақшасына шешесі Гугуцэге тәтті тоқаш, жаңа іш киім алып берді. Сонсын оны шаштаразға, музейге апарды.
Ауылға қайтатын автобус аузы-мұрнынан шыға лық толды. Жолаушылардың арасында ең маңғазданып отырғаны Гугуцэ болды, өйткені ол балаларға бір құпия сыр әкеле жатыр.
Үйге келгесін Гугуцэ жаңа шалбарын киіп, бақшаға жүгіріп шықты да, ағаштың басына шығып сырнай тартты. Сол-ақ екен, оның қасына қолдарында дүрбілері бар, таяқты ат қып мінген балалар жетіп келді.
— Тік тұрыңдар!— деп бұйрық берді Гугуцэ.— Сендерге сеніп, соғыс құпиясын айтқалы отырмын. Ауыздарыңа берік болыңдар!
Аттылар ауыздарын ашып, оны қоршап алды.
— Менің шұбар әтешімді білесіңдер ме?
— Білеміз, білеміз!— деп шулады балалар.
— Білсеңдер мынау. Ол бүгіннен бастап әскери кемеде қызмет етеді. Әр таң сайын Қара теңіздегі флотты оятатын болады.
— Ура-а-а!— деп шулаған балалардың даусы ауылды басына көтерді.
Гугуцэ осы сәттен бастап қызыл атты әскерлердің командирі болды. Ал кешкісін атты әскерлер көпке дейін ұйықтай алмады. Шұбар әтеш қандай бақытты еді деп ойлады олар.
ДЕГЕЛЕКТЕР
Олар ұя салу үшін ауылдағы ең әдемі үйді таңдаған жоқ. Кемпір мен шал тұратын жұпыны ғана үйді паналады. Кемпір-шалдың балалары өсіп алғасын өз бағыттарымен кете берген. Бар болғаны анасының жүзіне қалың әжім, ал әкесіне ақ селеудей шаш пен сүйенетін таяқ тастап кеткен.
Оның есесіне көктем сайын дегелектер ұя салып балапандарын өсіретін. Күн сайын ертемен қарттарды ешкі оятатын. Кемпір мен шал қолдарына бір-бір орындық алып, ешкінің екі жағынан екеулеп сауатын.
— Тұрыңдар,— деп ұябасар дегелек балапандарына сы— бырлайды.— Қарттар ешкісін де сауып болып қалды.
Кемпір сүтті қазанға қүйып пешке қойғанда, балапандар аспанға өрлеп бара жатқан түтінге қарап отыратын. Сосын үй иелері тамақ ішуге кіріскенде, қарт ылғи дегелектерге қарап дауыстайтын:
— Әй, үйдің төбесіндегілер! Қеліңдер, бізбен бірге тамақ ішіңдер?
Балапандар болса ұзын тұмсықтарын сыртылдатып күлетін де қоятын. Олар нағыз ауыз жаппастың өзі. Біресе көлбақа жейді, біресе балық жейді. Әйтпесе ұябасарға неше түрлі сұрақ жаудырады. «Әне бір қарт жалғыз аяқпен неге тұрмайды? Кемпір шелекпен құдықтан не алады екен?» Сұрақтары осы тәріздес. Анасы бұларға не деп жауап берерін білмейді. Ал ата дегелектің әңгімелесуге уақыты жоқ, ол күні бойы тоғаннан шықпайды.
Күн сайын кешкілікте анасы балапандарын әлдилейтін:
Көп өссе балық көлдерде,
Сендердің қорек қамдарың.
Түн келді, дем ал сендер де,
Ұйықтай ғой, балапандарым!..
Сонда балапандар анасының бауырына тұмсықтарын тығып ұйықтайтын да, күн көзі шыққанда бір-ақ оянатын.
Балапандардың қанаты қатая бастаған кезде, қарт оларға арнап қағаздан батпырауық жасады. Батпырауықтың құйрығы ұп-ұзын, тіпті тоғанға дейін жететін. Күндіз балапандар оның аспанда қалықтағанын көріп, түнде өздері де ұшып жүргендей түстеріне енетін.
–Атай бізге тамаша батпырауық жасап берді!— деп қуанысты балапандар.
— Бұл не тәйірі! Менің кішкентай кезімде осы атай маған ағаштан дегелек жасап берген. Әне, анау құдық басында жалғыз аяқпен тұрған сол,— деді ұябасар.
— Мен өскенде қарттардың ешкісін бағатын боламын!— деді үлкен балапан.
— Ал мен,— деді ортаншысы,— өзімнің тұмсығыммен есіктерінің алдына тоған соғып, оған балық жіберемін.
— Мен… Мен…— деп кішкентайы сасып қалды.— Мен сендерге көмектесемін.
Ертеңіне ата дегелек балапанның үлкенін ертіп кететінін айтты. Оған біраз пайдалы кеңес берді де, үйдің төбесінен үш айналып, балапан әкесінің соңынан ұшып кетті. Олар жолдағы үйлердің төбесіне бірнеше рет қонақтап дем алды да, ақыры тоғанға жетті. Келесі күні ортаншы балапан ұшты. Ал ең кішісі қайғыдан аузына қара су алмай қойды.
— Апа, мүмкін, мен қаз болармын? Анау ағаларым секілді неге ұшпаймын?
— Қаз емессің,— деп жұбатты анасы.— Сабыр ет, сенің де ұшатын кезегің келеді.
Үшінші күні әкесі екі үлкен балапанмен бірге кетті де, анасы кішкентайын ертіп ұшты. Тоған деген неткен тамаша! Жағасында қанша жүрсең де, құжынаған бақаларды шетінен ұстап алсаң да, қоя берсең де, өз еркің. Көкқұтан мен жабайы үйректі былай қойғанда, дегелек қандай көп десеңші!
Үлкен балапан бақалар елін көргенде, тіпті маңғазданып кеудесін көтеріп алды. Ортаншысы көрші ауылдан достар тауып, соларға қонып қалатын болды. Қарттардың ешкісін бағатын да, тоған қазып беретін де ешкім болмады. Мұның бәрін ұмытпай жүрген тек кішкентай балапан ғана. Бірақ жалғыз оның қолынан не келеді! Сейтіп жүргенде салқын түсе бастады. Қарт есік алдына шықса да бөрік киіп алатын болды. Бақалар да судан шығуды қойды. Құстар ұясымен қоштасып, көрші ауылдағы дегелектерді күтіп, далада отыратын болды. Алдымен бір-екеуі ұшып келді, сосын топ-тобымен келе бастады. Бастығы құстың бәрін санады да, түгел екенбіз деген белгі берді. Сөйтіп, дегелектер қанаттарын жайып, жылы жаққа қарай ұша жөнелді. Тек кішкентай балапан ғана жерде жатқан бұтақшаны көріп, әлденені есіне түсіргендей болды. Бұл бұтақшаны тұмсығымен қысып алып, қарттардың жинап қойған отындарына қосты. Сонан кейін есік алдында айналып жүрді-жүрді де, дегелектер тобына жету үшін ұшып кетті.
КҮЗЕТШІ АТАЙ
Ең қызық кез күздігүні басталады: ауылға қарай жүзім толған арбалар бірінен-соң бірі ағылады-ай дейсің кеп. Гугуцэ олардың бәрін қашан өзінің есебі таусылғанша санай береді, санай береді… Ал жүзім толы арбалар таусылар емес. Әттең, солардың біреуі Гугуцэ үйінің қасында сынып қалса ғой. Бірақ арба жеккен өгіздер мүйіздері қақырайып жүзімнің бәрін жанында бос бөшкелері үйіліп жатқан шарап жасайтын пунктке әкетіп жатыр.
Жүзімдік ауылдан қашық емес. Бір рет Гугуцэ әкесімен бірге барғаны да бар. Егер көңілі соқса, қазір де бара алады. Онда мынау арбалардың ізіне түсіп тартып отырасың. Гугуцэ тіпті ізге де түскен жоқ, тіке кетті. Ол иті бар үйлердің жанынан өткенде шарбақтың саңлауына қолындағы таяғын қыстыруды да ұмытқан жоқ. Өйткені ит деген жарықтығың шабалаңдап жармасуға сылтау іздеп, соны аңсап тұратын әдеті ғой.
Ауылдың шетінде Гугуцэ жүзім сабақтарына тап болды, жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбеді.
— Ей, бұл жерде кім бар?— деп дыбыстады. Ешкім жауап бермеді.
— Бір шоқ жүзім алуға бола ма?
Тағы үн жоқ. Тек бір құс ұшып өтті. Енді сұрамай-ақ алуға тура келеді. Бірақ ешкім күзетпей тұрған жүзімді ұрлау қызық емес.
Гугуцэ әрі қарай жүре берді де, қып-қызыл жүзім шоқтарын тауып алды, айналада адам жоқ. Ол қызыл жүзімді өте жақсы көретін еді. Айналада ешкім болмаған соң, ұлықсат сұраудың керегі жоқ. Гугуцэ ең үлкен қызыл жүзімді таңдап, оған қол соза беріп еді, жүзім сабағының арғы жағында қатарласқан екі етік, сосын шалбар мен бешпет, бешпеттің үстінде тікірейген мұрт пен мылтықтың аузын көрді. Гугуцэ қолын созған күйі қатты да қалды. Күзетші атай екен.
— Бізге қонақ келіп қалыпты ғой,— деді мұртты күзетші оған еңкейіп.— Кімнің баласысың?
— Біздің,— деп сыбырлады Гугуцэ мылтыққа қарап. Ол қазір өзін ұстап алады деп ойлады, бірақ күзетші атай оны ұстаудың орнына басынан сипады да, иығынан мылтығын алып балаға бере салды:
— Темекі орап алғанша ұстай тұршы.
Бала өз құлағына өзі сенбей, мылтыққа қос қолымен жармасты.
Осы сәтте нағыз ұры келсе ғой!
Күзетші атай темекісін тартып болып, асықпай тағы біреуін орай бастады, бірақ ұры келмеді. Күзетші атай қоштасарда Гугуцэге ең ірі жүзім шоқтары қай жерде екенін айтты да, өзі мылтығын асынып алып, асыға басып жүріп кетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *