МҰНАЙ ТЕҢІЗІ
Кең даланың астында
Ғажап теңіз бар екен.
Жер бетіне тасқындап
Бір шығуға зар екен.
Мұнай-теңіз сол екен,
Қасиеті оның мол екен.
Сонау дала төрінен
жанады екен от болып.
Ракета да сонымен
зулайды екен оқ болып.
Онсыз бәрі тұрады,
мотор істен шығады.
Ойыншық та сендерге
жасалады мұнайдан.
Егін өсер жерлер де
сол арқылы тыңайған.
Мұнай-теңіз сол екен,
қасиеті оның мол екен.
1980
БАТЫРЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫМЫН
Күресте өсіп қайсар бабам
қиындықтан тайсалмаған,
Жасқа қамқор, еліне — үлгі,
терең ойлы, байсалды адам –
мен атамның шырағымын.
Жастық шақта жалындаған,
қайталаған әнін далам,
қала салып, Айға аттанып,
мұхиттарда дамылдаған –
ер әкенің ұланымын.
Мен әзірше жас баламын,
алдымда әлі бақ-талабым,
аталарға тартып туған
ұланмын деп мақтанамын.
Ел аялар сұңқар ұлын –
батырлардың ұрпағымын!
1977
МЕНІҢ БЕСІГІМ
Аймалаған, емдеген,
ессе жұпар қырдан жел.
Мені аялап, тербеген
ақ бесігім — туған жер.
Шақырады сағына
сағым құшқан қырларым.
Күндей ыстық жаныма
менің құттай құндағым!
Аялаған ұланын
мынау байтақ думанды ел.
Тілегіңнен шығамын,
қуантамын, туған жер!
1984
ОЛ ОҚУШЫ БОЛА МА?
Самат деген бір бала
шалбарын да су жаңа
шаң-тозаңға былғайды,
көше кезіп зырлайды.
Төсегінен тұрып ап,
жуынбастан бұрын-ақ:
«Киімдерім қайда?»— деп,
жылайды екен, әйда, кеп!
Апасы іздеп соңынан,
дедектетіп қолынан –
тамақ іш деп сүйрейді,
сонда да үйге жүрмейді.
Бақшаға да бармайды,
сурет те салмайды.
Әріпті де түртпейді,
тек ойыны бітпейді.
Бір қылығы тым ұят:
жаман сөзге үйір-ақ.
Мектепке ертең ала ма
дәл осындай баланы,ә?!
1984
ҮЛКЕНДЕРГЕ ТАҢДАНАМ…
Біздің көрші Нағима апай
және көрші Ағила апай
ұрсысты кеп шапылдасып,
біз де жеттік жапырласып.
Ойынды тез тастадық та,
тұрдық біраз жасқанып та.
Түрлі сөздер айтып жатыр,
қарар емес басқа жұртқа.
Дауыстардан ел көшкендей,
ешкімге де жүр дес бермей.
Бір-біріне ұмтылады
палуандар белдескендей.
Жиналып ап шулы алаңға,
біз әзірміз «уралауға».
Біткенше ұрыс тұрар едік,
атам келіп қумағанда.
Үлкендерге қарағанда
таңданамын.
Олар онда:
«Дос болыңдар, қағыспа»,— деп
неге айтады балаларға?!
1985
СЕРТ
Заңғар тауларға қараймын,
қараймын шырқау шыңдарға.
Алдымда өмір — ақ айдын
мені де салар сындарға.
Ұмтылсам алға жасымнан,
армандай шыңға шығармын.
Ерлікпен даңқын асырған
ержүректерге ұланмын.
Сүйсінер маған жұрт әлі,
арманым — асқақ шың асқар.
Мен үшін өнер шырқауы –
Бибігүлдер мен Күләштар.
Аялап күтіп мені елім,
сәулесін шашты нұр таңдар.
Мен үшін ерлік дегенің –
Бауыржандар мен Сұлтандар!
Жаныма содан от алдым,
ерлікке баулыр далам кең.
Батырлар өскен Отанның
өркені боп қалам мен!
1985
ЖАЗДА
Туған елдің тау-қырын
аралаймыз, шарлаймыз.
Тамашалап таң нұрын,
демаламыз жаздай біз.
Толқынменен жарысып,
шомыламыз суға біз.
Батырлармен табысып,
есітеміз түрлі аңыз.
Қалықтайды күміс күн,
әнге басып келеміз.
Әкелердің ұлы ісін
жалғастыра береміз.
Біз өрлеген құздарда
шаттық үні орнады.
Шақырады бізді алға
жаңа жорық жолдары.
1971
КӨГІЛДІР ТҮНДЕР
Көк жүзінде сан жұлдыз жымыңдасқан,
қызыққандай біздерге үңілді аспан.
Досым, жасыл даланың құшағында
жүгір еркін, жусан мен гүлін жастан!
Көгілдір түндер, көгілдір түндер,
көгілдір жанарлардай күлімдеңдер,
үзбесін сандуғаштың үнін желдер.
Солдаттар көзін ілсін,
көгілдір жер шарының өңі күлсін.
Көгілдір түндер, көгілдір түндер.
Алаулаған арай жүз жас шағымда
көңілімде орын жоқ басқа мұңға.
Қалықтасын әсем ән, шаттық думан
менің туған елімнің аспанында.
1973
ЖАҢА ЖЫЛ КЕШІНДЕГІ АЙТЫС
НЕМЕСЕ АЛАУ ЖАНЫНДАҒЫ КӨРІНІС
Түлкі:
Түлкі бикеш мен едім,
аңқауды алдап келемін.
Алау жақса балалар,
мен де билеп беремін!
Қоян:
Мен қоянмын, қоянмын,
аппақ қарға бояндым.
Достар тағы келер деп,
ертеменен ояндым!
Қасқыр:
Қоянға да сенемін,
қозыға да сенемін.
Желе-жортып келемін.
Танысайық, балалар,
қасқыр батыр мен едім!
Аю:
Мен аюмын, балалар,
аю балдан нәр алар.
Ей, балалар, мені де
кешіңізге ала бар.
Ақ тиін:
Мен тиінмін, тиінмін,
ақ мақтадай киіндім.
Ән мен биге үйірмін.
Келіп алыс орманнан,
алдарыңа иілдім!
Лақ:
Лағымын ешкінің,
әдептімін, естімін.
Бүгін мұнда бір қызық
болатынын естідім!
1990
ДОС ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ
Бір досым бар, сағынып
көрісеміз күнде біз.
Отырмаймыз жабығып –
көңілдіміз, біргеміз.
Үйретеді жақсы өлең,
жамандықтан шектейді.
Тіл табысып басқамен,
мені сатып кетпейді.
Ертегілер еліне,
батырлардың жеріне,
құс жетпейтін көгіме,
биіктердің өріне
жетелейді сеніммен,
қызықтарға бастайды,
еруге оған ерінбен,
сырымды да шашпайды.
Қалаларды не деген
аралатты ол маған.
Жүздік жүйрік кемемен
айдындарда ондаған.
Түнек жерге жыр, әнмен
найзағай боп жай шаштық.
Талай қарақшылармен
ол екеуміз шайқастық.
Атқа шауып үйреніп,
араладық тау, белді.
Найзаменен түйредік
жалғыз көзді дәулерді.
Білмейді бір зекуді –
сендіреді, сенеді.
Мен жабықсам, не түрлі
әңгіме айтып береді.
Сырын ашып Күннің де,
бастар талай жол көшін.
Кім екенін білдің бе –
Кітап еді ол досым!
1987
ТУҒАН ЕЛ
Аймалайды өпкен желі,
нұрға оранып көк пен жері.
Бала сағым бұлдырайды,
гүлмен ойнап бөктердегі.
Қаз-үйректің таныс әні
ерке өзенмен табысады.
Бір-бірінен күле қашып,
ақ толқындар алысады.
Терек, қайың жымыңдасып,
самал желмен тұр ымдасып.
Жапырақтар тербеледі,
бір-бірімен сыбырласып.
Гүл жамылған өлкедегі
бұталар да ән төгеді.
Күн шуағы аймалаған,
елім неткен көркем еді!
1972
КӨГЕРШІНДЕРІМ
Көгершіндер, көгершіндер көп менде,
келеді олар сағындырып көктемде.
Көк жүзінде қалықтайды қуанып,
самал желпіп, күннің нұры өбкенде.
Олар солай қалықтаса, қуанам,
ұя салам, жем беремін, суарам.
Мен секілді күн шуағын сүйетін
тимесе екен достарыма бір адам.
1972
АЙТЫС
Бала:
Кейбір біздің ағалар
сөз сөйлеуге керемет.
Ал балаға қамқорлық
онша емес қой, не керек!
Біздің шеберханада
құрал-сайман болмайды.
Бізге берген трактор
әйтеуір бір оңбайды.
Қыз:
Сен жүрсең трактормен жолда қалып,
ағалар жөндеп берер онда барып.
Ал бізде іс үйретер жетекшіні
жүреді директорлар қолбала ғып.
Бала:
Доп тепсек, кең даланың шаңы да еріп,
сонда біз жалаңаяқ қалып едік.
Киеміз қашан біз де крассовка
сүйкімді, әп-әдемі әрі берік?
Қыз:
Жүрмесек әдемі боп ол бір айып,
Біз үшін жақсы киім болды ғайып.
Балаға тіккен киім бәрі бірдей
неліктен тұрады осы солбырайып?!
Бала:
Балғынбыз, жұмсар жай жоқ елді күшпен,
үйреніп, үлгі аламыз ерлік істен.
Ақы да төлемейміз, сондықтан ба –
келмейді жетекшілер өндірістен.
Қыз:
Ойыншық — жан серігі әр баланың,
солардан басталады талғам, әнім.
Ал бізде жөні түзу бір ойыншық
таппайсың, мен осыған таңқаламын.
Бала:
Жарқын өмір, жақсылық
біздерге де келер-ау,
балалардың мұңына
шын ниетпен енер-ау!
Өзгеріс көп өмірде,
біздің жай да жаңарар!
Іспен жауап күтеміз
өздеріңнен, ағалар!
Екеуі қосылып:
Ағаларға сенеміз,
үмітті де үзбейміз.
Соңдарыңнан келеміз,
ертеңгі ерлер — біз!— дейміз.
1988
ЖЕТІ ҚАРАҚШЫ МЕН ҮРКЕР ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Көкте жатыр шашылып
қанша жұлдыз, қарашы!
Шолпан жұлдыз — анасы,
басқалары — баласы.
Айы туып, Күн шығып,
аспанда ылғи таң дейді.
Жердегідей тіршілік
ол жақта да бар дейді.
Қария Үркердің бұл Айы
кіндіктен жалғыз қызы еді.
Көз жауын алып шырайы,
бойжетіп, бойын түзеді.
Аспан еліне әйгілі
Жеті қарақшы түн қатты.
Сөнгесін таңда Ай нұры,
Үркердің қызын ұрлапты.
Жетеуі жасыл жазықта
тізгінін аттың босатты.
Байлады Темір қазыққа
Ақбоз бен Көкбоз — қос атты.
Ақбоз ат пенен Көкбоз ат
Темір қазыққа байлаулы.
Қызы үшін Үркер шекті азап,
қылышын сайлап қайраулы.
Батырлар сүймес жәй дауды,
жетсе егер Үркер — құба шал,
Жарау қос ат тұр байлаулы –
қызды алып бірі қыр асар.
Шарласа Үркер Шығысты,
Батыста жеті жігітің.
Қанша ғасырлар ығысты,
үзбейді әке үмітін.
Үркер жүр қарап бәріне
қыздарды көрсе гүл терген.
Жеті ұры содан әлі де
қашып жүр дейді Үркерден.
Әзірше құйттай баламын,
көп оқып, білім аламын,
«Құс жолымен» зулатып,
жұлдызды көкке барамын.
Жеті батырмен кеңесіп,
табыстырамын Үркермен.
Үлкен болғасын мен өсіп,
шыңдардан асам бұлт емген.
Қалмаймын көкте, оралам
батырлар өскен жеріме.
Батырға мені балаған
қызмет етем еліме!
1987
АНАМА
Кеудеңде мені тербеттің,
жас шыбық енді көктеді.
Мінеки, мен де ержеттім,
еңбегің бекер кетпеді.
Өмірде мынау ең жақын
Аяулым сенсің, анашым!
Болмаса мейлі зор даңқың,
мен үшін бірақ данасың.
Мейірім төккен нұр жүзің
тұрғандай сезем жанымда.
«Адал бол,— деуші ең,— жұлдызым»,
сақталды сөзің жадымда.
«Игі еңбек түбі осы-ау», — дер
көргендер жеміс ағашын.
Қартаймай, мәңгі жасай бер
мәңгілік Күндей анашым!
1960
ҚЫСПЕН ҚОШТАСУ
Кіршік шалмаған ақ қөңілдердей, пәк
көңілдердей ақпанда
балапан бауыр ақ ұлпа қар да ыстық-ау.
Маңайдың бәрін ақ торған шархат жапқанда,
ұйқылы-ояу маужырап қалды қысқы бау…
Шаңғылар зулап,
шаналар зырлап беткейде,
Ойхой, шіркін, жанардан жасты парлатып!
Осындай шақта көңіл бір шырқап кетпей ме,
қияларға сені самғатып!
Далама бүгін далиып бей-жай жатқан кең
көгілдір көктем,
өрім гүл көктем жетті ғой.
Мен сонда мынау ақ сезімімдей ақ қармен
қоштасқым келмей кетті ғой!..
1970
ЖЫЛУ
Жылылықтан жаралған
құшағы оның — таң мекен.
Менің Айдай анамнан
асқан сұлу бар ма екен?!
Мейірім-нұр төгілген
күн көзіндей жанары,
ойымды оқып өңімнен,
дірілдейді қабағы.
Жердегі бар тағамнан
ана сүті нәрлі екен.
Бұл жалғанда анамнан
сүйікті адам бар ма екен?!
Жер бетінің ғұмыры
Күн нұрымен арайлы.
Біздің үйдің жылуы
анамыздан тарайды.
1987