Жанталасып мені шын ұмытсам деп
жүрсің сен,
басқа жанмен жүректі жылытсам деп
жүрсің сен.
Жек көрсем деп қалайда талай іске ұрындың,
ұмыттырса екен деп өзгелерге тығылдың.
Көрмеймін деп мен оны өзіңді өзің сендірдің,
кінәлайсың, сонда да көкірегіңде мен жүрмін.
Біреулерді жаныңмен сүйген болып жүрсең де,
мені жоқтап жүрегің қайғы шегіп тұр сенде.
Шығара алмай бейнемді көңіліңнен, аһ ұрдың,
көрмей алыс жүрсең де, тек мен саған жақынмын.
Кімменен жүр, қайда бар, қаншама азап шек мейлің –
жүрегіңнен бәрібір мен ешқашан кетпеймін.
1985
Қарсы алдыңда отырмын балқып жаным,
сезім тұр тасығалы,
жанардағы найзағай жарқылдарын
кірпіктер жасырады.
От ұшқындар шашырап жанарыңнан
көзімді тайдырады.
Көңіл — толқын алқынып жағаны ұрған
екпіні айнымалы.
Мен білмеймін: әлде бір қорқу бар ма,
ерік жоқ санамызда.
Әлде мынау аппақ жал толқындарға
көміліп қаламыз ба?…
1982
Телефон шыр етеді:
сонда менің жүрегім дір етеді,
көйлегімнің желбіреп гүл етегі
жүгіремін. Не пайда сен емессің.
Тек қималдау көңілді жүдетеді.
Кешке дейін неше рет дірілдетіп
мәнсіз, әрсіз, алаңмен күн өтеді.
Телефон, шыңғырсаң да,
көтермеймін енді мен — қылғын, сарна!
Жүрегіме тыныштық бермей қойды-ау,
төбесінен бір қойып сындырсам ба?!
Әне тағы… сені ме!
Қоңыр дауыс!
Трубканы сүйіп мен тұрдым сонда.
1980
Бәрі менің есімде:
сені күтіп терезеден қараумен
минут санап тұрғаным,
жанымды өртеп бір жалын;
сөндіре алмай сағыныштың мұңдарын;
сосын сенің кіріп келер сәттерің,
тілсіз, үнсіз аймаласқан тәтті ерін…
қос жүректе — ақ сезім мен пәк сенім;
көп ішінде сыр ақтарып көзбенен,
жырақ шығып өзгеден
оңашарақ қалуды ылғи көздеген;
сәтке ынтығып шырын-бал,
қол ұшынан бойға тарар жылулар,
тек екеуміз түсінетін сыбырлар;
құлақ қоймай еш үнге,
сезім селін ынтығып бір кешуге
аласұрдық.
Бақыт па бұл, кесір ме?
Бірақ бәрі есімде.
1984
«Жастар ойсыз, жөн-жосық білмейді, — деп,-
миларына салт-дәстүр кірмейді көп,
біз кеткесін бұл дүние не болар»,— деп
уәйім жейміз, күздегі гүлдей жүдеп.
Білгісі кеп құлшынып тұрса да ұлан,
айтарымыз баяғы бір сарын ән,
даналықты күтеміз, жастың бәрі
өнеге алып туғандай құрсағынан.
Ақсақал жоқ ақылмен табындырар,
ағалар аз айтқызбай жаныңды ұғар.
Бара қалсаң жәй айтып алдарына,
«Өзің білмен» аяқтар әнін бұлар.
Сөйте тұрып жастарды кінәлаймыз,
кінәлауға келгенде кіл Абаймыз.
Көңілі қалып үлкеннен біржолата
қол үзеді бозбала, құралай қыз.
Болашаққа жастармен жалғанар із,
жастық жәйлі тарихта қалған аңыз.
Ұрпақтардан тамырды үзіп алып,
адам неге азды деп таңданамыз.
1995
ЖЕҢЕШЕ
Әсимаға
Ауылдың сол бір-кезі-ай самала күн.
Жасаңмын, көңілім шат. Дала жаным.
Бетіме шаң тигізбей жүруші еді
қырандай қайран менің ағаларым.
Бұл өмір өтеді екен тәтті мұңдай,
сол жылдар бүгін бізге жат ғұмырдай.
Ең алғаш ағам сізді әкелгенде
көркем ең айдын көлдің аққуындай!
Атамыз біздің елдің көсемі еді,
дес бермес көркем сөзге шешен еді.
Атаға жаққан келін өзің болдың
көңілін табу қиын десе де елі.
Алтынды ұстай білсең биік, қымбат,
өзіңді аялады ел сүйіп, бұлдап.
Талғампаз Әз-атам да отыратын
сен тартқан «Байжұманы» ұйып тыңдап.
Ақылды келін — үйдің күні күлген,
от басын жарқыратар нұры бірден.
Алғысын алдың ауыл қарттарының
ісіңмен, ізетіңмен, қылығыңмен.
Шерткенде домбыраны сіз бір дарын,
ақ көңіл, жарқыраған жұлдыз жаның,
ошағын ағамыздың өшірмедің
жеткізіп алтын тұяқ ұл-қыздарын.
«Жеңеше, қойшы маған ғажап ат!»— деп,
кешірдің, еркелесек мазалап кеп.
Ұлыңды ел таниды бұл күндері
халқына тірек болар азамат деп.
Жеңеше, шалқи берсін бақ талабың,
өзіңе жетсін алыс жақтан әнім.
Ай көрік жеңгелерім осындай деп
мен жұртқа мақтанамын!
1999
ЖАҚСЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР
Ей, жарық күн, нұрыңды шаш далама,
шаш нұрыңды қарттарға, жас балаға,
ызғар сіңген жеріме шуақ керек,
мұқтаж оған ауыл да, астана да.
Сәулеңменен себеле үміт демін,
жер бетінен жылыссын күдіктерім.
Адамдардың сатқындық, сұмдығынан
қалжыраған жерімді жібіт менің.
Күңгірттенбей, көтерсін шыңым басын,
қарттарымның ұзартқын ғұмыр жасын.
Қорқыныш пен үрей жер кеуделерде,
қу бәрін де — соңына бұрылмасын!
Кетсін тағы шарықтап алысқа үнім,
қонақтасын ырыс пен табыс күнім.
Ұл-қыздары көтерсін қол ұстасып
қазағымның елдік пен намыс туын.
Жарқырасын шуақ боп алғашқы үміт,
жүректерді жүрекпен жалғастырып.
Адамзатқа бірлік бер, тыныштық бер –
ынтымақтан туындар бар жақсылық!
1998
ӘН ҚҰДІРЕТІ
Нұрғалиға
Жаның бір күміс үнге тамсанғанда,
балбырап бөленесің қанша арманға!
Бар дүние бұлбұл болып сайрайтындай
Нұрғали ән салғанда!
Нұрғали ән салғанда:
жұрт райлы,
көздерден күн-мейірім жылтырайды,
ананың ақ құшағын сезіндіріп,
даланың жусан иісі бұрқырайды.
Сезінбей уақыттың түс, екіндісін,
жаныңа түк еместей не түрлі сын.
Нұрғали ән салғанда, көңілің өсіп,
ешқашан қартаймайтын секілдісің.
Әр жасы құтты болғай ғажап ұлдың,
думаны тарқамасын базарымның,
әнің де, сәнің осы жас күйіңде
жасай бер, Нұрғалиы қазағымның!
1997
ЖЕЗҚАЗҒАН
Жезқазған — жыр қайнарым,
мыс балқып қойнауында тулайды ағын.
Көзіндей батыр мінез бабалардың
ұлы — мәрт, қызы — көркем нұрлы аймағым!
Тағып ап ұлы дала сыр-алқаны,
әр таста өткенімнің тұрар табы.
«Ұрпағым, тарихыңды ұмытпа!» — деп.
«Жошыхан», «Алашахан» мұнартады.
Қыздары наз үйірген гүл ерінге,
даналық ұясы бар жүрегінде.
Ән қалқып, жезді өңірден күй төгілсе,
жаныңды толтырады жігер-үнге.
Көрінсе «Қызыл арай», «Түйе мойнақ»,
оятар намысыңды жігер ойнап.
Жазира кеңдігімен, елдігімен
жаныңды тебірентеді киелі аймақ.
Дүниені жайласа да дауылды ағын,
ерлерше сақтап қалған мәнін, жанын.
Жігерін жұқартпаған жезді өлкеде
жер қазып, мыс балқытқан бауырларым.
2002
АЗАМАТ
Өмірғалиға
Жүзі қоңыр болғанмен,
аппақ оның жүрегі,
күлсе шындап күледі,
ал, күрсінсе — түн еді.
Шындық пенен әділдік –
оның жалғыз тілегі,
қиындықты көрсе де,
мұқалмаған жігері,
жұқармаған білегі.
Біздің елде осындай
бір азамат бар бүгін:
дау-шарларға қосылмай,
адал жанның барлығын
қастерлейді досындай.
Жайлайды оның жанын мұң
ел туралы қоршап ой.
Әттең, бауырларымның
бәрі сондай болса ғой…
Жалтақтықпен жауласар,
арамзамен арбасар
елге осындай ер керек!
Кім дейсің бе?
Ол біздің
Өмірғали Кенжебек!
2002