ҮНСІЗДІК
Бір танысым қонаққа шақырды да,
Топ адамның көзінше
Пікір пішіп өзінше,
Көңіліңді елемей аппақ айдын,
Досым, сені жатып кеп даттады — ай бір.
Кеткен шақта әділдік заңға айналып,
Ақты қара деп айту қандай набыт.
Үнсіз қалдым. Өзіңді нақ сол сәтте
Ақтап алар дәлелім болмай қалып.
Өткен күзде билетін жоғалтып ап,
Бір қарт әжей вокзалда жылап тұрды,
Жылап тұрды, еңсесі құлап тұрды,
Жанарында жалыныш сұрақ тұрды.
Кеткен шақта ізгілік заңға айналып,
Жомарттықты тұсаулау қандай набыт.
Үнсіз қалдым. Қалтамда нақ сол сәтте
Көк тиын болмай қалып.
Өмір сансыз сауалын тартыпты алға,
Кездерім бар өзімді қор тұтқан да,
Мүмкіндігім жоқ сәтте мұңға батам,
Үнсіз қалып отырам сондықтан да.
Табиғаттың тымырсық ақпанындай,
Ақпанындай, жылдардың қақпанындай,
Мені осынау мейірімсіз үнсіздіктің
Азабынан әрдайым сақта, құдай!
ТЕРЕҢДІК ЖЫРЫ
Өзіңсіз келген күндерден,
Өзіңсіз терген гүлдерден,
Өзіңсіз кешкен ойлардан,
Өзіңсіз өткен тойлардан
Жалығып біттім, жаным — ау.
Мен десе жаның даладай,
Мен десе күлкің мөп-мөлдір
Лақылдап жанған өсек пен отқа қарамай,
Сен маған арнап әуенін салдың көктемнің.
Өзіме — өзім ете алмай қалсам иелік,
Күшімді жидым, арманым, саған сүйеніп.
Сен менің асқар белім боп,
Шалқисың кейде шадыман шалқар көлім боп.
Көңілінде терең көлі бар жандар бақытты,
Көңілінде терең көлі бар жанға өлім жоқ.
Тереңім сенсің, еңселім,
Өлеңім сенсің, еңселім.
Парасат көркін қаншама әйел халқының
Мен саған қарап өлшедім.
Көрмедің әсте сенімнің гүлін солдырып,
Шыдамды тәңірім сыйлапты саған мол қылып.
Кім айтар кәне бекер деп,
Вокзал мен вокзал арасын
Жүрдің сен күнде жол қылып,
Мен келіп қалар ма екен деп.
Созылып таулар алдымда
Жалғасып бірі — бірімен,
Келем деп келмей қалдым да,
Күттіріп қойдым түнімен.
Жаныңды мұңға жібітіп,
Жыладың ағыл-тегіл бір.
Ал ертең бәрін ұмытып
Аспандай тұндың көгілдір.
Не деген жұмбақ өмір бұл!
Сыйладым саған көп қайғы,
Сонда да кінә артпадың.
Арыңды асау жүректің
Тізгінін кері тартпадың.
Сенімге сертің табанды,
Құштарлық отың өшпеді,
Шаттығым, сенің бағаңды,
Елемей келсем, кеш мені.
Берілдің барлық жаныңмен,
Жаныңдай тұнық әніңмен,
Әніңмен, барлық сәніңмен,
Сырыңмен, сансыз қырыңмен
Құлпырған жақұт нұрыңмен.
Сол үшін, таудай мерейім,
Сол үшін бақыттымын мен!
ТҮСІНІСУ ТЕОРЕМАСЫ
Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар…
Қара бұлттай қайғы жапты бөлмені.
Адамзаттың алғыр, ұлы қыраны
Лев Толстой жатыр еді өлгелі.
Әйелі кеп қолын сүйіп, жылады:
«Тежей алмай мінезімнің тасырын
Өзіңменен өтті жарты ғасырым.
Мен бейбақты кешіре гөр.
Күнәм көп…
Кешіре гөр,
Кешіре гөр, асылым?!»
Өткен күнін оймен шолып алыстан
Үнсіз, іштей күбірледі данышпан:
«Жә, кемпірім,
Жасыңды тый,
Жетті енді,
Жылап ешкім қайыра алмас өткенді.
Қаштым сенен…
Саған жақын жүргенше
Артық көрдім жиһан кезіп кеткенді.
Жалғыз сенен қаштым ба екен мен бірақ..
Ресейден бөлінбестей болдым — ақ,
Із бастадым күртік қарды омбылап.
Күллі әлемді тамсандырған ақылым
Сенен қолдау таппағаны қорлық — ақ.
Бір шындық бар ешкімнің жоқ таласы
Ұл — қызымның болдың ғазиз анасы.
Қартайғанда түсініспей, әттең — ай,
Жолымыздың қырсыққанын қарашы.
Дей алмаймын:
«Маңдайымның сорысың.
Қамқорым боп создың қанша қол ұшын.
Бірақ мені түсінбедің.
Түсінуге және де
Тырыспадың…
Кешірмеймін сол үшін,
Кешірмеймін сол үшін…»
Күллі адами пенделікпен алысқан
Қыран ойы тұрақ таппай ғарыштан,
Әйеліне қарап терең күрсіне
Мәңгілікке көзін жұмды данышпан.
Қайда, қайда көңіл сырын көзден ұғар нәзіктік?
Үш өлшем бар —
Биіктік пен тереңдік, кеңдік (яки жазықтық).
Бұл үшеуін бағаламау — көзсіздік һәм кереңдік.
Ал түсінбеу…бақытсыздық болар ол.
Иә, адамдық қатынаста жоқ әлі де сара жол.
Оңай емес, оңай емес бұл егес,
Қашан болсын бірлік жолы бұрыстау.
Керек десең түсінбестік кінә емес,
Қылмыспен тең — түсінуге тырыспау.
Ох, қаншама бұлақтарды жұрт түсінбей суалтты.
Сөйтіп, қанша бәйтеректі қуартты.
Ох, қаншама ұлыларды жұрт түсінбей өлтірді,
Сөйтіп, мына тіршілікке үлкен зиян келтірді.
Бруноны отқа жаққан,
Галилейді сотқа тартқан,
Біржан салдың арқан байлап қолына,
Жылан болып Ұлықбектің иірілген жолына
Түсінбестік еді той.
Соның бөрі адамзаттың сорына.
Түсінбестік аз жайды ма қанатын?
Мұнан асқан нала бар ма,
Ұлы Абайды сабаған да
Түсінбестік болатын.
Талантына тамсандырған талайды
Жазған шақта Әуезов сол «Абайды»
«Бұл туынды шыға алмайды белеске»
Деп құлшына қарсыласқан
Қияс ойға қамшы қосқан
Тағы да сол түсінбестік емес пе?
Ал Әуезов жолсыздыққа бұл сынды
Ызалана қол сілтеп, іштей, үнсіз күрсінді
«Түсінетін халық аман болсын», — деп.
Өткен — өтті.
Бірақ бәрі есепте.
Қандай азап,
Қандай азап ұғыспау.
Түсінбеген кінәлі емес десек те
Қылмыспен тең — түсінуге тырыспау.
Түсінбестік — секілді бір көк тұман
Сол көк тұман тудырады көп күмән.
Бір жас дарын көтерілсе мінбеге
Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам!
Даңқ деген нар ма екен, нар құлатқан жар ма екен,
Ұқсап туу бар — дағы, ұқсап өлу бар ма екен?
Тауым биік болса да, әнім асқақ шықса да,
Егер ақын болсаң сен, інім, маған ұқсама.
Бәлкім, шашың тым ұқсас, бәлкім, ұқсас мұңың да,
Бәлкім, менше зауқың жоқ ішкілік пен шылымға.
Бәлкім, менше арнаңда тасып толған шығарсың,
Бәлкім, менше өртеніп ғашық болған шығарсың.
Бұл сөзіңе, қалқам — ау, бас изермін, көнермін,
Мен көнгенмен не шара, заңы қатал өнердің.
Сырдаң бойлы шіліктен шырқаумын деп баптанба,
Кілең ұқсас биіктен құтыла алмай жақанда.
Тілектеспін, жарқырап жансын лаулап бағың бір,
Бір жырыңмен сағынтып, бір жырыңа табындыр.
Мен қарайын елжіреп, отым шалқып көздегі,
Өз күшіне сенгендер күндемейді өзгені.
Мықты болсаң, жарқыным, ізіңді сал елсізге,
Ізсіз жандар өнерде толып жатыр сенсіз де…
…Қызықсың — ау, тым ұқсаспыз дейсің сен.