БАРСЕЛОНА ӘУЕЖАЙЫНДАҒЫ СҰҢҚАРЛАР
Бұл не өзі
Әлде даңққа ғашықтық?
Талайлар жүр өлең-жырды кәсіп қып,
Десек дағы іскерміз һәм батылмыз,
Біз солармен күресе алмай жатырмыз.
Кедергілер көлденеңдеп күтпеген,
Пәле болды көңіл жықпастық деген.
Шығып жатыр,
Шығып жатыр құлшынып,
Бойсыз,
Ойсыз,
Тек ұшуға құштарлар,
Құштарлықтан тұра ма әлде тіршілік?!
Жеке күйттеп әдеттенген бас қамын
Бір-біріне ұқсас,
Ұсақ құстардан
Тазартамыз қалай өнер аспанын??? —
Деген сұрақ алдымызды кес-кестеп,
Кешегіден келіп жетті бүгінге.
Қиын,
Қиын ойланбасақ түбінде.
Құр қалбақтап ұшуды нысап тұтқан
Ұқсастық пен ұсақтықтан
Біз әрдайым тиістіміз қорқуға.
Не ғаламат жатыр мына ғасырыңның бойында
Барселона әуежайында
Болды бірде ғажап жағдай таң қалар,
Кілең ұсақ, майда құстар — шымшық, торғай, қарғалар.
Билеп алып аспанды
Реактивті ұшақтардың
Самғауына қиын кезең басталды. —
Бізді мұнша әлек еткен
Бұл күтпеген пәлекеттен
Құтылатын жол қайда
Ғалымдардан, сірә, көмек болмай ма?
Дүлей үрей құшағында азап шектік күнделік,
Майда құстар турбинаға
Жойқын ауа толқынымен бірге еніп,
Бес нән ұшақ істен шықты соңғы айда, —
деп өтінді ұшқыштардың бастығы,
Ғалымдардың басшысы — үлкен қасқа маңдайға.
«Ғылым үшін, міне, жаңа тақырып»,
Қасқа маңдай аз ойланып отырып,
Табыстады істі басқа маңдайға.
Басқа маңдай ертіп басқа маңдайды
Жете зерттеп, түсінгенмен мән-жайды,
Құпияның құлпы ашылмай қасарды,
Түрлі-түрлі тәжірибе де жасалды.
Айлар өтті нәтижесіз күйбеңмен,
Ұшақтардың гүріліне әбден еті үйренген
Қу құстардың әуежайды басынғаны соншалық
Бірін-бірі шұрқыраса қарсы алып,
Бір-біріне қоштау айтып тамсанып,
Таңнан таңға масайрады ән салып.
Тым бейхабар мынадай «ғаламаттан»
Мадридте оқитын
Ұлын көріп қайтуға бара жатқан,
Тарпан тағдыр сарқа ал маған қуатын,
Құзар таудың баурайында тұратын
Орманшы қарт үлкен қасқа маңдайдың
Еді жақын туысы.
О, сәттілік десеңізші қандай бұл!
Күллі өмірін орман бұрған
Туысымен қасқа шай ішті.
Сосын өзін толғандырған
Әрі қатты арландырған
Оқиғаға ойысты.
- Әй, балам — ай, балам — ай!
Ғалымсыңдар дүниені нұрландырған талғамы,
Қолдарыңда ғасырлардың толғағы.
Кейде ұстаз табиғатқа шәкірт көзбен қарамай
Шалыс басып қаласыңдар, мынау соның салдары,
деді орманшы күлімдеп, —
Қиын салдар қиын сауал туындатты десе де
Бұл — оп — оңай шешілетін мәселе.
Әуежайға төрт — бес сұңқар табыңдар,
Парасаты көз арбайтын,
Ұсақ құсты көргенде төзе алмайтын
Сұңқар деген тіршілікке нағыз іңкәр дарындар.
Еркін ұшып шығу үшін биігіне қалаған,
Оларға сол арадан,
Жайлы ұя салыңдар,
Және ерекше жағдай жасап бағыңдар,
Сонда майда құстардың сұсы қашып.
Еңсесін сұңқарлардың мысы басып,
Іздеу үшін жанға жайлы басқа орын
Тастай қашар сол әуежай аспанын.
Көкірегін көрікті ойға бөлеген
Орманшы қарт. шынында да,
болып шықты көреген.
Ұсақ құстан күрт тазарып, күллі әуежай аспаны,
Ұшақ біткен еркін самғай бастады.
Жеңіл соқпас осы қайсар заңдылықты меңгеру
Саған қашан келер екен кемел кез.
Міне, аға, сұңқарларға жол беру –
Майдаларға күрес ашу деген сөз.
Ал сен кімге,
Қай сұңқарға жол бердің?
Есіңде ме,
Кімге кімді теңгердің?
Қаптаған көп бала тайдан
Суырылып шыққан кезде дара тай
Демедің ғой «Алақай».
Жеткергенов Жебегенге
Айбергенов Төлегенге
Бір көзбенен қарап обал жасадың ғой, ағатай!
Енді бүгін қолдан билік, бойдан күшің қашқанда
Жалтақтайсың жан-жағыңа, алақтайсың аспанға, - «Сүйеніші,
Қамқоршысы,
Мектебі,
Емес пе едім
Асқаны ма неткені?
Ебін тапса ысырады шеткері,
Елемейді, сыйламайды», — деп мені
Өкпелейсің ұқсас әрі ұсақ қанат жастарға
Иә, олар қадіріңе жетпеді!
Құтылам деме өзгеге артып кінәні!
Сен жауап бересің әлі,
Жолыңды салмай қиынға
Жөніңді таппағаның үшін,
Сұңқарлар болған жиында
Шымшықты мақтағаның үшін.
Құр қалбақтап ұшуды нысап тұтқан,
Ұқсастық пен ұсақтықтан
Біз әрдайым ниетіміз қорқуға.
Не ғаламат жатыр мына ғасырының бойында?
Желтең,
Мазаң ойменен
Жүргендеймін кейде мен
Барселона әуежайында.
Бір кез әлгі орманшы кеп қасыма
Балап мені баласының досына
Мейіріммен күлімсіреп жанары: - Әне, ұлым,
Уақыттың талабы
Ерте, кеш пе, бәрін жөнге салады.
Сұңқарына жағдай жасамаған ел
Майдалардың мазағына қалады, —
деп тұрғандай болады.
ЖІГІТТІҢ ЕКІ СИПАТЫ
Марсқа
Кім қайратты
Кім кімге асқар тұлға,
Мүмкін бе екен тағдырдан бас тартуға?
Неткен ғажап
Биіктен құлаған тас,
Сынғанымен қалады тас қалпында.
Құзар шыңда,
Ойпаңда,
Бұралаңда,
Талайларды сын күтіп тұрады алда…
Быт-шыт болып кетпей ме қам кесектер
Кіп-кішкентай жырадан құлағанда.
Алуан тағдыр берілген бұл адамға
Есегінен ез жігіт құлағанда
Жұбатыңдар,
Аяңдар
Өйткені оның
Құм боп кетер жігері жылағанда.
Алуан тағдыр берілген бұл адамға,
Тұлпарынан ер жігіт құлағанда
Жұбатпаңдар!
Ер адам от-жігерін
Намысына жаниды жылағанда.
ҚЫРҒЫЗДАР МЕН ҚАЗАҚТАР
Шаттықта да бірміз,
Қайғыда да бірміз,
Бір тамырдан қуат алған егіз, туыс гүлміз.
Бірімізді екіншіміз қолдап, сүйеп жүрміз
Алатауды алып құсқа балар болсақ
Сол құстың
Бір канаты қазақ та, бір қанаты қырғыз.
Еңісте де, өрісте де бірміз,
Жеңілісте, жеңісте де бірміз,
Ынтымақ пен ізгіліктің жігін ашпас шеге болып тұрмыз,
Түйенің қос өркешіндей тұтасқан бір дене болып тұрмыз,
Сен жоқ жерде қазақ жетім, жан бауырым, қырғыз.
Ер мен езді ажыратпай адамзатқа бақ бар ма?
Бабамыздың сақалы да түсті қанша көкпарға.
Кейбір қырғыз қансыздары
Сонау жылы, ызғар шашқан ақпанда
Өз ұлтының мұхиттан да терең жатқан байлығы,
Бүткіл түрік, бүткіл әлем рухының айбыны,
Манас туын құлатқалы жатқанда,
Бар қырғызды жылатқалы жатқанда,
Хас батылдық кімге шаттық, кімге азап
Жанын салып қорғап қалған бір қазақ.
Қырғыз үшін отқа салған қанатын
Ал ол қазақ — ұлы Әуезов болатын.
Желтоқсанда егемендік аңсап ұлы кең дала,
Тосын мінез көрсеткенде қажырлана, жандана,
Қазақтың жас өркеніне
Бүкіл әлем көз тіккенде таңдана,
Жойқын күштер жұдырығын көрсеткенде паңдана,
Бәрі бұғып қалған кезде, ей бауырым, қырғызым
Тайсалмастан қолдау айтқан, қорғау айтқан сен ғана!
Жалғай берсін құдалықты ер жігіттер, гүл қыздар,
Екі елге ортақ Манас, Абай көгіндегі жұлдыздар.
Қырғыздардан асқан туыс болған емес қазақта
Ал қазақтай бауыр таба алмайды қырғыздар!
ШЫҢ БАСЫНДАҒЫ ОҚИҒА
Ж.Ілиясовқа
Бір-бірінен көз айырмай үздігіп
Құзар шыңның басында тұр қыз, жігіт.- Қыранымсың, күллі Кавказ мақтаған,
Қанатыңа алғаныңа шаттанам.
Тағдырымды бердім, жаным, қолыңа
Енді өзің біл,
Сенсіз өмір жоқ маған! - Деді сұлу жасаурап от жанары.
Жігіт те оған ырзалықпен,
Ерге біткен мырзалықпен
Жүрегінен жалын шаша қарады.
«Қандай бақыт түсініскен, сеніскен».
Біраздан соң қиқу шықты еңістен
Бұл, әрине, қуғыншының хабары. - Нар тәуекел.
Келсе, келсін! - Батыр жігіт томсарды,
Томсарды да, қанжарына қол салды. - Жо-жоқ, күнім,
Қайсарланба. бекерге,
Жалынамын,
Әкеме қол көтерме.
Жазмыш солай болған шығар,
Көнеміз.
Әттең, ерте қайырлады — ау кемеміз.
Енді бізге бір жүру жоқ,
Сондықтан
Екеуміз де құздан ұшып өлеміз.
Тіршілікте жетпесек те мұратқа.
Ақыретке бір барамыз бірақта.
Ант еткемін алған серттен танбасқа,
Жасымасқа,
Жүнжімеске,
Талмасқа.
Өміріме шуақ құйған өзің ең,
Өлімге де алдыменен сен баста! - Деді ерні дір-дір етіп ақ маңдай,
Ақ маңдайы алауланып ақ таңдай.
Жігіт үнсіз бас изеді күлімдеп
Тұңғиықтан шығар бір жол тапқандай.
Ақтық рет қызды құшып сүйді де
Өлімге емес,
Тойға бара жатқандай
Шыңнан төмен қарғып кетті тоқталмай.
Қыз жылады құзға шағып зар-мұңын
Қарғап, сілеп дүниенің тарлығын.
Секіруге сүйгенінің соңынан
Бірақ күші жетпей қалды сорлының.
Өзі берген сертін өзі сата ма,
Сатқандық па?
Атай көрме,
Атама!
Секіруге оқталғанда қайтадан
Өмір тәтті боп көрінді,
О тоба!
Ат терлете
Көктеп өтіп шатқалды
Біраздан соң қуғыншылар кеп қалды.
Қыз бейшара тұманданып көз алды,
Бір қызарды,
Бір сұрланды,
Бозарды,
Әбден қанып ұғынған соң мән-жайға
Қияқ мұртты қыз ағасы сөз алды: - Әке, қызың күйе жақты даңқыңа,
Күйе жақты ата-баба салтына.
Сатқындықтан жиренішті не болмақ
Таудың қайсар ұлағатты халқына.
Неткен азап қорлық жеңіп арыған
Қызыңды енді бөгеме, әке, жолынан
Батаңды бер,
Сертін жықпай аттансын
Сүйгенінің соңынан.
Бұдан төте өткел бар деп іздеме,
Осы жеңіл өзіне де, бізге де —
Сосын қызға бұрылып —
Кәне, қалқам, неге тұрсың үдеріп? - Әмин, — деді әкесі де түнеріп.
Кәрі көзін күдік қатқан
Ту еңісте жігіт жатқан
Құзар шыңның қойнауына жіберіп.
Қыз жылады: - Арым да қан,
Жолым қан.
Қинамаңдар,
Солай болды сорымнан.
Өз еркіңмен өлу ерлік екен ғой,
Ондай ерлік келер емес қолымнан.
Перзентіңді ете көрме келеке,
Ая мені,
Ая мені жан әке!
Ағасы айтты: - Олай болса, мін атқа,
Тағдыр сені салды дүлей сынаққа.
Сексендегі мәужіреген шалды ертіп,
Көзіңді құрт туған жерден жыраққа.
Көктем қоныс тепкендей — ақ іргемде
Шаттанушы ем, сен қасымда жүргенде.
Әкем сені шалға берем дегенде
Осы опасыз мінезіңді білген бе?
Тіршілікте ез адамға көп өлім,
Неге ғана, қуғыншы боп кеп едім.
Жігітіңді сүйгендігің шын болса
Әкеме ара түсейінші деп едім.
Қайран жігіт жүрегіне нұр тұна
Өліп кетті сені тастап жұртына.
Кебек толы құмыраның келісті ішін көрмей
Ғашық болып сыртына.
Тек ол өлім — өнегелі өр өлім
Өр өлімнен шын ғашықтың құдіретін көремін.
Неге бізде еркін, ұзақ ғұмыр сүрген нар жоқ?
Нар жоқтығы Нарды жығар сен секілді жар көп
Қалың жұртты мен екіге бөлемін
Сүйе алатындар деп,
Сүйе алмайтындар деп,
Сүйе алмайтынына
Ұялмайтындар деп.
Сәтсіз бітті пенделікпен күресің
Сен, әрине, соңғы топқа кіресің.
Сүйе алмаудың зор қасірет екенін
Пенделердің есіне сап жүресің.
Қарлы Кавказ артып саған ұлы айып
Аянышпен қарап тұрар мұңайып.
Шын сүюге қабілеті жетпеген
Әрбір адам мүсіркеуге ылайық!
ЖАЛЫН
Өтудесің, өтесің замандарым,
Құпиям көп ұқпаған, түсінбеген.
Әкем менің жек көрген адамдарын
«Жалыны жоқ сорлы» деп мүсіркеген.
Алдан іңкәр үміттің жолын көрем,
Жолын көрем,
Жанымнан жалын көрем.
Мүсіркетпе тағдырым мені ешкімге,
Мүсіркеген адамның қолында өлем.
Ғасырына өң берген,
Ерлер аз ба шапағатын ел көрген,
Жас шағында — ақ заманының заңғар ойын меңгерген.
Керісінше, сақал-шашын күнге ағартқан қарттар бар,
Жасы жүзге келгенмен.
Даңқы шырқау ел рухын айқындайтын деңгейдің,
Жас кезінде жалыны жоқ жігіттің,
Жас кезінде арыны жоқ жігіттің,
Ертең ерлік жасарына сенбеймін.
Иә, жастық шақ бола алмайды ешқашан да жарлы ұғым,
Аяу керек
Жастық отын ерте өшіріп алғандардың барлығын.
ЖАНЕРКЕ
I
Сонау — сонау Алматыдан алып-ұшып хат келді,
Хат келді де Бапа апайға бір қуаныш ап келді.
Секілденген жанарының ағы менен қарасы,
«Демалысқа барып кайтам», — деп жазыпты баласы.
Шүкір — шүкір, жалғыз ұлы қазір елге мақтаныш,
Ержетті де, арман қуып туған жерден кетті алыс.
Алыс кетсе, несі өкініш, көңіл көгі аршылар,
Көңіл көгі аршылар да намыс атын қамшылар.
Кәне, кімнің аузы бармақ жас жігіттің от кеуде,
Туған жерге деген гүлзар махаббаты жоқ деуге.
Күннен-күнге дарынының ашылғандай бұлағы
Өлеңдері газеттерден күле қарап тұрады.
Ана соған мәз болғандай жанарына жас алып,
Жайлауына жаз қонғандай қалады бір жасарып.
Қызғалдақтай сымбатына көрген адам қызығар,
Қызылқұмнан көшіп келген көрші үйдің жас қызы бар.
Ер жігітке оңайлықпен ұстатпайтын мұраттай,
Сыңғыр — сыңғыр шат күлкісі таудан аққан бұлақтай,
Саттар жырын сақтайтұғын қиып ап ол газеттен,
Сонан кейін анаға кеп жатқа айтатын кезекпен.
Шіркін, ана қондырғандай арманының таң құсын,
Жыр оқыған жәудір көзге жаудыратын алғысын.
Қандай жайсаң әсем тұлға, қандай нәзік гүл көңіл,
Маған — дағы нақ осындай керек еді бір келін».
Деп өзінше игілікті ойға шомып ана бір
Қарсы отырған бойжеткенге қадайтұғын жанарын.
Ал бойжеткен сыр бермейтін мұндай қиын шақта да
Үндемейтін, төмен қарап күлімдейтін тек қана.
ІІ
Үш күн өтті Саттар туған ошағына келгелі,
Үш күн бойы ескі досы кітап болды ермегі.
Сәл кідірсе жастық шағы балақ түріп қашардай,
Терең тарих айдынына үңіледі бас алмай.
Ана байғұс көзбен бағып ұлының қас-қабағын,
Бәйек боп жүр: — Жүзің солғын, жүдеусің ғой, қарағым?
- Жай ғой, апа, мазаланба! — деп бір ауық тосылды,
Бойын ауыр сырқат меңдеп жүргендігін жасырды.
Кенет есік ашылды да үйге бір жас қыз кірді,
Асау тайдай әлі ешкімге ұстатпаған тізгінді. - Кел, Жанерке,
Кел, жарығым,
Қане төрлет,
Тоқтама,
Жақсы келдің, айналайын! – деп қалбақтап жатты ана.
Бұрын ылғи жырын мақтап шулатушы ең құлағын,
Енді өзімен танысып қой, ағаң мынау, шырағым!
Танысты олар. Сол таныстық сыйластыққа ұласты.
Апта өтпей-ақ қос кеудеден қимас сезім гүл ашты.
Атқан таң мен батқан күннің бәрі есінде тура ма?
Бірақ бұл күн ұмытылмас, ұмытылмас, сірә да.
Саттар қызға жыр оқыды, от ұшқындап көзінен,
Ертең сапар. Анасын да ала кетпек өзімен.
Қоштасарда Жанерке де жанарына жас алды,
Бойын бірақ нық ұстады өрлігімен қашанғы.
Сосын жақын туысындай бауыр тартып Саттарды,
Көңіліне ұя салған бір мақсатын ақтарды: - Мектепті де бітірер кез таяу қалды, жан аға,
Жазға таман оқу іздеп барсам деймін қалаға.
Тіпті ғажап! — деді Саттар жанғандай бір арманы
Күтіп алам, келеріңде хабар берсең болғаны.
Қыз қуана бас изеді, албырады гүл өңі,
Бір белгісіз сағыныштан тулағандай жүрегі.
ІІІ
Атқан таң мен батқан күннің бәрі есіңде тұра ма,
Жаздың ерке сол бір кеші ұмытылмас, сірә да.
Асығады пойыз алға ойнап ерке желменен,
Сол пойызда қыз кел еді бақытына шөлдеген.
Қиялына атар таңнан таң-тамаша күй еніп,
Кең далаға көз тастайды терезеге сүйеніп.
Сан ғасырдың жауынымен, дауылымен алысқан
Қожа Ахмет ескерткіші қол бұлғайды алыстан.
Қалып жатыр қыр — адырлар ұлан — ғайыр аумағы
Қазығұрттың қарт тауы мен Түлкібастың баулары.
Әне, анау Алматының Алатауы ақ қарлы,
Қыз тағы да күлімсіреп есіне алды Саттарды.
Бұл сезімнің мүмкін емес алдамшы әсер болмағы,
Бәлкім, қазір мені күтіп тұрған шығар ол дағы.
Вокзал басы. Жадырайды асқақ қала алмалы,
Бірақ мұнан Жанеркені ешкім күтіп алмады.
Көңілсіздік көлеңкесі жүзін бүркеп шырайлы
Өмірінде тұңғыш рет нақ осылай мұңайды.
Енді бір сәт алысқандай қыз өзінің ойымен
Жоғары өрлеп жүре берді кең көшенің бойымен.
Ал бойжеткен сыр бермейтін мұндай қиын шақта да
Үндемейтін, төмен қарап күлімдейтін тек қана.
Тұрып қалды, салғырт жүріп барды — дағы шамалы,
Қарсы алдынан қалың жиын келе жатты қаралы.
Қалың жиын келе жатты жүректері жаралы,
Оркестрдің зарлы даусы мұңға бөлеп қаланы.
Ал Жанерке назар салмай тұра берді бұған да,
Тұра берді, басы айналып адасқандай тұманда.
Неге, неге кешікті екен, Саттар қайда жаны асыл?
Жырларымен тербететін қазақтың кең даласын.
Саттар қайда, шынымен-ақ, қыз көңілін ұқпай ма,
Қайда сол бір мейірімді жан, күліп алдан шықпай ма?
Амал қанша, сүйіктісі алыс жолдан келгенде,
Туған елі оны әкетіп бара жатты жерлеуге…
IV
Қой, Жанерке,
Ұзақ таңға өкси берме,
Тыным ал.
Сенің тілсіз қасіретіңді дәл өзіңдей кім ұғар?
ОТАН
Қалекеш Қарағұловқа
Өлімі де өнеге ғой алыптың,
Лұқпан хакім көз жұмғанда
Дөңгелегі тоқтап қалған секілденіп тарихтың,
Қайғысында шек болмапты халықтың.
Қасіретке кім тұрады арашы,
Кім билігін жүргізе алмақ тағдырға?
Осы шақта Лұқпан хакім баласы
Әкесіне арнап жоқтау жыр жазып
Оқып берді қалың жұрттың алдында.
Бірақ жыры ойсыз әрі жалынсыз
Болған соң ба, естілді тым нанымсыз.
Әдет сақтап әрең тыңдап ел тұрды,
Бұл патшаның күрт ызасын келтірді:- Дүрелеңдер мына арсыз баланы! –
деп ақырды ол жарқ-жұрқ етіп жанары, - Күнәм қайсы, айтпайсыз ба, әміршім? –
деді бала тас түйіліп қабағы. - Күнәм қайсы дейсің, ә?
Жүрегіне күннің гүлзар жылылығын жинаған,
Қыран таулы кең даланың ұлылығын жинаған,
Жинағанын адамзатқа жомарттықпен сыйлаған,
Сөйте тұра туған елдің маңдайына сыймаған,
Қасиетті ұлы әкеге өр парасат, ер көңіл
Мұндай жасық жыр жазғанша.
Ақын болмай жерге кір!
Мансұқ еттің ұлы адамның арманын,
Амал нешік, жақсы еді үнсіз қалғаның.
Әкеңді де аямадың,
Өнерді де қорладың,
Екі бірдей қылмыс жасап сорладың.
Мен үшін сен сияқтысың енді мәңгі тірі өлік,
Жазаңды ал да жөніңе тарт — деді патша түнеріп.
Отан!
Қайсар ар-намысым,
Жайсаң іңкәр шапағым.
Перзентте жүктеген қорғанысын,
Сен намыстың ну қалың орманысың.
Сол үшін де шыңнан заңғар атағың.
Тұлғасына табындырған,
Алыс жүрсем сабылтып, сағындырған,
Менің ұлы әкем сенсің, Отаным!
Әкем сенсің — Арман тұлға, Ай тұлға,
Перзенттерің саған деген сағынышын өзінің,
Махаббатын, ең асаси сезімін
Тиісті емес жасық сөзбен, жалған сөзбен айтуға.
Ал, жасықтық — жалынсыздық,
Жалынсыздық — дәрменсіз дарынсыздық,
Жүрген сол ар ақын атын қор қылып.
Және солар қанаттыға тор құрар.
Жалынсыздық — о бастан-ақ сорлылық,
Жалынсыздың барлығы да сорлылар.
Жамылғанмен махаббатты қалқан ғып,
Жалынсыздың түп атасы жалғандық.
Сол жалғандық жаншымағай сананы,
Өнердің де ең негізгі талабы –
Жалындыны мадақтау,
Жалынсызбен күресу боп қалады!
Ісім аздау болса да әлі маңдытқан,
Жел өтіне егілген ерен талдай,
Гүлді ызғардан қалқалап келем талмай,
Қаншама рет жалын жасты қорғап қалдым зорлықтан.
Сенің қансыз ұлдарыңның кей кезде,
Маған тісін қайрайтыны сондықтан.
Көк майсалы өнер тауын шаңғытқан,
Күрес аштым жалынсызға, қулықпенен жанды ұтқан.
Білем, содан кедергім көп алдымда,
Жиі жолым болмайтыны сондықтан.
Жылтырағын гауһар деуге тым шебер,
Сүйікті Отан,аз ба бізде дүмшелер,
Оттан қашып піспей қалған күлшелер!
Әркез сені жалғандықтан қорғауға
Бақыттымын, күшім жетіп тұрса егер!
МҰРЫН ЖАЙЛЫ ӘЗІЛ
«Перзент болу оңай ма толық қанды,
Зерттеп өс, — деп, — айдарлы алыптарды».
Мені башқұрт жыршысы Мұстай Кәрім
Расул Ғамзатовқа алып барды.
Таулыққа тән асау ой қанатында
Жайсаң күліп қоштасты дара тұлға.
Үш жылдан соң Космонавт Севастьянов
Таныстырды қайтадан мені ақынға.
Расул айтты: «Кез келген жас талапты
Балау қиын қыранға қос қанатты.
Інім, сенің жырыңды оқығам жоқ,
Бірақ бұзау мұрының есте қапты.
Өзгешелік — табиғат тірегі екен,
Өзгешеге ойлы жан күле ме екен?
Өнерде де бөгде жұрт шатастырмас
Өз мұрының болсын деп тілек етем».
Тыңдағым кеп ғасырдың арайлы әнін,
Арай шашқан тауларды маңайладым.
Ғамзатовтың өзіне қарадым да:
«Гәп мұрында жатыр ма», — деп ойладым.
Өтті жылдар,
Кеңейді өрісім де.
Бар, әрине, жеңіліс,
Жеңісім де.
Тілектесім көбейді ел ішінде,
Біреулер жүр келе алмай келісімге,
Өлеңімнің мұрынын бұзғысы кеп,
Жұдырығын жасырып жең ішінде.
Даралыққа не жетсін көңілдегі…
Бақытты жан мен болам төріңдегі.
Өлеңде де ешкімге ұқсамайтын
Мұрынымнан танысаң, елім мені!