МҰХТАР ШАХАНОВ ӨЛЕҢДЕРІ

ШЕКАРАСЫЗ ЖОМАРТТЫҚ
немесе
Қалекеш Қарағұловты іздеу
Өмір деген ұлы өзенде ғарышқа атқан толқындарын,
Бәрі де есте, алқынғаның, бақыт іздеп шарқ ұрғаның.
Ашық — адал мінезіңді ту ғып ұстап жарқылдадың,
Бірақ неге қайығыңды құзға соғып алдың, жаным?
Кей адамның рухынан бақыт кейін қап жүреді,
Жігіт едің аузын ашса көрінетін ақ жүрегі.
«Дарындыдан қарынды озсын!» дейді күліп заман арсыз,
Нақ осы ұран тұрған кезде қалай түлеп, ағарарсыз,
Қарын күшін мойындамас жұртты қайдан таба аларсыз?
Таба алсаңыз мұның ерлік екендігін бағаларсыз.
Сатылғанның барлығы — құл, сатылсаңыз — жоғаласыз.
Ал, сен соны тым ерте ұққан жомарт болдың шекарасыз.
Күнде үйіңе қонақтарды топ-тобымен алып келіп,
Таң атқанша лаулап — жанып, әрқайсысын танып, көріп,
Және оларды әнге, жырға, ой — толғауға салып көріп,
Отырушы ең, қымбаттым — ау, жүрегіңнен жарық беріп
Дархан, аңғал болмысыңа пенде көздер таң қалатын,
Кез келгеннен пәктік іздеу саған ғана тән болатын
Сен бір бөлек ғұмыр едің сөзі — сенім, ісі — бекем,
Бәлкім ақын болғандығым сендей достың күші ме екен?
Мен қайда ұшсам, қанатымнан демеп жүрген сені көрем,
Шашым ойша таралады Ақтөбенің желіменен,
Сосын Естай әуенімен, ару Қорлан лебіменен,
Мен қайда ұшсам қанатымнан демеп жүрген сені көрем.
Әлі талай биіктерге бірге шырқап, асқақтаймыз,
Дос сезімді өлім жеңбес.
Сондықтан біз қоштаспаймыз!


БІЗ ҚАЗАҚТЫҢ ЕКІ АҚЫНЫ БІРГЕМІЗ
Олжас Сүлейменовке
Біз қазақтың екі ақыны әрқашан да біргеміз
Түрлі сыпсың сөздерден де,
Ызғар шашқан көздерден де,
Заман мен заң өзгергенде
Бүлінген жоқ іргеміз.
Бірімізді екіншіміз ылғи қолдап жүргеміз.
Біз қазақтың екі ақыны әрқашан да біргеміз.
Көзі тірі пайғамбар жоқ, даңқы шырқап өскенмен
Пайғамбардың барлығы да өз жеріне кеш келген.
Бұлт құрсамай тұрар кезі өте сирек Айдың да
Ал сен туған мекеніңе терең тамыр жайдың да
Айналдың зор айбынға,
Міне содан өрбіп жатыр бақытың да, қайғың да.
Алғаш рет сен қозғалдың ұлт намысы деген де…
Халқымыздың ұлы рухын алып ұштың көп елге,
Баба түркі сөз төркінін іждағатпен қопардың,
Семейдің зор қасіретін әйгіледің әлемге
Сөйтіп Абай, Шәкәрімнің аруағынан бата алдың.
Мен Аралдың, Желтоқсанның мұң-зарына болысып
Қыран таулы қырғыздардың ел ақыны атандым…
Ешкім бізді өгей ұлы дей алмайды Отанның.
Елден алған, жерден алған жырларының қуатын
Жолың болғай, ғасырының үні болған ұлы ақын!


ҚЫМЫЗ БЕН ПІСПЕК
З.Қабдоловқа
Кел, ағатай, сырласалық, ойласалық аз уақыт
Шабыт отын жаққандардың бірі сенсің маздатып.
Ара-тұра намысыңның желмаясын боздатып,
Ойларыңды ұлы Әуезов ойларына қоздатып,
Тірлігіңе және содан тапқан жоқсың аз бақыт.
Қай кезде де айтылады батырға өкпе, досқа наз,
Ұлы қарты жоқ ұлттар — боп жүргендер босқа мәз
Ұстарасын жалаңдатпай сәл бөгелсін шаштараз…
Бұл қазақта ақ сақалдар жеткілікті болғанмен
Сол сақалды ту биікте ұстап жүрер бастар аз.
Бүгін міне, байтақ өлке нарық атты күйге енді,
Бақыт келіп дарынға емес қалталыға сүйкенді,
Сол сәтінде ол басқа биік қалталыдан сый көрді.
Аласа мен асқақ рух шекарасы жойылып
Майлы қасық ұстағандар қалам ұстап үйренді.
Ұлы мінез жинақтаған біздің ұлы даланы
Жан жағынан пендешілік дерті қоршап қамады.
Қайда оның ұрандары, қырандары саналы?
Табанының бедері жоқ «мықтылар» тым көбейді
Жағымпазға тоқтау айтар сақал қалмай барады.
Әдебиет деген сөздің әдеп, ұят — түбірі
Алыс кетті әдепсіздің, ұятсыздың дүбірі.
Бар кезеңде ғасыр мұзы ұятпенен жібіді.
Ұятты қарт ел піспегі — ұлт қымыз болса егер
Елестету қандай ауыр піспегі жоқ күбіні.
Кел, сыйлы ұстаз, сырласалық мына туған күнінде,
Әуезовтің шәкірті едің, бізге ағасың бүгінде.
Жетпіс таудан асқаннан соң жеңілдемес жүгің де.
Ел ағасы болу азап. Әр қимылың есепте
Әр асығыс сөзіңнің де сұрауы бар түбінде…


Сәмбі талдар аз ба, сірә, жел ығына майысқан
Ұлт риза болсын десең, бәйтерегім, бүгілме!
ҚАЗАҚТЫҢ БАС БҰЛШЫҚ ETI
(Қажымұқан қабірі басындағы ой)
Тұлпар далаң, іңкәр далаң айтып жатыр алғысын,
Қабіріңе бас игендей тәкаппар тау, қарлы шың.
Күллі қазақ әйелдері толғатса да қанша рет
Туа алмастан келеді әлі саған ұқсас нар мүсін.
Ұлтымыздың қара күші, дара күші армысың,
Біз аспаған биіктерден сенің даңқың қарғысын.
Беске толған шағым еді. Қасқасудың төсінде
Беу, Қажеке, әкемді іздеп келген кезің есімде.
Шетте жүріп мекенінің амандығын сұраған,
Кезеңі еді әкемнің ол көңіл шыңы құлаған.
«Туған жерден мені іздейтін бар екен деп бір адам»,
Құзар тауға сүйенгендей сені құшып жылаған.
Сен әкеме жігер беріп, мейіріміңнен от өріп,
«Мына ұлың палуан болсын!» дедің мені көтеріп.
Жә, палуандық қайда маған, нәзік, жұқа кескінмен
Жел үрлесе құлайтындай қауқарсыз боп өстім мен.
Бұл не тағдыр, сусыз көлдің қоғасындай мәні кем,
Тән қуатын күйттегеннің жығылдым мен бәрінен.
Намысыма қамшы басып, бірақ қарап қалмадым,
Өзің жеңген жарты әлемді мен де біраз шарладым.
Ой қуатын жарқыраттым талай көңіл көгінде
Бәлкім, мені рухымен палуан болсын дедің бе?
Бір шынары атансам мен сен даңқ қосқан Отанның,
Мүмкін түскен нұры шығар сонда берген батаңның.
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан,
Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған.
Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой бір табан,
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан…
Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған
Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман,
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан…


АЛҒЫС АЙТЫП ӨТЕМ САҒАН
Рысбек Тұрысбековке
О бастан-ақ Мен Сен болғам, Сен әрине Мен едің
Екеуміз қос желкені едік достық атты кеменің.
Келер таңға қиял жалғап, сыр толғасып кей күн біз
Шын досы жоқ адамдарды аяу керек дейтінбіз.
Адал достық құдіретін ешбір сезім бөгемес,
Тіпті көзсіз махаббаттан оның даңқы кем емес.
Тірліктегі менің әрбір өрісім мен жеңісім
Ең негізгі қуаныш боп есептелді сен үшін.
Қалжыраған сәттерімде қайғы-мұңмен қағысып,
Пейіліңді қанат етіп, сен жетуші ең ап ұшып.
Енді бейнең алыс тартты қалың тұман ішінде
Еш айырма болмап еді сөзің менен ісіңде
Зор пенделік тарту күшін жеңе алғаның үшін де,
Саһ адалдық ауасымен дем алғаның үшін де,
Маған шексіз және шетсіз сене алғаның үшін де,
Алғыс айтып өтем саған өңім түгіл түсімде.


ТЖ — ЛАР
Жағымпаздық — бұл заманда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рухты ерді емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер.
Дәуірдің де даңқы солар төс керер,
Оны ойласаң жанарыңа жас келер.
Кеудесінде жалғандықтың мұзы бар,
Қажет кезде мұз үстінде қызынар,
Басшы алдында жас келіндей сызылар,
Кілең табан жалағыштар – ТЖ — лар.
Оларды ертең адалдықтың тұзы ұрар.
ТЖ — ларға егер бөгет қоймасақ,
Ұлтымыздың ауа райы бұзылар.
Ей, қарт ТЖ, қамқорсынып тасыма,
Қарасаңшы сақалыңа, шашыңа,
Ел сенімін ақтағаның осы ма?
Атанғанша жалғандықпен ашына,
Беделіңді намысыңмен асыра
Күлкі болдың қасың түгіл досыңа.
Биліктің лас көн етігін тіліңмен
Жалайтындай не күн туды басыңа?
Оң мен солым сансыз ТЖ, күлем бе,
ТЖ — ларын көтерген даңқ-кілемге
Әлде, қарғыс тиді ме екен бұл елге?
Тек күні үшін жалбаң қағып иілген
Пәс кеудеге асқақ рух түнер ме?
Самал қажет індет бұлтын түрерге.
Жағымпазын тау санаған,
Шыншыл ұлын жау санаған ұлттың,
Мүмкіндігі аз мазмұнды өмір сүрерге…
………………………………………………………….
Мінезсіз ұлт айналмайды ұлы елге.


ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТАУ
(Нәзір Төреқұловтың ескерткіші
ашыларда оқылған жыр)
Біздің елде, заманында әлем назар аударған
Өзге түгіл өз ұлтынан шеттетілген таулар бар.
Соның бірі сенің аға — қазағымның нар тауы
Дәуірінің өр рухпен суарылған арқауы.
Талай жерге шашып едің жүрегіңнің жарығын,
Енді туған мекеніңе оралдың ба, алыбым.
Сыртта жүріп сағындың — ау, кұшағыңды аш, еркеле
Ұлыларын өлгеннен соң ардақтайтын өлкеңе.
Кейде солай, қырандардан шымшық озып жатады,
Оған бола төмендемес кең далаңның атағы.
Бірақ соған ұялатын көз көбейсін деп тіле,
Қансыз бетті қызартатын сөз көбейсін деп тіле.
Бүгін міне сенің күнің күліп кірді есіктен,
Қарсы ал кәне бақытыңды жетпіс бес жыл кешіккен
Саған шексіз қатал дәуір сыбағасы тиіпті — ау,
Түркістанның маңдайына симай кеткен биік тау.


ЛА-ВАЛЛЕТТА МАҢЫНДАҒЫ ТҮН
немесе
қасиет мұнарасы
Мальта қызы жиырма үшке толғанда
Иек артып арманға,
Жанары жайнап,
Шашына аляндр гүлінен жемелек байлап,
Қоштасып бал дәурен шағымен саялы,
Өртеніп іштен,
Толғанып, алқынып,
Нән үлкен ыдысты
Терезе алдына қояды
Әбден қызарып піскен
Алма мен бананға толтырып.
Бұл — бойжеттім дегені.
Міне осылай сынға түспек сұлу қыздың беделі.
Ал, үміткер жігіт біткен қақпа алдына тұра қап,
Алма-кезек өз бақытын сынамақ.
Кім ұнамақ бұл сайыста, кімнің даңқы құламақ?
Қыз отырар терезенің жабығынан сығалап.
Бірі мұңлы гитар тартып, бірі назды ән салып,
Бірі қыздың сұлулығын жырға қосып тамсанып
Күн батқанша өз өнерін көрсетеді жан салып
Жанын салған өнерпазда жігер жатпақ қаншалық
Егер де қыз терезеден саған күліп қараса,
Той қамына кірісе бер, бағың жанды. Тамаша!
Үйлендің бе, бітті әңгіме, жолың болсын, марқаба.
Ажырасу туралы заң атымен жоқ Мальтада. —
Жарың жайсыз боп жолықса бақыт іздеп жаңадан
Әуреленбе, өліп қана құтыласың сен одан –
деді Мальта тарихшысы көзбен қарап жұмбақты
Жанарында сөзбен айтып жеткізе алмас мұң жатты
Мұныңды ұғар жан табудан не бар екен қымбатты
Көк теңізді кешіп барып, алауланып күн батты.
Сары аралдың сәні болған, сары мәрмәр қақпалы,
Жымыңдайды Ла — Валлетта қаласының оттары.
Осы маңның бүкіл тыныс тіршілігін қолға алып,
Арнасына шалқып симай теңіз жатты толғанып.
Толғанбаса теңіз теңіз, адам адам бола ма?
Біз бөлініп шетке шықтық, үнсіз тұрдық жағада.
Үнсіз тұрдық,- Аға, — дедің біраздан соң сен маған —
Аға — дедің мен бір жанмын, бақ жұлдызы жанбаған.
Сырымды ашсам сенгендігім, бұйырмаңыз айыпқа,
Кейде өзімді ұқсатамын ескегі жоқ қайыққа.
Қандай қорлық, шынымен-ақ ескексіз боп қалдым ба?
Осы ұзақ саяхатқа шығар жолдың алдында
Шорт үзіліп үмітім,
Ойда-жоқта тастап кетті, сенген, сүйген жігітім.
Көкірегімде өшпенділік барда мен де өшпеймін,
Бұл қылығын қашан көзім жұмылғанша кешпеймін?

  • Жоқ, сен оны сүймейсің, сүймегенсің және де
    Шын махаббат қалқам-ау, қара күшке көне ме?
    Шын махаббат қасиеттен құралатын мұнара
    Қасиетке сызат түссе мұнара аман тұра ма?!
    Ғашық адам сүйгеніне өзінің
    Жаманшылық ойлай ма екен сірә да?
    Тек жүрегін салар жерде білек күшін танытқан,
    Білек күшін танытам деп тілек күшін арытқан
    Тура сенен айнымаған сұлу қыз
    Бір кез маған жолыққан —
    деп едім мен, жалт бұрылдың сен кенет,
    Жалт бұрылдың көкірегіңді бір қара күш желкелеп.
    «Тоқта, тоқта, қара күштің адымы әркез келте» деп
    Тобығыңнан теңіз суы қағып жатты еркелеп.
    Қайрылмадың, жауабымды ауыр алдың көңілге
    Адал, батыл мойындау да түспес қалқам жеңілге.
    Тек табудан, жоғалтудан, іздеуден,
    Тұратұғын мына қатал өмірде!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *