МҰХТАР ШАХАНОВ ӨЛЕҢДЕРІ

БАҚЫТҚА БАРАР ЖОЛДА
Әні Д. Сүлеевтікі
Ерке көктем қайтадан келді деп,
Ерке желмен шаттығың желбіреп.
Арманыңды аңсаумен жүрсің бе,
Сағыныштан жанарың мөлдіреп.
Қайырмасы:
Бақытыңа аттанасың ба,
Бақыт ұқсас ақ көгершінге.
Тек үркітіп алма,
Өкініште қалма, қалқатай.
Құшақ жайып келген көп күндердің
Келбетінен сыр оқып үлгердің.
Шаттығыңды, қалқам-ау, тағдырың,
Маңдайына жазды екен кімдердің?
Жарқын едің, жайдары, сындарлы,
Ақ дидарың неліктен мұңданды?
Неге қыз боп туылдың, айнам — ау,
Бақытты ете алмасаң бір жанды?
1975 ж.


МЕН САҒАН ҒАШЫҚ ЕДІМ
Әні автордікі
Қалайша жүрегіме бойламадың,
Өзіңмен бірге талай тойға бардым.
Мен саған ғашық едім, амалым не,
Сен мені бақытым деп ойламадың.
Сезбедің, ұға алмадың сырларымды,
Өзіңе арнап жазған жырларымды.
Сезбедің ұзақ түндер сені ойлаумен,
Сыртында терезеңнің тұрғанымды.
Қайтейін, сен ажарсыз еттің мені,
Сол жазда жиделерде көп гүлдеді.
Сол жазда көрші ауылдың баласына
Мәңгіге айырбастап кеттің мені.
Өзгертті жылдар солай шешіміңді,
Сүйген жан әрқашанда кешірімді.
Мен қайтіп ұмытайын, жүрегіме
Өшпестей жазып кеттің есіміңді.
1970 ж.


ПЕРЗЕНТ ЖЫРЫ
Әні Е.Хасанғалиевтікі
Туған елім, қазір сенің арман қуған балаң көп,
Бәрі өзіңді ардақтайды асылым деп, анам деп.
Бәрі бірдей алқынғанмен, талпынғанмен мұратқа,
Сенің қатал талғамыңнан шығу қиын бірақ та.
Қайырмасы:
Туған ел,
Мәңгі жайсаң Отансың.
Кейде сен қатты әкедей қаталсың.
Туған ел,
Менің асыл жақұтым,
Сенсіз ешкім таба алмайды бақытын.
Аспаныңда құстар аз ба қанаттары әдемі,
Бәрі сенің қолдауыңнан, қорғауыңнан дәмелі.
Мейлі, мейлі барлығына кеңістітің жетеді,
Өзіңе аян кімнің қыран, кімнің қарға екені.
Дарқан қазақ даласының абыройы, даңқы үшін
Қыран қанат ұлдарыңның әні көкке шалқысын.
Мен де сенің бір кұсың ем арманыңмен жалғасқан,
Сеніміңе жетем бе деп ұшып келем талмастан.
1975 ж.


ТАҒДЫРДЫҢ БҰРАЛАҢ ЖОЛДАРЫНДА
Әні автордікі
Алдағыш көздер мен алдамшы сөздердің арасында,
Тым жалғыз қалдым мен, тым жалғыз, қалдым мен, нанасың ба?
Бұралаң жолым көп,
Бағымнан сорым көп, әйтсе дағы
Еске алар сен барсың қазақтың ұмытшақ даласында.
Әлі де күдіктің, қиялшыл үміттің ізіндемін,
Салқындық себеді, жақындап келеді күзім менің.
Елімнің аңсарын
Армандап шаршадым, жан досым — ау,
Шындықты бетке айтып жүргенім үшін де тұзым жеңіл.
Сиреді достарым, қуланды қастарым,қатал қайғым,
Кедергі бөгеді, мақсатым көп еді, жете алмаймын.
Ақыны болған соң,
Жақыны болған соң, тағдыр солай,
Ұлтымның мұңынан алыстап ешқайда кете алмаймын.
1992 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *