ҰРПАҚТАР ҰМЫТПАС ЕРЛЕРІН
Әні І.Жақановтікі
Тағылды төске гүл,
Жас өмір гүлденді.
Әкесіз өскен ұл,
Әке боп үлгерді.
Бақыт пен арманның
Жақындап арасы.
Оқ жұлған тағдырдың —
Жазылды жарасы.
Мақтайды ел сені,
Сақтайды көңілде.
Әкежан, мен сені
Қимаймын өлімге.
Нұр жауып даланы,
Ән жүзді кемерлеп.
Қарт әжем сені әлі
Күтеді келер деп.
Кеудемде толқынды,
Жастығым тұрғанда.
Мен сенің даңқыңды
Жеткізем жылдарға.
1968 ж.
ҚОШТАСПАЙ БОЛМАЙДЫ
Әні М. Жалаңбасовтікі
Әнім боп жас күннен кеудемде жаңғырдың,
Хат жаздым қаншама, жауапсыз қалдырдың.
Сонан соң еркіне бой бұрмай тағдырдың,
Өзіңнен мәңгіге кеттім мен, жан құрбым.
Мөп-мөлдір моншағын көрсетпей жанардың
Кеттім мен қайрылмай, өрлігім болар бұл.
Жүрсем де қол созып алдағы мұратқа
Жадымнан нұр бейнең өшпеді бірақ та.
Жолықтың бүгін сен күлімдеп жайдары,
Көңілімнің төрінен найзағай ойнады.
Өткен күн қайтадан өрнегін салмайды,
Қоштастық екеуміз, қоштаспай болмайды.
Шымкенттің қаласы — жастықтың қаласы,
Екеуміз қыдырған көшеге қарашы.
Ақ терек асқақтап тұр анау еңселі,
Сол жерден өткенде еске алам мен сені.
1966ж.
ЖЕҢІЛСЕҢ, ЖІГІТ ЕМЕССІҢ
Әні Ә.Бейсеуовтікі
Қиялың қанат жайды ма,
Көңіліңнен көктем лебі ессін,
Мойыма, жаным, қайғыға,
Мойысаң жігіт емессің.
Қайырмасы:
Сапарың жаңа басталды,
Өрлей бер шыңға шаршамай.
Қақ жарып қара тастарды,
Өсетін қайсар аршадай.
Шешілмес бірақ бұл түйін,
Атынды елің атамай.
Бақытты табу тым қиын,
Жоғалтып алу оп-оңай.
Жігітке ерлік өріс қой,
Арманың шыңмен теңессін.
Махаббат деген — жеңіс қой,
Жеңілсең жігіт емессің.
ЕРЛІККЕ ШАҚЫРУ
Әні автордікі
Міне, саған ойланатын келді күн,
Азамат боп атқа міндің сен бүгін.
Бірақ атқа мінгеніңнен не пайда,
Жүрегіңде қалғып жатса ерлігің.
Қайырмасы:
А — а — а
Бозбала,
Қанатыңды талдырма,
Алай-түлей жаңбырда.
Тізгініңді беріп қойма тағдырға,
Қуанышым.
Жан-тәніңмен бір адамды сүймегенің үшін,
Сүйе алмағаның үшін
Табиғаттың алдында кінәлісің.
Қорға, жаным, сеніміңді жеруден,
Қорлық бар ма, жанбай жатып сөнуден.
Өмірдегі үлкен жеңіс әрдайым,
Басталмай ма өзіңді өзің жеңуден.
Болашағың алдыңда әлі, бүлдіршін,
Ер жігіттің намысында бұл бір сын.
Бүгін көрсет қайратыңды, күшіңді,
Ертең мүмкін кеш бола ма, кім білсін.
1980 ж.
ЖАЙЫҚТАН ҚАЙТҚАН ТЫРНАЛАР
Әні Ә.Бейсеуовтікі
Сөнбейтін от тастап кетіпсің сезімге,
Мен соны аңғармай қалыппын кезінде.
Көп болды өзіңсіз атуда таңдарым,
Кінәлі емессің сен оған, арманым.
Қайырмасы:
А – а — а,
Каспийдің толқыны
Көзімде толқыды.
Көңіл де нұр болар.
Сен жайлы айтпады бір хабар,
Айтпады — ау бір хабар,
Жайықтан қайтқан тырналар.
Бәрін де кешір сен шаттығым еңселі,
Осылай оп-оңай жоғалттым мен сені.
Ол күннің сағым боп ұшарын білдік пе,
Тек қана сағыныш қартаймас тірлікте.
1975 ж.
МЕН САҒАН ӨКПЕЛЕМЕЙМІН
Әні М. ІЛИЯСОВТІКІ
Алыстап кеттік расында,
Суынып кетті-ау сезім де.
Сен мені қарсы аласың ба
Аулыңа барған кезімде?
Кеудеме ізгі ой қалдырған,
Жан едің, енді не деймін?
Шықпасаң шықпа алдымнан,
Мен саған өкпелемеймін.
Толғантқан осы ой көп мені,
Ажырап кетті жол неден?
Білмейсің оны, өйткені
Кезінде білгің келмеген.
Арман-ай, арман көктегі
Жақын кеп сәлем берген ең.
Білмеппін соны, өйткені,
Менің де білгім келмеген.
Сен соны іштей ұғына,
Көрсетпей маған жасыңды.
Тек менің адалдығыма
Кеткенсің иіп басыңды.
Жоқ бұған қазір таласым,
Гүл едің жарқын жаны алау.
Жоғалған заттың бағасын
Соңынан білген жаман — ау.
1968 ж.
ҚАЗАҚ ДАСТАРҚАНЫ
Әні автордікі
Сендерменен бір бастым шыңға қадам,
Сендер барда келген жоқ мұң да маған.
Далаң анау талдырған құс қанатын,
Бабаң анау кеңдігін бұлдамаған.
Қайырмасы:
Жылдар қалып, жылдардан озады елес,
Ата даңқы балаға мазақ емес.
Дастарқанын жимаған бабалардың
Жомарт салтын жойғандар қазақ емес!
Қайран бабам, сиремей үйің достан,
Сый болмапты сенің бұл сыйыңды асқан.
Досың түгіл мына кең дастарқаның
Қасыңа да жатыпты — ау жиылмастан.
Көзіме нұр, ойыма қиял қосқан,
Мекенімді мұңайтсам сүйе алмастан,
Сенен туған ұлмын деп дүниеге,
Қалай тура қараймын ұялмастан.
1972 ж.
МАХАББАТ EЛI
Әні автордікі
Дарқан тағдыр сені маған жолықтырды қайдан
Өміріме нұрлы көктем болып кірдің, айнам.
Бір сәтке де босай алмай өзің жайлы ойдан,
Жүрегімде басталды бір майдан.
Қайырмасы:
Перзентісің, гүлім,
Махамбеттің жырын
Тудырған ұлы өлкенің.
Аямашы құрбыңнан, көркемім,
Жүрегіңнің бар нұрын.
Жанарыңда сенің,
Жатыр екен менің
Тағдырым.
Біздің жастық шағымыздай қанатын кең жайып
Барады ағып бабамыздың ерке өзені — Жайық.
Өр теңізге бағыт ұстап жағада тұр кеме,
Кешігем деп ойламайсың, неге?
Оңайлықпен асу бермес қырқасы мен белі
Ту алыста қолын бұлғап тұр махаббат елі.
Желкеніңді пенделіктің билемесін желі,
Бір жоғалтсаң таба алмайсың мені.
1976 ж.
ЖАМБЫЛДАН ЖАНҒАН ЖҰЛДЫЗЫМ
Әні Ә.Бейсеуовтікі
Ежелден көңілім саған ауған,
Мені ойлап сен де алаңдайсың.
Оралар құстар Қаратаудан,
Бірақ сен маған оралмайсың.
Қайырмасы:
Алдымнан бір кезде жұлдыз боп жандың,
Қайтейін мен сенен көз жазып қалдым.
Жүрегің ап ұшып,
Қиялмен жарысып,
Алаулап ай жүзің көркем,
Таластың жағасында,
Ақ терек арасында
Сен мені күтпейсің баяғыдай, еркем.
Қалықтап аққу қанатындай,
Іздесін бұл ән бір өзіңді.
Жамбылдың дарқан даласындай,
Сағындым жарқын мінезіңді.
Арманның тауы биік екен,
Ұрлады жылдар уақытымды.
Байқамай қалу қиын екен,
Қасыңда жүрген бақытыңды.