12 — 3 = ?
(поэма)
Қырқасынан қыран ұшқан, сен ер жеткен аймақты,
Ертеде бір хан билепті, қайсар әрі қайратты.
Қартайса да шапқан аттың құлағында ойнапты,
Қия тартқан мақсатына иек артпай қоймапты.
Өз елінің абыройын,
Қорғанысын, ақыл-ойын
Қайтсем биік көтерем деп ойлапты.
Бір болса да бірегейлі,
Хандығына түбегейлі
Жаңа өзгеріс енгізуге белін мықтап байлапты.
Бірақ сорлы жетіп алмай тоқтамының парқына,
Мынадай бір заң шығарып, таратыпты халқына:
«Кемел ақыл қарттық шақта ғана деп.
Жастың ісі (негізінен) шала деп
Есептелсін.
Шалалықтан ел несібі шашылар,
Сондықтан да барлық билер, қазылар,
Барлық әскер басылар, ісін мінсіз атқарған
Сайлансын тек ақ сақалды қарттардан!»
Жастық шақтың мерейін аттап өтіп,
Таптап өтіп төске өрлей,
Оның ұлы мүмкіндігін ескермей,
Тек қарттықтан бастап ел әңгімесін,
Лезде ұмытты жас қауым тәрбиесін.
Сенімсіздік жұрт қолын байлап алды.
Алаулаған жастық от қайда қалды?
Жиырма беске келсе де,
Өз көжесін
Жылап ішер жасықтар пайда болды.
Өзек болар ел еді мың дастанға,
Енді бүгін мұңына мұң қосқан ба?
Жау дабылы естілсе, бой көрсетті
Қора айналып қашатын жүн бастар да.
Балғын гүлдің шаттығын өмірсіз ғып,
Қайдан шықты бұл мимырт көңілсіздік?
Танымастай өзгертіп жіберді елді
Жастық шаққа жасалған сенімсіздік.
Ханды тағы сайтан түртіп, ойға келді мынадай:
«Хандығымның төрт тағандап тұруы үшін құламай,
Қимыл керек.
Кенде емеспіз күштен де.
Тағдыр біздің даңқымызды, әлде келте пішкен бе?
Жо-жоқ, тоба!
Соғыс ашып көрейін
Көрші жатқан өзімізден үш-төрт есе кіші елге,
Сөйтіп шырқау көтерейін пәсең тартқан көңілді».
Соғыс ашып көріп еді, тас-талқан боп жеңілді.
Мұнан асқан қорлық болмас, расында,
Енді, міне, төрт уәзірі қасында,
Қос жанары жылай-жылай суалып,
Селеу шашы ызғар соққан боз жусандай қуарып,
Жолдас болған тәтті арманы балғын бала кезінен
Бір-ақ күнде бал-бұл ұшып көзінен,
Өз кінәсін өзі ақтап ала алмай,
Теке сақал, уәзірлерін атарға оқ таба алмай,
Тұтқында отыр хан сорлы,
Сел — тасқында қалт — құлт етіп әрең тұрған аралдай.
«Күндер қайда салиқалы, сымбатты,
Соққы болды-ау, соққы болды-ау бұл қатты».
Осы сәтте жеңген елдің ақ сақалды әкімі,
Ханға қарап тіл қатты:
Дара шауып кетіп едің сен мүлде,
Қалай, шалым, ақылыңа келдің бе?
Жұмбақ айтам.
Егер тапсаң, азатсың,
Таба алмасаң, өлдім де!
Таба алмасаң, қанатыңнан сынғаның,
Тырысып көр, ақылында күш болса?
Мынау ғана менің саған жұмбағым:
Не қалады он екіден үшті алса?
Үміт, ойсыз отырған шал қуарып.
Білегінен алынғандай бұғалық:
Онда тоғыз қалады ғой, — деп күлді,
Бәйбішесі ұл тапқандай қуанып.
Тапқырлық пен ақыл-ой,
Сынға түскен ұрыста
Жолың сенің тағы тартты бұрысқа.
Таба алмадың, — деді әмірші мысқылмен,
Мойыныңды даярлай бер қылышқа.
Бір жас жігіт алға шықты:
Сіздіңше, ең ауыр жаза өлу ме?
Ауыр жаза — тірі қалып, өзінің
Тауысып бар төзімін,
Қателігін өз көзімен көруде,
Және оны түзетуге
Қолда билік жоқтығына көнуде.
Ұлы әміршім, ойланыңыз әлі де,
Ерте, кеш пе өлім жұрттың бәріне
Ашары хақ есігін…
Өтінемін, етіңіз бір кешірім.
Ханымыздың қасық қанын қисаңыз,
Мен айтар ем бұл жұмбақтың шешімін.
Ал айта ғой, — деді әмірші,- талабыңды шектемен,
Балаусаға тас атқанды жек көрем.
Бердім, ұлым, тілегіңді, төлеуін
Қайтара алсаң кеудеңдегі отпенен?!
Иә, иә, балаусаға тас атқан жан оңбайды,
Деді жігіт, — жұмбағыңыз күрделі — ақ,
Әйтсе де, оны жұмбақ деуге болмайды.
Заңдылық — ол.
Заңды білмеу — зор қайғы.
Егер, егер он екіден үшті алсақ.
Ештеңе де қалмайды.
Айлар — жылдың ұланы.
Біздің әрбір жылымыз
Он екі айдан тұрады.
Он екі айда үш ай көктем бар екені белгілі.
Көктем деген табиғаттың таңғажайып ерлігі.
Ол ерліктің даңқын ешкім қыла алмайды шеткері,
Ал жастық шақ — адамзаттың көктемі.
Міне, осы көктем нәрлі болмаса,
Әр тіршілік өз қорегін қажетінше алмаса,
Айрылмай ма бар мағына — көріктен?
Онда шырын үмітіңнен қараңды үз.
Көктемде гүлдемесе алмалар мен өріктер,
Қалған анау тоғыз айда
Қандай жеміс күте аламыз одан біз?
Қанша налып, жегеніңмен пұшайман
Бұған қарсы табу қиын күш, айла.
Қараңызшы, тоғыз айдың тағдыры
Байлаулы тұр үш айға.
Оған тіпті жүрмек емес басқа заң.
Мұны және жұмбақ санау зор қайғы.
Сондықтан да он екіден ешқашан
Үшті алуға болмайды,
Алған адам мына біздің ханымыздай сорлайды!
«Кім өзі бұл, ойы — қылыш, сөзі — мір?»
Хан түгесіп алардай бар төзімін
Қарап еді, қарап еді о ғажап,
Атқосшысын тани кетті өзінің.
Еске түсіп қайдағы мен жайдағы,
Хан күрсіне бас бармағын шайнады.
«Бітті, бітті, мен өлікпін, өлікпін…
Қол бастайтын жігіттерді қорада ұстап келіппін.
Сорлаппын — ау. қанаттыға болыппын — ау тар мекен,
Әттең — әттең, қорлаппын — ау жігіттерді нарға тең…»
P.S. Тым кеш келген игілікті ойлардың
Қайғысынан артық азап бар ма екен?!