Мектепті алтынға бітіргеніммен, алтыншы сыныпқа дейін бағдарлама аясындағы оқулықтардан басқа кітаптарды көп оқымаған екенмін. Оның ішінде
«Дорогами сказок» және «Әлем халықтарының ертегілері» жинақтары, сосын Корней Чуковскийдің «От двух до пяти» кітабы мен «Шаңырақ» отбасы энциклопедиясы бар.
1999 жылы алтыншы сыныпқа бардым. Міне, осы кезден кітап оқуға деген ерекше бір құмарлық оянды. Яғни, содан бері менің ең жақын досым кітап болып келеді. Тіпті достарымның ешқайсысымен де осынша ұзақ араласпаған екенмін.
Райхан тәтемнің күйеуі, менің жездем, көп кітап оқитын кісі. Мен бесінші сыныпты аяқтап жатқанда, тәтем Берік ағаның кітап таңдамай, қолына не түссе соны оқи беретінін айтып қалды. Бұл маған қызық көрінді. Бала еліктегіш келеді емес пе, осыдан бастап мен де қолыма түскен кітаптарды оқи бастадым.
Сол кезде мектеп кітапханасында кеңестік кезеңде шыққан кітаптар басым болды. Балаларға арналған кеңестік тарихи энциклопедияларды оқыдым. Бұл кезде ғылым таптар күресі тұрғысынан жазылды ғой. Ол кітапхананы түгел қарап болған соң, кітаптарды басқа жерлерден іздей бастадым. Әуежайдың мәдениет үйінің кітапханасына барып жүретінмін. Ол жер маған ұнайтын, жазда іші салқын, есесіне, адамдар көп келмегендіктен тыныш еді. Ежелгі дүниедегі кітапханалардың кіреберісінде «hic mortui vivunt, hic muti loquuntur»4 деген жазу болған екен. Олар мен барып жүрген кітапханаға ұқсайтын шығар деп ойлайтынмын. Кітапханаға жаяу баратынмын, оны отбасым білмейтін еді.
Мәдениет үйі әуежайға барар жолда орналасқан. Маған тағы бір ұнайтыны – оның жанында бір шағын кітап дүкені болатын. Сол дүкеннің алдында орыс әжейлер жерге газет төсеп, бетіне ескі кітаптарын жайып сатып отыратын. Олардан Роберт Льюис Стивенсонның «Қазына аралы», Даниель Дефоның
«Робинзон Крузо», Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаты» сияқты шытырман оқиғалы романдарын орташа есеппен 20–25 теңгеге сатып алатынмын.
Дүкендегі кітаптарды сатып алуға қаражатым болмайтын. Сондықтан сол дүкеннің ішінде-ақ оқып алатынмын. Досым кәсіпкер Қуаныш Шонбай да кезінде ақшасы болмағандықтан бизнеске байланысты кітаптарды Алматыдағы «Меломан» кітап дүкенінің ішінде жүріп оқығанын айтып еді. Иә, қазіргі кітап дүкендері басқаша. Кең, жарық, кітап оқып отыруға арналған жұмсақ орындықтары да бар. Ішінде еркін аралап жүре бересің. Сондықтан кітап сатып алуға қаражатым болмай, дүкеннің ішінде жүріп оқуды, қазіргі тілмен айтқанда, бұл мейнстримге айналғанға дейін бастағанмын.
Орыс әжейлерден сатып алған, кітапханалардан алып келген кітаптарымды түн ортасына дейін оқитын едім. Әрине, атам денсаулығымды ойлап ерте жатып, келесі күні сабағыма шаршамай барғанымды қалайтын. Мен ұйықтап қалғандай болып, атамның көзі ілінді-ау деген кезде ақырын басып көрші бөлмеге баратынмын да, жарықтың сәулесі есіктің сыртынан көрінбесін деп оны көрпемен іштен қымтап, түнгі сағат үш-төртке дейін кітаптың қызығына еніп, шытырман оқиғалы әлемдерге сапар шегетінмін.
Әр нәрсенің өз есебі бар. Көзімнің көруі сол кезде нашарлай бастады. Көзілдірік кидім. Бірақ бұл үшін еш уайымдамаймын.
ӨТКЕН ӨМІРІҢІЗДЕ КІМ БОЛДЫҢЫЗ?
Әлі есімде, бірде алтыншы сыныпта оқып жүргенімде, әуежайдың жанындағы кітап дүкеніне бардым. Кенет «Өткен өміріңізде кім болдыңыз?» атты кітапты көзім шалып қалды. Туған жылың мен күнің бойынша ертеректе кім болғаныңды біле алады екенсің. Әрине, мен кітапты қызық үшін ақтардым. Сонда, әлгі кітап бойынша, мен 1904 жылы қазіргі Румынияның аумағында дүниеге келіп, 1944 жылы немістің концлагерінде қаза тауыппын. Мен бұған тоқтамай, 1904 жыл бойынша әрі қарай іздестіре бердім. Сөйтсем, оған дейін Наполеон соғыстары кезінде Францияда өмір сүрген екенмін. Бірақ менің қызыққаным сонша, әрі қарай қазбалап, Александр Македонский заманына бір-ақ жеттім. Осы жерде тоқ- тадым. Жалғастыра берсем, кім біледі, питекантроп болған дәуірге де жетіп, қай үңгірде мекендегенімді де анықтар ма едім? ☺
БҰРЫН СҮЙІКТІ ШЫҒАРМАҢДЫ ІЗДЕП ТАБУ НАҒЫЗ КВЕСТ ЕДІ
Бір күні Райхан тәтем «Орбита» ықшамауданындағы ескі кітаптар сататын жерден Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің басынан кешкендері» туындысын 120 теңгеге сатып алып берді. Саудаласып көріп едім, қырықтар шамасындағы еркек сатушы кісі көнбеді. 2000 жылдардың басында бұл аз ақша емес еді. Оқушының қоғамдық көліктерде айлық жүру билеті, мәселен, 50 теңге ғана тұратын. Ал енді бүгінгі бағаммен салыстырып санай беріңіз. Мен Твеннің осы екі туындысын бірнеше қайтара оқыдым.
Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмс туралы хикаяларын түгел оқып шықтым. Бірақ сол кезде үлкен қиыншылық болды. Интернет жоқ, керек нәрсені қас қағым сәтте іздеп таба алмайсың. Әдебиеттегі ең әйгілі детектив жайындағы шығармалар елу алты әңгіме мен төрт повестен тұрады. Олар өз кезегінде бірнеше кітапқа бөлінген. Мен олардың барлығын түрлі кітапханалардан іздедім. Ақырында төрт повестің бәрін тауып оқыдым, тек екі-үш әңгімесін ғана таба алмадым. Бірнеше жылға созылған ізденіс нәтижесінде соңғы повесін Қаскелең қаласының орталық кітапханасынан таптым. Иә, ол кезде сүйікті шығармаларыңды тауып оқу нағыз романтика еді!
Қазір Шерлок Холмс туралы хикаялардың толық жинағы бөлек кітап болып шыққан. Үйімдегі кітап сөремде тұр.
СУҒА КЕТКЕН ТАЛ ҚАРМАЙДЫ
Мектепте оқу үлгерімің үздік болса, сыныптастарыңның есеп шығарып беруді сұрап мазаңды қашыратыны бар. Оқушы болсаң да бос уақытың бола бермейді. Есесіне, алдымен өзіңнің жағдайыңды ойлайсың, бақылау жұмыстарында төмен баға алғың келмейді. Оларға «жоқ» десең, ренжитіні бар. Қай жаста болмасын адам ренжігіш келеді ғой. Мен бұл мәселенің шешімін тауып, бартер негізінде жәрдемдестім.
Бастауыш сыныптарда есебін шешіп беруді сұрап келгендер менің «оққағарым» болуға көнсе («ер шекіспей бекіспейді» деген бар, бала болған соң төбелесіп қаласың, бірақ оның барлығына уақыт пен денсаулық керек), жоғары сыныптарда оқығанымда:
«Есеп шығарып бергенім үшін кітап әкеліп беріп отырыңдар», – дейтін болдым. Сөйтіп бірнеше мәрте айтқан кітаптарды әкеліп бергендері бар. Олардың кітаптарды мектеп кітапханасынан ұрлағандарын кейін білдім. «Суға кеткен тал қармайды» дейді ғой, бақылау жұмысынан төмен баға алып қалмау үшін ұрлыққа баратынын білгенімде, кітап емес, түскі асымды алып беріңдер деп сұраймын ғой. Кітаптардың ұрланған екенін білген бойы кітапханашы апайға қайтып апарып бердім. Бұл да бір қызық, есте қалатын оқиға.
БІР НӘРСЕГЕ ҒАНА ӨКІНЕМ
Бастауыш сыныпта жетекші ұстазымыз: «Келесі күні 20 килограмм макулатура алып келіңдер», – деп міндет қойды. Бұл тапсырма, шамасы, сол кезде жоғары жақтан келген болар. Бұл екінші не үшінші сыныпта болған әңгіме. Кеңес заманында қалыптасқан әдеттер мен тәртіптен әлі арыла қоймаған кезең ғой. Мен, негізінде, кез келген тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қараймын. Бірақ осы жолы мұғалімнің тапсырмасына салғырт қарағаным әлдеқайда дұрыс болған болар еді.
Үйге келіп, атам мен әжеме осы туралы айттым. Бала болған соң көңілімді қиғысы келмегендіктен болар, үйдің кітапханасының бір бөлігін құрбан етіп, 20 килограмм кітапты буып-түйіп берді. Таразыға салып өлшегеніміз есімде. Содан атам туысқанымыз ба, әлде көршіміз бе, қазір есімде жоқ, бір кісіге көмектесуді өтініп, ертесіне сол кісі әлгі кітаптарды жеткізіп берді. Мектепке дейін жаяу жүрсең, жарты сағаттық жол. Сыныпта 30 шақты бала болса, апайдың тапсырмасын бұлжытпай орындаған тек мен болдым. Бір сыныптасым екі-үш кітап алып келіпті. Болды. Апарған кітаптарымды әлі күнге дейін макулатура деп айтуға тілім бармайды. Еске алсам, ішім күйеді. Балалық қой. Қазір апарғаныма қатты өкінемін, ішінде қандай құнды кітаптар болғанын бір Құдай біледі. Бүгін қалай екенін білмеймін, бірақ сол жылдары мектепте жасыңа қарамай этикаға жат міндеттер жүктей беретін.
Кеңес заманында макулатура өткізгендерге сирек кітапты алуға мүмкіндік беретін талон сыйлайды екен. Ал тапсырманы орындаған екеумізге бір мақтау сөз де айтылмады. Басында: «Кімде-кім тапсырманы орындамайды, жақсы бағаға үміттенбесін», – деп қорқытып еді (бізде тәрбие және ынталандыру тек қорқытуға ғана негізделген бе дейсің кейде), бірақ ол да бос сөз болып шықты. Сол оқиғадан кейін кітапқа қиянат жасамадым.
КІТАПТЫҢ ҚАДІРІН КЕТІРУГЕ БОЛМАЙДЫ
Осылайша бала кезімде кітап оқуға әуестеніп, жиналған ақшама (көрімдігі бар, былай бергені бар) әдеби кітаптар сатып алып, өзімнің шағын кітапханам да пайда болды. Басында қолға түскенін алып оқи бергендіктен алғашқы кітап қорым жүйелі қалыптаспады. Саны бар, сапасы жоқ. Ойлана келіп, біразын қайта сатуды ұйғардым. Ол кезде мен Қаскелеңдемін. Адамдар демалыс күндері қаланың базарында жерге төсеніш төсеп, үйіндегі ескі керек емес заттарын сатуға алып шығатын. Мен де кітаптарымды арқалап базарға бардым. Орын алғаным үшін базар әкімшілігіне 50 теңге төледім.
Қазақи тәрбиенің бір осалдығы бар: балаларға жастайынан ақша туралы дұрыс пікір және оның қоғамдық қатынастардағы құрал екені жайында дұрыс түсінік қалыптастырмайды. АҚШ бизнесмені, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған «Бай әке, кедей әке» бестселлерінің авторы Роберт Кийосаки өзінің еңбегінде былай дейді: «Егерде балаларыңыз әлі есеймеген болса және сізбен бірге тұрса, оларға активтерді пассивтерден ажыратуды үйретуге тырысыңыз. Олар ұядан ұшып, тұрмыс құрып, үй сатып алып, балалы болып, жұмысқа жабысып, барлығын несиеге сатып алып, қауіпті қаржылық күйге түскенге дейін олар- ды активтер бағанын құрастыруға мәжбүрлеңіз».
«Несие» дей ме? Көбімізге таныс жағдай ғой. Тамыры қайда жатқанын ашқандай. «Қолдың кірі» деп, ақшаны жаман нәрсе ретінде көрсетеді. Нәтижесінде өскенде еңбегіміз үшін лайықты ақы сұрауға ұяламыз. Өзім базарға шыққанда кітаптарды қымбат алсам да, өз бағасын сұрауға қысылып, екі, тіпті, үш есе арзан көрсетіп қойдым. Біразын 10–20 теңге көлемінде саудаладым. Халық жабылып алып жатыр. Кітаптарымның арасында кеңес заманында шыққан сапалы безендірілген «Адам анатомиясының атласы» деген мықты еңбек болды. Бір кісі сол кітапты қолына алып қарап шықты да, әрі ойланып, бері ойланып, ештеңе демей кетіп қалды. Біраздан соң айналып келіп, әлгі еңбекті тағы бір мұқият қарай бастады. Сол кітапты ғана қымбатырақ бағалап, 100 теңгеге беруге дайын болғаным есімде. Бір кезде жаңағы кісі маған қарап: «Бұл өте жақсы кітап, арзан сұрап тұрсың. Кітаптың қадірін бұлай кетіруге болмайды. Мен 100 теңге емес, 200 теңге берейін», – деді. Мен, әрине, қуана келістім. Уақыт өте келе сол кісінің сөздері қайта есіме түсіп, кітаптың қадірін одан жақсы түсіндім.
Олжас Сүлейменовтің әйгілі «Аз и Я» кітабы шыққанда, Мәскеудің сұрапыл саясатының кесірінен жазушымыздың еңбегі көпшілікке жол тарта алмай, адамдар сол кітапты алу үшін астындағы көлігін де берген жағдайлар болғанын атам айтып отыратын еді. Иә, әрбір кітап өз қадірімен құнды.
КІТАП ОҚИМЫН ДЕГЕН АДАМҒА ЖОЛ АШЫҚ
2000 жылдардың басында мен алып оқитын кітаптардың бағасы орташа есеппен 400 бен 600 теңге арасында болатын. Бала кезімде үйге келген туыстарым бес-он теңге ұстатып кететін, ал мен оған қосымша шөлмек тапсырып ақша жинап, кітап алып оқитынмын. Кітапты қалай таңдап алуды білмегендіктен, «сырты бүтін, іші түтіндеріне» жиі ұрынып қалатын едім. Алған кезде бірінші кітаптың мұқабасына қарайсың ғой. Кейбіреулерінің сырты шынымен әдемі, аннотациясы жақсы болғанымен, оқып шыққан кезде көңілің толмай қалатын кездер болады. Сондай сәттерде ішің ашитын. Себебі, сол кітапты алу үшін үш-төрт ай ақша жинап, шөлмек жуып тапсырдың ғой.
Бұл мәселенің де шешімін таптым. «Алматы-1» вокзалының маңында, жазушы Шолохов атындағы көшенің бойында базар бар. Соның кіреберісінде кітап сататын дүңгіршек тұр еді. Соған барып, сатушы тәтеден кітаптарымды сатып беруді сұрадым. Ол кісі мен бала болған соң бетімді қайтармай, бір рет оқылса да, жаңа кітаптың құнымен сатып беретін. Көптен іздеп жүрген кітаптарым сатылымда пайда болып жатса, алып қойып, телефон арқылы хабарлап ескертетін. Кітап сатушы тәте де маған жылы көзқараспен қарайтын болды.
Қаскелеңнің орталық кітапханасының кітап қоры маған қатты ұнайтын. Сол жердің тұрақты оқырманы ретінде жиі барушы едім. Кітапхананың жабық қоры болатын. Ол жерге кез келген адам кіргізілмейтін, кітапханашылардың өздері әдебиеттерді арнайы сұраныс бойынша әкеліп беретін. Бір жылдай уақыт өткен соң, олардың сеніміне әбден кіріп алдым. Тіпті, сол жылдары мен олардың ең тұрақты оқырманы болған сияқтымын. Маған жабық қорға кіруге рұқсат етті. Ол жердегі дүниелер өзгеше еді. Бұл жер – оқырманның нағыз жұмағы. Оқимын деген адамның алдындағы есіктер әркез ашық екені анық.
КІТАП ОҚУДЫ АТАМНАН ҮЙРЕНДІМ
Атам туралы зор қуанышпен айтқым келіп отыр. Ардақты атам кітапты өте көп оқитын кісі. Қазір зейнетте, жасы сексеннен асқан үлкен ақсақал. Мектепте әдебиетіміздің ауыздан-ауызға халық арқылы жеткенін айтушы еді. Атам әулетімізде – осы үрдісті жалғастырған соңғы буын. Ұрпақтары, яғни, біз, қағаз бен электронды құрылғыларға әбден сеніп алғанбыз. Оның дәлелі – кеше жаттаған өлең бүгін жадымызда қалмайды. Бойымызға бабаларымыздың осы бір қабілеті дарымаған.
Өмір бойы қызмет еткен саласының әдебиетке мүлдем қатысы болмаса да, Бұқарбай атам қазақтың аңыздарын, мақал-мәтелдерін, эпос-жырларын жатқа біліп, маған айтып отырады. Сонда: «Қайдан жатқа білесіз?» – деп сұрасам: «Бала кезімде шалдар айтатын, содан қағып алып есте сақтап алғанмын», – деп таңғалдырады.
Не деген жад десеңізші!
Қазіргі тұратын үйіміздің астыңғы қабатында кітапхана орналасқан. Оның қорында қанша кітап болса, атам соның барлығын оқып шықты. Оқымаған кітабы қалмады десем де болады. Тіпті, кітапхана қызметкерлері келесіде атамды немен қуантарын білмей, орталықтағы үлкен кітапханалардан кітап алдыруға дейін барып жүр. Атамның осы қасиеті маған да дарыған болса керек.
Зейнетке шыққаннан кейін ол кісі шежіре жазғысы келді. Қазақтың тарихын, шежіресін жатқа біледі және оны терең зерттеген. Осыған қатысты біршама еңбек жинаған болатын. Өкінішке орай, 1990-жылдардың ортасында бір ақсақал жазылған кітаптың қолжазбасын қарап шығуға алып кетіп, көп ұзамай өмірден озады. Кейін атам оның ұрпақтарынан қолжазбасын сұрағанда, олар таба алмады. Сөйтіп, бірнеше жылдық ізденістің нәтижесінде жазылған еңбегі жарық көр-мей қалды.
Бұл кезде әжем ауырып, атамның мүмкіндігі болмағандықтан, кітап шығарамын деген арманы да жүзеге аспады. Бүгінде атамның осы арманын орындау үшін қолымнан келгенше тырысып бағудамын. Бір журналист қыз атама келіп сұхбаттасып, ойында- ғыларын жазып алып жүр. Құдай қаласа, нәтижесінде кітап болып шығатынына сенемін. Бұны өзімнің атамның алдындағы немерелік парызым деп білемін. Оның бар білгендерін қағаз бетіне түсіріп, ұрпақтарына мұра етіп қалдырғым келеді. Осы күнге жету бұйырсын!
АРШАГҮЛ АПАЙДЫҢ ӘЛЕГІ НЕМЕСЕ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТТАРЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖАЙЫНДА
Мектепте оқып жүрген кезімдегі бір оқиға есіме түсті.
Қазақ мектептерінде қазақ әдебиеті сабағында өте көп шығарма жаздырады. Бұл құр сөз емес, өз басым үш мектеп ауыстырған болсам, соның бәрінде осы жайтқа тап болдым. Кей жерде көп, кей жерде аз жаздық, әйтеуір өте көп жаздық.
Мен оқыған мектептің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аршагүл апай шығармаға деген айрықша махаббатымен ерекшеленді. Біз стахановшылардың қарқынымен жұмыс істеп, аптасына екі-үш шығарма жазатынбыз. Әр жолы он екі парақты дәптер алып келіп, оның кемінде он бетіне шығарма жазатын болсақ қана жақсы бағаға үміткер бола алатынбыз.
Тақырып абстрактілі немесе «Мен жазғы демалысымды қалай өткіздім?» деген сарында болған жоқ. Негізінен, біз махаббат эпостары («Қозы Көрпеш– Баян сұлу», «Еңлік–Кебек» т.б.), батырлар жыры мен қазақ жазушыларының шығармалары («Бақытсыз Жамал», «Қалың мал» т.б.) бойынша кандидаттық диссертация іспеттес еңбектер жазумен әлек болдық. Бірақ оқытушыға шығарманың өзінен гөрі басындағы эпиграфтар көбірек ұнайтын. Эпиграф ретінде біреудің ұлық сөздері, зерттеушілердің пайымдаулары, басқа жазушылардың пікірлері жарай беретін.
Сыныпта 25 адам оқыдық. Айталық, «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» тақырыбында жазсақ, махаббат эпосы жайлы 25 түрлі эпиграф табуымыз керек еді.
Бастапқыда бірдеңе етіп ебін табатынбыз. Сыныптың игі жақсылары кітапханадан шықпай, ынтамен белгілі бір әдебиетке қатысты бетке ұстар авторлардың ойлары мен пікірлерін іздестіріп отыратын. Ол кезде бізде Интернет деген атымен болмады. Әлемнің озық елдерінде болған нәрсенің бізге әлі аяғы жетпеген заман еді.
Ақыр соңы кітапхананың барлығымызды эпиграфтармен қамти алмайтын уақыты да келді. Не істеу керек?
Сол кезде «Бұл эпиграфтарды неге өзім жазбасқа?» деген ой келді. Амал жоқ, өзімді Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаев, Сәбит Дөнентаевтардай елестетіп, солардың атынан махаббат тақырыбына, батырлар жырына, өмір туралы романдарға ой-пікір жазып, эпиграф ретінде қолдана бастадым. Бір күні сыныптастарым оны біліп қойып, маған кезекке тұратын болды. Сол кезден бастап шырын, чебурек, алма- алмұрттармен есеп айырысатын болдық.
Оқытушы эпиграфтарды оқығанда қатты қуанды. Бізді шығарма үшін емес, «ізденіп» тапқан эпиграфтарымыз үшін көбірек мақтайтын. Кейбір жазған эпиграфтарымды қайта оқығанда: «Тіпті, астында аты-жөні көрсетілген ақын, жазушылардың өздері де менен артық жаза алмай ма» деген ойлар да келетін.
Біраз уақыт өткен соң тағы бір мәселеге тап келдік. Қазақ жазушылары мен ақындарының, академиктерінің, әдебиеттанушыларының орнына өзімді қойып, есімі белгілі, белгілі еместерінің барлығының аттарын тізіп шығыппын. Енді не істейміз? Эпиграфтарды шексіз ойлап құрастыра беруге болады, ал олардың авторларының есімдерін қайтеміз? Біршама уақыт бойы эпиграфқа тапсырыс беруші оқушылардың әкелерінің есімдерін қолдандық. Мәселен, Пернебек Зұлымбекұлы. Бірақ, мұнымен де мәселенің шешілмейтіні түсінікті.
Тығырықтан жол табу мақсатында анықтамалықтарды ақтарып, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары тізімін тауып алдым. Сөйтіп, көп ұзамай шетелдік ақын-жазушыларды да қазақ әдебиеті туралы сөйлеткіздім. Хосе Эчегарай-и- Эйсагире5, Джозуэ Кардуччи6, Грация Деледда7, Уильям Фолкнер8, Иосиф Бродский9 және тағы басқалары мен құрастырған эпиграфтардың авторы атану үшін үлкен кезекке тұра бастады. Әлі күнге дейін аттары есімде қалыпты. Сол кездегі Нобель сыйлығы лауреаттарының тізімінде жүзге жуық есім бар болған. Бір күні оларды да түгендеп бітірдік.
Енді не істеу керек? Әлгі анықтамалықта басқа салалар бойынша лауреаттардың тізімдері де бар еді. Келесі кезекте қазақ әдебиеті жайлы бейбітшілік саласына тағайындалатын Нобель сыйлығының лауреаттары сөйлей бастады. Ригоберта Менчу10, Аун Сан Су Чжи11, Оскар Ариас Санчес12, барлық құқық қорғаушылар, саясаткерлер, бітімгерлер қазақ әдебиеті жөнінде пайымдамалар айта бастады. Ең қызығы, эпиграфтардың астында ашық түрде «Аун Сан Су Чжи, мьянмалық құқық қорғаушы»,
«Джордж Маршалл13, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы» деп белгілейтін болдым. Осы сынды эпиграфтарды көргенде, керісінше оқытушының мақтаулары қарша жауатын («Жарайсың, міне, осылай іздену керек!»), кейбір сыныптастарым менің арқамда тіпті бір шығарма үшін бірнеше «бес» деген баға алатын. Маразм күшейе түсті, соған қарамастан мақтаулар да көбейе берді.
Эпиграфтардың конвейерлік өндірісі менің басқа мектепке ауысуыммен тоқтады. Физикадан, химиядан, медицинадан Нобель сыйлығының лауреаттары атанғандар қазақ әдебиетін талқылауға сол қалпы араласа алмай қалды. Өкінішті, әрине. Олардан кейін «Оскар» сыйлығын жеңіп алған актерлер да кезекте тұр еді.
Осы әңгіменің тобықтай түйініне келер болсақ, басшылықтың шешімдері тек нәтижеге бағытталмай, парасаттылықты да ескеруі керек. Әйтпесе бұл шешімнің күннен-күнге қадірі қалмай, адамдардың депрессивті күй кешуі әбден ықтимал.
Айтқандай, әйгілі шотланд жазушысы Вальтер Скотт та эпиграфтарды ойдан шығарып, олардың астына танымал адамдардың есімдерін жазып, романдарында кеңірек қолданыпты. Қазіргі жазушылардың ішінде осы әдісті Орхан Памуктің14 туындыларында кездестірдім.
Кім біледі, өмірім басқа жолмен кеткенде менен әлемге танымал жазушы да шығып қалар ма еді? ☺
АҚШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖЫЛДАМ ОҚУ ТУРАЛЫ БЕС КЕҢЕСІ
Менен жылдам оқудың құпиясын жиі сұрайды. Шынымды айтсам, ол туралы ешқашан ойланбаппын. Бастауыш сыныптарда мәтінді уақытқа оқытатын. Менің көрсеткішім әрдайым алда болатын және бір минутта ең көп оқығаным 320 сөз болды. Адам минутына, орташа есептегенде, 120–180 сөз оқиды. Жылдам оқудың әдістерін меңгерген оқырман жылдамдығын үш-төрт есе арттырып, минутына 600 сөзді емін-еркін оқи алады екен. Біреулер бұл көрсеткішті мың сөзге дейін жеткізе алады, бірақ бұл жағдайда оқыған мәтін дұрыс қабылданбайды деп айтуға негіз бар, яғни ондай адам кітапты оқымай, тек қарап шығады десе болады.
Көптеген танымал тұлғалар жылдам оқудың техникасын қалыптастыруға талпынған. Мәселен, француз жазушысы Оноре де Бальзак өзінің әдісі туралы былай депті: «Бір қарағанда, көзіммен 7-8 жолды іліп алып, оның мағынасын санам көз жылдамдығына пара-пар жылдамдықпен қабылдайтын. Жалғыз бір сөздің арқасында бүкіл сөйлемнің мағынасын жиі ұғып алатынмын». Бальзак жарты сағатта қалыңдығы орташа романды еркін сіміріп алатын болған деген пікір бар. Наполеон Бонапарт минутына 2000 сөз оқыды деген де аңыз бар.
Кітаптың саны үшін оқуды дұрыс деп санамаймын, ұнайтын кітапты оқып, оқығанды тоқып, пайдасын іс жүзінде тексерген дұрыс деп ойлаймын. Десе де, жылдам оқудың құпиясына қатысты сұрақтың орынды екенін мойындаймын. Өзім жылдам оқуды мақсат тұтпасам да, бір жерде АҚШ-тың ең жас президенттерінің бірі Теодор Рузвельттің осы бойынша кеңестерін оқыған едім. Кей кездері оны қолданатыным бар, мойындау керек, көмектеседі.
Теодор Рузвельттің қандай президент болғанын Интернеттен тауып оқып аларсыздар, осы жерде алдымен оның қандай оқырман болғанына тоқталайын. Сақталған деректер мен естеліктерге сүйенсек, жұмысы көп болғанына қарамастан, ол таңғы асқа дейін бір кітап, кеште тағы бір-екі кітап оқыпүлгеретін болған екен. Шет тіліндегі әдебиетті де осылай жылдам оқыпты. Бір минутта екі-үш бет оқып, оқығанын есте жақсы сақтай біліпті.
Оның: «Меніңше, кітап оқу – нағыз дерт» деген сөзі де бар. Бірде саясаткердің досы, жазушы Оуэн Уистер Ақ үйдегі ресми кешкі астың дәл алдында
оған кітап береді. Уистер қонақтарға арналған жекежайда түнеп, ертесіне таңғы асқа келсе, президент кешегі кітапты жазушымен талқылай бастайды.
«Кешкі алтыдан таңғы сегіз жарымға дейін, ресми кешкі ас, қонақтармен әңгімелесу мен ұйқы арасында қалыңдығы 300 беттен асатын кітапты оқып үлгеріпті және мазмұны қамтыған маңызды жерлерінің ешқайсысын қалдырмапты», – деп жазады Уистер.
Теодор Рузвельт қызығушылықтары барлық саланы қамтыған, сондықтан болар ол тек бір жанрда жазылған кітаптармен шектелмепті. Оның биографы Эдмунд Моррис президент Фукидидтің тарихынан бастап, «Римус ағайдың ертегілеріне» дейін барлық кітапты оқи бергенін жазады.
Жазушы Дэвид Маккалоу былай дейді: «Бірде Дакота аумағында қатты қыс болды, Теодор Рузвельт қолдан жасалған қайық үстінде Кіші Миссури өзенімен оның қымбат қайығын ұрлап кеткен қарақшыларды қуалап түсіп келе жатты. Бірнеше күн өткен соң, оларды қуып жетіп, сенімді винчестерінің арқасында басымдыққа ие болып, қарақшыларды тұтқынға алады. Рузвельт қарызға алынған жабық арбаға тұтқындарып салып, оларды сотқа жеткізу үшін жолға шығады. Олар қар басқан Бедлендс шөлі арқылы Дикинсондағы рельс бастауына дейін жүреді. Рузвельт 40 миль (64,37 шақырым) жолды толығымен жаяу жүріп өтеді. Бұл таңғажайып ерлік еді, Рузвельттің оқиғаға толы өміріндегі шешуші сәт деп айтуға болады. Бірақ, ең маңыздысы, оның сол жолда «Анна Каренинаны» толық оқып шыққаны. Адамдар кітап оқуға уақыты жоқ екенін айтқанда, мен әрдайым осы туралы ойлаймын».
Өзінің ойлап тапқан жылдам оқу әдісінің арқасын- да президент өмірінде он мыңдаған кітап оқыған деседі. Соларға нақтырақ тоқталсақ:
- Мәтінді оқығанда, оны іштей оқуды ұмыту керек. Бұл әдет бізде жас кезімізде, енді оқып үйреніп жатқанда және әрбір сөзді дауыстап оқығанда қалыптасады екен. Кейбір адамдар оқығанда балалық шағындағыдай ернімен жыбырлауды да қалдыр- майды. Көп оқырманның оқып жатқан мәтінді іштей қайталау әдеті ешқайда жоғалмайды. Сөздерді ойда айтуды субвокализация дейді және ол оқу барысын қатты тежеуі мүмкін. Оның жылдамдығы, әдетте, кәдімгі сөйлегендегіміздің жылдамдығымен бірдей. Әрбір сөзді ойда оқудан арылуға болады, ол үшін сөзді дыбыстық танудан оның визуальды бейнесін тануға ауысу керек. Егерде болмай жатса, онда кітап оқып жатқан сәтте ойда санап немесе «а-е-и-о-у» дауыс- ты дыбыстардың ретін іштей айта бастаған дұрыс. Осының арқасында мәтінді ауызбен емес, көзбен оқып үйренесіз және оқу жылдамдығыңыз артады.
- Оқып кеткен жерге оралмау. Көп адам оқып кет- кен жолды немесе сөздерді қайталап оқиды. Көп жағдайда олар бұны бейсаналы түрде жасайды. Бұл әдеттен сұқ саусақтың көмегімен арылуға болады: сұқ саусақпен оны алмай, жол бойымен жүргізіп отыру керек. Сонда көз саусақтың ізімен қозғалып, оқылған сөйлемдерге қайтып оралмайды. Саусақпен сіз оқығаннан гөрі жылдамырақ жүргізген абзал.
- Оқу барысында бір сөзден екіншіге көшпей, көзбен бір топ сөзді қамтып оқу керек. Бұл дағдыны перифериялық көруді жаттықтыру арқылы қалып- тастыруға болады. Ол үшін екі параллель сызықпен парақ үш бөлікке бөлінеді, сызықтар арасындағы қашықтық шамамен жеті сантиметр болуы керек. Оқыған кезде сызықтар арасындағы сөздерге ғана қарап, перифериялық көрумен олардың сыртындағы мәтінді қамтуға тырысу керек.
- Диагональмен оқу. Бұл әдістің мәні мынада: бірінші жол толығымен әдеттегідей оқылады, екінші жолды оқығанда, көзбен бірінші жолдың соңынан үшінші жолдың басына жылжу керек. Бірте-бірте диагональ нүктелері арасындағы интервал өсе береді, мәселен, бес жолға дейін жетуі мүмкін.
- Қарап шығу немесе үстірт оқу. Кез келген мәтінде оның мағынасын ашатын негізгі сөздер бар. Бас на- зарды соларға аударып, қалғанын көз жүгіртіп қарай салуға болады. Салмақты ой, тұщымды пікірге кідіріп, қызметтік сөздер мен канцеляризмдерді өткізе салса артық етпейді. Мазмұнымен алдын ала танысып алу кітапта не туралы айтылатынын анықтап, мәтінді жақсырақ қабылдауға мүмкіндік береді.
Кітапты жылдам оқу уақыт үнемдеумен байланысты болса, онда оның ең тиімді тәсілі – кітаптың мазмұнымен танысып, түкке жарамайтынына көзің жетсе, оны оқудан бас тарту. Бұл енді менің кеңесім.
БІР КЕМ ДҮНИЕ…
Бала кезімде үйде «Общество книголюбов» деген жа- зуы бар кеңес заманында басылған төсбелгілер жатушы еді. Қазір жәдігер болып көрінеді. Тәуелсіз заманымызда сондай бір төсбелгі баспағанымыз алаңдатады. Қазір сондай қауымдастықтар бар ма екен?..
Бақытжан Бұқарбай «Күміс кітап» шығармасынан үзінді