Өмір – күрес. Өмір – жарыс. Жарыста жақсы нәтижеге жеткіңіз
келсе, оның ережесін қабылдауыңыз керек. Өмір– құлдырау мен
көтерілуден тұрады. Кез келген компания белгілі бір даму шегіне жетіп
өзінің бизнес философиясында олқылықтар табылған сәтінде төменге
қарай құлдырауы қалыпты құбылыс. Сондықтан Сіз оны өмірдің
заңдылығы деп қабылдау керексіз. Бірақ құлдырауды өмірдің
заңдылығы екен деп еш әрекет етпей, жайбарақат жата беруге
болмайды. Кризисті туындатқан себепті түсініп,тығырықтан шығар жол
іздеп, алға қарай ұмтылу қажет.
Бір орында тұрып қалған судың қандай болатынын білесіз
бе? Әрине, сасиды. Тура сол сияқты, адам да жаңа нәрсеге
ұмтылмаса, жаңалыққа ілеспесе, білімін толықтырып жаңа
адамдармен қарым-қатынас жасамаса «өше» бастайды. Бір
орында тұрақтап қалған, ізденбеген, өмірдің көшінен қалып қойған
адамға кімнің жоғары жалақы төлегісі келеді дейсіз? Ондай адамның
өнімін кімнің сатып алуы мүмкін? Әрине, ешкім оған қызығушылық
танытпайды. Сайып келгенде ондай адам бірте-бірте өмір көшінен
қалып қояды. Өмір толқыны оны жағаға шығарып тастайды.
Шыдамдыны мына өмір ұнатады,
Бірде қуантып, бірде жылатады,
Сүріндіріп кейде сені құлатады.
Жылатып тұрып жұбатады.
Дұшпандарға кейде сені сынатады,
Қатал тағдар бірақта шыдатады,
Мына өмір бірақта қымбат әлі, — демекші өмір жолы сан тарау,
өзіне тән қиындығы, емтихандары бар.
Сол жолдан адаспай, өмір емтихандарын жақсы тапсырудың ең
бірінші жолы ол – өзіңді өзің тану, өзіңді өзің сыйлау, өзіңді өзің
қадірлеу.Өмір деген – Алланың берген сыйы.Өмірдің ащы да, тәтті
кезеңдері болады. Бұл кезеңдерді жеңе білу керек. Адамзат өмірге
келген соң өмірін қалай болса солай өткізбеуі тиіс. Яғни адам
саналы,жарқын өмір сүруі тиіс. «Өмірдің мәні туралы ойланбайтын
адам бар ма?» деген сұраққа кім болса да: «Жоқ, өз өмірінің мәні
туралы ойланбайтын, толғанбайтын, мағыналы өмір сүруге әрекет
етуге тырыспайтын адам болмайды», — деп жауап беретін болар.
Олай болса, біз де бір уақыт өз өміріміздің мәні туралы ойларымызды
ортаға салып көрейікші.
…Өмірдің күрестен тұратынын бізді қоршаған ортадан да көруге
болады. Мысал ретінде аң-құсты алып қарайықшы, олар күн сайын
өзіне қажетті азыққа қол жеткізу үшін күресіп бағады. Өсімдіктер де
солай, күннің көзінен нәр алу үшін, өсу үшін бір-бірімен жарысады.
Неге осы менің басымнан проблема арылмай-ақ қойды,
өзгелерге қарасаң төрт құбыласы түгел ғой деп өмірге өкпе артуды
қою керек. Өйткені Сіз қызыққан, осының проблемасы жоқ деген
адамдардың жағдайы тіптен мүшкіл болуы мүмкін. Сіз өмір сүріп
жатқан уақытта проблеманың таусылуы мүмкін емес. Өмірден өткенде
ғана жаныңыз жай табады. Оған дейін күресесіз, жеңілесіз, жеңесіз,
дамисыз, құлдырайсыз. Сондықтан өмірге шынайы қарау керек. Бұл
өмірде адамдарда екі-ақ таңдау бар — күресіп, алға ұмтылып,
жеңіске жету немесе бәріне көніп, қол қусырып қарап отыру. Міне,
өмірдің алтын заңдылығы деген – осы.
Аманжол Рысмендиев