ОРТАҢА КЕЛДІ ӨЗ БАЛАҢ
Жансын деп жақсы орталарыңда маздап ән,
Қалсын деп жақсы көңілдер ойды қозғаған.
Тік тұрып қарсы ал, о, туған елім тілектес,
Тілектестікпен қойныңа кірді өз балаң.
Сағына келді қайтпаққа сені бір көріп,
Жанына жібер жасампаз жарық нұр беріп.
Ақтарыл алдан сырларға толы сыр болып,
Жасарған жерім, дүниеге бүгін бір келіп.
Келді ол саған белдермен сансыз қыр басып,
Төбесін көкке тигізу үшін сырласып.
Күн санап, сенің көркеюіңді тілеген,
Жүрек қой саған, жүрек қой саған бұл ғашық.
Арманның жүгін алысқа тартқан нарың бұл,
Ортаңнан шыққан орта түспейтін дарын бұл.
Сен — көлсің үлкен, қайықтағыңды тербеткен,
Аяулы, іңкәр, ақмаңдай, ақсұңқарың бұл.
Бүгінгі күні қанатын қомдап, пәк түлеп,
Шөмшіден ұшты сендерге деген ақ тілек.
Алыста жүрсе сүю де жақсы аңсаумен,
Жақынға келсе құшақтап сүйген тәттірек.
Құшағыңдағы сүйікті сенің жан еркең,
Оянады әр күн жан еркеменен таңертең.
Балаңа ойлар қазынасын бер, қазынам.
Ұлыңның ынтық ықыласын ал жан өлкем.
Көңіліменен өмірі мәңгі шуақ ел,
Әр көрген сайын сендерді қайта туады ол.
Азамат дала, куә бол, ыстық құшаққа,
Азамат таулар, сендер де бұған куә бол!
Қыстың күні күлмейді,
Көктемде күлмеген.
Жақындықты білмейді,
Қашықтықты білмеген.
Болмас саған бақталас,
Арманыңды аңғарған.
Құлағанды даттамас,
Құлағандар заңғардан.
Қайсарлардан қашан да
Күдеріңді үзбе сен.
Қарсы алдыңнан сол шығар,
Қараңғыда іздесең.
Шыдағандар сындарға,
Аңсағандар жарықты.
Өрмелеуден шыңдарға,
Қорқатындар қауіпті.
Мен марттағы найзағай күркірімін,
Құрманғазы күйінің бір тілімін.
Менің жаным саясын паналаған,
Дүниедегі бар қыздың кірпігінің.
Құшағыңды жаясың ба,
Кес-кестеп тоқтасам мен.
Кірпігіңнің саясында
Бір қанып ұйықтасам мен.
Енді несін айтайын бұл шақта мен,
Құшақ-құшақ өзіңе гүл сақтап ем.
Омырауымда жарылған ақ барабан,
Қайда жүрсің тас-талқан бұршақты әлем.
Сені іздедім көк теңіз кешерде мен,
Көк желкен боп алдымнан көшер деп ем.
Бір көруге зар қылған ақ дидарың
Дүние, нөсерлеген.
Құдірет болсаң жүректі,
Тебірентіп күйден күй ақтар.
Осындай болса керек-ті
Тұлпардан қалған тұяқтар.
Қасында сенің бұлқынған,
Тайбурыл да әлі тай шығар.
Қырық жыл салған қиқудан,
Бабында келген Байшұбар.
Осындай болса керек қой,
Сөнбеуге тиіс соқпақтар.
Тастарға жанып табанын,
Жарқылдап аққан шақпақтар.
Қиялын қырдан қуалап,
Арманын баққан қармаған.
Риза да саған шығар-ақ
«Нартау» тартқан
нар бабаң.
Қаһарлы құрман,
бай тасқын,
Әруақты дала еркесі.
Азаттық атты шайқастың
Қайрат тартқан өлкесі.
Арқаңмен сенің бақтардан,
Шулайды бұлбұл мазамды ап.
Кезінде сырлар ақтарған
Дәулеткерей мен
Қазанғап.
Риза да саған заңғары,
Таулардың мынау тозбаған.
Тәттімбет,
Мәмен жолдары
Жоғалып кете жаздаған…
Менің халқым қашаннан ұлы болған,
Менің кеудем қашаннан жылы болған.
Соғыс өртін қоздатқан дауылдардан,
Қақсатқан ауыр зардан,
Көкірегімде бостандық жыры қалған.
Менің халқым ұлыны аз туған ба,
Басқалардай басында жаз тұрғанда.
Олардың да дауысы жетер еді,
Бұл ғасыр құлағына
Бірақ бұған ұлылар кінәлы ма?
Бұның үшін жылдардың өкпесіне
Қандай адам кепілдік берер еді.
Дауысы олардан бүгінге жетпесіне
Қаншама жұлдыз туды ол,
Жарқырар көк төсінде!
ӘЗИЗА НҰРМҰҚАНОВАҒА
Мен туған жердің ардағы,
Жарқылдап жүрген жақсы апам.
Ризалығым бар-дағы,
Тағатын кінәм жоқ саған.
Әкелмек елге ырыс бір,
Сендегі жарқын пәк талант.
Кешегі сайлы министр,
Бүгінгі ойлы докторант.
Бір болғай алғы мақсаттар,
Гүл болғай шыққан әр төбең.
Нұр болып жаусын жақсы аттар,
Шырқалып шыңға мәртебең.
Бұл ғасыр бейне ертегі,
Теңі жоқ жыр ғой асылы.
Әз інілердің ертеңі
Әзизалардың ғасыры.
Қиындықтардан тайсалма
Тоқтайтын түк жоқ бас алға,
Шын бақыт адал маңдайдың
Терлерінен жасалған.
Талайдың көсегесін де
Көгертіп жатқан сол ғасыр.
Бүгініңді ал да есіңе
Ертеңің жайлы толға сыр…
Мен-дағы сөз келген соң төзем бе енді,
Сарқырар ақпа бұлақ кезең келді.
Алатау ақ бұлтынан сәлем саған,
Арқаның жамырауық өзендері.
Тыңдасын енді мені заңғар атам,
Мен енді қара өлеңнен қар боратам.
Алатау басы болып міз бақпай қап,
Атырау толқыны боп жардан атам.
Мына Ертіс шарапатты тұрақ саған,
Жағады шырқау жұлдыз шырақ соған.
Сол Ертіс ернеуінен күмбірлесең,
Құймайтын дария бар ма жырақ саған.
Теңіз жоқ түпте маржан тұңдырмаған,
Дария жоқ бір сырлы ақын тудырмаған.
Бар сенің бүгін қазақ жырында атың,
Павлодар орманынан судырлаған.
Қалайша биіктемес жарқын еңсең,
Арналар дүрліккенде алқымы сен.
Әлемді алдыңа алып жыр жазасың,
Қаламы Аманжолдың арқылы сен.
Арқадан бір арманның сыр ақтарып,
Даусыңды бара жатыр жыраққа алып.
Далаңда белдеу-белдеу жолың жатыр,
Көктемгі кемпірқосақ сияқтанып…
Өзгеге өміріңді мектеп етіп,
Кеудеңді гүл — жазира көктем етіп.
Жеттің сен, мұнаралы ғасырларға,
Жетпістің қарлы шыңын көктеп өтіп!
Елеусіз еркін болып, Қайкен болып,
Ондаған шамшырақты бай кен болып.
Бүгін сен аспан аунап жанарыңнан,
Отырсың жиырма бесті қайта өңгеріп.
Апайлар, қарындастар, даңқты ағайлар,
Гүл жарған алма бақтар аппақ айдар.
Бір сезім шымырлатып жүрегімнен
Шыбығы солқылдаған көк тоғайлар.
ЖАЗ ҚАҚПАСЫ
Шертті дала сырларын,
Жамыраған жаз келді.
Қанатында тырнаның,
Қалықтаған саз келді.
Жырлап теңіз жырақтан,
Бұрқыратып бу атты.
Былдыр-былдыр бұлақтан,
Сылдыр-сылдыр су ақты.
Жусан аңқып белдерден,
Жер сімірді шуақты.
Сұқсұр ұшты көлдерден,
Сұрау белгі сияқты.
Қолтығына баулардың,
Қонды бұлбұл елеңдеп.
Дәптерінен таулардың,
Төгілді өзен өлең боп.
Қанатын қаз суларға,
Әлі қағып барады.
Балбыраған нуларға
Балық ағып барады.
Қармақтарын саптасын,
Айтайыншы досыма.
Көктем ашқан қақпасын,
Жаз дегенің осы ма.
Көктем болсам қайран қып қыздар елін,
Көкірегімнен талай күй қозғар едім.
Сезімдегі ізгілік жырға сыймай,
Дөңбекшіген түндерім аз ба менің.
Аз ба менің түндерім қиналмаған,
Қашан тағдыр мұхит жыр сыйлар маған.
Айтсам деп ем бәрін де шағымда мен,
Дүниеден төсегім жиналмаған.
Сырлатып көп дүние қиялдай-ақ,
Бірақ тегін қағазын сиям бояп.
Беріп келген өмірге түк те бермей,
Алып келем әлі мен ұялмай-ақ.
КӨКТЕМДЕ
Әуеден алтын сәуле қарға құлап,
Жанданды жазды көріп жарғақ лақ.
Жүгірді айдын-айдын айна бұлақ
Орғылап ойдым-ойдым ойға құлап.
Бұлт жөңкіп айдалаға аспан көшкен,
Тынымсыз дүние тулап астан-кестен.
Сенің де дәл осындай күндерің бар,
Адамзат көктемі үшін бастан кешкен.