ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ ӨЛЕҢДЕРІ

КӨК ТӨСІНДЕ
Құлағын күй арманның мың бұраумен
Мен келем, әлі келем зымыраумен.
Оу, сұмдық, төменде деп жүруші едім,
Тұңғиық төбемде өскен шыңырау кең.
Мен әлі маздап келем, шаршамадым,
Алуан түс сәулелерге қарсы ағамын.
Әкеле жатырмын мен жұлдыздарға
Желпіне Жерден ескен таң самалын.
Мен қазір сан аймақтан ағып ұштым,
Мен қазір сан жұлдызбен шағылыстым.
Көз алдым ғаламат от дүниесі,
Мартені көкірегім сағыныштың.
Бойымда құштарлықтың бай күші бар,
Ойымда ризалық алғысы бар.
Көзімде Алабама болашағы,
Жанымда Хиросима қайғысы бар.
Мен адал перзенті едім көп тілектің,
Көп тілек құлпырсын деп көп гүл ектім.
Елеуреп сан ояндым шырт ұйқымнан
Қара Жер күңіренгенде оқтын-оқтын.
Жүректер қанша менде табыспаған,
Дариға арман қанша қауышпаған!
Болды ғой қасірет даусы ғасырдың
Қаралы үн Вьетнамнан дауыстаған.
Мұраттар қанша темір тор қамаған,
Бұл да сыр, дүние, саған толғамаған.
Жүр менің көкірегімде көздің жасы
Алжирдің омырауынан сорғалаған.
Қашан да жанашырың болған едім,
Көре алмай жүрген жандар сорлап елін.
Күнә сіз даңқты өмірлер кісенделген
Дәл қазір көз алдымда ол да менің.
Қарашы мынау әлем кеңістігін
Таппайсың кеңістіктен кемістігін.
Мен болсам, кең дүние құшағында,
Тар пейілін ойлап барам Жер үстінің.
О, Адам, ақылсыз ба ек біз мұншалық,
Қашанғы сүйретерміз тозған шарық.
Сан рет бездірдік қой қонған бақты
Бауырмал жүректерге тізгін салып.
Өр тұлғаң бар емес пе ед көк тіреген,
Өр кеудең қайда кеткен от тілеген.
Онсыз да аз ба сенің жүрегінде,
Борандар терезеңді тепкілеген!
Мен әлі алғаным жоқ тыныс-тыным,
Жан-жаққа сеуіп келем нұр ұшқынын,
Азамат тыныштығын қорғау үшін
Ғаламның бұзып келем тыныштығын.
ҚИЫРДА
Барады бір күн мені бір күнге алып,
Барады бір нұр мені бір нұрға алып.
Қызарып қызыл ала моншағымен
Алдымда аспан жатыр күмбір қағып.
Қиялын қызыл шұғыла мүсіндеген,
Әлі де қиқулаған күшінде өлең.
Көгілдір жер көк шыны секілді бір
Келемін көк шынының ішінде мен!
Мен зулап әлі келем асығумен,
Өртеніп сол баяғы ғашық умен.
Қияға қызғалдақты қыр жетектеп,
Жүз мәрте шұғыласынан ашылумен.
Мен — Жермін арман толы аңқылдаған,
Мен — Жермін мың сөніп, мың жарқылдаған.
Біресе әлем менен ән тыңдаған,
Біресе дүние менен зар тыңдаған.
Мен — Жермін бармағы бал, бауыры — қан,
Қасірет сорғалаған сауырынан.
Сан рет шөгіп қайта түрегелген
Уақыттың ала сапыран дауылынан.
Мен — Жермін көз ашпаған кешірімнен,
Мен — Жермін мың жанып, мың өшірілген.
Жаңғырып сән кетпеген дидарымнан,
Мәңгілік ән кетпеген есігімнен.
Мен — Жермін қылыш кеспес, мылтық өтпес,
Мен — Жермін жасаруға шын тілектес.
Кеудемде үзіліссіз үздік-создық
Келеді керуен-керуен дүркіреп көш.
Мен — Жермін тіршілікке пана болған,
Арқамда ауыр жүктен жара қалған,
Тірнектеп жиғанымды аш көздікпен
Қанқұмар талай ғасыр тонап алған.
Келемін бәріне де шыдам беріп,
Азабын у да болса жұтам көніп.
Әйтеуір ізгілікке ұя болып,
Әйтеуір махаббатқа Отан болып.
Қираған сан қақпамды қайта құрдым,
Тіршілік балапанын шайқадым мың.
Сөндірмей келе жатыр ұшқынымды
Мың болғыр мына байғұс әйтеуір Күн.
Сынса да талай мәрте төздім сағым,
Көрсем де кей ұлымның озбыр шағын.
Япырым-ау, қашанғы мен күйіп өтем,
Өзіме дұшпан болып өз құрсағым?
Теңім жоқ тіршілікті сүйгенде мен,
Әлі сол күмбірлеген күймен келем.
Ұрпағым апаттардың қасірет-қаупін
Неге бай тарихымнан үйренбеген!
…Десеңші, ех, мен қанша алыстадым,
Тұрсыңдар бәлкім күтіп таныс бағым.
Сен болсаң туған Отан төсіндесің
Мен бол сам көз жетпейтін ғарыштамын.
Сағындым, о туған Жер, даласы кең,
Қайғысыз қауызында бал ашып ем.
Мен сені ертеңіне алып барам,
Самсаған жұлдыздардың арасымен.
Ырзалық лапылына толы денем,
Келемін баба-қиял жолыменен.
Төзермін қайғы болсаң оған-дағы
Көрермін бақыт болсаң оны да мен.
Көрермін жазың бар ма, қысың бар ма,
Ұмтылып мұратыңды құшып алға.
…Қырандар дәл осы лай баулитұғын
Қияға балапанын ұшырарда.
ОРАЛУ
Кеткендей едім-ау мен көк түбіне,
Жеткендей едім-ау мен жоқ түбіне,
Ақталды ақ мұратың о,
Туған Жер,
Сағаты оралудың соқты, міне!
Қайтамын түкке де енді іркілместен,
Шығарта көрме тағдыр жұртымды естен.
Мың ғасыр патшалықтан жұлдыздарға
Өмірім артық жерде бір күн кешкен.
Қайтамын түкке де енді бұрылмастан —
Гүлдерге қыруар дала қырын басқан.
…Төбемнен төніп тұрған еді-ау бұрын
Мінекей көз жетпеске сырылды аспан.
Аналар аңсатар ма мұнша мені,
Інінің сағындырды бір сәлемі.
Екен ғой сыңғырлаған сыбызғы орман
Жарылмай жапырағынан тұрса әдемі.
Екен ғой шындарымен таулар әсем,
Су сұлу боздап көшсе аруана сең,
Сағыныш сабылдырды-ау ессіз мені.
Тіршілік,
Неткен мұнша қарбалас ең!
Туған Жер, ризамын тұрсаң күтіп,
Келтірмей жатыр толқу мұршамды түк.
Мен саған салт ат мінген жолаушыдай,
Келемін Құс Жолынан нұр шаңғытып.
Әлі көп ашылмаған қыраттар бар,
Арнасы аршылмаған бұлақтар бар,
Атпаған таң сияқты армандар бар,
Аттанып оралмаған мұраттар бар.
Келемін баршасын да көріп-біліп,
Ортасын кең дүниенің толықтырып.
Сен мені бақытты еттің, аяулы Жер,
Жолымда жұлдызды аспан жолықтырып.
Мен әлі алғаным жоқ тыныс-тыным,
Жан-жаққа сеуіп келем нұр ұшқынын,
Адамзат тыныштығын қорғау үшін,
Ғаламның бұзып келем тыныштығын!
ЖАРИЯЛАНБАҒАН ЖЫРЛАР
АҚ АТЫРАУ АРДАГЕРЛЕРІ
Айнымас ақ бас жалды Атыраудан,
Көз тартып алтын алқап жатыр алдан.
Келеді мені әлдилеп ұлы еңбекпен,
Туғызған сан ерлерді батыр аудан.
Ер етіп сен туғыздың талай қызды,
О, Келес, «ақ алтынды», арай күзді.
Бүгінгі бригадир Мәрзияның,
Ерлігі талайларға тарайды ізгі.
Ақтарған қазынасын алтын күздің,
Ол сенің адал перзент, жарқын жүзің.
Сентябрь аяқталмай «100»-ден асты,
О, шіркін, ғажайып қой қарқын біздің!
Толып түр көкіректер мақтанышқа,
Шет пен шек ол жасаған жоқ табыста.
Комсомол бригадасы ұйымдасып,
Туған жер бақыты үшін аттаныста.
Шарықтап шартарапқа үздік ойлар,
Құйып тұр берекесін күздегі ойлар,
Мақтаның Алатауын жатыр үйіп,
Тұрсындар, Үмияндар, Қыздығойлар.
Тер төккен ыстық кеуде отыменен,
Бұл жерде әрбір адам батыр екен.
Ал, бүгін Ақ Атырау тербеліп тұр,
Гүлжандар, Сейсенкүлдер атыменен.
Ертеңнің қарап асқар асуынан,
Тербелсе «ақ алтынға» асылып ән.
Біз бүгін болашаққа қол созамыз,
Даңқты қаһармандар ғасырынан!
АТА ҚОНЫСЫНДА
Атты да апаты мол азап таңы,
Өмірді жоңғар оғы мазақтады.
Дүние астан-кестен, алай-түлей,
Жосылып жатты жерде қазақ қаны.
Өлімнің найзағайы шартылдады,
Жасылы жауған оқтың жарқылдады.
Күнәсыз қызғалдақты жайсаң дала,
Ақ шаңнан кебін киіп, зар тыңдады.
Сан найза омырылды жотасынан,
Сан жұбай марқұм болды отасудан.
Сан боздақ ботасы үшін боздап өліп,
Сан бала жетім қалды атасынан.
Күңіренді жер де мұңды, көк те мұңды,
Өрт қылып алдырды іштен оқ деміңді.
Сан ана сарнап күң боп кете барды,
Сан ару қанжығаға бөктерілді.
Шарт сынды шайқасудан шаңырақтар,
Лақты құла дүзге маңырап мал.
Ауыздан тасталмайтын тасбиық болды,
«Қаралы үй, қарасы өшкен, қаңырап қал».
Қу соғыс түпке жетті, һарап етті,
Жаутаңдап жау қолында бала кетті.
Жып-жылы ұясына жылан түсіп,
Талай ер туған жерін талақ етті.
Армандар найзалардың ұшында ойнап,
Елді жау қуып тықты қысымға айдап.
Жер жатты желкесінен қанға батып,
Кек жатты кеуделерде тісін қайрап.
Бойдағы жан айрылды қуатынан,
Ойдағы мал айрылды суатынан.
Жүрегі жаралы көш, қаралы көш,
Басынан Қаратаудың шұбатылған.
Ордасы озбыр қолдан ойрандалып,
Ағылған қырдан халық, ойдан халық.
Табанды талай таудың тасы тіліп,
Жолында талай он-сан орман қалып.
«Басынан Қаратаудың көш келеді»,
Сол шақта зарлы әуен боп ескен еді.
Сөйтіп, ол
Айрылысу орамалын
Қимас көз моншағымен кестеледі.
Жер болды талай көлдің жекені көк,
Тарылды аспан асты екі елі боп.
Сарыарқа сағымданып қалып кетті.
Телегей мұң мен шердің мекені боп.
Қала алмай туған жердің алабында,
Жөңкілді Қызылқұмға, Қарақұмға.
Аңдысып, алдан құрып ажал — қақпан,
Талайды аштық алды қарауылға.
Талықсып сан қырқадан асқан ердің,
Жібітті жаңбыр ғана тосқан ернін.
Жазылып жалпақ дала жата берді,
Көзінен су жасырып босқан елдің.
Заманы қабақ түйіп шатынады,
Ажалы садақты иіп жұтынады.
Өлімнің құрығынан бас сауғалап,
Босқан ел бет-бетіне бытырады.
Өмірден менің атам сорлап өткен,
Әмудың жағасына сонда кеткен.
Көз жұмған шаққа дейін жақсы арманын,
Сарыарқа топырағына жалғап өткен.
Ойласа осы көрген бүлікті өткен,
Ыза-шер бауыр етін тіліп кеткен,
Алайда қайта оралу мақсаты боп,
Сығалап көкірегінде үміт кеткен.
Көзінен жас тамыпты, аш талыпты,
Қайғы еміп, қар төсеп, мұз жастаныпты.
Сол шақтан ес жиюға мұрша бермес,
Қаңғырған зарлы өмірі басталыпты.
О, тағдыр, мына тағдыр қатал екен,
Қалды артта қазыналы атамекен.
Бәрінен өз жеріңнен өгей ұлдай,
Шерлі етіп, шетке қаққан батады екен.
Даланың күлге айналып гүл ағашы,
Осылай болып өткен жыл обасы.
Қазақтың қанды «Ақтабан шұбырындысы»,
Азаптың ланды «Алқакөл сұламасы».
ТЫҢНАН ХАТ

Арайлап атқан таңдай ақмаралым,
Алыссың, естілмейді айтқан әнім.
Көкейде күй боп толқып жатқан сырдың
Қалайша сыйғызамын хатқа бәрін.
Қозғайын әңгімені әріректен,
Есімде ерке желді ару көктем.
Қойныма қуанышты толтырып ап,
Аттанғам айдын тыңға ақ ниетпен.
Есімде перрон маңы, вокзал алды,
Эшелон, міне, қазір қозғалады.
Есімде сол бір сәтте қимастықтың,
Жүректе жалын оты маздағаны.
Есіттім дос тілекпен жолдастардың,
Көңіліме жайдың сен де гүл-дастарқан.
Қолымды бұлғай-бұлғай кете бардым,
Аттанып Сахараға жан баспаған.


Айтылған жерге жеттім көп күн жүріп,
Қойнына қиын істің кеттім кіріп,
Кестелеп кер даланың кербез төсін,
Қашаған арманымды жеттім қуып.
Тау тілдім, жолдар салдым, тас қаладым,
Кірпішін құйдым жаңа асхананың.
Қасарып қайсар қыстың қаһарына,
Қабырғасын көтердім жас қаланың.
Жабуын жалқаулықтың лақтырдым,
Отырдым руліне трактордың.
Жанбасын тілгіледім қырат-қырдың,
Бір ғана сені сонда мұрат қылдым.
Жайқалттым ен далаға егін — орман,
Жасытпай жетеледі мені арман.
Шөп шаптым, егін ордым, қырман салдым,
Есімнен шығармадым сені, қарғам.
Басынан ән ағызып жарқабақтың,
Шілдеде күнге күйіп мал да бақтым.
Білген ем со л уақытта бақытымды,
Әкеле жатқандығын арқалап күн.
Қалмады маңдай терім бағаланбай,
Аяулы асыл Отан-ана қандай?
Кеудеме қос орденді жарқыратты,
Көктемгі жұлдызды алып қадағандай.
Қанатын самғай қағып жас қиялым,
Шыңына өрмелейді тас қияның.
Өзенін қиындықтың бірге кешкен,
Қасыма айрылмастай дос жинадым.
Алдым мен кітаптан да сыбағамды,
Тауыстым талай ғажап романды.
Коп сурет көз алдымда көлденеңдеп,
Күн бейнең көз алдымда тұра қалды.
Бөленіп таң нұрына бар аймағым,
Сағынып ертелі-кеш сені ойладым.
Кеудемде махаббаттың көлі тұнды,
Дірілдеп сәулесіндей шар айнаның.
Көргенде сенен келген хатты бүгін,
Қабағым қуанғаннан қақты күлім.
Бейнеңді көз алдыма әкеліп ол,
Төсіме сағыныштың тақты гүлін.
Ал бірақ оқығанда ойландырды,
Мазасыз мұңлы күймен бойды алдырды.
Қайт дедің, қалай ғана тыңды тастап,
Кім жұлмақ өзі өсіріп қойған гүлді.
Ері боп, еркесі боп мен елімнің,
Осы ма жеткен жері өнерімнің.
Саясын қалай ғана тастап кетем,
Жайқалып өскен жасыл еменімнің.
Өрбіткен өз қолымнан сәби қалам,
Өз қолым өрнектеген сахи далам.
Туғанда түңғыш жатқан жөргегімдей,
Бесігім бейне мәңгі бақи маған.
Ауылым жатыр рас шалғай менің,
Алайда бұл өлкеге арнай келдім.
Көз тартқан әр көшенің кірпішінде
Сорғалап тұр ғой аққан маңдай терім.
Кешегі жазық дала, мал жайылым,
Жамылды жапырағын тал-қайыңның.
Емізіп жатқан соны сонау арық,
Тері ғой ол да менің маңдайымның.
Өзенге салдым өмір бұғалығын,
Үстінен оның да өктем шығады үнім.
Кетемін қалай ғана көзім қиып,
Қызығын көрер кезде қырманымның.
Бұл үшін сені бірақ даттамайын,
Келші өзің, бәрін бірге атқарайын.
Бір менің сенде, сәулем, бар қызығым,
Бір менің осы өлкеде бақ-талайым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *