ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ ӨЛЕҢДЕРІ

МЕНІ ІЗДЕ
Сен мені ізде, аяулым,
Шұғыладан барлық түн қашқан.
Сен мені ізде, аяулым,
Көктемнен барлық гүл басқан.
Сен мені ізде, аяулым,
Қарап қанбаған бөктерден.
Сен мені ізде, аяулым,
Парақталмаған беттерден.
Сен мені ізде, аяулым,
Ашылмай жатқан кендерден.
Сен мені ізде, аяулым,
Бұзылып жатқан сеңдерден.
Көлдерден қанат қақпасам,
Даусынан ізде сырнайдың.
Онан да іздеп таппасаң,
Көркіне көз тік нұрлы айдың.
Әйтеуір, қалқам,
мен саған
Нұр түсер жақтан жырлаймын.
СЕРТ
Азамат болсаң сөзіңді салма бұлтаңға,
Шаба алам мен де бір жігіт шапқан тұлпарға,
Тарта алам мен де бір мерекенің көкпарын,
Бере алам мен де қонақасыны бір таңға.
Керіліп еркін келетін болсаң көрмеден,
Оқалап бір тай мінгізе де алам зерменен.
Тап бүгін осы шаңырағым қирап кетсе де,
Әйтеуір тұрам бір жігіт тұрған жерге мен!


Тіл байлаған бір кезде өндір едің,
Тілім-тілім жүрегім болды менің
Қызғаныш боп кеудемде күйіп-жанып,
Кірпігімде күнәсіз мөлдіредің.
Қоштасарда болдым деп бос қалатын
Жалбарындым жамылып аспан атын!
Қалды сенің беймаза жауырыныңнан,
Тарамдалып тал түсте қос қара түн.
О, құдірет! Сол жалын етек алмай,
Көкірегімде көміліп кете барды-ай…
Талай бала қайыңға сүйендім мен,
Көз жасымды кірпігім көтере алмай.
Жоқ енді қанша айтқанмен ыстық құшақ,
Киік боп зымырап кеткен қызықты шақ!..
Жылдар бойы сыздаумен келесің сен,
Жүрегімде қап кеткен жүзік құсап…


Қымыздайын мөлдіреген зеренде,
Алып келдің мені қара тереңге.
Толқынындай қуанышты жарманың,
Тобылғы аяқ толқындатып денемде.
Мен білемін дала даусын, жел шуын,
Сен танисың дария сырын, жер сырын.
Баурайында балабан тау Бөршінің,
Ал көр енді сексеуілдің өршуін!
Аспанынан дария құлап, қар құлап,
Қара семсер жал-құйрығы жалбырап.
Баурайынан бара жатқан сияқты
Зымырап бір қара берен арғымақ.
Сімірдім мен сенің мәрмәр кесеңнен,
Бүл тасқынмен әлі талай көшем мен.
Осынау көлді артық болар ма екен-ау,
Өз көзімнің қарашығы десем мен.
Бұрқырап сол бір сағыныш жүр-ау деп ағып қанында
Аға деп бір хат салмадың, осы да сағынғаның ба?
Інілер деген ағаның ізін басқан сұрау сап,
Жортпаушы ма еді таң алды тырна көз көлдер қырау шақ.
Арқамдағы асқар тауым деп таулардан іздеуші еді ғой.
Кеудесіндегі күдігін жаулардан үзбеуші еді ғой.
Төбеден бұлттар көшкенде шатырлап аспан жай тендеп,
Жазықтан іздеуші еді ғой жазым боп кетсе қайтем деп,
Сағыныш деген қашанда қарамаушы еді көп-азға.
Сен болсаң мені сағынбай зар қылдың бір бет қағазға.
Жүз өріп жұмыс басты боп жазылмай жүрсе жай тегі,
Алматыға ағам қайда деп звондай салсаң қайтеді?
Сұраусыз кетіп барады мерекелер де нелер көп,
Күтіп ем сені гүл басқан 1 Майда келер деп.
Кірпігімді ілмей тосып ем отызға толған күнімде,
Қарақшы көрген киіктей ғайып болды о л да бүгінде.


Білесің дос, көзіңше,
Шығып жатыр күнде аты.
Бұл жердің де өзінше,
Бар ғажайып сымбаты.
Малынып тұр көк жусан,
Таңның маржан шығына.
Хош иіске құмартсаң,
Шық самалдың ығына.
Бал самалдың шәрбатын,
Сіміресің, тоймайсың.
Дүниенің жаннатын,
Осы екен деп ойлайсың.
Жоталардан сағымды
Жаутаң қағып тұрғаны.
Қызыл құмдар кәдімгі,
Қызыл бидай қырманы…
КӨЛ
Қазды көл, қоғалы көл, балықты көл,
Көркіне қашан сірә қаныпты шөл.
Жарыңды жарып құйып құлағыңа,
Еншісін таудан аққан салыпты сел.
Ақжарқын сыр шерткіш бір қыздай таныс,
Жағаңда сыпсыңдайды сырнай қамыс.
Көз тіксем көгінде ұшқан қаз-үйрекке,
Шарықтап көкірек құсым самғайды алыс.
Сұлу боп кетесің сен қазың келсе,
Мен жүзем айдынында жазым келсе.
Жатқандай боласың бір шалқып күліп,
Мөлдірің жібек желмен әжімденсе.
Бар тапқан қызығыңды жазға арнайсың,
Құстарға қызығы мол базардайсың.
…Қусың тым, күн аруды сүйесің-ау,
Шамасы көк аспаннан көз алмайсың.
ТЕҢІЗ
Көк теңіз толқыныңмен бекіре жалды,
Жатырсың құшып-сүйіп секіре жарды.
Жағаңнан түр әнеки төніп жартас
Көміліп көк суына кекірек алды.
Жартасты жақын тартып сыңар жандай
Өбесің, аймалайсың шыдам қалмай.
…Мінезің мінезімдей екен менің,
Сәулемді көп сүйетін құмар қанбай…


Оқушым, риза бол аз барыммен,
Зергер де болғаным жоқ сөзге әлі мен.
Жеріген құландайын өз қағынан,
Бұлбұлдай безіп ұшқан өз бағынан,
Осымен үшінші рет жазғалы мен
Қоштастым сағындырған саздарыммен.
Сырласып сыбызғылы дәуірлермен,
Сұқсұр боп сыңсып ұштым сәуірлерден.
Көгілдір сезімдермен қош айтыстым,
Бұрымдай тарқатылған босай түстім…
(Айтып қал барың болса білтелемей
Арқасы қасқалдақтан жауыр мерген…)
Арбасып қыр басымен сан құздардың
Жырладым жанарларын жан қыздардың.
Бақытпен үшінші рет душар болып,
Осымен үшінші рет жалғыз қалдым.
Ойлама соғады деп маған осал,
Әлі де бар сырымды саған ашам.
Мен өзімнің ақындық ажалыммен
Осымен үшінші рет жағаласам.
Осымен үшінші рет кез келемін
Түседі таз соқпағым тезге менің.
Көп тасқын құшағында ғайып болам,
Жарқылдап баурайындай жез кеменің…
Көрініп жаздан кейін күз белеңі,
Қайтадан тырналардың тізбелері.
Паналап өкпе тұсын бір қурайдың
Мен сонда ақпан болып бұрқыраймын.
Қаусатып қаңтарларды мұз денелі,
Бұл көктем әлі маған жүз келеді.
Күн жақсы көріскенше, ар жұлдызым,
Енді сен басқа ағыстан ізде мені.
ЖЕЛ
Арқадан кенет күшті жел ысқырды,
Мүлгіген терек басын теріс бұрды!
Талдарды түйістірді, керістірді,
Дос-тату бұтақтарды тебістірді.
Ақыры ұрыстырып әлсіретті,
Талдардың көңілінің хошы кетті.
Есер жел есіп өтті, несі кетті,
Тек тату достар шекті қасіретті.


Жүрегімде бір өжет сотқар ағын,
Тудырғандай өрттіктің ақ боранын.
Жолымда тау тұрса да тас-талқан қып,
Ағызып әкетуге оқталамын.
Жұмылғанша, сөнгенше қарашығым,
Таба алам ба жанымның жарасымын.
Мүмкін емес тыншуым теңіз көрмей,
Өйткені мен көктемнің баласымын.
ПЕЙЗАЖ
Көк шықты таудың тарғыл тасын жарып,
Арықтан сулар жатыр тасып ағып.
Аямай жерге төгіп алтын нұрын,
Күн көзі күлімдейді қасын қағып.


Ойламаған өлеңдерім —
Бойламаған тереңдерім.
Қаланбаған қатарлармен
Лапылдайды денем менің.
Айдың тегіс лаулауы үшін,
Лағыл ойлар тамсантады.
Қайта сөніп қалмау үшін,
Күйіп-пісем жансам-дағы.
Азабыңмен, өлеңіңмен.
Керек көпке көрінуің,
Өлеңнің де өрілуі.
Айнымайды дәл өмірден.


Махаббат! Неткен алып, қайратты едің,
Мен сені мұншалық деп ойлап па едім.
Тұсаулап, табандатып тағдырымды,
Қолына қара көздің байлап бердің.
Көп екен өмір сыры білгізбеген,
Жаны пәк таныстым да бір қызбенен,
Түріліп шаттығымның томағасы,
Сырласа бастадым ай, жұлдызбенен.
Көз алмай қарай бердім кіл шыңдардан,
Қиядан қолын созып құлшынды арман.
Әйтеуір, сол бір қызға кездестім де,
Тап болдым қуанышқа тыншымды алған.
БАУЫРЫМ МЕНІҢ
Түрікмен жазушылары Қазақстанға келгенде
Кеудеме менің махаббат құйып тербеңдер,
Өрлеңдер биік, далама дархан төрлеңдер.
Туыстас жерден ту ұстап келген саңлақтар,
Қанаттас жұрттан қанатын жайып келгендер.
Күн санап артса бауырлас достар қатары,
Бұрқырап көңілім Бурабай болып жатады.
Сондағы мөлдір сексен қол болып тебірен,
Дәл бүгін сен де Мақтымқұлының отаны!
Тынысы сендік жүрегімдегі гүл-бақтың,
Дыбысы сендік көкірегімдегі ырғақтың.
Өздеріңе елім оң сапар тілеп тұрғанда,
Ұзаққа тартқан сапарын мен де Мұрғаппын.
Мыңғырған мал мен мақтаға толған өр төсі,
Кербабаевтың керіліп жатқан өлкесі.
Бүгінгі палуан қолымен батыр түрікменнің,
Сырылып шетке барады құмдар өркеші.
Ғасырлап кепкен шөлдерге таңдай қатырған,
Арналар елі зәмзәм су болып атылған.
Мұнайдың елі, мың айдың елі жердегі,
Аяулы түрікмен, айналдым сенің атыңнан!
Аяулы түрікмен, туыстас бауыр өлкесің,
Сен бізге ылғи бірліктің күйін шертесің.
Ашхабатыңнан қол сермеп Ленин тұрғанда,
Білем мен осынау достықтың мәңгі өлмесін.


Ақ самалдар, аңқыған ақ самалдар,
Ақ самалдар ақ бұлақ ақша қарлар.
Тырна даусын шақырып,
Омырауымнан
Ойнақ салып барасың пәтшағарлар.
Ақ самалдар, аңқыған ақ жаңбырлар,
Ақ жаңбырлар,
толқыған тоғжан қырлар.
Менің қара сабаудай кірпігімнен
Сатырлатып сапырдың маржан қыруар
Ей, ақ жаңбырлар.
Жүрегімнен бұзылып сеңдер еріп,
Мен келемін кеудемді селге беріп.
Қай жаққа барасың сен,
қайран аспан,
Ақ қайың боп төбемде
дөңгеленіп.
Қүй, бұрқылда, құмарым,
жан сыңғырым,
Жаратылыс қауызын
жарсын қырдың.
Қарсы алдымнан қапыда
теріс борап,
Қазір мені көк терге
малшындырдың.
Еніп ек-ау өмірге ерке біздер,
Қанша қырда қалмады тентек іздер!
Жаңбыр кешіп қап кеткен он сегіздер,
Мен өлердей сағындым сенсеңіздер
Ей, аяулы он сегіздер!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *