Кербұғы

Оралхан Бөкей

А-а-у-у-а!

Кербұғы бүгін де су ішкен жоқ. Су ішкісі келген, екі езуін мұз моншақ жырымдаған тау бұлағына ерні тисе болды, өне бойы қалтырап, етпетінен түсердей буын-буыны босаңсыған соң, амалсыз кейін шегінеді. Ындыны кебе үш рет ұмтылды, үш рет те осынау халге душар болып, тартынып кетті. Өзегін өкініш өрті жандырып тұрса да, дәт шіркіннің мынау буы бұрқырап сылқ-сылқ күле ағып жатқан аяқ астындағы суға жетпеуі қалай? Шын қартайғаны осы да… Жо-жоқ, кәріліктің ауылы әлі алыс, Кербұғының базарлы өмірі алда; қазіргі әлсіреуі кәрілікке жеңдіргені емес, ұдайы үш күн күйектен соңғы шаршауында; олай десек, былтыр неге шаршамады, алдыңғы жылы ғана бір үйірді он күнсіз шашау шығармай, жалғыз өзі жайғаушы еді; биыл не көрінді бұған; әлде қыркүйектен бастап-ақ ызғарын шашқан жат бауыр күздің сүйек сорар суығына бой алдырды ма, бұл таудың күзін қойып, алты ай сұлап жатып алар аждаһа қысын шыбын қаққан құрлы көрмей өткеріп жіберер Кербұғы емес пе. Рас, биылғы күз ерте түсіп, сеңдей сірескен ал қара бұлттармен күн жазғанды тұтқындағалы қашан. Ертеден қара кешке дейін сол тым аласарып кеткен кейіпсіз аспаннан бірсін-бірсін жаңбыр жауады да тұрады. Ылжырап мазаны алатын жыбыр-жыбыр тамшы елдің де, жердің де шамына тиер еді. Кейде уілдеп сұп-суық жел тұрса, әлгі жетім тамшыларды қиғаштатып, әлдеқайда қаңғытып әкететін. Әбден көндімге көшкен орман уілдеген суық желге қосылып, алажаздайғы көрген қызығын сағына ма, белгісіз бір мұңның, белгісіз бір үміттің, болымсыз бір арманның жүдеу жырын гөй-гөйлейтін. Ал Кербұғы сол салдақы желге артын беріп, ұзақ, тым ұзақ шақыратын үйірді.

  • А-а-а-а-у-уу-аааа!

Бұл бедеу үн баяғыдай дүниені дүр сілкіндірер зор болмағанымен, тегіндегі тегеурінді дауыстан қалған жұрнақ айқай екенін аңғартарлық. Бұрын мынау иін тірескен орман, анау қалғып-шұлғыған қапсағай таулар мен қойнау-қойнауына қорқыныш паналатқан құз-аңғарлар Кербұғы үнін іліп алып, үздік-создық қайталап, көпке дейін жаңғыртып, даңғаза қуатпен алысқа жөңкіліп, таратушы еді-ау! Нөсер суына тоғайған тоқ күлкі бұлақтан кейін шегінген хайуан біз үшін мәңгі жұмбақ түйсіктің түртпегімен ышқына ауалаған; бірақ оның жарықшақтана шыққан әлсіз даусын еш пенде, еш жануар, еш тіршілік естімеген; естімегені керең болып қалғаны себепті емес, Кербұғының кетеуі кете өлсірегеніне сайған. Ие, баяғыда… бәрі де — баяғының садағасы… Көзден де, көңілден де бұлбұлдай ұша берген қапысыз қайран жастығы тек ендігі сағыныштың сыңсып айтар жырына айналып, қос жанардан жас болып қана сорғалайтын. Әйтсе де Кербұғы өзін қартайдыға телігісі жоқ, үйірдегі жас маралдардың ұятсыз қылығы мен биылғы күздің соншалықты сұрқайлығы қажытты деп білді. Бұлақтан оқыс шегініп, үйірін шақырғансымақ болды да (оның дауысы күйекке түсер үннен гөрі жалғызсырағанда шығар жан айғайына ұқсап еді) ілби басып, тауға беттеді. Қырсыққанда тау да бұрынғыңай емес, заңғар тартып, өсіп-ақ кеткен бе, желі бойы жүргізбей, кеңірдектен сығып алқындырады-ай! Кербұғы басын жерге салып, тағы аялдады. Кербұғының басын жерге салғаны тағ-дыр талқысы алдында біржола тізе бүгіп, тек қана аспандап, тек қана асқақтап жүретін тәкаппар кеуденің жер болғаны: кебік шашар тентек көңілдің кер болғаны. Ал жылдар бойы мүйізін берсе, сауырынан сипатпаған тұз тағысының осыншалық жуасуы — қор болғаны еді. Бағанағыда ақтық рет айқасқа түскенде, аш бүйірден тиген тонналық соққы енді ғана ауырсынтып, шыбын жанын шырқыраттыай. Әлде көз алдында ақырғы рет секіріп билеп кетіп бара жатқан жас маралқызды енді қайтып (түсінде, қиялында болмаса) көре алмайтыны, енді қайтып салмақпен жүріп, сабырмен еркелейтін марал-анаға наз қыпа алмайтыны, енді қайтып кере алмасы, ести алмасы кеп баянсыз жалғанның тұмбасына шым батқан, тұманына шын адасқаны енді ғана есіне түскендей селк етіп, үнжырғасын көтерді де, тағы да бір рет жан-дүниесін қақырата ышқынды.

  • Ааааа, ууууу, аааааа!

Кеше таң алагеуімінде Кербұғы әдетінше маралдарды алдына салып тауға беттей бергенінде, еліспей беріспейміз дегендей басқа бүғыпар үйірді шыр айнала қоршауға алып, жібермеп еді. Кербұғынікі — жыл сайынғы жекпе-жекте жеңіске өзі жетіп, дәнігіп алған менмендік. Күйектің алға-шқы кезегі өзіне еңбексіз тимейтінін сезген соң, маралдар ды бетімен жіберді де, танауын желдете көкке көтеріп: «Ааууаа деді. Осы үн шығуы мұң екен, бағанадан бері бастарма кекжендетіп, жер тарпып ойқастап жүрген тамам бұғы қаз қатар болып екіге жарылып тұрыса қалды. Қолмен қойғаи дай тізіліп, қарама-қарсы шеру кұрған бұғылар ұлы саптының ең басындағы Кербұғыдан ишара күткендей, қасқая қарасы ды. Барлығының жүрегі дүрс-дүрс соғады, барлығының көзі от болып жанады, барлығының танауы жыбырлап күйвкпи алғашқы кезегінен дәметеді. Жырынды Кербұғының бұрынғысымысы басты ма: қарсы алдында тұрған қапсағай бұғы тура қарай алмай елегізіп, тіпті бойын билеген жұқалаң қорқынышын да жасыра алған жоқ, қаққан қазықтай тізесінеи аздап діріл сездірді. Бұл күй Кербұғыда да бартын.

Дәл биылғы күйек тым қиын тиерін ертеден болжап білген, жылдар жылжып өткен сайын, өзінің де әл-қуаты бопсаланып, кәрілік меңдей бастағанын сезетін. Сондағы ма, таңертең соқталы шайқасқа түспей-ақ, барлық табыным өзімсіне ала жөнеліп еді, нәпсі сақал сыйлатпайды екен, жастау бұғылар өжіректеп бастырмады ғой. Сонсоң өжелі намыс қамшылап, теке тіреске жетеледі. Кәрілік құрғырда ұят жоқ екен, дәті алдындағы он екі салалы мүйізді сабалақ жүнді бұғыдан тайсақтады, соңыра шын айқасқа түсіп, соңғы екі дәу жеке-дара қалғандай болса қайтер еді? Кербұғы тағы да қарсыласына қарады. Бірақ екеуі де іштей сескеністерін бір-бірінен жасыра телмірісті де, оқыс шегініп, бар пәрменімен алға атылды. «Сарт!» Бұдан соң ілгерінді-кейінді сарт-сұрттан құлақ тұнарлық еді: тең екіге бөлініп бетпе-бет тұрған бұғылар бұрынды-соңды болып көрмеген ұлы ұрысты бастап та жіберді. Шаңырақтана бастаған жасқылтым мүйіздер ауаны осқылап, қайыңның безіндей қатып-семген маңдайлар соғылысқанда, жарқ етіп от шыққандай болады. Өлім мен өмірдің екі арасындағы күйекке алғашқы болып түсу үшін жүріп жатқан майдан — саф ерліктің, шын еркектің асқаралы үлгісіндей еді; қолдан мүсіндегендей қай диғаң бастар оқтай атылып түйіскенде, алтын кебісті бір біріне ұрғандай әсем, өрі аянышты. Алтай күзінің ертеңгілік қою тұманы арасында қараң-қараң жүріп жатқан жекпе жек тура үш сағатқа созылғанда бәсеңсіді де, тұманмен қоса серпілді. Етегін сүйрете жынысқа сіңіп кеткен тұманнан арылған сары-жасыл алаңқайда тек Кербұғы мен енді ғана мүктің иісі мұрнына келе бастаған Жасбұғы қалып еді.Өзгесі жеңіліс тауып, тұманмен қоса орманға босып кетіскенді.Жекпе-жек! Кербұғы осы сұрапыл ерліктің үлгісі жекпе-жекке жаралғанын білетін. Бірақ мұндай теке-тірес сойқан тек бұғыларға ғана тән қасиет емес, аса ақылдымыз деп сезнетің Адамдар арасында бағзыдан бақилыққа ұласар бітіспес тартыс барын түйсінген жоқ. Адамдар арасындағы жекпе-жек бұғылар арасындағы жекпе-жектен көрі қанқұйлы жексұрын тәртіппен өтерін, бұғыларша жылына жалқы рет сынасып, сонсоң сыйласып тату-тәтті ғұмыр кешпей, бір қадалса қан алып қана тынарын және де ойлай алмайтын. Рас, Кербұғы тұз тағысын не себептен қоршауға ұстайтынын: адамдардың қу мүйізге құты қалғандай неге өшігетінін еміс-еміс қаперіне алып, осынау екі аяқтылардан жерініп те жүрді… Қайда жекпе-жек болса, сонда әділдік бар.Кербұғы көзі бұлдырағанда барып, шын шаршағанын білді. Осқырынып жер тарпыған Жасбұғының айбаты кіресілі-шығасылы есін қайта жиғызды. Ауыр соққылардан миы айналып кеткен мең-зең басын зорға көтеріп, көзін ашып еді, қарсы алдында қасқая қарап тұрған Жасбұғыны көрді. Ересен ер-бітімін шиыршық атқызып, осқырына ежірейеді, Кербұғы мойын сіңірлерін сәл босатып жіберсе, зіл болып басқан алтын бас сылқ етіп қара жерге домалап түсердей еді, дес берді де, намысқа тырысып қана тегіндегі атақ данқын сақтай алды. Әйтсе де қарсыласынан өзінің келмеске кеткен жастығын көріп, екі шықшыты қан қақсап,көзін қайта жұмды. Жер тарпып, айбат шеккен оспадар үн шықпаса, осы қалпында шөке түсіп, өліп-ақ кеткіс бартын Кербұғының әбден жеріне жете әлсірегенін сезе тұра, бүйірден бір нұқып құлатпай, занды жекпе-жекке шақырып тұратын жас талапкердің ұятты қылығы жебеді ме, әлде ата-бабасынан бермен қарай түйіншек, үзіліссіз жалғасқан н өр кеуде жігер оты қайта тұтанып, кербаққан шаршасты түре қуып, жанын шабақтады ма, иіле берген басын қаздаңдатып аспандата көтеріп алды. Сонсоң кіртиген көзін шатыната ашып, күндесіне қарады. Сонда да Жасбұғыдан мол кешірім тілегендей, жаутаңдаған көзі жасаурады-ай: «бір жолынды қисаң еді, сенен жеңілетінімді білемін, өмірің де, әлі алда емес пе. Қи маған осы күйекті. Келер күзге кетермін, мүмкін жетпеспін…» Жасбұғы көзі қанталай шегіншектеп, сүзісуге әзірленді. Ендігі сәтте Кербұғының алдында өзі іспетті мүйізді хайуан емес, кол арасын жалаңдатып, қауға сақал шал тұрғандай, ол шал сол арасымен қазір сай-сүйегін сырқыратып, он сегіз тармақты асыл мүйізін кесетіндей, мүйізден шапшыған қып-қызыл канды қорп-қорп ұрттайтындай, сонсоң сақалы қан-қан болып, бүйірге бір теуіп қоя беретін қатыгез Пенде көлеңдеді. Жылдар бойына сірлене жиналған кегі мол кесепатты ашу, өмір бақида өшпейтін баянды өшпенділік лап етіп тұтанды да, өн бойын өртеп етті; өн бойын өртеп қана өткен жоқ, өне бойын аязды темірмен қарып та өтті; оның тура алдында, құрық бойы жерде ғана ел болмайтын ежелгі жауы, еңселі дұшпаны тұрғандай; өздері үшін қан кешуге түскен бұғыларға бірің өліп, бірің қал дегендей қаперсіз жайылып жүрген маралдарға жалт етіп оқты көзін ата қарады да, түкті жерді тұяғымен орып-орып жіберді, осқырды; шегінді; анау шақшиғаң екі көздің арасын тұспалдап найзағайдай атылды. «Сарт!». Есін жиғанда, өзінің теңселіп құламай тұрғанын, ал Жасбұғының қисалаң қағып әлдеқайда ұзап бара жатқанын көрді. Сонда ғана көзден ыршып жас шығып, бар даусымен баяғыша, жас шағынша: күйек шақырды. Бұл Кербұғының басқа бұғылардан бөлекше үнін баяндайтын ең ақырғы шақыруы еді.

  • Ааааааааа, уууууууууу, ааааааааа, ууу!!!

…Осы бір уақиғаны еріксіз есіне алған Кербұғы ұмтылып барып қайыңның сарғая бастаған жапырағын үзіп алды да, талмап оразасын ашты. Тұман әлі сейілген жоқ. Сол тұманның ара-арасын тесіп, жетім тамшылар әлі жауып тұр. Ауа аса сызды. Жер-көк шылқыған су. Қайыңға жолап кетіп еді, одан да сау етіп су төгілді. Не нәрсеге сүйкенсең де жылай салады. Үйір өзіне тиген соң, мазаңға жылыстап кеткен бе, Жасбұғының күйекке түскен үні естілмейді. Мынау меңіреу орманда тек Кербұғы ғана жапа шегіп қалғандай, ербең еткен тіршілік иесіз. Үйірден бәрібір айрылып қалған. Сарқынды қуатын жұмсап, иелігіне алған маралдардың бабын табатын дәрмен жоқ та еді. Алжуға айналған кәрі бұғының жеңіске жеткені жас маралдардың қытығына тиді. Шыжбалақтап үйірді тастай қашып еді, Кербұғы мүйіздеп әкеліп қайта қосты. Әлгінде ине жұтқан иттей бұралаңдап кеткен Жасбұғы тіпті өлермен-ақ екен, ілбіп үйірдің артынан ерді де жүрді. Кербұғы тап берсе, зытады да, қайта ереді. Ал жас маралдардың бар ниеті соған ауған, үйір басының көзі тайса болды, шауып барып иіскелесе қалады. Әншейін сүйекке сіңді әдетпен жекпе-жекке түсіп, алқұлымдап жеңіске жеткені болмаса Кербұғының күйек қайтарар тәбеті де, дәрмені де жоқ-тын. Кәрі көңіл жас иісті көксеп, осы үйірдегі сүмбіле сұлу әрі ең қылықты тентек жас маралға айбарланып көп әуреленді. Күні бойғы шайқас буын-буынын сарсуландырып тізеден соққандай ұйытады. Заманында дөңгеленте иіріп, он шақтысына сарт-сұрт шауып шығатын есіл қуаты езіліп-ақ қалған-ау… Арбаңдап бекер сүйкенгенімен, жас маралға үш ұмтылып секіре алмады, кеудесіне қазандай қара тас байлап қойғандай: жас марал әбден ызаланды білем, көзі боталап, сонадай жерде саяқсып жүрген Жасбұғыға жалбарынышпен қарады-ай… Ербең етіп еркек болғаннан тек «өзім» деп дүниені лас қылып өтер қанағатсыз сезім екі аяқты, жұмыр бас иендесіне ғана тән емес, табиғат иемнің төрт аяқты хайуанына да ортақ екен. Кербұғы әліне, керілігіне қарамай сүлініп, көп жағаттады маралға. Күйек қызығына басы айналған Жасмарал қызуы мол құштарлықпен лақсаны қаншама иектеді, әттең, Кербұғы өлердей-ақ шаршаған екен, еркекіректікке басып қайқақтағаны болмаса, ындыны жібіп жарытпаған. Әукесін көтере алмайтын неменің қытығын келтіріп, осыншама сарсаңға салуы сонандай жерде қыдиып аңдып тұрған Жасбұғының да шамына тисе керек, маралға ұмтыла бере, қос тізерлей құлаған Кербұғыға барыстай атылды: «Өле алмай жүріп, өлерменін кері иттің». Зуылдап кеп бүйірден ыңқ еткізіп сүзгенде, он жылдай тұғырдан таймай келген көсем тыраң етіп, қайтып тұрмастай сұлап түсті. Билеп кеп тұмсығынан жалап-жалап алған жас маралға көзді ашып-жұмғанша шапшыды да, ендігі сәтте бар үйірді алдына салып айдап, қыр аса жөнелді. Әпігін ортекедей ойнақтап тұрған жасқа емес, сыр мінез, бабын білетін ана маралдарға басып алса да болушы еді… Уылжыған көк өрімге ынтызар қызылшыл кері көңіл ақыр аяғы өзін мерт етерін білді ме; білсе шамасына қарай шаппай несі бар еді; қайран, қарттық-ай, жас иістің базары бір күндік, азары мың күндік екенін бағамдамайсыңдар-ау. Кербұғы тұралап ұзақ жатты. Алғашында ет қызуымен байқамаған ба, жүре келе ішек-қарны удай ашып, ілгері басқан аяғы кері кетті. Ол тіпті бассыз, тек денемен келе жатқандай сезінді өзін. Жасбұғы мұрттай ұшырған жерден сүйретіле тұрып, қалың орманның ішіне ың-жыңсыз кірді де, таң атқанша тырп етпей жатты. Таң сібірлей ғана, ілбіп бұлаққа барған. Үш еңкейіп су іше алмауы осы себепті-тін… Ол тағы да тауға тырмысты. Әлгі бір мезеттегі қайыңның нөрсіз жапырағы тандайына жабысып қалғандай қырнады, неше күннен бермен күііек бабына түсіп, қабысып қалған екі бүйірі бұраудай болып баяу ғана солықтайды. Жетіле бастаған екі мүйіздің түбі сыздағандай болады. Оз мүйізі өзіне сор әкелген бұғы тауы шағылып, тас бауыр өлемнен ат құйрығын кесісе түңілді де.

Енді қалған қарға адым су ішкілігін өңкей өткенін ойлаумен өткізуге бел байлады білем, үлкенірек бай самырсынды паналай қайта жатты бұйығып… Тым-тырыс жатып құлаққа ұрған танадай салқын тыныштықтан жас шағының айқай-сүреңін тындағысы бар. Осы кезде алып таудың арғы қапталынан өзін мертіктіріп кеткен Жасбұғының қызықшыл рақатты әні естілді. Баяғыда, бұл да көрі бұғының шекесін қақайырып, үйірді өзі иемденгенде, дәл осылайша шаттыққа, шабытқа толы жеңімпаз әнін шырқап еді-ай. Дүние кезек екен, дүние кезек екен…

  • Аааа, уууу, аааа!

Мүмкін, ол Кербұғының өз кіндігінен туған төлі шығар. Бірақ оның мүйізі он сегіз салалы емес, он бес — үшеуі кем. Мүмкін, он сегіз салалы оқыстан жаралар асыл хайуанның ең ақыры — өзі де. Мүмкін, анау тау-тасты азан-қазан «ауаға» бөлеп жүрген жас періден туған қозықаның мүйізі он үш, одан кейінгінікі он бір, сосын сегіз… сөйтіп, сөйтіп мүйізсіз тоқал қалар… бәрі мүмкін. Жасбұғы өзіне өмір бақи бітпес он сегіз салалы қасиетті мүйізін де сыйламай, маралдарды тартып алды-ау. Марал жүзіқараларда ес бар ма. Кім жеңсе, кімнің атақ-даңқы асса, соның соңына ереді. Иә, маралдар-да ес жоқ, өйткені оларда мүйіз жоқ — тоқал. Қозықа! (маралдан туған жас төлді қозықа деп атайды) Кербұғыны да енесі ел-жұрт, жан-жануарлардан ала қашып, қалың қарағанның арасына апарып дүниеге шығарған. Еш тіршілік иесіне көрсетпей аяқтандырған соң ғана, ертіп үйірге қосқан. Содан бері қаншама қызық көрді, қаншама запа шекті! Кербұғының ең алғаш керген азабы өсте есінен кетпек емес. Таудың жықпыл-жықпылында жайылып жүрген бұғылардың түс-тұсынан қиқу қаптады да, ағаш-ағаштың арасынан бір-бір құрық ұстаған салт атты адамдар қаптады дерсің. Қапелімде не болғанын білмей сілейген Кербұғы басын оқыс көтергенде, мейіздей қатқан қара қасқа атты үсті-үстіне сабалап, құстай ұшып келе жатқан қауға сақалдыны көрді. Екі көзі ақықтай сүзіліп, тісі ақсия ұмтылған адамның қолындағы құрығы ес жиғызбай, нақ мүйізден салып өтті. Сонсоң ғана тамам бұғылардың ойға қарай жосылғанын көріп бір-ақ атылып, құрықты қолдан сытылып шыға берген. Бұдан соң тұяғын томарға ілдірместен зу-зу шапқылайтын атты адамдар жан-жақтан, ойдан-қырдан қаумалап әкеліп үлкен қораға күргейледі, бұдан әрі тықсырып келесі қораға өткізіп жіберді. Қорадан-қораға өткен сайын, өрістері тарыла берді. Мұндай теперішті бұрынды-соңды көрмеген Кербұғы арпалысып, шығар саңылау іздеп еді, өзі ғана сыяр қақпаға сып етіп ене бере, әлдекім сарт еткізіп тиегін сала қойды. Сон-соң Кербұғының бөксесінен ұзын таяқпен түртпектеп әлгі ені тар шарбақтың өн бойын қуалата жүргізіп әкеліп, тақтайшаның үстіне шығарды да артынан тағы да көлденең тиек салды. Енді ол өзі ғана ендейтін тар үйшіктің ішінде тыпырлап тұрды. Қалай келгенін, неге келгенін білмейді. Жан ұшырды, торға қамалды. Жүрегі зырқ ете қалғанда, бұны сылқ өткізіп төмен зынданға түсіріп, екі шықшыттан әлдебір қысқаш қысты. Екі шықшыттан қысқанда, көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспан айналып жерге түскендей болды, өзін қаумалаған адам, анау орман, тау-тастың бәрі төбесінен тік шаншылды. Оның жанары жаутаңдаған көзінде бүкіл әлем көріністеніп, сол әлемнің ендігі қожасы қатыгез адам да қол арасын сайлап әзір жүрді; ал сол адамның қомағай қарашығында мүйізден айрылып пұшайман болар Жасбұғы да тулап, тұтқында тұрған екен. Иір-иір тістер түкті мүйіздің түбін ала ілгерілі-кейін ырып-дырып болғанда, Кербұғының миын мың-миллион құмырсқа талапайлап жеп, маржандай тізілген тістері сырқырайды-ай. Әлгінде ғана мейірім тілеп жаудыраған қара көз әп-сәтте қанталап, ақиып шығып кетті. Еркіндікгің ерке желімен жарысып, ой мен қырдың аражігін ажыраттіай, бұла боп өскен бұғы дәл қазір өмірдегі жамандық пен жақсылықтың уланған бастауынан дәм татты. Дәм татқызған — Адам Тағдырдың бар талқысын жазмыштан ғана көретін аңқау көңіл, ақымақ хайуан бар билік, бар байлық, бар еркіндік тек адамдарда деп білді. Рас, Кербұғы екі аяқтыларды шексіз сүйетін, бірақ кейде, өз махаббатыпан өзі шошынушы еді, бақса пенде дегенің қатыгез әрі ашқарақ, қанағатсыз екен-ау. Жек көрудің ең сұмдығын адамдардың өздері туғызады… Кербұғынын қазіргі халі — жас баланың май екшесіне шеге қағып, тағалағандай аса аянышты. Кербұғы тоқал болып жаралмағанына екінді. Қиянат! Не нәрсе сұлу болса, отап тастауға, не нәрсе биік болса, құлатып тастауға, не нәрсе аппақ болса, қаралап тас-тауға, не нәрсе сау-саламат болса, жаралап тастауға, не нәрсе адал болса, арамдап тастауға әуес жұмыр басты пенденің өз оңбағандықтарынан ақталар «ақиқаты» әрқашанда дайын: «Жақсылық туғызбайтын бірде-бір жамандық жоқ. Кездейсоқ оқиға болмайды: бұл дүниедегінің бәрі де — не сынап байқау, немесе жаза, немесе мақтау, күн бұрын болжау». Ал Кербұғының керген азабын немен иландырар екен. Иә, иландырар дәлел сұрамайтын сырты түк, іші тезек хайуан болған соң, өз тілектерінің құрбандығына салды да: «Дүниедегінің бәрі де қауіпті, бірақ бәрі де қасиетті», — деп, ақыл айтты. Кербұғы құрсаудап босап атыла жөнелгенде, мүйізін шайқамаққа басын ырғап-ырғап жіберіп еді, — тоқал басы қаңсып қалған екен. Жан жықпылындағы бағанадан бері жанартау болып жиналған ашуы бұрқ етіп қопарылған-да, алдындағы ағашта келденеңдей байлаулы тұрған қара қасқа аттың үстінен бір-ақ секіріп басы ауған жаққа лаға жөнелді. Бүкіл адам атаулыдан безіне, толассыз ұзақ жүгірді. Осы екпінімен лекітіп етпетігіеті құлағанша безе беруге бел байлаған, бірақ кеп ұзамай, тұмсығы даңғарадай қорғанға тірелді. Сол жуан-жуан сырғауылдан қиып жасалған сатының бойын қуалап тағы да жүгірді, таусылар емес, бүкіл тауды айналып бағанағы орнына қайтып оралғанда ғана, өздерінің қоршауда жүретінін сезді, сөйтсе бұлар қоршаудың ішінде от оттап, қоршаудың ішінде су ішеді екен, сон-соң жадыраған жаз таусылып, қылышын сүйретіп қыс келгенде, адағайлатып қуып әкеліп және бір тарлау қораға қамайтын. Қыстыгүні сол қораны қақ жарып ағып жататын бұлақтан су ішетін, алдарына шашылып тастаған сасықтау сүрлемді еріксіз жейтін. Көктемде қорадан құтылып, шын еркіндікке енді ғана жете бергенде, міне, тағы да қораға айдап тығып, мүйіздерін сыпырып алады. Бұғылар үшін шын еркіндік мәңгі бақида жоқ екен… Самырсынның түбінде бұйығып жатқан Кербұғы алғаш рет мүйізін кескенде, осылайша еркіндікті аңсап еді-ау. Содан бері каншама жаз, қаншама қыс өтіп, соншама рет мүйізінен айрылды. Ең қызығы сол күннен бастап мұның мүйізін көрген ел қанды көрген қарғадай қарқылдап, бәрінен бұрын станоққа салатын. Жазған табиғат сыйға тартқан он сегіз саланың, тым құрығанда бір рет уағы келіп, мезгілінде өзінен-өзі түскен жоқ… Иә, он сегіз сала — тек Кербұғының маңдайына ғана дарыған бағы мен соры… Иттен қадірсіз боп көп жатты. Іздеп ешкім келмеді. Маусымның дәл ортасында арадай анталайтын адамдар да, күйек басталса, алды-артын орай ырбаң қағатын маралдар да, кеше ғана алып таудың қасат қарын бұған бұздырып, өздері соңынан еретін дос-жаран бұғылар да зым-зия; қолдан қуат, бойдан дәрмен кетіп, бақ тайған соң, жалт берісті. Бәрі де опасыз жалған тірлік екен-ау. Кеше ғана хан көтеріп жүрген ардақ аға майып болып қалғанда, қол ұшын берген ешкім жоқ. Ең аянышты өлім — есіл ердің елеусіз, бодаусыз жападан-жалғыз өлуі де. Қайран елі, қасиетті жұрты қайда? Шынымен-ақ мойнын бұрмастан, күйек қызығын қуып кетті ме? Кербұғы қадірі қашқанын білді. Әсіресе, маралдарға өкпелі. Асыл дәуреннің асып-тасып тұрған шағында маралдар мұны құдайдай көретін. Күйек басталса, өзгеше бір жұмсақ назбен еркелеп, қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқыттырмайтын-ды. Егер бұта-қараған сыбдыр етіп, нендей қауіп төнген сәт болса, тамам марал шыр көбелек шеңбер құрып, Кербұғыны ортаға алатын-ды; ал тар жол, тайғақ кешулерде не алға, не артқа салмай, үнемі қауіпсіз орталарда ұстайтын. Шөптің де, судың да ең сонысына, ең мөлдіріне бастап апарар еді. Қарайғанның бәрінен қызғанысып, қызғыштай қорып жүрген ер бұғы бүгінще қор болып жатқанда, қолтығынан демер кімі бар? Бәрі де алдамшы, қолда бар болғанда ғана, қоқандап өтер бейбаян, бейберекет тірлік екен… Неге болмасын зауықсыз Кербұғының даңғырап бос қалған кеудесіне бірсін-бірсін запыран толды. Бір жұтым суға зәру, кепкен өңеш қырнап жөткірінді ай. Зілдей басқан қорғасын тұман сейіліп, ағаш-ағаштың арасынан күн нұры сығалады. Сонау етекте бұрқырай аққан өзеннің гүрілі естіледі. Тау басына тіршілік ұялатқан Күн жарықтық жаралы бұғының халін сұрады. Онысына да шүкіршілік, табиғат ием ғана өз жаратушысын ұмытпайды екен. Кербұғы самырсынның астынан шығып, зеңіген маңдайын шуаққа төседі, сонсоң аса қинала ышқынып еді, даусы қырылдап, өзгеше қорқынышты, әрі келте қайрылды. Өзімен бірге үні де өше бастапты.

  • Ааа, ууу, ааа?

Өзімен қоса үні де келмеске кете бастаған Кербұғы сонау сары жағал таудың ар жағындағы үшпа басы аппақ қар теңдеп, мұнартқан шоқыға қарады. Сол шоқы мұның қозықа шағында тым биік болып елестесе, есейе келе аласарып кеткендей еді; енді, міне, тағы да заңғар тартып аспандап тұр. Сол аппақ шоқы Кербұғының ақ шағыл арманы сияқтанатын: сағынатын, көксейтін, үміттенетін, әйтеуір, түбінде бір тұяғы ілінетініне сенетін. Киын-қыстау мезеттерде көзін жұмса болды, көкше мұнардың арасынан ақ сеңгір арман тауы — Ақшоқы елес беріп, жүр-жүрмен азғырғандай тым алысқа «ауалап» шақыратын. Кейде сол ақсеңгір елесі сұр қасқырға, немесе қауға сақал маралшыға айналатып да, Кербұғы селк етіп шошынып, қайта көзін жұмбас еді. Ал Кербұғы зәузатының о бастағы мекені Ақшоқыпың етегінде екенін білмеуші еді. Иә, ата-баба бұғылар бұдан мың жыл бұрын сол таудың етегін жайлап, ай дейтін әжесіз, емін-еркін ғұмыр кешсе керек. Емін-еркін уаз кешкен бұғы-маралдар құрықты қолды білмей, табиғат сыйға тартқан жас құрақ, жасыл жайлау төсінде шөптің сонысын, судың тазасын тандап, бір қиырдан бір қиырға, көңіл шіркін қалаған жаққа жосып, мамырдың барқыт түніне оранып, қаперсіз жусайтын. Кейде толған айдың жаһүт нұрына еркелей жусап жатқан мың-миллион тұз тағысы жер қайысқан қалың қолды елестетер, сонсоң таң сарғая, тау жазирасын қақжарып, жұбын жазбастан өрер: өре түрегеліп, өре жөнелген Алтай еркелері ағаш-ағаштың, шоқы-шоқының басында байланып тұрған ақша бұлттарға сіңіп, мәңгілік көзден ғайып болардай еді. Кейін бұғылар атамекенін ауыстырды. Сонда ғана олар атамекендерімен қоса туасы еркіндіктерінен де біржола айрылғанын білген. Түкті мүйіздің түбіне сусылдап қол ара тигенде — сол ең асылы, ең қимасы — шын еркіндіктерін де әлдекімдер кесіп алғанын — бақилыққа кесіп алғанын, енді қайтып бермейтінін сезіскен. Иә, бұғыларды байырғы жұрт туған жерінен айырып, мынау аядай өңірге алып келген Адамдар бұл елдің етене түлігі — жылқылардың обалына қалған. Ақпатшаның атына арыз жазып, бар жайылымды кесіп алды да, жылқы баққан жандарды қу тақыр сарғайған сары далаға қуды.

Өз мекен жайынан бездірген — өзінің кіндік кескен жері жарылқамады, бұғы тұқымы сол жылдардан бермен сарқылып-ақ келеді… Кербұғы бойына қайтадан қан жүгіргендей болған соң, бір басып, екі басып қоршауға беттеді. Әбден суға тиіп, борсыңқырап тұрған ағаш саты боз қалпында сал-қын сазарады. Былтыр да сол, биыл да сол, келер жылы да сол… сол… Кербұғы тұмсығын жасқана созып, танауын үйкеді. Мұрнына күлімсіген өлексі иіс келді. Пысқырып басын шайқады. Сонсоң шегініп кейінірек тұрды. Тағы да Ақшоқыға қарап еді, көшкен мұнардың арасынан ақшағала армаңдай ағараңдайды! Сол жатқан жанды жәннат етер сау мал самал есіп, қуатқа қуат, жігерге жігер үстегендей болады. Сол жақтан Кербұғының мұқым ата-бабасын «ауалап» шақырып, сойқан ерлік, еңкеймес еңселі тәкаппарлыққа, кездің жауын алар сұлулыққа еліктіргендей болады. Сол жақта — тек сол Ақшоқының етегінде еркін де елегізусіз тотай өмір барға ұқсайды. Әттең, мынау елексе иіс аңқыған қорған болмаса, Кербұғы баяғыда-ақ Ақшоқыға қашып барып, аппақ қарды қаба асап, күтір-күтір шайнар еді. Сон-соң ішін ертеген бар қайғысын, бар екініш-арманын, жал-пы адам атаулыға, тек солар ғана керегіне жаратар от пен оққа деген ашу-ызасын ағыл-тегіл ақтарар… ақтарар… «Айналайын табиғат, айналайын еркіңдік, айналайын сұлулық», — деп ұзақ айқайлар, айқайлап тұрып зар еңіреп жылар, сонан айға шапшып барып шалқасынан құлап өлер… Бірақ өлгеніне өкінбес… Сатының ар жағында мұз құрсанып, оқшау тұрған Ақшоқы жаралы бұғының көзінен бұлың-бұлың бұлдырап алыстағандай… Кербұғы қаңси бастаған кеудесін қай айыра шақырмаққа аузын ашты, бәрібір баяғыдағы сырнай үні тарғылданып шықты.

-Аааа, уууу, аааа?

Тау жаңғырыққан жоқ, мелшиіп әр тасы көкбеттеніп дүмбілез жатыр. Күн қыза бастады. Кез жасындай мөлдіреп-мөлдіреп жатқан кегенкез шық күзгі жапырақтан сусып түсіп, тойымсыз жерге сіңіп жоқ болады. Биіктен, тым-тым биіктен қайтқан құстың қош-қош сұңқыны; алыстан, тым-тым алыстан жас бұғының күйек шақыруы; сай жақтан қос ауыз мылтықтың барқ-барқ етіп өлім бүркіген даусы естіледі: шағылысады, туады, өлтіреді — осылайша өмір жалғасады. Өмір отын өшірмей үрлеп, көрігін басып тұрған құдіретті күшті адамдар, әне, гүр-гүр вертолетке мініп ұшып барады… Осының бәрінен түңіліп, жеріген Кербұғы жаратылыстың бар қызығын, өз кәрілігіне, қысастанған қырсық мінезінің алай-дүлей күлді-көмеш мүшкіл күйіне айырбастап жіберді. Ол төрткүл дүниені де, тамырлай соққан тіршілікті де өлердей жек көрді. Жас шағында ессіз жақсы көргенін ұмытты — мәңгіге ұмытты білем, оқыс тәуекелге бел буды. Бұл дүниемен қоштасар ақырғы сәтінде мұң-зармен уланған денесін қоршаудың арғы жағында қалдыруға, еркіндік деген ұстатпас сағымды алғаш та акырғы рет көріп, бұдан соң бақытты сапарға — шексіз еркіндік — өлімге адал ниет, абзал жүрекпен аттануға ұлы дайындықжасады. Дел-сал тұла бойын шиыршық атқыза қатайтып, буын-буынын бекітті. Осы жасына дейін батылы бармаған асқаралы ерлік жолына жаралы жанын, қаралы жанын садақаламақ. Ер боп туған жазған ер боп өлмек. Сөйтіп, иісі бұғылардың қасиетті дәстүрі, шырқау биікке өр серпіп өлер ақ көбік асаулық, кемерлі менмендік, ақыпдан азар кемеңгерліктің ақтык үлгісін керсетіп барып, батыпдық пен тентектікке құмар, ежет жүрегін азаламақ, жерлемек… Сөйтіп, барлығынан: канағаты жоқ аш көз адамдардың тепкісінен, жас маралдың ермегі мен Жасбұғының мазағынан, еңсегей бойды кеміре бастаған кәріліктен, еңку-еңку жылдар бойына өзінің маңдайына табиғат жазған ерке еркіндігін қамап келген ағаш сатыдан азаттанбақ… Кербұғы көзінен от шашып, шегіншектеп барып бар қуатымен алға атылды, жаңбырдың суына иі қанып былпылдаған жерге артқы қос тұяқтың ізін оя тастады да, зу етіп, биік қорғаннан асыпақ түсті. Оң мен түстің арасында ес жия алмай, біраз сілейіп тұрып, өз ерлігіне өзі қайран қалғандай секіріп билеп, Ақшоқыға қарай артыпа қайтып қайрылмастан тарта жөнелді. Артына қараса, енді ғана тұяғы тиген еркіндігшен айрылып қалардай кауіпті халде кетті. Ақшағыл арман — Ақшоқыға аман-сау жетті де, қарсы алдында тұрған діңгекті иіскеп, жүгіре-жүгіре деміккен танауын қасыды. Бұдан соң көзіне жас алып тұрып, баяғыша жас шағындағыдай арқырап, таза әрі зор дауыспен күйек шақырды.

  • Аааааааа, ууууууууу, ааааааааа, ууууууууу, ууууууу!

Бұл үнді күлді тау әулеті үзік-создық ұзақ қақпақылдады, қайталады-ау… Осы сәтте бүкіл өмір «ауа» секілді еді бұғы үшін. Бірақ олай емес екен: жаңадан ғана жетіліп, үлпілдеп тұрған қос мүйіздің түбінен қос оқ сақ етіп тиді де, Кербұғы омақаса құлады. Қайтып тұяқ серіпкен жоқ. Адал да арам өлімге бойұсынып, бостандықты енді ғана сезінген қайран дене суыды, мәңгіге суыды да, шын еркіндікке сапар шекті. Оқ екі жақтан келді. Бірақ екі жақтан да ешкім жоламаған. Оқ иелерінің кімдер екені де белгісіз. Кербұғы сол көк ала діңгектің түбінде, дүбәра алаңда қалды… Ағаш қоршаудың ішінен Жасбұғының рақатқа батқан ессіз үні естіледі.

  • Аааааа, уууууу, аааааа, ууууу?

Біреулер айтады: еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ.

Біреулер айтады: еркіндік алған бұғылар тек қана о дүниеде…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *