ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

Үзіліп түсті үздігіп

Үзіліп түсті үздігіп,
Шымыр шық гүлдің көзінен,
Түсіме жүрсің жүз кіріп,
Айырып тұнық төзімнен.
Булығып кетем, тұншығып,
Еліктей қалған қамауда,
Иіріп күндер ұршығын,
Сағат та минут санауда.
Сілкінтер мені шаңдардан,
Бар ма екен сенде бұла күш?
Арнасы жоқ құр арманнан,
Бір сәттік артық қуаныш!

Көп жұлдыздың бәрі бірдей жарық па

Көп жұлдыздың бәрі бірдей жарық па,
Дараларын алған едік танып та,
Адамдар да сол жұлдыздар секілді
Салған болмас барлығын бір қалыпқа.
Жек көремін өрлігі жоқ өзенді,
Өздігімен табындырмас бөтенді,
Бала кезде қайтпаймын деп айтқаннан
Қаншама рет ісіргенмін шекемді.
Талай достан қашықтадым жігерсіз,
(Түйсігі жоқ жүздер қандай реңсіз),
Көрген сайын жасқаншақтың жанарын
Жүргендерді жақсы көрем жүгенсіз.
Өзім барда қалшы сен де шарықтап,
Бәрімізге керек екен анық бап,
Әзіл сөзің жүрегімді қытықтап,
Әнің кетті кеңістікте қалықтап.
Ер тұлғаңды сомдай түстім жалықпай,
Қанатыңды қорғап келдім майыртпай,
Енді, міне, мақтансам да болады
Бір азамат жасадым деп алыптай.
Асыл сезім асқақтатты қияға,
Сансыз сәуле тар кеудеге сыя ма?
Маңыздысын айтпай мына өмірдің
Іңкәр жүрек көкіректе тұра м

Шөліркеп кейде жүремін

Шөліркеп кейде жүремін,
Аңсаймын нені үнемі?
Қаламын қажып, аптығып,
Арманға жетпей бір елі.
Дүркіреп дүние бүр жарып
Тұрса да, жаным мұңданып,
Сағынышымды білдірмей,
Қараймын саған ұрланып.
Алдында жұрттың именіп,
Қисынсыз дәйім күйге еніп,
Қалғандаймын өзім де
Тұтқындыққа үйреніп.
Жасқанып жасыл шағымда,
Қалыпты сынып сағым да,
Ендігі жерде білмеймін
Тұрам ба қарсы ағынға?
Көз жасқа толып етегім,
Тілекке қашан жетермін…
Ақ ала таңым, аяулы,
Шырқыңды бұзбай кетермін…

Көңілге қонбай ешбір ем

Көңілге қонбай ешбір ем,
Мұнар басып, мұң басып,
Кездессең сол сәт қайтер ем,
Қуантар, бәлкім, жыр тасып.
Көрінші еріп көктемге,
Талай күн өтті торығып,
Көз жасты сонша төккенде,
Қайтеді кетсең жолығып.
Бұлқынып жүрек тордағы,
Арманға асқақ ұмтылып,
Тұрғанмен жолы болмады,
Тұманға қалды тұтылып.
Жағада жалғыз қалғандай,
Өзімнен өзім үркемін,
Бір маған ғана жазғандай
Шыдамын сынау жүйкенің.

Қандай едің, қалқам-ау, қандай едің

Қандай едің, қалқам-ау, қандай едің,
Мен аңсаған мөп-мөлдір ардай едің,
Бірге жүрсем өзіңмен самғай бердім,
Неғып, бірақ, сен сонша шалғай едің?
Күй шертеді жаңбыр да жанға жақын,
Найзағай боп жарқ етіп мені шақыр,
Айналайық екеуміз бір тамшыға,
Күйретіп-ақ құр күйбең бара жатыр.

САҒЫНАР МЕНІҢ ЕЛІМ БАР

Шапағын шашып күн күліп,
Нұрландырады маңайды,
Күлімкөз бұлақ қымсынып,
Ұрлана көлге қарайды.
Сағынар менің елім бар…
Жұлдыздар төніп жапырлап,
Қызықтап қайсар даланы,
Жатырқамай жәй жақындап
Жанарларға кеп қонады,
Сағынар менің елім бар…
Бабалар кешкен гүл- дала,
Түсіріп еске өткенді,
Ауыртып жанды Құмқала,
Ес жидық-ау енді-енді,
Сағынар менің елім бар…
Болмайды пенде мұңы жоқ,
Көбі жүр елге жарымай,
Отансыз жанның құны жоқ,
Бағы да оның тарыдай,
Сағынар менің елім бар…

ХАЛҚЫМА

Тұншығып тағы жыладым,
Булығып кеуде ызаға.
Елімнің мұңын тыңдадым,
Қарсы алып таңды бозала.
Халқым-ай менің, кінәмшіл,
Қалқасын қимас қинайтын.
Қорыққанынан құдайшыл,
Әруағын, бірақ, сыйлайтын.
Бөтенді көріп жақындай,
Бауырға басын имейтін,
Нашымен сөйлеп нақылдай
Тірлікке қолы тимейтін.
Күйетін отқа ел үшін,
Қадірін достың білетін.
Сарсаңға салып серісін,
Өкініп сосын жүретін.
Байыптап көрмей мін,сырын,
Өзгеге елтіп, ентіктің,
Қырық бір қарыс қырсығын
Арқалап қалдың меншіктің.
Билікке құмар қарағым,
Кез туды кәсіп меңгерер.
Биіктен жанса талабың,
Боларсың әлі-ақ кемеңгер.
Береке, құтың қолыңда ,
Ұйқыдан енді ояндың,
Жігер, күш шалқып бойыңда,
Ездікті келді қояр күн.
Халқымның күні жоқ жырсыз,
Жүрегі күйден жаралған.
Айтпайды қазақ орынсыз,
Рухы сөзден нәр алған!
Найзамен баба қорғаған
Елімнің ерен егесі,
Пайымыңды паш етер
Ғасырың болсын келесі!

Жамау-жамау шұбар бұлт

Жамау-жамау шұбар бұлт,
Күрсінтуге құмар бұлт,
Қандай ақың қалып ед,
Жерді сонша тұман ғып?
Буаз ба едің, бу ма едің,
Нұрды неге күндедің?
Жек көрген соң мен сені
Күні бойы күлмедім.
Жойдың жарқын шаттықты,
Самал-үндер қарлықты.
Арылғым кеп зіл-мұңнан,
Аштым сырлы сандықты.
…Күй төгілді күмбірлеп,
Ақ тостаққа шүмпілдеп,
Томпаңдаған тамшылар
Би билейді бүлкілдеп.
Мен қуандым балаша,
Шарбақтағы алаша
Бар кірінен арылып,
Жайнайды-ау деп жаңаша!
Нөсер, нөсер, құя бер,
Бұғып жатқан ұяң ел,
Көк нұрына шомылып,
Болар ма екен қыран-ер?!

Көрінген бір кез тау болып, белес белдерім

Көрінген бір кез тау болып, белес белдерім,
Сағынып жүрмін, сендерді көптен көрмедім,
Еркелеп ескен самал жел еске түскенде,
Қапырық қала төсінде тұрып тербелдім.
Мұңайып, жасып, уайымнан егер сарғайсам,
Қайсарлығыңмен, тазалығыңмен алмасам,
Дауылға дүлей мызғымай төтеп жататын,
Тереңге тартқан тамырларыңа жалғасам.
…Нөсерлі сол шақ, енесің жиі түсіме,
Қояндай қорқақ қызды ойлаймын күрсіне,
Үркітіп мені тасадан әрбір шөкелеп,
Торитын бала аман да, есен жүрсің бе?
…Көргенде бізді ақ құйын жынын шақырып,
Қашатын едік даладан үйге бақырып,
Сезбеппін сонда қылығын тентек құйынның
Жан дүниемде әкетерімді жасырып.
…Ай менен қауын тілігін көріп тамсанып,
«Ұқсастық таптым», деп шаттанып жар салып,
Қуанып жүріп аптыққанда, атам бейіті
Сондай бір аймен тұрып еді ғой қарсы алып…
… Шашалғандай ма шағала-ойлар кеудемде,
Тарылғандай ма өмір атты шеңбер де…
Сәулесі айдың өтпестей етіп өңменнен,
Аямай топырақ салыңдар мені көмгенде.

Қалталыға қор қылмашы, Құдайым

Қалталыға қор қылмашы, Құдайым,
Несібемді бір Өзіңнен сұрайын,
Ақша бітсе ақылсызға алшаңдап,
Әкеледі қалың жұртқа уайым.
Дүние буы мастандырып, марқайтып,
Бүкірді де қоятыны-ай шалқайтып,
Қуыс кеуде толып кетсе күнәға,
Қонақтасын лас жерде Ар қайтіп?
Алқымдардан ала түсіп арпылдап,
Алаяқ тұр танауынан таңқылдап,
Пасықты да патшадай ғып паңдантып,
Қойғаның-ай, жарық дүние, аңқылдақ.
Қадірсіз боп қара пұлдың жоғынан,
Ибалы жүр еріп көштің соңынан,
Күн бар ма екен адал жанға туатын,
Жылпостардың құтылатын торынан?
Таптап кетті-ау бір опасыз намысты,
(Ақ көңілге кесір қайдан жабысты),
Қолы қысқа қор боп қалды егіліп,
Өкпесін кеп бір өкшелі жанышты.
Бар ізгіні пұлға теңеп, желпініп,
Әлсіз жанның алдына кеп ерсініп,
Кесепаты кеңістікті керіп тұр,
Аспанды да тұрған жоқ ол менсініп.
Мен сенемін киелі деп көз жасы,
Көңіл, шіркін, күні бұрын тозбашы,
Өмір болса, көрерміз-ау әлі біз,
Белгілі ғой күннен түннің озбасы.
Санасызға сабыр берші, Жаратқан,
Жапырмасын қара күшпен ант атқан,
Саяңа алшы самал жүрек жандарды,
Қырықпашы ұшпай жатып қанаттан!

Аспаннан жауып нұр бүгін

Аспаннан жауып нұр бүгін,
Бетімді бұрдым бақытқа.
Намысым түріп түндігін
«Айналма, — деді, — табытқа»!?
«Таптатып таза арыңды,
Не болды, — дейді, — құл болып,
Естімес ешкім зарыңды,
Қаласың көктей құр солып».
Әттең-ай, әттең, әттең-ай,
Есімді жидым кештеу мен.
Шындық деп сенген қатем-ай,
Күндер-ай, өткен еңіреумен.
Есіркеп жүрек, елжіреп,
Орынсыз жеді жұдырық,
Сезімім қалды тентіреп,
Болмысым шаршап, болдырып.
Биікке самғат рухымды,
Сауабын алшы жанымның,
Мына өмір сондай сүйкімді,
Куәсі бол арай таңымның!

ЖҰЛДЫЗДЫ ӨМІР БИІКТЕ
Абай рухына
Жаныңыз жай тапты ма, Жарықтығым,
Қасында кілең жайсаң рухтының,
Пушкинге қазақты айтып күрсіндіріп,
Гетені, бәлкім, және қамықтырдың.
Шығыстың шайырлары сәуле шашып,
Хайям, Хафиз алдыңда сырын ашып,
«Бір Алладан басқаны сүю болмас»,
Деді ме күнә артқан аузын басып.
Қалды ма Байрон, Шелли рахаттанып,
Құтылып жер мұңынан, қанаттанып…
Жоқ, әлде әр ғасырдың алыптары
Оңаша жинала ма сарапталып?..
Сізден соң кеткен еді қанша Аға,
Қазақтың жүрегінде қаптап жара.
Өзіңіз бастап салған соқпақтарды
Кеңейтіп келе жатыр қара бала.
Ақ нұрдай Құс жолында жайраң қағып,
Жүрсіз бе інілерді қарсы алып,
Мағжаның, Әлиханың, Ахметің де
Мауқын бір басқан шығар Сізге барып.
Қазіргі кейпін айтсам жұртыңыздың,
(Бүтін-ақ, бәрі жақсы сыртымыздың).
Бірақ та тоңазиды, көңіл, байғұс,
Көргенде кей мінезін ұлтымыздың.
Менсінбей, Ана тілін – қазынасын,
Қажытса халқың, кімге шағынасың.
«Үйрен» деп көп өсиет айттыңыз-ау,
«Жирен» деп енді болдық жалынатын.
Өтпелі кезең кейде селдете ме,
Келесі жылдар еніп, шер кете ме,
Дәуірдің өткелінде әр жақсылық
Өзіне ынтықтырып шөлдете ме?
Аян ғой сізге ғасыр соңғы лебі,
Өзіңіз дүлей күштің зор түлегі.
Жатса да сонша заман арамызда,
Жақынсыз жанымызға Сіз үнемі.
Биіктен жұлдыз — өмір жарқырайды,
Елінің әрбір сәтін бақылайды.
Отырған қалам ұстап менің қолым,
Сізге ұнар жыр іздеп қалтырайды…

Аяп кетіп шыршаларды шақ тұрған

Аяп кетіп шыршаларды шақ тұрған,
Дауыл келіп ақ шәліні лақтырған,
Көкке ұшырып ұлпа қарды көпсітіп,
Аумайды екен асау ақпан ақыннан.
Жан түкпірім жаңа түткен түбіттей,
Сені маған жетелеген үміттей,
Жаурап қалды-ау балапандай бақытым,
Өз басымды жүргенімде күйіттей.
Шексіз еді мен елітер пәк әлем,
Армандарды асқақтатар ақ ән ем,
Шарықтатсаң жыр – күймемен ағытып,
Алла алдына мен өзіңмен барар ем.
Тілер едім Тәңірімнен сен үшін,
Есеңгіреп, елпілдеген ел үшін,
«Бар күнәні мен мойныма алайын,
Тек жұртыма бере көрші қол ұшын…»
Аяп кетіп шыршаларды шақ тұрған,
Дауыл келіп ақ шәліні лақтырған.
Көкке ұшырып ұлпа қарды көпсітіп,
Аумайды екен асау ақпан ақыннан…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *