Шыбын-шіркейден, сұрғылт бұлттан
Шыбын-шіркейден, сұрғылт бұлттан,
Мазам кетті, мең-зеңмін.
Жанымдағы құрғыр құлыптан,
Ауырғанымды сеземін.
Арамыз жақын, аттай алмадық,
Үрке бердік у-шудан,
Аз күндерді біз үнсіз жалмадық,
Түсіп кетті ұнжұрғам.
Күңкіліне де қарамай көптің,
Жүргім келді аспандап…
Көктемім менің күздей боп өттің,
Арманды қойдым астарлап.
Қашанғы күндер осылай өтпек,
Күрсінеді наз — өмір.
Өңменнен өтіп суық жел өкпек,
Қырауланды жаз — өңім…
АҢЫЗАҚ
Алқына соғып тұр аңызақ,
Соға түс тағы да, таң ұзақ…
Көңсіген керімсал көңілім
Желпінсін өзіңмен азырақ.
Ұқсаймыз екеуміз керемет,
Жасаймыз ұнамсыз әрекет,
Мазасыз болған соң мінеки,
Жұртқа да көріндік бәлекет.
Бейғамдық айналса әдетке,
Құйындар, әрине, қажет те…
Тындырмай ешнәрсе жүрмін деп
Түсіп-ақ жүремін әлекке.
…Көп жанның қашырып ығырын,
Шығарып талайдың былығын,
Ыстық жел ысырып құмдарды,
Арттырып барады қылығын.
Жете алмадым мен әудем жерде тұрып
Жете алмадым мен әудем жерде тұрып,
Ілулі тұр жолымда үлкен құлып,
Жетегінде бір күштің кетіп барам,
Еңсем түсіп, езіліп, діңкем құрып.
Хабар алмай кеттің сен, хал сұраспай,
Бір-біріне ұшқын от кетті ұласпай,
Жақсылыққа шөліркеп жүремін мен,
Бірде ұйқасып өлеңім, бірде ұйқаспай.
Нұр жүзімді біліп ем бұлт бүркерін,
Көп болды ғой жарқылдап бір күлмедім,
Ынтығымды баса алмай ылажсыздан,
Қалт-құлт етіп жүрген бұл құр сүлдерім…
Ренжіттім бе екен Құдайды?
Ренжіттім бе екен Құдайды?
Жүрегім күнде жылайды,
Жақсы көрген жанарың,
Неге көп сонша сынайды?
Мендегі паңдық жалған-ды,
Есіліп көңіл қалған-ды,
Егіліп, елтіп тұрып-ақ
Арқандағанмын арманды.
Қылығым қалды құмартып,
Мүлгіді мезгіл мұнартып,
Барады бір бақ жеткізбей
Көзімнің жасын бұлатып…
Күні бойы көздің жасы құрғамай
Күні бойы көздің жасы құрғамай,
Ауыр тартты санадағы өкініш,
Өткен өмір өгейлігін қозғамай,
Шыдамнан бір жасап алсам бекініс.
Құштарлығын көрсетпейтін құрбыдай,
Көктем мен жаз өте шықты жалт етіп,
Есігімді үрейлер жүр ұрғылай,
Сүп-сүйкімді сенімімді тәрк етіп.
Сыбағамды сұрамадым Тәңірден,
Сынағынан сүрінемін, білемін,
Махаббатты талап етсем Сәуірден,
Ол да маған сезінемін күлерін.
«Түсінші» деп жалынып ем жарыма,
Бұйрық беріп бұрылды да ол кетті,
Риза болғым келді енді барыма,
Қасарыспай, қабыл алып бейнетті.
… Бойымдағы бар ышқыныс үндесіп,
Өте алмаспын өртене алмай, өрлемей,
Жүре алмаймын мен, әйтеуір, күн кешіп,
Адамға тән асқақтыққа шөлдемей.
Мінезімнің түріп тастап пердесін,
Ерік бердім енді көңіл-сұңқарға,
Жаутаңдатып, жабырқатар пендесін,
Жалынғым жоқ тағы тағдыр-сұлтанға.
Дауылға тосып кеудемді
Дауылға тосып кеудемді,
Дедім мен: «Сендім өзіңе!»
Ұшықтап көңіл – меңіреуді
Оралдым кәусар кезіме.
Ашынып кеттім біртүрлі,
Жалындап шықпай жас үнім,
Жоғалтып күндей күлкімді,
Жылаудан қанша жасыдым.
Біреуге сеніп соншама,
Түптемей, ұқпай түбірін,
Именіп кірдім ортаға
Күншілдің естіп күбірін.
Айдыны айқын болмады,
Сұңғыла еді сезімім,
Әбіржітті де қорлады,
Сүрініп қалды-ау сенімім.
Сарқылмас іңкәр сағыныш,
Түлейді жүрек сан күйген,
Жан дүниемдегі жарылыс
Мен үшін артық бар күйден!
Тозаққа түстім, жыладым
Тозаққа түстім, жыладым,
Қамалып мұң-шер кеудеме,
Аллам-ай, сонша сынадың,
Қорлатып қойып пендеңе.
Кеппеді жердің көз жасы,
Табаным сыздан сіресіп,
Бұйырмай жырдың олжасы,
Өзіммен жүрмін күресіп.
Жабайы бұлттар жабылып,
Жасқаншақ етті, жасытты,
Іздедім сая сабылып,
Қадірсіз күндер қажытты.
Сенейін десем үмітке,
Сырғанап кетті сынаптай,
Көрерім тек бір күйік пе,
Аңсап ем өмір жұмақтай.
Жүрер ем аса армансыз,
Төріне тағдыр таласпай,
Қалмаса жүрек қорғансыз,
Іңкәрін тапса адаспай…
Күнәм бар ма сен өшігер кешірмей
Күнәм бар ма сен өшігер кешірмей,
Бөлшектендім бүтіндей-ақ, кесілмей,
Жаншып кеттің жағаласқан намысты,
Өрлігімнің өрімдерін өсірмей.
Талықсумен талай қаңқа жыл өтті,
Бір жұмыр бас жүректі әбден жүдетті,
Жастық шақтың ләззатын да татқызбай,
Мына тағдыр бұрқасынын үдетті.
Жас шыбықтай иіп тұрып мойнымды,
Мұң мен шерге толтырды кеп қойнымды,
Жұп таптым деп бар тәуірді ысырдым,
Сол жалғызым бар «қызыққа» тойдырды.
Ай да шошып сүңгіді бұлт астына,
Мына менің зар жырымнан қашты да,
Сөз айттым ғой жетең болса егерде,
Адам түгіл ерітетін тасты да!
Даурығасың соншама жиі неге
Даурығасың соншама жиі неге,
Түсінбейсің іштегі күйігіме,
Білмейсің ғой іргемнен өткен ызғар,
Қадалғанын дерт болып бүйіріме.
Батып кетті қиянат иініме,
Мен сонда да арланам иілуге,
Ұқпай-ақ келесің сен мендегі бұл
Қайсарлықтың екенін түбі неде?
Екеумізді жазбапты сүйінуге,
Ұғысуға елжіреп, бірігуге,
Арзымайды арзан зат алғаныңа,
Жарағанмен уақытша үйіруге.
Мен өзіңнен қорқамын түңілуге,
Тас атудан аулақпын түбіріңе,
Сен туралы сонда да таза ойлар
Бекінудің орнына үгілуде.
Даурығасың соншама жиі неге,
Түсінбейсің іштегі күйігіме,
Білмейсің ғой іргемнен өткен ызғар,
Қадалғанын дерт болып бүйіріме…
Таң атқанша көз ілмедім тағы да
Таң атқанша көз ілмедім тағы да,
Аман болшы балалардың бағына,
Тергейін деп отырғам жоқ мен сені,
Бір хабар бер, күткен жаман сарыла.
Қиын екен міз бақпастан тың тыңдау,
Түнгі дыбыс үрейлі де, дымқылдау,
Менмендік те парықсыздық белгісі,
Ондайға тән ешкімнен де қымсынбау…
Мен өзімді жеңіп әбден үйренгем,
Тек өлгенде құтылармын күйбеңнен,
Бойым бұлттан арылмай-ақ қойды ғой,
Жарық күнді өліп-өшіп сүйгенмен.
Азамат деп түсірмедім еңсеңді,
Сен үшін де болып кеттім белсенді,
Біздің үйдің алдындағы бәйтерек,
Мені аяп желсіз, үнсіз теңселді.
Өмір қымбат, тарту етіп берілер,
Талай жандар жалғызсырап еңірер,
Уық қылып тікпесе өзін біреулер
Керегелер қайтіп, айтшы, керілер?
Қандай құйын саған тыным бермейтін
Қандай құйын саған тыным бермейтін,
Көкірегіңді ойнақтатып, кернейтін,
Қызық қуып, ұшып жүрсің қаңбақтай,
Шамаң бар ма қолды бір-ақ сермейтін?
Әр пенденің жетіп жатыр жұмбағы,
Қанша кісі жетесіздік құрбаны,
Өз билігің кетіп қалса өзіңнен,
Тас төбеңнен Құдайдың да ұрғаны.
Бір сормаңдай әуселеңді көтерер,
Екіншісі қараңғыда жетелер,
Артып қойып сонша жүкті басқаға,
Көш соңында ұялмасаң кете бер.
Көп ішінде көрінбес те көлеңкең,
Сала берме әуеніңе көнерген,
Ойнап жатыр бас рольді басқалар,
Жарасаң ғой болуға сен көрермен.
ИМАМ СӨЗІ
(Ер азаматтарға)
БІРІНШІ ОЙ
Ештеңеге сенбейтұғын жүрекке,
Қалай қаңсып қалмаған деп таңданам,
«Қыл» көпірден құлаймыз, — деп,-
түнекке»,
Қанша мұңлық жамандыққа бармаған.
Иманы жоқ, ұяты жоқ адамнан,
Үміт күтіп керегі жоқ, ол айып,
Татқан болсаң егерде дәм арамнан,
Ізгіліктер қалар бойда ортайып.
Көмек жаса мүгедекке, зарлыға,
Жақсылығың қайтсын дейміз Құдайдан,
Бәрі келер айналып өз алдыңа,
Өрекпіме шықпадым деп құмардан.
ЕКІНШІ ОЙ
Қанағат ет азға болсын, көпке де,
Өкпелеуге тұратынға өкпеле,
Жарымайды ешқашанда сараң бай,
Сондықтан да болмаса да «жоқ» деме.
Асып-таспа, алды-артыңды ойлап бақ,
Әзәзілге еріп кетпе ойнақтап,
Періштеге шайтан бірге ілесіп,
Қалмайды екен қыр соңынан шойнаңдап.
Жаныңдағы жақыныңды жат көрме,
Байлық деген қалып кетер бақ – көрме,
Маңдайынан сипап жесір-жетімді,
Диуананы шығар сыйлап ақ төрге.
Ниетіне қарап берер әркімнің,
Қамын ойла, тірегі бол халқыңның,
Іштарлықпен, ішіп-жеудің жолында,
Арзандатпа құнын парыз-парқыңның.
ҮШІНШІ ОЙ
Көңіл тоймас қызық деген қызылға,
Болмашыға бұрып кетіп бұзылма,
Мақтаншақтық масайратып, есіртер,
Білгішсініп көп алдында қызынба.
Су ішетін құдығыңа түкірме,
Кейбіреудің кейпін көріп «шүкір» де,
Азаматтың байланысты өрлеуі
Тек жан-жары жасай білер күтімге.
Обалы бар барлық тірі жәндіктің,
Киесіне ұшырайсың зарлықтың,
Ермек үшін еріккеннен жұп болсаң,
Қарғысы атсын сені аппақ жаулықтың!
ТӨРТІНШІ ОЙ
Өлімнен қорқып бір жағы,
Тайсалып және өмірден,
Адамның арда ұрпағы,
Өтеді көз жас төгумен,
Сарқылып қуат, шөгумен.
Жаратқан ием мәрт екен,
Аз ғана ғұмыр ішінде,
«Бәрінің дәмін тат» деген
Үлкенің де, кішің де,
Жарамсызың да, кісің де.
Сананы беріп сараптап,
Білдіріп есін еселеп,
Біріне бірін сабақтап,
Дүниені қойған шегелеп,
Жасаған қандай керемет!
Соншама сезім, ойменен,
Жете алмай болмыс мәніне…
Адамды неге қойды екен,
Ынтызар етіп бәріне,
Қас қылып жанын тәніне…