ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

Қалың тұман қаптап кетті маңайды
Қалың тұман қаптап кетті маңайды,
Күнді аңсап, жұрт та минут санайды.
Бұлдыраған бұйра сағым ішіне
Сіңіп кетіп жоқ болмасақ жарайды.
Мамыр мекен толып кетті-ау күншілге.
Бар ма екен дауа бұл дерт-шіркінге,
Солқылдайды алпыс екі тамырым
Жүз қиянат жасалғанда бір күнде.
Заңы ма еді жазмыш атты құдіреттің,
Таң атпай-ақ талайларды еңіреттің,
Қайсысына болысамын дедің бе,
Зар мен мұңнан шайқатылған төңіректің.
Егіз екен бақыт деген сеніммен,
Жан-тәніммен мен де оған берілгем,
Қиын-қыстау күндер қалып қапаста,
Жақсылықты көрейінші еліммен!
Ақылмен жеңемін деп ақымақты
Ақылмен жеңемін деп ақымақты,
Талықсып талай талма таңым атты
Жүрегім шапалақ жеп жетімектей,
Шіркін-ай, жан жылуға жарымапты.
Көргенде құлағанын небір жайсаң,
Дәрменсіз үгітіліп қуат-қайсар,
Соншама шыбын-шіркей көптігінен,
Аһ ұрып, амалсыздан кеуде шаншар.
Көгендеп көңілімнің көк дауылын,
Езілер Адам үшін ет-бауырым.
Саналы саңлақтары адамзаттың
Көтерер қиянаттың ең ауырын.
Оларсыз мына өмірді қатер басар,
Жауыздық бар білгенін тағы жасар.
Отызыншы жылдардың «Ғарасаты»,
Халықтың зиялысын жиып асар.
Сенемін болашаққа мағыналы,
Парасат иесіне табынамын.
Қойнына қара жердің барғанда да,
Арайлы пейілдерді сағынармын!
Еркелеп те көрмеппін-ау еркін мен
Еркелеп те көрмеппін-ау еркін мен,
Қымыз қылық айырардай кейпімнен.
Күлдіретіп күйдіріппін көңілді,
Анда-санда азын-аулақ серпілген.
Менде жатыр талай тасқын, дауылдар,
Бір аймаққа жетер және дауым бар.
Жан-жағымнан қысқан кезде сан қайғы,
Еңсем түсіп, ой тізбегі ауырлар.
Мәз боламын қай күйіме жетісіп,
Жатса пенде бөлінісіп, шекісіп,
Шырылдаймын, түсемін кеп араша,
Бәз жүректер жатса екен деп бекісіп.
Салуменен өзімді-өзім қалыпқа,
Жағамын деп жанымдағы халыққа,
Байқамаппын төнгенін де қою бұлт,
Бойымдағы шуағы мол жарыққа.
Жаурап қалды бүршік атқан жан бауы,
Құс-көңілдің мүмкін бе енді самғауы.
…Сенің барың қандай жақсы, қарағым,
Өзің болшы күрең күндер арқауы…
Кетсем бе екен кекілді көктемге еріп
Кетсем бе екен кекілді көктемге еріп,
Қызғалдақты солдырмай түгел теріп,
Көк майсаның қадірін біліп енді,
Жүгенсізге жатырмыз арқан керіп.
Марапатқа мәз болып, қонған баққа.
Талайымыз таластық тарлан таққа,
Ырысын жеп ұрпақтың, ұпай жиып,
Несібеміз шашылды-ау талай жаққа.
Аранымыз ашылып тойған сайын,
Адам халін ұмыттық, жердің жайын,
Бұтақтары сидиып, ырсиып тұр,
Ортасында түтіннің байғұс қайың.
Ар жағында қызықтың бар тозағы,
Азамат қой елдің де қол созары,
Зиялысы өз басын күйттеп кетсе,
Қара халық жағдайы не болады?
Мен арқалар салмақ көп, сен арқалар,
Іс тындырмай жарамсақ атой салар,
Тіліміз бен сүйенбей жағымызға
Бұл кеселге келді кез енді ем табар.
Жадырамай қойды мына жарық күн
Жадырамай қойды мына жарық күн,
Обалына қалдың сен де шабыттың,
Білмейтін бе ең ұқсастығын қайғы-мұң,
Тек ерекше екендігін бақыттың.
Ылай кешіп жүр екенмін түсімде,
Шынымен-ақ оңбай қойды ісім де.
Тілеймін мен қалмасын деп бір қылау,
Күнделікті басып өткен ізімде.
Жөндеймін деп жөнге келмес жандарды,
Қаншама рет көңіл, байғұс, алданды,
Текке тартпас ұл болмайды деген бар,
Қайтерсің бұл қарға тамыр жалғанды.
Жауқазындар жайқалмады мен үшін,
Іште жатқан мұздар қайтіп ерісін,
Жылы қабақ танытпады-ау тіршілік,
Кигізді де теріс қарай кебісін.
…Сорлы жүрек, неге сонша шаршадың,
Көңілін табу мүмкін бе екен баршаның?
Өзі мейірім көрмей жүрген пақырдан
Нені күтіп, не жақсылық аңсадың?..
Азаматқа хат
(Ой иірімдері)
I
Шабытым шырмалып шылбырына күрең күндердің,
Жарқырай алмай мен-дағы шарасыздан күрмелдім.
Енсіз енші іздемей, есігін қақпай бақыттың,
Амалсыздан іркіліп, еркімді тежеп үйрендім.
Іңкәрлігім басылмай, ірілік іздеп іргемнен,
Босбелбеулер жанында қаншама жыл жүргем мен.
Бөріктінің бәрін де нақ бөріге балаумен,
Түңіліп кеттім түксиген түйсігі жоқ түрлерден…
II
Үрей қысып кеудесін, үркіп те қалған үмбетім,
Ішірткісін ішкенде, жоғалтатын келбетін.
Елім жайлы ойласам, жетесіз жылдар жетелеп,
Жеткізеді ойыма жетпіс жылғы жендетін.
Иықтылар бір бой түзеп, болар да едік еңселі,
Жазылар ма оп-оңай зарлатқан заман кеселі?
Өгейсіп өз ұлтыңды, жақын тартсаң басқаны,
Бауырым-ау, неліктен жазғырмайын мен сені?..
III
Іріткі салу ірітіп – бір түрі ғой қанаудың,
Жылжып жүзге бөлініп, бөлек пе еді жалауың.
Жан-жағыңда жалын бар, жеріңе де көп жеріктер,
Ағайынға дұрыс па ала көзбенен қарауың?
Түбіне ойдың жете алмай, өткен ерен саңылақтар,
Санасызға мал бітсе, асып-тасып шалқақтар,
Бір жақсымыз байыса мыңға жасар шарапат,
Қолдап жүрер қуанып оны баба – аруақтар.
IV
Басшы екенсің, жұрттыңның обалы бар мойныңда,
Ұшқыр да озық болуы шарт болжамың да, ойың да.
Көптің көзі көреген, қондыра қоймас көңілге,
Еліткізетін қасиет табылмаса бойыңда.
Ердің жүрегі риясыз, жаны оның сезімтал,
Парықсыз адам өр емес, көкірегі құр керімсал.
Ұяты жоқ жандардың күйзелгенін көргем жоқ,
Болар олар қызғаншақ, жаны суық, көңілі тар.
V
Өзіңе жаздым өлең он бес буын бұрқыратып,
Қозғадым көңіл дертін аямай-ақ шырқыратып.
Ел нарына артылатын заман жүгі жеңіл емес,
Дос айтады дейді ғой бір күлдіріп, бір жылатып.
VI
Ұлына сенген ұлтымның үміт кілті сенде екен,
Ағасы мықты қыздардың бағы әсте кем бе екен?
Жырлар ма едім асқақтап, сөйлер ме едім еркінсіп,
Азаматы елімнің, асылдығыңа сенбесем!
ҚҰРБЫҒА
Замандасым, қазақтың көрнекті ақыны
марқұм Жұматай Жақыпбайұлының
рухына арнаймын.
Өртеніп жатыр қарағаш,
Менімен еді-ау шамалас,
Түспесем өзім араша
Қайрылып ешкім қарамас.
Жапырақ жасыл жанғанда,
Жас жүрек айқай салғанда,
Әділет бар ма деп, сірә,
Жалбарынам кеп жалғанға.
Өрт шалса бүгін ортамды,
Күлпәрша етіп торқамды,
Дерті көп мына ғұмырды
Оңалтар кім деп қорқам-ды.
Келмей ме бәрі ретімен,
Табиғат тайды сертінен,
Астаң да кестең дүниені
Қалпына қайтіп келтірем?
Дуылдап жердің денесі,
Алуынан аз бересі,
Жүргенде құрбың жабырқап,
Замандас, өзің демеші!..
Мына өмір сенсіз баянсыз,
Жанымды тіліп аяусыз,
Қалдырма мені қапыда,
Қалдырма мені саяңсыз.
Жүрмеген әлі жолдар көп,
Алмаған біздер қорған көп.
Бәйтерек болып бой түзеп,
Жайқалар едік орман боп.
Сананың жеткен парқына,
Жалынын берген халқына,
Қарбалас кездің құрбаны,
Қарайлай кеткен артына.
Жан құрбым менің қанаттас,
Екпіні еркін қаратпас.
Орыныңа заңғар көктегі
Ешкім де енді таласпас!
Қадіріме де жететін,
Көргенде жайнап кететін,
Жарылқап Тәңір алдыңнан,
Болсыншы нұрлы бекетің.
16 қыркүйек, 1990 жыл.
Шекіскенмен пенде дауы шешілмес
«Жылы-жылы сөйлесең,
Жылан інінен шығады».
(Халық мәтелі)
Шекіскенмен пенде дауы шешілмес,
Баса берсе кеудеден ән есілмес,
Жылы сөзді айта алмастай адамдар,
Қандай күнә жасап еді кешірмес?
Жылылықты аңсаймын мен балаша,
Шаттанамын біреу күліп қараса,
Бірақ сен де қырғи қабақ танытып,
Шағып алып жүрсің жиі араша.
Ойларымды бүктей бердім умаждап,
Шабыт оты өршімеді, құр маздап,
Інкәрлікті іңір жұтып қойғандай
Көңілдегі тау құлардай тұр жаздап.
Шаншып, қоймай соңғы кезде жүрегім,
Қимай мына кең әлемді жүремін.
Мен көрмеген бақыт, нұрдың бәрі де,
Кейінгіге дарысын деп тіледім.
Әр дәуірдің дайындаған сыны бар,
Бейнеті де жеткілікті, қыруар.
Өткелдерден небір алып шығатын,
Жүректерден тарап жатқан жылулар.
Болғанмен де қанша қиын кей кезің,
Шыдам керек, шынығардай ер-төзім.
Басқасының бәрі келер орнына
Азаймаса бойыңдағы сел – сезім.
Бұлт бүркеді бүгінгінің көктемін,
Жұрт аңсап жүр келерді емес, өткенін.
Санамызды аралайды сағыныш,
Қайта аштырып шуақты күн беттерін.
…Өмір — өзен ағып жатыр тасынып,
Кінәсіз көп көз жастарды жасырып,
Бір жылы сөз айта алмастан мұңлыға,
Қайда бара жатырмыз біз асығып?
Өзегімді өртеп кейде қара су
Өзегімді өртеп кейде қара су,
Қане, деймін мұңлықтарға жанашу.
Адамзатты тоздырады ақыры,
Баяғы сол санасу мен таласу.
Сен кеткенде шегірткеше секіріп,
Киім таңдап масаттанып, есіріп,
Біреу жүрер бас көтермей тырбанып,
Шамасы жоқ отыратын көсіліп.
Жөргегінен атанумен жетімек,
Қайда барса шерге толып көкірек.
Басын тірер жақын пенде болмады-ау,
Іште тұнды асыл арман, көп тілек.
Арқалаған о бастан-ақ ар сынын
Өткірлігін көрген тағдыр – қамшының,
Сондықтан да болар, мүмкін, абайлап
Айтады ол дос-жаранға қалжыңын.
Күледі тек сырт пішіні байқасаң,
Жанарында сенім, күдік айқасар.
Жалғыз байлық – намысы үшін бойдағы
Бар мықтыңмен аянбай ол шайқасар.
Мақтанып ол айтпаса да табысын,
Қадағалап қадамының барысын,
Сезіп жүрем қуанышы аз, мұң толы,
Жұдырықтай жүрегінің қағысын.
Сипамаған туған ана басынан,
Жол шетінде жүріп қалған жасынан,
Елегізіп жалғыздықтан көңілі,
Ұзатпайды балаларын қасынан.
Қинағанда қиянаттар қамалап,
Жауыздықтар жан-тәніңді жаралап,
Сол бір Адам табылады қасыңнан
Жаны ашып, бәйек болып, аялап.
Қиындықтан үркеміз біз қояндай,
Жеңілдікке ұмтылуды қоя алмай.
Қиналуды білмейтіннен қорқамын,
Кете ме деп мейірімі оянбай!..
Мен жыласам аспан бірге жылады
Мен жыласам аспан бірге жылады,
Оның-дағы таусылғандай шыдамы,
Піл секілді зұлым күшпен алысқан,
Таулардың да салбырап тұр құлағы.
Қайтсін менің шүйкедей бір тәнімді,
Қара ниет алмақшы еді жанымды,
Қалқан етіп қарсы тұрдым сол бір сәт,
Бойымдағы бар асылым – арымды.
Қаймыққандай қансыратқан дүлейлер,
Ыдырады қоршап тұрған үрейлер,
Ойламаушы ем адалдығым үшін де
Күндейді-ау деп «дос» боп жүрген біреулер…
Найзағай-ой жарқылдайды санамда,
Сол ұшқынды іліп алсам қаламға,
Кекшіл емес, көпшіл, балаң көңілмен,
Ақ жүзімді тостым ерке самалға…
Қуаныш, қайғы аралас
Қуаныш, қайғы аралас,
Көңіл де, кейде, жалаңаш,
Тағдырдың аз ба тәлкегі,
Жалғыздық жанға жарамас.
Жанаспай жанар жарқылы,
Ашылар қалай жар сыры,
Лебіңнен сенің еседі
Қоңырқай күздің салқыны.
Жақсылық аңсап келгенбіз,
Ақ сүтін ана емгенбіз.
Бақыт та бар деп өмірде
Махаббатқа да сенгенбіз.
Ине мен жіптей сабақтас,
Өзіңсіз маған таң атпас.
Сезбей-ақ қойдың мұңымды,
Секілді болып жұмбақ тас.
Аз емес шығар ізгілік,
Үміттер кейде үздігіп,
Мұңаям таппай бойымнан
Елітер сені жүз қылық.
Кінәлі мен бе, қоғам ба,
Түсінбей келем оған да,
Апалар жиған әсемдік
Біздерде қазір жоғалды, ә?
Шаттықтан шалқып жүргем жоқ,
Түндігін шабыт түргем жоқ,
Тұмшалап байғұс жүректі
Өзімшіл өмір сүргем жоқ.
Ерте-кеш бірдей сабылып,
Жабырқап жаным, қамығып,
Қалғанымды да білмеппін,
Әдемі назды сағынып…
Бұзылма, көңіл, бұзылма
Бұзылма, көңіл, бұзылма,
Қызығып кетіп қызылға,
Тайғанап құлау бір-ақ сәт,
Қисынсыз жерде қызынба.
Жерік те етер жалған бар,
Желікті қуған жандар бар,
Сағыныш болып өксітер,
Өмірден кетіп қалғандар.
Айныма, көңіл, айныма,
Тұра алсаң төтеп қайғыға,
Артынан келер қуаныш,
Жамандық кетер қаймыға.
Қуалап кетпе құр пайда,
Зейнет те қашпас ешқайда,
Әр адам өзі бір жұлдыз,
Зерттелмей жатқан шалғайда.
Кірлеме, көңіл, кірлеме,
Ашудың отын үрлеме,
Айналып өтсе бақ сені,
Жеткендерді күндеме.
Төзе біл, көңіл, төзе біл,
Жүрегін достың сезе біл.
Өрекпіп қанша тұрғанмен
Бәріміз барар меже бір…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *