Батыстағы құрбыға хат
I
Менде жатыр Шығыс, Батыс ұштасып,
Бейбіт күндер ұқсас бірдей нұр шашып,
Арамызда суық аяз сықырлап,
Көңілдерді бара ма әлде мұз басып?
II
Алыптарды алмайықшы өлшемге,
Олар ұқсас мәңгі жасар көктемге,
Әр халықтың Ұлдары бар ұрандай,
Сыйынатын небір көз жас төккенде.
Қанша көкке талпынғанмен ұша алмай,
Бақытты да ұзағынан құша алмай,
Сен де, мен де өтерміз-ау өмірден,
Таңырқаудан басқа ештеңе ұта алмай.
Мендегі үрей сенде аз деп сенемін,
Неге керек талдап оның себебін?
Кеудемдегі жотасы кең жомарттық,
Білемін мен барлық сынды жеңерін.
Мен жетпеген жерге жетсең сен егер,
Бойымдағы асыл сезім тербелер.
Сен жақтағы өнегелі өрлеулер,
Менің жусан-жырларыма дем берер.
III
Біздер жайлы аз білерсің сен, бәлкім,
Шындық десе шырқырайтын бар халқым.
Ұяңдығы – тұнып тұрған махаббат,
Тереңінде жатыр оның жаз жарқын.
Шуағы мол, жарығы мол елім бар,
Дос дегенде көңілі оттай керімсал,
Сауап пенен обалдардан тұратын
Ақ ниет пен онда дархан пейіл бар.
Өскен едік үлкен сыйлап, ел сүйіп,
Тауқыметті тартқанмен де сан күйік,
Сол баяғы аңқылдаған, қазағым,
Көрген емес көкірекке кек түйіп.
IV
Сусыз, нусыз көктей алмай Ай- дала,
Шала-жансар жатыр тілі байлана,
Торға түскен торғайдай боп біз жүрміз,
Көк түтіннің ортасында айнала.
Еркін жұтар жұпар ауа аңсадық,
Көп сауалға шешім таппай шаршадық,
Көктің нұры бәрімізді жарылқап,
Мөлдір таңды жүрейікші қарсы алып!
жаратқанға жалбарыну
Намысты қорғап, шырылдап түскен от, суға,
Бар еді-ау небір ұлдарың сенің зор тұлға.
Жалбарынып мен тілеймін тарпаң тағдырдан,
Қайтадан енді жұртымды менің қор қылма!
Таптатпа енді қасиетін тарлан даламның,
Ойынан сақта есерсоқ кейбір арамның,
Жұртына туған өгей ғып өзін өксітіп,
Бұрмалап тілін шұбарлатпашы баламның.
Аштықтан сақта, алдыртпа барын басқаға,
Апаттан сақта, жамандықтарға бастама.
Кесірден сақта, пендеден кейбір келетін,
Ниеттен сақта, қараңғы түндей қап-қара.
Талатпа тағы талапай етіп қойнауын,
Біреуді езіп, көрсетпе біреу қорлауын.
Қадірін білген адамның да, жердің де
Қазақтың өзі бар әлеммен дос, бауыр.
Бере гөр талап, талпынтар мөлдір бастауға,
Тұратын қарсы өрлік бер келген қас-жауға.
Ездіктен сақта, еңкілдеп еріп дұшпанға,
Қимасын сатып, іздеп кететін бас сауға.
Қиянатқа толы ғасырда мынау ғаламат,
Жұқтыра көрме, жұртыма жарқын жаман ат.
Бірлігін сақтат, азаматтарын демей гөр,
Жайнасын елім, шарықтасын сау-саламат.
Пейілін сақта, пиғылы түзу халқымның,
Өздігін сақта, өзегін бұзбай салтымның,
Егіліп тұрып, тілеші сенде, жамағат,
Арттырсын Тәңір маңызын пайым-парқыңның!
Құлазып көңіл қалды құлдыраумен
Құлазып көңіл қалды құлдыраумен,
Өтуде қаншама күн құрғыр даумен.
Сырымды ашамын деп кейбір жанға,
Отырмын маңдайымды ұрғылаумен.
Көбейіп қатыгездік барады ма,
Өкпелеп, кейде, жүрем заманыма,
Аңқылдап өзімдей деп жұрттың бәрін,
Өкінем, алғаш сеніп қаламын да.
Пенденің астарында бүгері көп,
Жан-жақтан шарпығандай үнемі от.
Көрмедім мінсіз жанды мен, әйтеуір,
Бәрінің мінері мен түзері көп.
Бағыңа басыңдағы қызықпадым,
Тазалық еді бастан ынтыққаным,
Арымды таптамайтын бір жан болса,
Ол сен деп, өзіңе шаң жуытпадым.
Сол сенім шайқалмасын, ортаймасын,
Жүректе қалдырсын ол қолтаңбасын.
Жанымда тірегім боп өзің жүрсең,
Мен-дағы оңайлықпен қартаймаспын!
Жете алмай жерұйыққа жырым-дағы
Жете алмай жерұйыққа жырым-дағы,
Жас кербез көктем маған бұрылмады.
Аңсарым күннен-күнге барады ауып,
Дәуірге сонау ғажап бұрындағы.
Қадірін бір-бірінің білген заман,
Деп қойдық: «ол кездегі адам надан»,
Тоқталған сөзге қандай даукесің де,
Бұл дүние ақ батамен қалған аман.
Сүйсінтіп ұзағынан жақсылықтар,
Тартысты қояр ма екен бұл халықтар?
Туады ақырзаман арсыздықтан,
Аз емес болып жатқан құрбандықтар.
Сенемін күш барына адамзатта,
Шығар ол басқа түскен қиын шақта.
Қаншама төнсін мейлі қауіп-қатер,
Өтінем, пиғылыңды таза сақта!
Күншілге жоламайды бақ пен ырыс,
Жанынан қашар оның дос пен туыс,
Байлыққа батса да ол белшесінен,
Көңілі көншімейді болса қуыс.
бір бюрократқа
Кішігірім бақытқа масаттанып,
Өзің болып-толғандай қанаттанып,
Отырасың алдыңа келген жанға,
Кірпік қақпай безеріп, қарап қалып.
Биліктің буы мүлдем еркіңді алып,
Кешегі жолдастарды бөліп-жарып,
Лауазымы артыққа иілесің,
Орныңнан ұшып тұрып, қолын алып.
Бағы жанбай жүрген дос келе қалса,
Сылтауратып, асығып құтылғанша,
Өтінішін тыңдаған боп күрсінесің,
«Ертерек айтпадың, — деп,- амал қанша».
Өз қолыңда тұрса да істің кілті,
Боласың да қаласың сен бір түлкі,
Түспейінше қалтаңа парабасы,
Сұраушыңнан, сандалып, қашар күлкі.
Маскүнемнен арақты кем ішпейсің,
Торға бірақ ол түскен, сен түспейсің.
Қатын-бала үйдегі үн шығармай,
Сыртқа ешбір бүлікті білдіртпейсің.
Курорттарға барасың кердең басып,
Марапаттан күніге нұрың тасып.
Соңыңнан қойдың басы домалайды,
Кеңк-кеңк күліп жейсің де, дейсің: «нәсіп».
Айтатын бір сөзің жоқ есте қалар,
Сонда да біраз байғұс саған қарар.
Ішінен жек көрсе де кейбіреуі,
Қанға сіңген әдетімен шыдап бағар.
Саған тіпті, бәрібір, тіл де, дін де,
Көртышқандай тығылып кірдің інге,
Алтын берсе сатуға тайынбассың,
Жерің менен халқыңды қосып бірге.
…Дүниенің қызығына баттың әбден,
Айрылдың, бірақ, барлық ар мен мәннен.
Ертерек кетсең егер бұл фәниден,
Жұртыңа жасар едің үлкен жәрдем…
Арайлап атпай таңдарың
Марқұм әкем Ибрагим мен шешем
Бибіғанша рухына арнаймын.
Арайлап атпай таңдарың,
Жат болып ай мен жұлдызы.
Жабырқап жасыл жандарың,
Гүлдерің солып қырмызы.
Бақтарың болмай баянды,
Терегі екі үй иілмей.
Көрсетпей маған саяңды
Балаңа тұңғыш сүйінбей.
Ала жіп аттап кеттіңдер,
Қарамай артқа алаңдап,
Соңыңда азап шектім мен
Нағашы жұртты паналап.
Өскем жоқ кем боп ешкімнен,
Еркесі ата-әженің,
Жарымжан күйін кештім мен
Естімей үнін әкенің.
Біртіндеп бәрі еленбей,
Кете ме деп ем сол бір дақ,
Атызы ойдың тереңдей
Үзіле берді жас – моншақ.
Торғайдай жаным шырылдап,
Жүректі жүрдім тілімдеп.
Сыртымнан біреу сыбырлап,
Тұрғандай «мәлім сырың» деп.
Толқытпай күндер талшыбық,
Әуре боп оймен, сезіммен,
Мінезімдегі қайшылық
Қалған-ау сонау кезімнен.
Құра алмай бүтін жартыдан,
Жалғаспай талай үмітім,
Үшбұрыш сол бір қалпыдан
Арылмай қойдым күні-түн.
…Кеткелі сендер жыл талай,
О дүние қандай кім білсін?
О жақта тағы қарамай
Біріңе-бірің жүрмісің?..
Емеспін, Аға, Сізді көзім көрген
Сатыбалды Дәрібайұлының
рухына
I
Емеспін, Аға, Сізді көзім көрген,
Білемін қасиетіңді өлең өрген.
Не бәрі он тоғызда аттаныпсың
Соғысқа — қатер болып елге төнген.
Соңында кемпір мен шал қалды семген,
Қарындас – менің анам – арттан ерген.
Қасірет жүрегіңді торласа да,
Дем берген жұртқа жыр мен сөзің-мерген.
Мейірімің көл-дария елді үйірген,
Жырларың сақталмапты сүйіндірген.
Асыл боп туарсың ба, жаным Аға,
Ғайып боп жүректерді күйіндірген.
II
Нашар жырлар жазды деп,
Жазғыра көрме, жан аға,
Өнерім болса азды-көп,
Аруағың қонған, жан аға.
Ар менен ұят өлшемі,
Алдымда жүрсең сен егер,
Болар ем мен де еңселі,
Сен болар ең кемеңгер.
Өнеге тұтар өрлерім,
Өреміз тар боп өсерге.
Шығатын Сіздер төрлерің,
Бұйырды небір «көсемге».
Арынды, Ай – дос ақыным,
Зерделі сөзге зересің ,
Жаныма жырдай жақыным,
Жадымда қалды елесің.
Өзіңе тағы бас идім,
Дарының менде қауласын,
Сауытын сордың жас кидің
Соңыңда налаң қалмасын.
Тапсын да орнын оңалсын,
Озық ой, албырт өренің,
Еліңді жебеп, қолдарсың,
Өтелер әлі-ақ төлемің.
-2-
Рухың маза бермеді,
Өр екен найза-намысың,
Кім, қайда сені жерледі
Еңіреп те кеткен, арысым?!
Бірі едің өзің көп нардың,
Өмірдің аз ба жарасы.
Белгісіз солдат боп қалдың,
Дәрібайдың жалғыз баласы.
Талай жанға сый көрсетпей дұрыстап
Талай жанға сый көрсетпей дұрыстап,
Өкініштен жүрегімді уыстап,
Жүремін мен айрылған соң солардан
Аруақтардың аттарынан ту ұстап.
Қадіріңе жетер кезде келгені,
Босаңсыды менмендіктің белбеуі.
Жетең болса түсінерсің, әйтеуір,
Біздің үйге қимастықтың енгені.
Зер бағасын зергер білер деген ед,
Күтіп келем болар деп бір керемет,
Бірақ сенің көзқарасың баяғы,
Дейсің маған: «Керек саған қошемет».
Ал, мен үшін тар боп кеп-кең дүние,
Түсіп жүрем әрбір пенде күйіне.
Иінімді жаншып түйдек көзжастар,
Тәлтіректеп зорға жетем үйіме.
Безіп барлық безеу бетті күндерден,
Шошып желмен уілдеген үндерден.
Тығыламын келіп сенің қойныңа,
Құбыжықтар шығатындай індерден.
Сен де ұғып түсінгенің шамалы-ау,
Жалғыздығы жанның, әттең, жаман-ау.
Іңкәрлігім санамды өртеп, Сезімнің
Уысынан шықпай, бәлкім, қалам-ау…
Мінеулер
Бүгінгі жауған қар ертең,
Ылайланар-ау сел болып,
Жымысқылық бұл әдетпен,
Жарытпаспыз да ел болып.
Жетесіз шіркін жетіспес,
Жеті қарыс жал бітсе де,
Қасыңда тұрып есітпес,
Шыңғырған даусың жетсе де.
Ақшасы бітсе сүмпиіп,
Сүмеңдеп ерер соңыңнан,
Қайтадан бір күн күмпиіп,
Ұсынсаң алмас қолыңнан.
Дүниеңе қарап сыйлайтын,
Лауазымыңа құлдық қып,
Түкке де татып тұрмайтын,
Үйреніп қалған ұрлық қып,
Бар екен небір пақырлар,
Кеудесі түнек, жарықсыз,
Есеппен сөйлеп тақылдар,
Көбейіп кетті парықсыз.
КЕЙБІРЕУГЕ
Айтарымды айтам жақтыр, жақтырма,
Бас керек-ау көтеретін бақты да,
Берекесіз ырыс құны бес тиын,
Дүние үшін жақыныңды жат қылма!
Көкірегіне кейбіреудің нан пісіп,
Жақынымен жауласады, алысып,
Өзін-өзі дәріптеуге құмар-ақ,
Той жасайды, бақталас боп жарысып.
Өткінші ғой қуаныш та, қайғы да,
Бола бермес әрқашанда жай мына,
Кеше тойып, толдым деген ағайын
Мүсәпірсіп қалды бағы тайды да.
Байыппенен жан-жағыңа қарасаң,
Аласапыран тағдырлар жүр арасан,
Кесірінен әке-шеше зейілсіз,
Шерлі болды-ау жәудіреген бала сан.
Кім жетісіп отыр дейсің күнде бір,
Жұртыңменен бірге жылап, күле біл.
Дүмше болмай дос қадірін түсініп,
Адамдармен ортақ өмір сүре біл.
Жақпайды ғой қайтып келген қыз деген,
Ел едік қой Ізгілікті іздеген,
Тегін тергеп, атастырып бесіктен
Ұрпағының жалғастығын үзбеген.
Өз-өзінен келмейді екен дәулет те,
Таланыңды тәрк еткізіп әуре етпе,
Тіршілік пен жігер, сезім қосылып,
Көрік берер Сана атты сәулетке.
Мүдірмейтін минуттарға шырмалып,
Күні бойы тыным таппай тырбанып,
Өрімталдай өмір өтіп барады,
Өнімінен жүрмейікші құр қалып!