Бар табиғат күбірлесіп, сыбырласып, сырласып
Бар табиғат күбірлесіп, сыбырласып, сырласып,
Анау шымшық сауысқанға болып қалды шын ғашық.
Жылт-жылт еткен тышқан көзі жаналғышы – мысықта,
Құйттай құстар шаттанады, таңдай қағып, шуласып.
Дүние-думан есіртеді, еліктіріп, елітіп,
Қойғанын-ай бар тіріні бір-біріне телітіп.
Ағыл-тегіл алабұртып, желіктірген ғұмыр-бақ,
Алатыны-ай бір-ақ сәтте қақпаларын бекітіп.
Сана сыйлап адамзатқа жарылқамай басқаны,
Мейіріммен, шапағатпен тек нұр болып шашқаны,
Тоқсан тоғыз есімінің мәнін ашып Құдірет,
Жүзіншісін жадымыздан неге алып тастады?
Мәңгілікті ұқпақ түгіл, түсінбейтін бір-бірін,
Жұмыр басқа Жаратушы қалай ашсын шын сырын,
Жүре берсін деген шығар шыр айналып жерменен,
Іздеуменен құпиясын ашылмайтын құлпының.
Барлық дүние күбірлесіп, сыбырласып, сырласып,
Анау шымшық сауысқанға болып қалды шын ғашық,
Жылт-жылт еткен тышқан көзі, жаналғышы — мысықта,
Құйттай құстар шаттанады, таңдай қағып, шуласып…
Өрлік жыры
Қанатын жазған қаршыға,
Құсадан қалған тұншығып,
Ыршына қарап артына,
Аңсарын құшты ынтығып.
Жанарда қалды жас тұнып,
Баптаған еді оны адам,
Өзіне бауыр бастырып,
Досына адал балаған.
… Өрлігі биік өптіріп,
Ынтасы ұйытқып аспанда,
Бір сәтте Намыс көк тіліп,
Ұласып кетті Құс таңға…
Жараланды жаным кезіп жар-құзды
Жараланды жаным кезіп жар-құзды,
Сағындырдың сырбаз тұлға жаны ізгі,
Мазасыздау түсіп жүрем күйге мен,
Өтемедім деп ақындық парызды.
Сен жолықсаң қаулар еді мың бір жыр,
Екеумізге құшақ жайып мұңсыз қыр,
Кеңістікке ұшып ұлпа сезімдер,
Көкіректен саулар, шіркін, сүре-сыр.
Ашар едім сан жүректің қақпасын,
Жайнатар ем әрбір көңіл бақшасын,
Нөсер-жырдан дауа тауып шөлді жан,
Дүр сілкініп, қайта түлей бастасын.
Жараланды жаным кезіп жар-құзды,
Сағындырдың сырбаз тұлға жаны ізгі,
Мазасыздау түсіп жүрем күйге мен,
Өтемедім деп ақындық парызды.
Есіртер есер көңіл желік қысқан
Есіртер есер көңіл желік қысқан,
Болмаса өн бойыңда берік ұстам,
Құрдымға кету оңай қызық қуып,
Әзәзіл шақырғанда әрбір тұстан.
Думанға парықсызды ол елітеді,
Адамдық қасиетін кемітеді,
Сүйгенін әзірейілдей көрсеткізіп,
Ұсқынсыз айлакерге телітеді.
Байғұстың шел басқандай екі көзін,
Кеудесі аспан тіреп, күйіттеп өзін,
Үйіне кіргеннен ол елереді,
Жанжалға ұластырып әрбір сөзін.
Жанашыр жақынды ол жат көреді,
Ниеті бұзықтарды жақ көреді,
«Адамның сайтанынан сақтан» деген,
Жанына жақындасаң бақ сөнеді.
Есіртер есер көңіл желік қысқан,
Болмаса өн бойыңда берік ұстам,
Құрдымға кету оңай қызық қуып,
Әзәзіл шақырғанда әрбір тұстан.
Ақымақтан бар ма асқан жүгенсіз
«Что глупей темноты,
Хотел светлячка поймать я,
И напоролся на шип».
Басе ( япон. поэт 17в.)
Ақымақтан бар ма асқан жүгенсіз,
Дей алмайсың оны әлсіз, жігерсіз,
Көкірегі мен өктемдігі жоғары
Кісі көрсең сол екенін білерсіз.
Салмақты ойды өткізе алмас саңлақтан,
Мазаламас оны сезім сан қатпар,
Бәтшағардың жаны тыныш, дені сау,
Қауым керек оған өзін ардақтар.
Қошемет пен марапатқа бөленсе,
Мадақталып рахатқа бір кенелсе,
Мырза болып шыға келер сол сәтте,
Есіл-дерті: көзге ілініп, еленсе.
Қуыс кеуде қаңсып кетер толмаса,
Сана менен жан азығы болмаса,
Ештеңе де баса алмайды орынын,
Құдай ойдан келте етіп сомдаса.
Парықсыздан опық жейді көзі ашық,
Осындайға болып қалса шын ғашық,
Қарманумен қараңғыда тұншығып,
Өтеді өмір өкінішке ұласып.
Ақымақтан бар ма асқан жүгенсіз,
Дей алмайсың оны әлсіз, жігерсіз,
Көкірегі мен өктемдігі жоғары
Кісі көрсең сол екенін білерсіз.
Жансорғыш
Қара бұлттай түнерген жаннан шуақ қашады,
Қашан көрсең ол байғұс жүрер болып қапалы,
Оны мақтап, дәріптеп, желпіндіріп тұрмасаң,
Жүрегіңді ауыртып, батпандай зілі басады.
Қиялдарды сапырар, ақылы аздау басында,
Мұндай жанның болғаны ауырлау екен қасыңда,
Көргендерін айнытпай айтып берер дұшпанға,
Ақылды жау артық-ау, жаман достан, расында.
Әр күн сайын толтыру қиын қуыс кеудесін,
Сезімдерін суарып, көтересің еңсесін,
Сосын өзің тұншығып қалғандайсың қапаста,
Қуат алып ол сенен, жібермес ешбір есесін.
Өлермен боп, өксумен, өкініп өмір өткенше,
Жебірді аяп, бойыңнан қуатың әбден кеткенше,
Жүре берсең жанында, шел басар екі көзіңді,
Ала жіпті кесіп өт, осылай жапа шеккенше!
Айбаты өктем, күн-ғұмыр
Айбаты өктем, күн-ғұмыр,
Азабыңды енді бермеші,
Баса алмаған ынтығын,
Мен де бір Тәңір пендесі.
Жалқы мұң кетсін ескірген,
Құрысын надан құрған тор,
Құтты боп бағым кеш келген,
Құдайым берсін иман жол.
«Айласыз айбат еткенмен,
Жетпейсің ешбір жеңіске,
Кесірін тартар кектенген,
Санасыздармен шегіспе».
Баулыған осылай парыққа,
Шұғыла төгіп, сүйіне,
Ғашық еткен жарыққа,
Бас ием, бапкер Дүние!
Пенделіктен айығып, жырларыңмен қалғанда
Пенделіктен айығып, жырларыңмен қалғанда,
Бәрі өткінші екенін түсінесің жалғанда,
Жасай алмай жақсылық, қиналғанды демемей,
«Не бітірдім осы»,- деп отырасың арманда.
Қасиеттің сыр-мәнін ұққан жанның жолы ауыр,
Жат түгілі түсінбес оны, тіпті, дос-бауыр,
Тазалықтың әлемі тәкапбарсып көрмеген,
Сондықтан да алдында көп қой оның тосқауыл.
Менменсіген өнерің кімге керек, япырым-ау?
Атақ-даңқты болам деп емпеңдеген ақын ба-ау,
Нұрлы сана, саф рух қолдамайды егерде,
Сол әлемге болмасаң жан-дүниеңмен жақындау.
Үркер жұлдыз қарап тұрды төбемнен
«Стихи растут, как звезды
и как розы»
М.Цветаева
Үркер жұлдыз қарап тұрды төбемнен,
«Не бердің», — деп, — «не айттың», — деп, — өлеңмен?»
«Жылдар емес сені есейткен» — деді де,
«Сала берме», — деді, — «әніңе көнерген».
Мәнді әлемде маңғазданып сыр тұнған,
Дараланып, шұғыла шашсын өр тұлғаң.
Көркем Сөздің қуатынан нұр шашқан,
Болу керек кететіндей жан құрбан!
Сезім, шіркін, құшқан кезде ақынды,
Шабыт сұрап пірлерін ол шақырды,
Аспанменен қауышатын кезді аңсап,
Көкке егіліп, жаны оның шарқ ұрды.
Сосын, кенет, жұлдыз жауып кеудеңде,
Өліп-өшіп, ынтығып шын сүйгенде,
Аласапыран іңкәрліктен өртеніп,
Шоқ уыстап, қаласың боп шерменде.
Сондай сәтте ой-тұлпарды ойнатып,
Кеңістіктікке құштарлығын тойлатып,
Ұшып жетер лапылдаған сан алау,
Ұшқындарын ынтық жанға бойлатып.
Мұнан соң ғой нөсерлетіп құяр жыр,
Гүл-қыздардай кейде нәзік ұяң бір,
Енді бірде жымың қағып Шолпандай,
Биіктерге самғап ұшар қыран бір.
-2-
Кеудесінде Ой көзі бар, Күн көзі,
Көк дүлейге ұқсап ақын мінезі,
Көкіректерде күйіп тұрған бар шоқты
Шырылдаумен уыстап жүр бір Өзі!
Қақ жарып өзегімді шықты өлең
Қақ жарып өзегімді шықты өлең,
Жеткендей болды көкке, шіркін, төбем,
Оқырман, білесің бе, осы сәтте,
Бақытқа бөленіп, мен кемелденем.
Шарықтап шартарапқа отты санам,
Ұлылар рухымен тілдесе алам,
Олармен рахаттана ой бөлісіп,
Жазылып қалады анық ескі жарам.
Жер беті керім көркем, несібелі,
Ай сүңгіп көл суына, шешінеді.
Күн күліп, күйдіреді сүйіп қырды,
Бір сәтте құйын ойнап есіреді.
Бәйшешек мәз-мәйрам боп қылтияды,
Биікке қолын созып ұмтылады,
Паңданып қарды жарып шыққанына,
Назданып жан-жағына бұртияды.
Ақ түтік боранын-ай аты шулы,
Кеудеңнен айдап шығар түтін уды,
Сезімің аласапыран ұйытқып қармен,
Аңсайсың тазаруды, жаңаруды.
Күз келіп күлдіретіп, сарғайтады,
Бар тірі көңілі босап, ән айтады,
Бауыр басып қалған соң шуақтарға,
Қош айтысу жаныңды қиналтады.
Жүректе ой-сезімнен жыр кептелер,
Сең бұзар мұзжарғыштай сыр-шертпелер,
Жанымның уылжыған сәттерінен,
Құйылып нөсерлетер нұр-төкпелер!
Қақ жарып өзегімді шықты өлең,
Жеткендей болды көкке, шіркін, төбем,
Оқырман, білесің бе, осы сәтте,
Бақытқа бөленіп мен, кемелденем…
Қыр гүлін құштым сүйіне
Қыр гүлін құштым сүйіне,
Иісі тұр оның бұрқырап,
Ғаламатсың-ау, дүние,
Тұла бойыңда мың сұрақ.
Сансыз сан сәуле жаныма,
Құйылды болып сұлулық,
Күмістей сырлар ағыла,
Сезімдер бойда уылжып.
Жүргенде жылап, жұбатқан,
Үніме бүркіп таң шығын,
Тұратын мейірім, ұяттан,
Пәк әлем болдың ғашығым.
Қалғанда жігер мұқалып,
Егелік етіп түн-төрем,
Сендегі оттан тұтанып,
Жалыныңнан мен жыр өрем,
Астамдық – арсыз өктемдік,
Сұғанақ көзде жоқ ұят.
Айнымай жылдар өткердік,
Жасамау үшін қиянат.
Аялап келем жан гүлін,
Құмарлық отын өшіріп,
Обалды жүктеп тағдырым,
Қалмасыншы деп өкіріп.
Қыр гүлін құштым сүйіне,
Иісі тұр оның бұрқырап,
Ғаламатсың-ау, дүние,
Тұла бойыңда мың сұрақ…