ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

Нұртас, сені жұлдыз сүйген, ай сүйген

Белгілі ақын, бауырым Нұртас Исабаевтың
50-жылдық мерейтойына арналады.
Нұртас, сені жұлдыз сүйген, ай сүйген,
Арай шашып, айдарыңнан күн сүйген,
Бесігіңді қоңыраулатып Қыдыр күз,
Тербелгенсің тамылжыған ән-күймен.
Бауырым-ау, балдырғандай мөлдірім,
Жастық шақтың шаттық бағын керді мұң.
Төзіміңнің төстігінде жыр аунап,
Тағдырыңмен өрілді ғой өрлігің.
Қасиетті бастауымның бірісің,
Кейбір кезде тарылғанда тынысым,
Жігеріңнің қуатына тәнті ғып
Қойған мені алмас болат құрышым.
Жыр айдының мамыр бұлтты егілткен,
Мейірімің аққуларды еліткен,
Жомарттығы аздау мына дүниеге
Құштарлықты паш етуге келіп пе ең…
Нұрлы жырың бара жатыр тау асып,
Еркелігі елуіңе жарасып,
Жан шырағың жарқыратсын жұртыңды,
Ұлағатты жылдарыңа жол ашып.
13.11.2004 ж

Ақын өтті сезімін алаулатып

(абзал ақын Қанипа Бұғыбаеваның рухына)
Ақын өтті сезімін алаулатып,
Өмірдің өзегінен жыр қаулатып,
Періштедей қорғаумен әлем нұрын,
Сұлулықтан, пәктіктен сыр аулатып.
Қалықтап аққу-сынды, қиянатсыз,
Көңілге самал үн боп ұялапсыз.
Жайсаңдық, қанағаттың символысыз,
Қазақтың даласындай ұлағатсыз.
Есеппен есіретін дүние қалды,
Кеттіңіз асқақтатып Жыр мен Арды.
Мәрттікпен ұлы ғарыш қабыл алсын,
Кірлетпей аманатын жеткен жанды.
24.05.2004 ж.

Жүрегімде шырақ жанып тұр менің

Жүрегімде шырақ жанып тұр менің,
Лаулайды ол алуан түрлі бояумен.
Көңілімнің уілдеген күз желін
Аластаймын сол құдіретті алаумен.
Көк қарғаның күңкілін де кешірем,
Сауысқанның сыпсыңына мән бермей.
Бәлкім, мен де, кейде, жөнсіз көсілем,
Өз ойымды басқалармен теңгермей.
Сенің қарлы бораныңның бағытын,
Өзгертсем деп келем әлі күн жаққа.
Жас көктемді аңсап жүрген шабытым,
Талай рет ұрынғанмен бұршаққа.
Жарқын жүзбен күн кешсем деп тынбадым,
Жер бетінде қалса сәуле – жырларым.
Әрбір жанның бұл дүниеден қайтқаны,
Ойсыратар болмысыңның сыр-мәнін.
Сондықтан да аман болсын қас пен дос,
Өмірімнің төрт мезгілі секілді.
Өздеріңсіз сана-сезім қалар бос,
Сөздеріңнен жігер қайта бекінді.
Көңілдің бір шарықтайтын шағы ғой,
Қуанғанын көру жылап жүргеннің.
Жан сарайға шырақ жақса лағыл Ой,
Мен осыны әулиелік деп түйгенмін.

Күз жылап, тығылып жүр жанарыма

Күз жылап, тығылып жүр жанарыма,
Менің де кірбің кіріп қабағыма,
Ыстығы ысырылып аптап жаздың,
Жердің де беті, міне, ала-құла.
Саналы айтқызбай-ақ жаныңды ұғар,
Күз қыстың қаһарынан үріккен шығар,
Күн көзі қитарланып бұлт астынан
Қарайды, қылығы жоқ жұртқа ұнар.
Кей-кейде мен де сол бір қыли күндей,
Отымды лаулата алмай жүрем үрлей,
Фәнилік жарты ғасыр өмірімді
Өткізген секілдімін өзім сүрмей.
Бола алмай Шығыс қызы бал-шырынды,
Ақтарып алыппын-ау бар сырымды,
Сарғайттың жапырақтай, енді маған,
Маңдайы кере қарыс Ай бұрылды!

Сарқырамадай құлап түн

Сарқырамадай құлап түн,
Дәрменсіз еттің, жылаттың.
Алдамшы мұнша боларын
Білмеппін арман-мұраттың.
Сенделген жұрттың бар мұңын,
Арқалап ақын – тағдырым,
Ине де шаншар жері жоқ
Ой-дерттен жүрек жарлының.
Жаумаған әлі жауын да,
Лаулай алмаған жалын да,
Толғағы ащы дүние
Шырқырап тұр ғой жанымда!

Біреуге ақша жетпей, біреуге мансап

Біреуге ақша жетпей, біреуге мансап,
Әйтеуір, барлық пенде жоғын аңсап,
Өлермен өркеуделер өңмеңдейді,
Таныту үшін атын жұртқа жар сап.
Қиянат жасап арлы, таза жанға,
Көре алмай шыққандарды озып алға,
Шалады аяғынан, құлатады,
Бояуға дайын маңды қызыл қанға.
-2-
Жарымес, жүрегінде жоқ Құдайы,
Ынтығы ләззат алу боп ұдайы,
Даңғаза, дарақылар толып кетті,
Бұзылды дүниенің пәк шырайы.
Барасың, ғасыр, бізді қайда бастап,
Адамдық қасиетті жүрміз таптап,
Шошынып кейпімізден нұр-санасыз,
Қашпасын бақ-береке бізді тастап.
Таулар тұр жалбарынып Жаратқанға,
Орман да мінажат қып атқан таңға,
Тәубеден айырылған пақырларға
Қарқылдап күліп отыр қара қарға…

Әлемдік нұр-санадан қуат алып

Әлемдік нұр-санадан қуат алып,
Асығам ізгілікке тұра салып,
Адамдық қасиетті арттырсам деп,
Жүргем жоқ ешкімге де кінә тағып.
Жаныштың пәк сезімді, ұрғыладың,
Жазығым — жүректегі жыр-тұмарым,
Жаныма батқаннан соң қиянатың,
Мен саған Жаратқаннан Ой сұрадым.
О, Алла, пайым, түйсік еселі ме,
«Уәжді айт, — депсің ғой, — жетеліге».
Білмеймін кімнің қандай орыны бар,
Тұңғиық дүниенің есебінде…

ЖАСТАРҒА

Елін сүйген, ойшыл жас,
Арманымыз тым ұқсас.
Ақылыңа ақыл қос
Ғасыр келді қарбалас.
Қазақ деген халық бар,
Затын заман анықтар.
Қиялы көкте қалықтап,
Санасы әлем шарықтар.
Елге тірек ұл тілеп,
Жырға жаны елжіреп,
Ойы озық бабалар,
Ұлын етті ержүрек.
Ұлан, сен бол қырағы,
Түздің еркін қыраны,
Бойға жинап ізгілік,
Түсін, жаным, мынаны:
Мұндай дала қайда бар,
Аңыз шынға айналар,
Бақыт іздеп жүргендер
Бізге келіп байланар.
Толқып қаным менің де,
Шыр-пыр жаның сенің де,
Егесі бол еліңнің,
Үрей ойға берілме.
Өрлеуді жазсын көруге,
Жетейік озық елуге*,
Туған елдің намысын
Болмас қолдан беруге!


Қызым менің — ең әдемі әлемім
Әйгерімге
(әні бар)
Қызым менің — ең әдемі,ең әдемі әлемім,
Пәк дүниеге сыйым менің, сыйым менің, сәлемім.
Салауатты, инабатты, инабатты ғаламға
Әр берер деп, нәр берер деп, нәр берер деп сенемін.
Қайырмасы:
Қызым менің,
Қуанышым шаттандырған, шалқытқан,
Біздің үйде әтір иісін, әтір иісін аңқытқан.
Қызым менің, қызым менің мөлдір көлдей тұнығым,
Ақ дидарың алауласын, алауласын бақыттан!
Көңілімде бір өзіңмен көктеп жатыр
алуан гүл,
Қызым менің, қызғалдағым,
тіл-көздерден аман жүр,
Сен күлгенде мынау дүние шабыттанып,
жарқырап,
Көктің өзі шаттанғаннан төгіп тұр ғой
саған нұр.
Қайырмасы:
Не тілейді ата-ана, ата-ана балаға,
Айдыныңа келіп қонсын
«Бақыт» атты шағала!
Қандырып ем уызына, уызына мейірімнің,
Қызым менің, қолдасыншы
сені Алла Тағала!

Әділет ұлыма

Әділетім, жаным менің, әппағым,
Өзіңменен бірге атты ақ таңым,
Жиырма жасың құтты болсын, жан балам,
Үміттер мен тілектерді ақтағын.
Біздің үйге көктем келген сенімен,
Бар қиындық сен өскен соң жеңілген,
Бапталғансың ізгіліктен нәр алып,
Оқуға да аттанғансың сеніммен.
Денің сау боп , пана болсын Жаратқан,
Азамат бол жұртты ауызына қаратқан,
Тіл-көздерден, жамандықтан аман бол,
Білім менен озық ойға талаптан.
Жайсаңдардың ортасында жүр, жаным,
Оларменен биіктейді талғамың,
Санасыз бен алаяқтан аулақ бол,
Жарқын болып атсын десең әр таңың.
Артыңда бар халқың сенен үміткер,
Еуропаның өркениетін ұғып кел,
Ұлы Дала қасиетіне тәнті ғып,
Көңілдерін біздің елге бұрып кел.
Жылаңқыны жолатпашы жаныңа,
Сүйенгейсің ақылыңмен арыңа,
Менмендік пен жанаярлық оңалтпас,
Жеңілтектік жеткізбейді бағыңа.
Өмір өзі көп нәрсені екшейді,
Сабырлықпен ұқсаң егжей-тегжейді,
Алуан түрлі адамдардың ниеті,
Мақсатына жетуді әркім көксейді.
Жарқырай бер, жалын атып жүрегің,
Шуағыңмен жайнат көңіл түнегін,
Пенделікпен күн кешуге болар-ау,
Мен өзіңе Адами бақ тіледім!

Қазақ азаматы

Күн нұрлы, әуен асқақ, заман сырлы,
Азамат бірде күйлі, бірде мұңлы,
Жығылған кездерінде жазық құшып,
Сүйеніп туған жерге қайта тұрды.
Жүрекке ұлы сенім ұя салған,
Жаны бар шөл даладай күй аңсаған,
Лайықты болсын деп сол кеңістікке,
Жаратқан мол нұрынан құя салған.
Еліңмен егіз сенің бақ, арманың,
Қазақтың азаматы, қаһарманым!
Көгінде көңіліңнің жасын ойнап,
Ешқашан сиремесін қатарларың.
Дауыл да, зұлматтар да бұқтырмаған,
Бойына жаман атты жұқтырмаған,
Халықтың жүзі жарқын болуы да,
Сіздердей нар тұлғалы мықтылардан!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *