Жерден де іздеп Махаббат
Жерден де іздеп Махаббат,
Көктен де тілеп Махаббат,
Ғұмырым өтіп бара ма,
Қойдым ғой таппай қанағат.
Жалбыздың иісі аңсатты,
Түбексіз тағдыр шаршатты,
Ләззатын өмір татпаппын
Құр қуып жүріп мансапты.
Ғаламға мынау мың алғыс,
Сәттерім үшін сыналғыш,
Бақытым үшін ұрланған
Күндерім үшін құнарсыз.
Жеткізбей арман-құлыншақ,
Болып та барам ұрыншақ.
Ойсыздар ойнап тастаған
Жылдарым, кейде, қуыршақ.
Таңдарым өтті ызғарлы,
Кейбіреу маған сызданды.
Шынымен біздің еркектер
Сыйлайды ма екен қыздарды?
Өксіте беру ерлік пе,
Еңкею үшін келдік пе?
Қыздары болса қамкөңіл
Сын емес пе еді елдікке?
Бұршақты күндер мұңайтты,
Ұрымтал уақыт ұлғайтты,
Тегінен тексіз туғанды
Өзгерер деп кім айтты?
Көз жасым гүлге тамшылап,
Намысты келем қамшылап,
Айшықты ойлар айта алмай,
Сезімді жүрем шаршылап.
Күрмелді тағы тіл мынау…
Аясай енді, шіркін-ау…
Қайрала берді төзімім,
Мүмкін бе енді ыршымау?!
Бүгін құстар шаттанады ән сала
Бүгін құстар шаттанады ән сала,
Мен оларды тыңдай бердім тамсана,
Кеше ғана қыс қыстаған жүрегім
Алып ұшты, көктем күнін қарсы ала.
Қанат бітті, бір ғажайып маған да,
Самғап кеттім, нұрға айналды санам да,
Бұл фәниден алған бүкіл ләззатты
Шашу етіп шашқым келді ғаламға!
Ағаштарым жайқалсын деп тілеймін
Ағаштарым жайқалсын деп тілеймін,
Тамырлары қасиетті, зор болғай.
Түні бойы, кейде, көз де ілмеймін,
Жел өтінде қалған жасыл сені ойлай.
Бәріңе де бірдей төктім шапағат.
Біреуіңді кем көрмедім біріңнен.
Біреуіңде молдау пайым, қанағат,
Екіншіңнен байыпсыздық білінген.
Ұқсастықты қаламаймын өзім де,
Жапырақтарың жаңылмасын әнінен,
Тұрақтайды бақыт ақыл, төзімге,
Ессіз ерлік айырылады мәнінен.
Керегі жоқ маған атақ, мансаптың
Керегі жоқ маған атақ, мансаптың,
Әппақ қарды кешіп жүрсем болғаны,
Шыжып күйсем ыстығына аптаптың,
Көктемменен бірге көрсем олжаны.
Ұрпағымның ұнжырғасы түспесін,
Санасын сау, денін аман етіп бер.
Жібегімді біреу жүнше түтпесін,
Аулақ кетсін, жоламасын зар мен шер.
Жалғанды жалпағынан басқандар аз
Жалғанды жалпағынан басқандар аз,
Арбайды алшаңдатқан алаөкпе жаз.
Жердегі жазықтылар кешкен ғұмыр –
Көктегі мәңгілікке бағынған саз.
Тұтқыны құлқынменен құндылықтың,
Ей, пенде, ғұмыр кешіп, нені ұқтың?
Өмірден «алам» деп кеп бос кетуің
Тәкаппар заңы ма әлде ұлылықтың?
Қалғанда қамауында қайшылықтың,
Талықсып, үгітіліп, таусылып шын,
Зер салып байқадың ба бойыңдағы
Қуатын қолдаушы күш-қарсылықтың?
Бардың да берекесін тілей алмай,
Жоқтың да күркесінде түней алмай,
Көрмейтін көктегенін көркемдіктің,
Жүргендер аз ба ешкімді сүйей алмай?
Бәріне риза болып кетеріңде,
Жөнелесің тылсым күш жетегінде,
Өмір сүру дегенің леп белгісі –
Қойылар жанкешті мен жетеліге!
.
Аралап жырың кетті қыр мен құзды
Хас талант иесі, сыр сүлейлерінің жалғасы,
өмірден ерте кеткен атақты жырау
Көшеней Рүстембекұлының рухына арналады.
Аралап жырың кетті қыр мен құзды,
Айды да тебірентіп, жұлдыз құшты,
Тыншыды көкбет дауыл әуеніңнен,
Биікке қуат алып, қыран ұшты.
Ой-тұлпар ағылып уақыт омырауынан,
Тасқын жыр буырқанды қойнауынан,
Кемсеңдеп кербез теңіз қалды ойланып,
Даналық сіңген сенің толғауыңнан.
Патшалық етіп көкте қазақ әні,
Ой түйіп термелерден маңның бәрі,
Пенденің кесірінен кебірсіген
Бусады мақамыңнан жердің тәні.
Өрнектеп бабалардың сөз қалауын,
Еліңнің алып едің көп сауабын,
Бұлттарды қара нардай қақыратып,
Ғарыштан жеткізгенсің жыр алауын.
-2-
Өнерді ұрпағың бар жалғастырар,
Жұртың бар жырға таңды ұластырар,
Халқыңның көкірегінде көз болмаса,
Тұңғиық сендей дарын тумас шығар!
Жақсылықты бір-біріне қимаған
Жақсылықты бір-біріне қимаған,
Дөкейлерін амалсыздан сыйлаған
Жаны жайсаң тұлғаларын тұқыртып,
Күн көрсетпей қызғанышпен қинаған,
Ел болдық-ау құндылығы қираған…
Сұлқ түсірер сұлулыққа сұқтанса,
Қарсыласын сөзбен түйрер жыққанша,
Басқалардың бәрі жақсы көрінер,
Өз қадірін қашан өзі ұққанша,
Шашылар-ау береке мен құт қанша…
Байығаны менсінбеген туысын,
Ақша бүркеп кеудесінің қуысын,
Бас қатырып пайымдап та жатпайды
Ұғымының дұрысы мен бұрысын,
Ортаймайды деп ойлайды ырысын…
Құмарына қанамын деп қызықтың,
Құрбаны боп айлакер мен бұзықтың,
Нұрлы сана, адамдық пен ұлттыққа
Салынғанын сезбей жүрміз құрықтың,
Лайланғанын «иман» атты тұнықтың…
Құныққанның тоқтамы жоқ құламай,
Бұл өмірден өткендер аз жыламай,
Мен үшін ғой сенен артық халық жоқ
Кей қылығың жүргенімен ұнамай.
Киелім-ау, болсаң етті қырағы-ай…
Сыр елім — Ата жұртым
Асау сырдай өр мінез адамдарың,
Оларға ешбір теңеу таба алмадым,
Саф көңілдің мәрттігін сақтай білген,
Аман бол, туған жұртым — қара орманым.
Беттетпес дауылы бар боз даланың,
Мен оны бөтендерден қызғанамын,
Жаныңнан жағынбай-ақ табылатын
Жасампаз жандар жайлы толғанамын.
Парқына жақсылардың жете алатын,
Түйінін пайымды ойдың шеше алатын,
Намысын биік ұстап, арын сақтап,
Құрбаны боп шындықтың кете алатын.
Мұңлы бұлт бүркесе де жанарларын,
Арнаған ұрпағына ән-арманын,
Тылсымның сырын ұққан, әруақ сыйлап,
Қастерлеп қасиетті бабаларын.
Тереңде өзек талар сыр тұнғандай,
Перзентің соны ашуға ұмтылғандай,
Жаныңа медет болмай қиын сәтте,
Ата жұрт, айыбым бар қымсынардай.
Аптаптың табы қалған жүрегімде,
Сыр өзен, иірімің өлеңімде,
Туған жер, топырағың құт болмаса,
Нық басып мен осылай жүремін бе…
Барып ем саған жақын деп
Барып ем саған жақын деп,
Бетіме шаштың ылайды
Қара қазандай көкірек,
Ашудан қайнап, тулайды.
Қызғаныш алған тұмшалап,
Көрмейсің көңіл шырағын,
Сумаңдап тілің – құмсағат
Суырар сөздің ылаңын.
Аядым сені, ызғарлым,
Шуақсыз қалай жүрмексің,
Ішіңде ыза-сыз барын,
Аңқылдап жүріп білмеппін.
…Жаңбыр да қойды, күн шықты,
Асыр да, тұсыр бар маңай,
Жүрегім саған ынтықты
Қамыққанына қарамай.
Өр халықтың ұрпағымыз аңғалдау
Өр халықтың ұрпағымыз аңғалдау,
Мәрттігіне риза болған Тәңірі,
Заман келіп ар-ұяты арзандау,
Ортайғандай адамдықтың қадірі.
Жанталасып әр мықтысы, жалаңдап,
Бұйырта ма игілігін жерімнің,
Алдыменен алдап, арбап санамды ап,
Құлатпақшы туын ұлттық сенімнің.
Имендіріп, иілтеді сонан соң,
Құндысынан айырылған жұрт оңар ма,
Жәдігөйсіп сөйлегенге соғар қол,
Қазақ мұнша алаңғасар болар ма.
Өн бойынан дала иісі аңқыған,
Халқым менің – сүйенішім, қуатым,
Сенем саған, қымбаттым-ау алтыннан,
Сен емессің оңайлықпен сынатын!
Күн және Көз туралы
Жанарыңды алып қашпа, көркем Күн,
Сен сияқты мен де күйіп-өртендім,
Мәңгіліктің аманаты өзіңсің,
Ал, мен болсам, шуағыңмен көркейдім.
——
Көз дегенің күннің шағын моделі,
Жер бетіне сыйға тартқан сәлемі,
Жаурамайды, мұздамайды екен ол,
От болған соң қуат алар әлемі.
——
Саналының көзқарасы уытты,
Тұнығында тылсым сырлар тұныпты,
Елжірейді сен секілді дүниеге,
Ашқысы кеп бар құпия құлыпты.
——
Түйсіксіздің жанарының нұры жоқ,
Ақылының арқа сүйер қыры жоқ,
Көкірегін қайқайтады кердеңдеп,
Көрінеді-ау өзіне-өзі ұлы боп.
——
«Адам көзі – көңілінің айнасы»,
Пасықтардың көп екен ғой айласы,
Ақымақпен түспес болар айқасқа,
Болмас оның абыройға пайдасы.
-2-
——
Жер бетінде шүпірлеген күн – көздер,
Ынтығумен бірін-бірі күнде іздер,
Сөзбен кейде жеткізе алмас сырларды
Көзбен ұғып толқитын да бар кездер.
——
Жаның күңкіл күншілдікпен алысып,
Жомарт жүрек жетімсіреп шанышып,
Жүрген шақта жарқ етер-ау жанарың,
Көзайым боп арманыңмен қауышып.
-*-
Сөнбейді ғой ешқашанда ұлы Күн,
Ал, адамға ажал салып құрығын,
От — жанары топыраққа көміліп,
Жұлып алып әкетеді-ау ғұмырын.
Әр пендеге бар заманда сол қайғы,
Тағдыр адам өмірімен ойнайды.
Күн секілді көз берген соң пендеңе,
Ол да неге сондай өшпес болмайды…
Есірке мені, Құдірет
Есірке мені, Құдірет,
Құтқаршы ылаң, кірлерден,
Найзағай-отпен тіліп өт,
Жанымды жылап мұң емген.
Қажет деп іздеп жүргенім,
Қауқарсыз күйкі әурелік,
Бетінен жердің түйгенім –
Жоқ бұл жақта әулиелік.
Көлгірсіп бекер қайтейін,
Өзіңе бәрі аян ғой.
Күпіршіліктің айт емін,
Жетер шақ саған таяу ғой.
Пәктіктің иісі аңқысын
Бойымнан сәби күндегі,
Жаныққан жаным балқысын,
Ұмыт боп күндер күрделі.
Қалқиды тылсым әлемде,
Ғажап үй киген нұр-сауыт,
Сол үй тұр күтіп төбемде,
Барармын бір күн жол тауып…
Ой тезінен өткіземін бәрін де
Жарқылы жоқ, ақылы жоқ кей қауым,
Саған емес мынау менің арнауым.
Жетеліге айтып тұрмын жалын сөз,
Тілеймін тек аяқ асты қалмауын.
Арзан ойдан аулақ болған бабалар,
Келер ұрпақ, бәлкім, бізді табалар.
Жұрт санасы сатылған ба ақшаға,
Бармысыңдар рух берер, ағалар?!
Ізгілікке жеткізбейді қырсықтық,
Көбік сөздің арасында тұншықтық,
Ала бөтен алқымнан кеп алғанда,
Өкіреді-ау өркөкірек ынтықтық.
Өнеге боп ойлап жүрген жас қамын,
Қартын сүйеп, жинап бала шашқанын,
Барыс жүрек азаматтар қайда екен,
Шарықтатар Ата жұрттың аспанын?!…
Ой тезінен өткіземін бәрін де,
Халқымды ойлап, жалбарынам Тәңірге:
«Алып дүние азуына жем қылмай, —
Сара жол бер, салып өзің тәлімге!»
Мұнайшылар вальсі
Берекелі болу үшін бақ дарып,
Өсу үшін ұрпағымыз шаттанып,
Жүз жыл бұрын асау Атырау қойнынан
Қара алтын шығып еді қақ жарып.
Байлық деген қасиетті бақ екен,
Көңілдерді шалқытары хақ екен,
Иеленген ырысы мол мекенді
Қазағымның ниеті де ақ екен.
Жүректерден тарап жатыр жарқын нұр,
Бүгін бізбен тойла, достар, ойнап күл,
Маңғаз Каспий еміреніп, елжіреп,
Еркін елге сыйлай берсін мұнай-жыр.
Қ а й ы р м а с ы:
Бұрылмаған бабаларға бақыт бізге бұйырсын,
Ырыс болып елімізге мұнай құты құйылсын.
Теңгіз, Қарсақ, Доссор, Құлсар, Қызылқұдық, Мақаттың,
Бойындағы қуатымен кең даламыз жылынсын!
ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ
Қанаттас боп ұшыңдар биіктерге,
Құт дарып өздеріңмен сүйікті елге.
Мың қатпар қиындыққа кезіккенмен
Алынбас қамал болмас иықты ерге.
Болмайды мінсіз тірлік бұл өмірде,
Кей-кейде кетпей қояр бұлт көгіңде.
Сол шақта сенім артып нұр-қуатқа,
Құштарлық лаулап жансын жүрегіңде.
Жас қайрат, жарқыраған, жалындаған,
Сендерге үміт артты қалың далам,
Бойларыңда бабалар рухы бар,
Өздеріңнен қазақты таныр ғалам!
Қар жауады жердің бетін ақтайды
Қар жауады жердің бетін ақтайды,
Күнәһарлар бірін бірі мақтайды,
Ыңырсыған жел де кіріп үйлерге,
Жылу іздеп, сырқат жанын сақтайды.
Сағындырған көктем келіп жасынмен,
Сырласады, мұңдасады ақынмен,
Ойдым-ойдым болған жердің бетіне
Құт, береке сыйлап жасыл дақылмен.
Көлдің бетін әуен келіп қытықтап,
Құйттай торғай шиқылымен қылықты-ақ, Жаһұттардан алқа таққан Күн шығып,
Жаратылыс жатыр оны ұлықтап.
Жанды дүние жұмбақталған тылсыммен,
Жаралғансың ықыластан нұр сіңген,
Барлық тірі жылу аңсап, пана іздеп,
Қандай мұңлы ғашық әлем күрсінген…