ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

ЖҮРЕГІМДЕ ШЫРАҚ ЖАНЫП ТҰР МЕНІҢ…
Үмітім үзілмейді

Үмітім үзілмейді,
Күндерім жалғасады,
Тамаша күзім келді,
Сары ала нұр шашады.
Пейіштің шырағындай,
Жапырақ бал-бұл жанып,
Әуеннің ырғағындай
Кетті ауа толқынданып.
Жаяды құшағын жыр,
Таңырқап, тамсанамын,
Жылыстап ұшады жыл,
Мен Сені қарсы аламын…

Арпалыс анатомиясы

Күн шығады асығып,
Әлсіреп әлем қалар деп,
Қараңғылық басынып
Жерге бүлік салар деп.
Жанашырсыз емеспін,
Жанымда көп жақыным,
Ішінде қалып егестің
Тұманданды ақылым.
Қимастықтың көп қыры,
Киліккен оңбас араға,
Көңілімнің бостығы
Ауырлау болды-ау санаға.
…Шапағатсыз шашылған
Несібенің киесі-ай,
Жан айқайын жасырған
Тылсым болмыс күресі-ай…

Қоюланып барады Қорқыт – мұңым

Қоюланып барады Қорқыт — мұңым,
Бүгін тағы ұйқыдан қорқып тұрдым,
Көрден емес қазылған, жұрттан қашып,
Кезіп кетіп, келеді жалғыз тұрғым.
Салқын қанды сайрап тұр дауыс анау:
«Атты», «құртты», «өлтірді», «соғыс таяу»,
Бір-бірінен үріккен пенделердің,
Жүректері жаралы, қырық жамау.
Өтерміз бұл өмірден елеңдеумен,
Жақсылық пен игілік көрем деумен,
Жылататын адамды Құдай емес,
Өз пейілі — құлқынға көгенделген.

Қалампыр түстес көйлек кигенмін

Қалампыр түстес көйлек кигенмін,
Әлдеқашан ол ескірген,
Азаматым деп басымды игенмін,
Сатқындығыңды кешіргем.
Азан да қазан күндер көргенмін,
Сынады өмір жасымнан,
Алыстасаң да, жақын жүргенмін,
Жарасын жанның жасырғам.
Қолымды саған соза бергенмін,
Сүрінбей өтсін деп ордан,
Азғырғандарды даусыз жеңгенмін
Тайдырмасыншы деп жолдан.
Бағаңды сенің біліп келгенмін,
Әкесісің ғой баламның,
Таусылмай кетті-ау, бірақ, кердеңің,
Жүрегімді жеді сараң мұң.
…Найзағай өтті жанымды осып,
Дегендей: «өмір мәңгі емес»,
Өзіңмен бірге өткізген жылдар
Қалды ғой енді боп елес…

Мен болсам ғұмыр-әдеппен

Мен болсам ғұмыр-әдеппен,
Пір тұттым адам баласын,
Достасып сұлу сонетпен,
Емдедім жанның жарасын.
Самалын жұттым сан кештің,
Жұлдызды түнде жұбандым,
Ақпанда әппақ қар кештім,
Жақсылар үшін қуандым.
Айлы жаз көрдім сиқырлы,
Алаулап күйдім Күн – нұрға,
Ардақтап туған ұлтымды,
Тәрбие бердім ұл-қызға.
Өмірім мәнді, мәнсіз бе,
Өтінде заман – құйынның,
Демеу боп жүрдім әлсізге,
Тәңірге ғана сыйындым.
Салмақты салып жақынға,
Ажарсыз айла еткем жоқ,
Асқақтық тән деп ақынға,
Айдарымнан жел ескен жоқ.
Пыр-пырлап ұшты қол бұлғап,
Қырғауыл-арман, қызыл шоқ,
Жанарым енді құп-құрғақ,
Ынтықтық қалды ызың боп…

«Сіз — бізі» мол салтанат

«Сіз — бізі» мол салтанат,
Болмысыңнан айныма,
Шаттық құшқан шартарап,
Жол бермеші қайғыға.
Ынтызармын пәктікке,
Ойлағым жоқ мұң жайлы,
Иіп шексіз мәрттікке
Жер тәні де бусайды.
Ығысады ызғар да,
Лебіздерден шуақты,
«Сіз — бізіміз» тұрғанда
Көркем дүние қуатты!

Махаббатпен дүние есігі ашылған

Махаббатпен дүние есігі ашылған,
Ақша бұлт тұр асау шыңға асылған,
Таң шапағын шабыттана қарсы алдым,
Жүрегіммен жұмыртқадай аршылған.
Қимастығым құштарлықпен қайралған,
Өжеттігім нәзіктікке айналған,
«Ризамын», — деп, еміренемін Тәңірге,
Күндеріме тіршілікке байланған.
Күміс айдың сәулесімен ымдасқан,
Жер бетінің бар мұңымен мұңдасқан,
Жартастың да тас жүрегін жібітер,
Өмір жайлы жазсам деймін Нұр-Дастан!

Сәттерімде жабыққан дауа таппай

Сәттерімде жабыққан дауа таппай,
Көздеріңді іздеймін қарақаттай,
Аспалы сол көпірдей кемпірқосақ
Бізге түскен аспаннан аманаттай.
Алаулаған сезімін жасыра алмай,
Адамдарға күн ұшып асығады-ай,
Жеті бояу шүпірлеп жүрегімде
Сені ойласам от болып шашырардай!

Өлеңді жазамын деп жазбас болар

Өлеңді жазамын деп жазбас болар,
Жүрегің қуаныш, не шерге толар,
Жанымды жаңбырлы күн құлазытты,
Жыр-кептер таппай қойды сая қонар.
Күндерім тамшылардай құмға сіңген,
Іздерім қайда кетті қанша жүрген,
Ешкімнің еншісіне жармаспадым,
Аз болды, бәлкім, сәттер ойнап-күлген.
Өкпем жоқ, өксік қалған құрғақ шөлдей,
Шаршадым алға ұмтылып, көкке өрлей,
Өлеңім нөсерлетіп құяр еді-ау,
Қасымнан табылса егер көңіл көлдей.
Күрсініп мен секілді ағаштар да,
Қараймыз үмітпенен қара аспанға,
Жеткізер жүрегіме мың бір жол бар,
Армандас алқынған ба, адасқан ба.
Көңілдің кетпей қойды жара, дағы,
Жанымды жаңбырлы жел сабалады.
Ой-мұңнан арылтатын жарқанаттай,
Сәуле – сезім екен ғой арадағы.

Батар күннің таласқан сәулесімен

Батар күннің таласқан сәулесімен,
Шоқтай жанған гүл көрдім әуре өзімен,
Соңғы нұрды тойымсыз сіміреді,
Құштарлықтан айырылған тәубесінен.
Ымырт жақын, ықылық атқан маңай,
Қызыл-сарғыш бояулар жерді жалай,
Бірте-бірте жылыстап күнмен бірге
Жөнеледі артына қарай-қарай.
Қарбаласып бар тіршілік иелері,
Бір Құдай боп бұл шақта сүйенері,
Шүкірлікті жақсылар етіп байлам
Абырой мен иманын тілер еді.
Қараңғылық қаптайды, қапсырады,
Ерекше бір ләззатын таттырады,
Талықсыған жандарды түн тербетіп,
Тылсым әлем есігін аштырады…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *