ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

Қамыс қалды-ау қар астында қамығып

Қамыс қалды-ау қар астында қамығып,
Жер мен көкті дүлей боран басқанда…
Қоршаудағы әскердей-ақ зарығып,
Қоғалы көл телміреді аспанға.
Жас қамыстар жаз бойы су ішінде.
Мұңлы үкісін тұратын ед жел тербеп.
Емендерді аңсап ылғи түсінде,
Жалғыз ғана ызыңы боп бар ермек.
Сары күзде өшіп қайран үміті,
Өзі-ақ келіп жығылатын ораққа.
Табысты етіп үй соғатын жігітті,
Айналатын қуанышты шаңыраққа.
Тұрақтамас мәңгі-бақи бақ, сән де,
Бір көрініс екіншіге ауысып…
Қамыстар тұр бастарында ақ сәлде,
Көктем күтіп тірсектері майысып.

Құлады түн тұңғиық

Құлады түн тұңғиық,
Құлақтары салбырап,
Өсек отыр жылмиып,
Сирек шашы жалбырап.
Күңкілі көп түндер-ай,
Бақыттырақ болдым деп,
Біреуге біреу күлгені-ай,
Қалғанын білмей сордың кеп.
Құлазып қалған көңілім,
Құбылған айға құрбан боп,
Қарлығаш-сөздер төгіліп,
Бетін маған бұрған боп,
Үркеді менің мұңымнан…

Жапырақ жыры

Мына желдің тұрысын-ай, тұрысын,
Ашумен кеп жапырақты жұлысын!
«Биле!» — дейді жас бұтаны сабалап,
Ызғарлана үдетеді ұрысын.
Дірілдейді, жаутаңдайды жапырақ,
Ағаш-ана тек дәрменсіз қалтырап,
Шарасы жоқ нәрестесін қорғауға,
Қара жерді тепсінеді аңырап.
Мына әлемге жасыл жұпар сыйлаған,
Таңдайы бал таң құстарын жинаған,
Қорғай алмай сені қатыгездіктен,
Жер басып-ақ жүргеніме қиналам.
Кіп-кішкентай жапырақтар момақан,
Өзіңді аңсап, атып жатыр құба таң.
Сені жоқтап көктемеген бұтақты,
Айтшы маған, қалай енді жұбатам?!
Қалампыр көтере алмай аз қырауды

Қалампыр көтере алмай аз қырауды,
Ертелеу кеткен жазды жазғырады.
Суыққа енді үйреніп қалғанында,
Күн жылып, бұл байғұсты азғырады.
Бусанып, бойы балқып күншуаққа,
Жаз әні естілгендей боп құлаққа,
Масайрап сәл уақыт тұрады да,
Қайтадан түседі кеп сол сынаққа.
Пәк көңіл кейде алданып болмашыға,
Тұншығып қалатыны-ай көз жасына…
Сенім де бір зәулім үй секілді ғой,
Түтіні түзу шықсын мұржасынан!

Тақса да біреу жорта мін

Тақса да біреу жорта мін,
Ренжіттім бе деп қорқамын,
Өкінгем талай сыр ашып,
Жанымның бұзып қорғанын.
Сараптап сөзді үйрендік,
Керенау кейде күйге ендік,
Өрмекші-ойдың торына
Ілініп сезім-инелік.
Асау бір аттай жүрегім
Босатып қойсам жүгенін,
Бой бермей кетер деп, дәйім,
Тізгінін тежеп жүремін.
Мүмкін бе екен, япырым-ау,
Еш жанның көңілін қалдырмау?
Біреуге қатты тиген сөз
Өзімді дертке шалдырды-ау.
Кеме деп өмір ұғынам,
Таймасын ол өз жолынан,
Толқыны болсам мен егер,
Жел болып сен тұр оңынан.

Шеге құмдай сырғып жатыр ойларым

Шеге құмдай сырғып жатыр ойларым,
Таппай қойдым шырын сөздің оймағын,
Абайламай, алдым ба екен тарқатып
Үлбіреген жібек сезім торларын?
Әйтеуір, мен босаңсып бір көрмедім,
Қаншама рет жылы сөзге шөлдедім,
Сол бір үлкен қара көздер қадалып,
Маған қарап қалған кездер — өң бе едің?
Ақылсызға қалай айтып жеткізем,
Жиіркенемін жылмақай мен ептіден,
Жайсаңдардың жүрекжарды лебізін
Жан туыстық үйлесімі деп білем.
Жалғыз өзім сейіл құрып тау жақта,
Сырым шертіп сылдыр бұлақ, бау-баққа,
Биік асып кетіп қалғым келеді,
Аяулы жан күткендей-ақ аулақта.
Көз жасыммен тарқатамын мұң-шерді,
Көкірегіме «мен мұндалап» күлкі енді,
Жаңбырдан соң жап-жалаңаш дүние
Ұялғаннан жасыл ләтте бүркенді…

Ақын құрбыма

Кейбір сәтте қуанасың жайраңдап,
Мұңаясың енді бірде қайран қап,
Жеті түнде жанып тұрар терезең,
Шабыт құсы кең әлемде сайраңдап.
Мезі болып күнде келген қонақтан,
Отырасың… қабағың қар боратқан,
Қарсы аласың енді бірде елпілдеп,
Дос-сымақты тасадан кеп оқ атқан.
Әрбір үнге құлақ түріп сырттағы,
Аяп кетіп шуақ жұтқан шықтарды,
Қиялыңда көшіп сиқыр бейнелер,
Ұқсатасың оған түйдек бұлттарды.
Тылсым күштің әміріне бағынып,
Сел сезімнен кете жаздап жарылып…
Безіп кеткің келіп бір сәт бәрінен,
Отырасың тыныштықты сағынып.
Қиянаттар жанды қинап, қамшылар,
Шарасыздан көңіл, шіркін, зар жылар,
Жүрегіңді тілгілейді домалап
Жанарлардан ыршып түскен тамшылар.
Төрт мезгіл боп өзгересің сен демде,
Жүрегің бір жұмыр жермен, елмен де,
Жәй пенделер қайдан білсін жатқанын
Континенттер буырқанып кеудеңде?!

Жұлдыз көпір жер менен көк арасына

Жұлдыз көпір жер менен көк арасына
Салар едім, сен менімен барасың ба?
Көрер едің сол тәкаппар биіктерден,
Жаралғанын әлемнің жарасымнан.
Ыдыратып тастап төнген қара бұлтты,
Нұрландырғым келген еді талай жұртты,
Шапағатпен мейірімге тұнып тұрған
Дүниенің босағасы болсын мықты

Кеудеде көптен жиналып

Кеудеде көптен жиналып,
Жаумай қалған бұршақ па?
Орала алмай қиналып
Жүр едім осы бір шаққа.
Жабырқар жүрек кезі көп,
Іздедім пәктік аралын,
Сызынан қыстың мезі боп,
Күтемін көктем хабарын.
Бермейді маза іңкәрлік,
Нұрыңды төгіп жаныма,
Ашылшы, кәне, жыр-сандық,
Өзіңді жүрмін сағына.
Бойымды қаптап сан күдік,
Аңсадым асау ағынды,
Таба алмай келем мәңгілік
Соғатын күретамырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *