ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

Абайды да таяқтатып ұрғызған

Абайды да таяқтатып ұрғызған,
Біржанның да аяқ-қолын буғызған,
Жаны ызғар, зәрге толы көкірек,
Қорқады ғой жарқыраған жұлдыздан.
Сондықтан ол бар жарыққа өшігер,
Қолдан келсе, жарқын үнді өшірер,
Өзінде жоқ нұрды көрсе басқадан,
Аласұрып, арпалысып, есірер.
Амалы жоқ алыстағы Күн, Айға,
Көріп, білсе азу салар Құдайға,
Түнегіне тұншықтырар шуақты,
Тізгініңді берме, дүние, мұндайға!

Көңіл шіркін, елеңдейді боларға да болмасқа

Көңіл шіркін, елеңдейді боларға да болмасқа,
Жарымаған соң ба әлде жылы сөзге о баста?
Аңсап тұрам әрбір жаннан ыстық лебіз, шапағат,
Кейде назым артықтау боп кетеді, рас, жолдасқа.
Қоңыраулатып өтпеді деп өкінбеймін жастығым,
Балғын шағым болмай шықты мен үшін бір тәтті ұғым,
Қаяу түсіп көңіліме қаншама рет жатса да,
Жарқыраймын естілгенде, өмір, сенің шат жырың.
Ақ сүтімен анам берген, о, жалынды махаббат,
Адамдардың шаттығынан бар ма артық салтанат?!
Кіп-кішкентай жүрегімде жатыр үлкен жанартау,
Қандай күшпен жүргенімді түсінбеймін арқалап.
Сөзден гөрі ізгі істер болса екен деп көбірек,
Жүрсем деймін мұқтаж жанға әрқашанда боп тірек,
Шырқыраған шыбын жанын кей пенденің көргенде,
Жан-жағымнан шарпығандай болады ылғи отты леп.
Жаутаңдаумен жақындардың жүздерінен күй іздеп,
Өз жанымды жүрем өзім дамыл бермей мүйіздеп,
Жүргенім жоқ жеңіл жолмен жетейін деп мұратқа,
Келгенім жоқ бұл дүниеге бір басыма сый іздеп.
Тілге тиек ететіндей жетіп жатыр шежірем,
Кім біледі қандай күндер әлі бастан кешірем?
Түсінгенім бұл өмірде айдан анық, әйтеуір,
Тірі болсам, ізгіліктің мәртебесін өсір

Әр баста жетіп жатыр мұң мен арман

Әр баста жетіп жатыр мұң мен арман,
Құлақ сал анау әнге қария салған,
Тарқамай көкірегінде талай шері,
Тойымсыз қос жанары жаутаңдаған.
Өмірді таусылмайтын мұра көріп,
Қуатын жүре берген шашып, төгіп,
Табиғат берген күштің арқасында
Мәз болып кигеніне еркек бөрік.
Ешкімге бере алмаған кеңес-ақыл,
Екпеген сезімдерден жасыл дақыл,
Қартайған шағында енді жалғыз қалды,
Мұң-сырын бөлісетін таппай жақын.
Тіршілік сапарының қырқасында,
Соңымыз айналмасын бұрқасынға,
Аз ғұмыр кешсек те, тек болса екен
Жылымыз татитындай бір ғасырға.

Ұғысу

Тағдыр маған қойған еді жүз тілек,
Шыр айналып, күйіп-пісіп жүрсін деп,
Қадірін мен бұл өмірдің білмес ем,
Айбатынан сескеніп бір көрмесем,
Жанып, кейде, сөнбесем.
Соңғы күндер сорғалатып көз жасын,
Жоғалтыпты сары күз де олжасын.
Бәлкім, мұны байқамай да өтер ме ем,
Көріп тұрып толқымай-ақ кетер ме ем,
Жаныма бұлт төнбесе…
Енді қайтып айдарлы күн шыққанша,
Біз екеуміз көп сырларды ұққанша,
Жүрекке де талай жебе қадалып,
Көңіл, шіркін, өз мұңына қажалып,
Төгілер-ау шық қанша…

Қырымға да кетіп едім қыр көрсетіп өзіңе

Қырымға да кетіп едім қыр көрсетіп өзіңе,
Сағынсын деп, алмасын деп күні-түні көз іле,
Енді, міне, өз өртіме өзім күйіп барамын,
Елді ойласам, кететіндей ет-бауырым езіле.
Бауыр басқан мекеніне асықпайтын құс бар ма?
Жалғыздықты тілемедім дос түгілі, дұшпанға,
Топырағымның ыстық табы табанымда қалғандай,
Басылмады толқындарын көк теңіздің құшсам да.
Қашқандай боп кетіп едім өңкей жыңғыл, шеңгелден,
Құтылатын күн барма деп шұбар-шұбар белдерден,
Қадіріңді енді білдім, құм суырған ақ далам,
Сенің желің күштірек-ау мен үшін бар емдерден!
Жер-Ананың аласы жоқ және де жоқ құласы,
Қымбат маған оның әрбір қайталанбас мұрасы,
Болады екен әркімнің өз жерұйығы бірақта,
Тыпыршыған өмірінің мызғымайтын куәсі.
Лүпілдей ме мені аңсап құс-жүрегің сенің де,
Тыным таппай жүрсің бе, әлде, қаяу түсіп сенімге?
Көгенделіп қалған екен мендегі бар қуат-күш,
Өзіңменен бірге өскен алақандай жерімде.

Жасыл бақ хикаясы

Көктемде

Көктем келді жәудіретіп гүлзар бағын,
Балаң гүлдер сылдыратып шылдырмағын.
Әсемдікке тағзым етіп, тіледім мен
Сол бақтағы өсімдік ынтымағын…
Ымыртта
Баяу ғана жылжиды ымырт бүркеніп ап шапанын,
Етегімен кәрі еменнің сипап өтті сақалын.
Қайырды да қалампырдың тікірейген шаштарын,
Ақ қайыңның түбіне кеп аяқтады сапарын.
Түнде
Түн де жетті дамылдатып тіршіліктің базарын,
Төңкеріпті жер бетіне алып қара қазанын.
Жапырақтар діріл қағып, бір-біріне жабысып,
Үркіп тұрған нәзік гүлдің көрсең етті азабын!
Түсте
Түс кезі еді, қалмағандай бақ ішінде береке,
Бір-біріне ағаштар да түсірмейді көлеңке.
Раушан гүлі қызғалдаққа шүйіреді мұрынын,
«Құлақтарың қалқиған», — деп, етеді кеп келеке.
Күні бойы күндейді кеп, намысына тиеді,
Байғұс оған өрттей болып, қызараңдап күйеді.
Сондықтан да екі сұлу сыймай басы бір жерге,
Жақындаспай, әрқайсысы бөлек өмір сүреді.
Үйеңкі де бәйтеректі шудалы деп, менсінбей,
Қарағай да қала ішін тұр оншама жерсінбей.
Көкірегін жайып тастап: «менікі, — деп, — кеңістік!»
Қарайды емен басқаларды бір өзіне теңсінбей.
«Қойсайшы бұл көңіл деген көтеріңкі шіркінді,
Ғұмыр қысқа, қайтесіңдер керегі жоқ күңкілді!» —
Деді де тау, ала көзбен қарап қойып бақ жаққа,
Шарасыздан, амалсыздан күңіреніп, күрсінді…
Күзде
Жасаураған көзі күздің бақ ішіне түсіпті,
Ағаштардың саусағына салып алтын жүзікті.
Гүлдердің де алаулаған беттерін кеп өпкен жел
Үлбіреген үкілерін аямай-ақ үзіпті.
-2-
Қыста
Мазалап, түсіме еніп гүл-жапырақ,
Тұр екен жап-жалаңаш бақтар жылап,
Еңсем түсіп кетті ғой, қандай қиын
Сарқылып қалса егер нұрлы шуақ?!
Ақ қайың ұялып тұр бүркеп төсін,
Қыс келді, жер бетінен алып өшін.
Жас ағаш, бір-біріңе қамқор болшы,
Бастайтын өздерің ғой өмір көшін.

Қалғып кетсе Күнге болмас кешірім

Қалғып кетсе Күнге болмас кешірім,
Онсыз дүние тербетер ме бесігін?
Шуақ нұрың сарқылса егер жүректе,
Өн бойыңда көп болғаны кесірің.
Мен егілсем, қоса жылар мұздақтар,
Тебіреністен әжімдері жүз қатпар,
Аласапыран арпалысы қойнында
Аспан бірге төгер еді бұршақ-қар…
Ақ тілектер болса қабыл мендегі,
Ізгіліктің кеңи берер шеңбері…
Минутына жүз жыл жасап жүремін,
Тоғысса деп іңкәр сезім жердегі.

Көңілімді селдетіп күй-жаңбырың

Көңілімді селдетіп күй-жаңбырың,
Тағдырыммен ұқсап кетті тағдырың,
Уыз күлкің уылжытып тұрса екен,
Жанарыма шашып ылғи таң нұрын.
Жиып жасыл сезімдерді жаныма,
Жүрсем самал сәттеріңді сағына,
Торыққанда тамылжыған әніңмен
Шақырсаң сен шабытты гүл шағыма!
Жанарыңның көркі болып көрінсем,
Өміріңнің өзегі боп өрілсем,
Шын бақытты екеніңді менімен
Арманым жоқ біліп барып көз ілсем.

Сені бір асыл деп жүргем

Сені бір асыл деп жүргем,
Аңсадым наурыз кезегін
Шөліркеп көңіл-бозінген,
Дүниені мынау кеземін.
Күйгелек болып барамын,
Шырылдап, кеудем алқынып.
Сен едің сенген адамым,
Кеттің-ау мұңға батырып.
Жанарың неткен от-жасын,
Алдауы оның мүмкін бе?
Сылдыратты да сырғасын,
Көктемім қалды күлкіңде!

Мендей жанды таба алмассың енді сен…

Мендей жанды таба алмассың енді сен…
Күлкісімен құстарды қондыратын.
Ыстықтарда мұңайтып тоңдыратын,
Ақиқаттың жетелеп өлкесіне,
Амалсыз талай ойға шомдыратын.
Мендей жанды таба алмассың енді сен…
Көңіліңді айнадай жарқыратып,
Күзгі желдей бірде енді қалтыратып,
Ұзап шықсаң есіктен тағат таппай,
Сағынатын жанары жас бұлатып.
Мендей жанды таба алмассың енді сен…
Сен қамықсаң , алдымен қайғыратын,
Қуанғанда – көздеріңе нұр құятын,
Қорғанындай қорғайтын намысыңды,
Жаншылмасын деп ойлап ар-ұятың.
Кеткенімде жасыл бақты жылатып

Кеткенімде жасыл бақты жылатып,
Жалғандықтың көпірлерін құлатып,
Арғы бетте қаласың-ау жете алмай,
Аңсап мені, мәңгі-бақи ұнатып.
Тәубә етерсің тіршілікке күндегі,
Жайлап жылжып, қадам басып ілгері.
Бірақ, сені мазаламай тұрмас-ау,
Жүрегіңде мен қалдырған жыр-белгі.
Екі бақыт болмайды екен бір баста,
Бәрі бекер көңіліңнен күй қашса,
Сондықтан да аялайық сезімді,
Күндеріміз, гүлдеріміз тұтаста!

Аппақ таңдар барады ақау тартып

Аппақ таңдар барады ақау тартып,
Сөйлейсің сен бүгінде жақауратып,
Қалайша жандырайын көңілдегі
Отыңды маздап тұрған, алаулатып?
Салқын қанды екенсің, салқын қанды,
Алмайықшы үркітіп жақындарды…
Қандай бақыт жүректер лүпілдесіп,
Ұғысуға бір-бірін талпынғаны!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *