КӨҢІЛІМНЕН КҮЙ ТӨГІЛДІ ЕРІКСІЗ…
Сенім жайлы
Оян, сенім, оян, сана-сезімім,
Уақыт жоқ қалғып жатар езіліп,
«Мен мұндалап» келіп жетті ақиқат,
Қалған екен көлеңкеде көз іліп.
Ешбір күмән болған емес кеудемде,
Білген едім хақың жоғын келмеуге,
Жапырақтары тұмауратты жанымның,
Дайынбысың қазір оны емдеуге?
Сегіз өрім жігер берген сенімім,
Таңғы шықтай діріл қаққан елігім,
Сәуле шашып тұрмасаң сен кеудемде,
Қалар едім өтінде күз желінің.
Құдіретіңе үнсіз ғана бағынып,
Тәңір тұтам, бір өзіңе табынып,
Гүл-жүрекке қонған сен бір көбелек,
Оттан, желден қорғап жүрем сабылып.
Тежесе екен жел тезірек торы атын,
Ол соққанда боран ұйытқып тұратын,
Астаң-кестең дүние, тек сәмбітал
Іздеумен тұр суға кеткен мұратын.
Сенімімді мөлдіретіп бұлақтай,
Сезіміме сүңгітемін суалтпай,
Күні-түні аялаймын күзетіп,
Ертеңіме жеткізсем деп құлатпай.
Жақсылықтың жарығымен жайқалып,
Жамандықтан көрген жоқпын тайсалып,
Бауырымда аппақ сенім-шағала,
Толқыныңда келем, өмір, шайқалып!
Мейір
Барлық үйге кіріп шыққым келеді,
Есендігін білу үшін қарттардың,
Тәй-тәй басып жүр ме екен деп бөбегі,
Жарастығы берік пе деп жастардың?
Қақпаларын жеңгейлердің күлімкөз
Айқара ашып көптен жүрген қағылмай,
Келеді айтқым бар адамға жылы сөз,
Көңілдері тасысын бір ағындай.
Көз алдымда сәби шағым сүттей ақ,
Соғыстан соң қалған арман аһ ұрып,
Жүретінмін көршілерді қатты аяп,
«Біздің үйге мейман бол», — деп шақырып.
Сонау кезден менде қалған бір ғұрып:
Күтіп жүрем біреу кіріп шығар деп,
Әдетім бар балалардан кіл жырып,
«Қонаққа» деп әр тәттіні тығар кеп.
Көктем кезі-ай, қуанып шын көңілмен,
Көңіліміз көл-дария күйге енген,
Мейірімдер ақтарылып-төгілген
Ақ ниетті, шаттығы мол үйлерден!
Құт-береке тілеп әрбір есікке,
Ауыл әнге бөленетін сол бір кез,
Той жасайтын бала салып бесікке,
Өте шығып кеткені ме сонша тез?!
Барлық үйге кіріп шыққым келеді,
Есендігін білу үшін қарттардың,
Тәй-тәй басып жүр ме екен деп бөбегі,
Жарастығы берік пе деп жастардың?
Туған жер
Мінезім бар, (өзің солай өсірген),
Жауыныңдай кейде сел боп ағатын,
Жібек гүлдей жайнап шыққан төсіңнен,
Көрген адам бір жасарып қалатын.
Бораныңдай бет бақтырмас шағым бар,
Ондай кезде жауым қалар кемсеңдеп,
Аязыңдай тым шыңылтыр арым бар,
Қорқақ жандар дірдек қағар емпеңдеп.
Еске жиі оралады бұл күнде,
Асыр салып ойнақтаған сол бір шақ,
Кішкене үй тұншыққандай күлкіге,
Бүлкілдейтін бүйірлері мен құсап.
Базар іші, қызық думан тынбайды,
Ақсақалдар әзілдері жарасып,
Кәріп жандар зарлатады сырнайды,
Көздеріне жас алар жұрт жаны ашып.
Бір соғыстың зардабынан сонша адам
Қалды шөгіп, жастай біз де жасып ек…
Менің сәби көңілімді қоршаған
Фашист болып көрінетін қасірет…
Мұнша алып болармысың бүгілмес,
Бір өзіңнен мықтылықты үйрендім,
Сен тұрғанда төнген қаһар түк емес,
Құласам да, бір өзіңе сүйендім.
Жарылмай тұр қалай ғана жүрегің,
Мейрімдерді арқалаған тонналап?!
Саған қарап шаттанамын, күлемін,
Тек танытшы көрген сайын оң қабақ.
Ана тілегі
Жарасып тұр бір-біріне барлық зат,
О, адамзат, өздеріңе жаздым хат,
Толғандырып, ұйқы бермей талай ой,
Күл боп ұшып кететіндей өмір-бақ.
Кесірінен бір есерсоқ жындының
Босатпасын ядроның шылбырын,
Үміті мен үлесі адал тірліктің
Ракеталар тұмсығында тұр бүгін.
Бала өсіріп, мәпелеу деп парызым,
Өтемекші ем өмірімнің қарызын,
Түні бойы көз ілмеуге дайынмын,
Болашаққа айтатын көп арызым.
Пәк сәбиді аялаған алақан,
Өмір-бақи ұшырсын деп балапан,
Мен – анамын, тілей жүріп тыныштық,
Тағдырыңа алаңдаймын, жан Отан!
Өз жолымен келсін өмір, өлім де,
Қыран самғап, жансын жұлдыз көгімде,
Үрей емес, болашаққа зор сенім
Тұрсын дәйім балалардың өңінде.
Ойланып тұр ай мұңайып алыстан,
Жердің беті тозбаса деп тартыстан,
Ана туған кей тасжүрек үшін де
Өліп кете жаздаймын мен намыстан.
Әкеме
Армандап, жеткізсем деп тілегіңе,
Үңіле алдым ба, әке, жүрегіңе,
Өмірдің салған сансыз тауқыметі,
Кетті ме ерте батып сүйегіңе?
Шайқалды шадыман шаттық шалқарлары,
Қанша үміт, қанша тағдыр талқандалды?!
Айырылып амалсыздан серігінен,
Аспанда талай жұлдыз жаутаңдады.
Мен көрер жарық сені алға сүйреп,
Түтіннен алып шықты түйдек-түйдек,
Соғыстың қыршын жаны сая таппай,
Кезіп жүр шартарапты жаралы үйрек.
Ұл болып тумадым деп өкінбедім,
Нәзік сыр, ақ шағала-көкірегім,
Әкетай, мені көрсең мұздар еріп,
Гүлжайнап кетуші еді төңірегің.
Тұтқасы болмасам да бұл өмірдің,
Әнің боп жүрегіңнен мың төгілдім,
Сағыңды сындырмадым қиын шақта,
Қалаған кірпішің боп мен өрілдім.
Ерлерге қойып сонша биік талап,
Өскенмін бар алыпты саған балап,
Тұрғандай көрінеді маған, әке,
Өмірдің күш-қуаты сенен тарап.
Жаутаң елік-жанардай
Жаутаң елік-жанардай
Үркіп кеткен жырларым!
Сендерді іздеп таба алмай,
Көл тынысын тыңдадым,
Шөл тынысын тыңдадым,
Әр әуенге салынып,
Жалын құштым, жырладым,
Әйтеуір, бір тынбадым.
Сенен түскен найзағай
Сәулелі еді тү-у қандай!
Әлі күнге жылытып
Жүрегімді тұрғандай,
Аспан, әлем – бәрі де
Саған құлақ ұрғандай.
Менің жаным езіліп,
Өзіңе енді кезігіп…
Мөп-мөлдір боп тұнғандай.
Күлкім менің ақша бұлттай
Күлкім менің ақша бұлттай
Қонып жатқан тауларға,
Ілініп қалды талай рет,
Опасыздау омырауға.
Күлемін тек содан бері
Жұрт көңілін ауларда,
Шықылдауық торғайымды
Көбіне ұстап қамауда.
Бүгін сені мақтағым кеп
Үңіліп едім көзіңе,
Күдікпенен қарап тұрдың
Ауыздан шыққан сөзіме.
Сәт еді бұл тұлпар-сезім
Құйындатып, көсілген,
Есіл жүрек буырқанды,
Жол таба алмай өзіңе.
Жақын тұтып айтып едім
Бір жаранға назымды,
Қара бұршақ жаудырды да,
Мертіктірді жазымды.
Ақтарылып төгілетін
Сәттерім көп лапылдап,
Сарсалаңға салып қойып
Тыныш жүрген басымды.
Дәріптеу жоқ арымды да,
Жанымды да ойымда,
Міндетім бар атқаратын,
Қарызым көп мойында.
Көрсетпесін жат қылығын
Замандастың, жақынның,
Тек кездессін ақ пейілді
Жандар ылғи жолымда.
Қанаттарды қармандыра талдырып
Қанаттарды қармандыра талдырып,
Жүректерді өртей-өртей жандырып,
Бір жыл, міне, тағы өтіп барады,
Кетерінде барлық сырын алдырып.
Шеше кетті – шешіндіріп көңілді,
Әке кетті – қабырғамыз сөгілді.
Жылдар бойы жинақтаған жігер-күш
Құм болды да, қара жерге төгілді…
Өмір, сенде балғын шақтың бар демі,
Құлшындырар ынтықтықтың жаз лебі…
Қай өлшеммен өлшенеді іңкәрлік,
Байланысты неге оның аз-кемі?
Сыйластықпен жылыта алмай жандарын,
Ағарта алмай кірлеп кеткен арларын,
Талай пенде өтіп жатыр дүниеден,
Жетімек қып о бастағы арманын.
Артықтығын біліп тұрып жайсаңның,
Ізетіміз білтесіндей май шамның,
Жалтақтайды жалаңқабат өкініш,
Еске түсіп қасиеті қайтқанның.
Сыңсып жатыр бүкіл әлем сезімнен,
Жүректерден ем таба алмай езілген,
Ақ ниетін жеткізе алмай қанша жан
Күйінішпен мәңгілікке көз ілген.
Ұлағаттық ұзақ жаста демеймін,
Аз ғұмырдың ащысына көнейін.
Әр күнімді қуатты ғып бере гөр,
Жақсылардың қолтығынан демейін.
Ақиқат дауысы
(1937 жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны болған ағаларымыздың рухына).
Шымда кеткен шындықтар қауызымын,
Шыңырауда шыңғырған дауысымын,
Балапандай көрінем өз-өзіме
Қапылыста алдырған қауырсынын.
Жан-тәніңмен сен мені тілегенсің,
Аңсап барып, мазарда түнегенсің,
Қолдаушың боп келдім мен, қорғаушың боп,
Мені күткен армандар түрегелсін!
Менің үнім алқынтар аңызақтай
Жүргендерді, әйтеуір, жанын сақтай,
Үндемеске кім екен бел байлатқан
Ақиқатқа жаба сап қалың тақтай?
Шырылдап, сұм сұмдыққа жүрек нанбай,
Мына өмірге кеттің-ау, шөлің қанбай,
Айналшықтап жүрді ме құзғын, қарға,
Пәк денеңді шоқуға беттей алмай?
Жанарыңда қалды ма көкшіл әлем,
Селт еткізбей пасықты соңғы дәлел,
Ең болмаса ұшпады бір көгершін,
Жетпей қалды-ау ел жаққа соңғы сәлем.
Бойыңнан да, ойыңнан кінә таппай,
Әділетті мәпелеп, арды сақтай,
Ақтық демің, ағатай, біткенінше,
Шындықты арашалап жаттың жақтай.
Көре алмай кеткен өзің күндер үшін,
Көктемей қалған сенсіз гүлдер үшін,
Жанартаудай мен енді атыламын,
Өшіп қалған мезгілсіз үндер үшін.
Шымда кеткен шындықтар қауызымын,
Шыңырауда шыңғырған дауысымын,
Өксіктерін баса алмай кеткендердің
Найзағайлы, нөсерлі Наурызымын!