ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА ӨЛЕҢДЕРІ

Сатқындығыңнан сақташы
Сатқындығыңнан сақташы,
Жанашыр болшы, ағайын,
Жаулардан мені жақташы,
Адалдығыңды ұғайын.
Ауыртып жанын жақынның,
Жамала берсе жалаң сөз,
Бағасы артып бақырдың,
Шаба алмай қалса шабандоз,
Кінәні кімге артамыз,
Күнәға батсақ белшеден,
Қалыңдай түссе қалтамыз,
Қаламыз болып таскерең.
Жүреміз күліп миықтан,
Сыпайы ғана иіліп,
Біреуге атып тұйық таң,
Қыршыны жатса қиылып.
Нұр-шуақ қашты көңілден,
Тоңазып қалды талап та,
Айырып өжет, өріңнен,
Күнімді езге қаратпа.
Заманның салған салмағы-ай,
Қопардың түптен тамырды,
Асылдың қалған тармағы-ай,
Арамнан қорға арыңды!
Әкелер кешкен күнәдан,
Жеткенше ұрпақ арылып,
Зұлымдық озып зиядан,
Қоғамнан таймас тағылық.
Қуанышым су сепкендей басылып
Қуанышым су сепкендей басылып,
Жылап алам көз жасымды жасырып.
Қорғансыздың зар илеген даусынан
Алабұртты тағы жаным ашынып.
Тәуекелге бел байлаған қазағым,
Өзіңе арнап жанайқайын жазамын.
Жаңалыққа елжіреп-ақ қарайсың,
Жанарыңда әппақ сенім, таза мұң.
Өткеніңнен өңделе алмай талықсып,
Есеңгіреп қалдың ба, әлде, жарықтық.
Көнбіс болып сарғайғанда сонша жыл,
Ұрпағыңа не қалдырдың қарық қып?
Тайталасып үміт, күдік арбасып,
Жүрегімді жүрем күнде жарға асып,
Еркіндіктен есі кетіп ел-жұртым,
Қапылыста қалмасын деп адасып…
Өткенге оралу
Көнбеймін деп ырқына мына өмірдің,
Шашбау болып келді талға өрілгім,
Ақиқатты айтамын деп жасырмай,
Көбігіне қанша сөздің көмілдім.
Сырбаздарға сыйынамын сыр сақтар,
Көкірегінде түймелері мың қатпар,
Кісілерді кездестірдім мен кейбір
Жанарына сырдан түйдек мұң қатқан.
Аузы күйген үрлеп ішер деген бар,
Ашықтықтан халқым талай жеген зар,
Мың құбылған замананың желі де
Қайда бұрып әкетерін кім ұғар.
Ести алмай әкесінің соңғы әнін,
Қалған бейбақ айырады сор дәмін,
Жауыр болып қансыраған жүрегі
Көтере алмас енді тағдыр шолжаңын.
Сол баяғы тас-түйін боп қатқаны,
Естен кетпес әкесін дос сатқаны,
Аузын ашса дайын тұрған секілді
Әлдекімнің құрып қойған қақпаны.
Үрей, үрей… темір құрсау құрдымға,
Қамап қойып қанша жанды қырдың да,
Ешбір залым ойлап таппас айламен
Бір арнаға елдің басын бұрдың да.
Буындыртып өз ұлдарын өзіне,
Шөп салдың ғой пәк халқымның көзіне,
Мұндай айла білмейді екен адамзат,
Айта да алмас ұқсас жайды шежіре.
Маңызынан айрылғанда мән бар ма,
Сенбей қалды жұртым мына жалғанға,
Ештеңеге зауқы болмай, самарқау,
Бір-бірімен сырласудан қалған ба…
Ұмыт болып сары – уайым, күз – керуен,
Үрей құсы безіп қашан біздерден,
Жаңарғанша жапырағы ғұмырдың
Сенімсіздік сығалайды жүздерден.
Дағдарыс
Кеудемді тырнап мұң – мысық,
Айналдырғандай мың қырсық,
Алданбай ешбір ермекке
Өтуде күндер тымырсық.
Қарттарды аяп жүдеген,
Көшеде қайыр тілеген,
Жастарды көріп үй-күйсіз
Вокзалда жатып түнеген,
Ауруға жүрек шалдықты,
Көргенше мұнша зарлықты,
Оянбай кетсем ұйқыдан,
Тұрағым етіп тамұқты.
Ұға алмай атам мән-жайды,
Шүкіршілікпен қартайды,
Дәуірін көкке көтеріп
Еліне қарап марқайды.
Секіріп жұлдыз – көпірден,
Дауыстар қанша өкірген,
Қисынсыз сеніп ертекке
Мұңлықтардаймыз өкінген.
Кісенделіп өз даламда,
Саңылау қалмай санамда,
Тартылғанынша тақыр боп
Алаңдамадым Аралға.
Сатқынмын, тарттым сазайды,
Жақтырмай құмдар қарайды,
Бір кезгі таудай толқындар
Тас болып жанды қажайды.
Адамның бітіп шарасы,
Кеміді құты, бағасы
Пейілің кең ғой, Жаратқан,
Оң көзбен бізге қарашы…
Оң көзбен жерге қарашы…
Қиылыста
Қуаныш сыйла, өтінем,
Азайды өмір шуағы,
Ақ жібек арман сетінер,
Жалбырап күндер құрағы.
Дәулет те, бақ та мен үшін
Сәттерден мөлдір тұрады,
Үрей – құс жайлап ел ішін
Бұл ғасыр бізді сынады.
Шатасып кеткен тірліктің
Болмай да қойды тұрағы,
Береке, ауызбірліктің
Өшті ме әлде шырағы?
Қаңқылдап ұшты беталды
Қаздиған дала қыраны,
Бірінен бірі кек алды
Дауы көп дәуір ұланы.
Берекесіз кей көптіктен
Артық-ау аздың бұла әні.
Көрінген жерге көз тіккен
Белгілі бір күн құлары.
Шаршады жүйке жұқарып,
Көбейіп ұрыс ұраны,
Көгенге көңіл тұсалып,
Қашанға дейін тұрады?
Жөн таппай жортып жүр әлі,
Жамырап дала құланы,
Іздеме бұған кінәні
Сейілмей сана тұманы.
Жегідей жейді жанымды
Жамиғат сөзге құмары,
Дегенді: «сақта барыңды»,
Белгісіз қашан ұғары?…
Өліара кезеңде
Кейпімде тұр заманымның қыр-сыры,
Мінезімде мезгілімнің қырсығы,
Көшелерден көшіп жатыр табыттар
Көбісінде өксік-өмір қыршыны.
Егіледі жар таба алмай бойжеткен,
Ата-ананың бойларынан күй кеткен.
Пендесіне шықпай жатып түйнектен,
Құдай емес жауыздықты үйреткен.
Ұлағаттан нәр алса егер жасымыз,
Қатпас еді-ау амал таппай басымыз,
Мардымсыз боп кеткен мына тірлікте,
Шикі шешім қабылдаймыз асығыс.
Келте ойдан арыламыз қашан біз,
Ескілік деп ізгімізден қашамыз.
Күнелткенше шапағатсыз, шуақсыз
Кезіп кеткен дұрыс шығар жаһан, түз.
Кейпімде тұр заманымның қыр-сыры,
Мінезімде мезгілімнің қырсығы,
Көшелерден көшіп жатыр табыттар,
Көбісінде өксік — өмір қыршыны.
МОНОЛОГ
(Тәуелсіздіктің қиын бұрылыстарындағы
жан ышқынысы)
Көнгіш болдым көкжал тағдыр алдында,
Өктемдіктен жасқаншақ боп қалдым ба?
Манаураған дүние мынау қалпында,
Менің жаным тірелгендей алқымға..
Күресуді үйретіпті кім маған,
Ес білгелі жұртты көрдім жылаған.
Талай нәубет өткізген соң басынан,
Жалбарынып тек амандық сұраған,
.
Жұрт тарихын жаттап өскен ұрпақпыз,
Өзімізге келген тұста шорқақпыз.
Мықтылардың мысы басып, жалтақпыз,
Сондықтан да барлығына ортақпыз.
Бүршік атқан тағы келді бір көктем,
Алатау тұр төбесіне бұлт шөккен.
Аналар жүр жанарынан жас төккен,
Көмек күтіп жерден емес, тек көктен.
Қызын қорғар елдің қайда айбаты,
Дем беретін қайда кеткен қайраты.
Жуандары әлсіздерді жайратты,
Әрбір мықты өз бұлбұлын сайратты.
Көнгіш болдым көкжал тағдыр алдында,
Өктемдіктен жасқаншақ боп қалдым ба?
Манаураған дүние мынау қалпында,
Менің жаным тірелгендей алқымға…
+
ҰРПАҚ ДАУЫСЫ
Сауықтырсам деп армандап жаныңды,
Білгім келіп көзден таса халіңді,
Тыпыршыдым тыным таппай сенделіп,
Ойлауменен, халқым, сенің қамыңды.
Қай заманда пенде айтқаны бола ма,
Тар қапаста қалған көңіл оңа ма?
Қарлығаштай қанатыммен қағайын,
Зақымдарды түсіп кеткен санаңа.
Далаңдаумен, дәрменсіздеу хал кешіп,
Зұлматтардан жан сауғалап тау кезіп.
Саралауға, даралауға шамаң жоқ,
Аман болсын деумен келдің талбесік.
Сені сүймеу, әзиз халқым, мүмкін бе?
Ұрпақ үшін құрбан ұйқы, күлкің де.
Асқақтатар ұл-қызың бар биікке,
Еңселім-ау, сабырлым-ау, күрсінбе.
Келе жатыр керім кездер керіліп,
Жарқын ойлар жадымызға өріліп,
Арман болған қу дүниенің ернесі,
Әлі-ақ кетер бақ пен нұрдан төгіліп.
Пейіліңді кірлетпеші күнә артып,
Жан сарайға қыл түсірме құмартып,
Парызымды мен де өтеп кетейін,
Жырларыммен ел-жұртымды қуантып!
Бұл жаз да өтіп барады
Бұл жаз да өтіп барады,
Амалсыз ұшқан аққудай,
Сәмбі тал суға қарады,
Бейнесін өзі жақтырмай.
Көңілі толмай қияға
Жапалақ отыр қомданып,
Өшігіп ұшқан ұяға,
Аусар ұл тұр долданып.
Жабыға бітсе ер-тоқым,
Танымай кетер егесін,
Жемтік тапса бір шоқым
Қарға кімді елесін.
Апарып тастап анасын,
Үйіне қарттар өлуге,
Жүргендердің жазасын
Жарамай жүрміз беруге.
Марқайтады мақтаса,
Күні түссе жамағат,
Басыңнан бірақ бақ тайса,
Таға салар жаман ат.
Қанағатсыз құлқын бар,
Берері жоқ ешкімге,
Бетіңе ғана жылпылдар,
Жетіп жатыр күншіл де.
Тексізге берсек тізгінді,
Жетелі ғұмыр жетіспес,
Кекшілден қорға ізгіңді,
Сөзіңді ессіз есітпес.
Өткелде
(Нарыққа өту кезеңінің көріністері)
Ғазиз жаным бөлшектеніп, бөлініп,
Әр пенденің көз жасы боп төгіліп.
Қуанышы аздау мына кезеңде,
Жүремін мен қылмыстыдай көрініп.
Ойнамайды тоқ баламен аш бала,
Қаншама адам таба алмай жүр баспана,
Ит пен мысық ішіп жүрген жуынды
Қорек болды-ау жарымжанға, масқара.
Шырылдайды шыбын жандар шарасыз,
Ойламаймын екенбіз деп талансыз,
Қырық құрақ бірлік кетер ыдырап,
Болса егер түп тамыры жарамсыз.
Мүгедекті нан сұратып, тілентіп,
Қарттарымыз тірі өліктей күнелтіп,
Барымызды игере алмай жұпыны
Неге отырмыз қара аспанды түнертіп?
Жылап-жылап көз жасы да тыйылды,
Халқым талай жеңіп еді қиынды.
«Жеттім-ау» деп желпінгенде, қырсық күн
Қамшысын кеп төбесінен үйірді.
Күлкі қайда, ойын қайда білмеймін,
Кеуілдердің серпілгенін тілеймін.
Ұшып бара жатқандаймын түнекте,
Қанатынан ұстап алып үрейдің.
Экология элегиясы
Өзегің талар ой жетпей,
Оралы жоқ құр сан сұрақ,
Ес жия алмай, бойжетпей,
Өтуде өмір балқұрақ.
Соншама неге соры көп,
Далиған бейбақ даланың,
…Аяғы жоқ, қолы жоқ
Дүниеге келген баланың.
Жер-Ана неткен сабырлы ең,
Қалдың ба жайды ұға алмай?
Қойныңа сүңгіп қабірлер
Жатырсың бір үн шығармай.
Тәніңді сүйген аймалап,
Толқындар қандай салқын-ды!
Боздап бір берші «қайдалап»,
Көр пенде көрсін қалпыңды.
Сарсаңға түскен пейілдер,
Күніге сеңдей қағысып,
Қайғымыз қайтіп жеңілдер,
Табиғат жатса қан құсып?..
Ылайланар тіршіліктің тұнығы
Ылайланар тіршіліктің тұнығы,
Адам жаны тұрмаса егер мөлдіреп,
Өңмендерден өтіп күздің суығы
Барады ма көңіліміз шын жүдеп?
Тарылды ма тірі жанның пейілі,
Жер бойына сіңіп жатыр арамдық.
Азайғанда адамзаттың мейірі
Көбейеді деуші еді жамандық.
Шыдай алмай қақтығыстар оғына,
Төгіп жатыр табиғат та қаһарын,
Түсіп алып бір-бірінің соңына
Жұмыр бас жүр зұлымдыққа қақалып.
Жер жарылды келтірсем деп тәубеге
Дандайсыған дарақылар додасын.
Жұрттың бәрін салып қойып әуреге,
Біріктіріп көрейін деп ортасын.
Бәрібір сол өштесуі кектеніп,
Арасында күйіп жатыр есі бар,
Ештеңемен қоймайтындай шектеліп
Бөле алмайтын адамдардың несі бар?
Жер жетеді ақ ниетті жандарға,
Қастерлесе мекендеген өлкені,
Ғарыштарға жолды Сана салғанда
Жүректерді жалғай алмай өртенді.
Жат дүниелер өзара кеп бірігіп,
Біз жүргенде кеңістікке сыя алмай,
Көрсеткенде олар ертең ірілік,
Қаламыз-ау көздің жасын тыя алмай.
…Жақсылықты аз көрдім деп өкінбе,
Ғұмырың да, бейне, өзіңнің тұлғаңдай,
Туған жерге, тірі жанға, өмірге —
Қарау керек соңғы көріп тұрғандай!
Қайрылмай кеткен бақытқа
Қайрылмай кеткен бақытқа
Жоқ менің аса өкпем де,
Құмар ед жаным жарыққа,
Жеткізші жасыл көктемге.
Үскірік жайлап көңілді,
Жаурадым, бойым жылынбай,
Бермесең берме төріңді,
Тұршы, ей, өмір, құбылмай.
Тарқатар кейде мұң, шерді,
Асыл бір сәтті қимадың,
Көбейтіп күйкі күйбеңді,
Ауыртып жанды қинадың.
Қайтейін сенен көп сұрап,
Не шығар қатты қолыңнан,
Сәнімді алдың деп ұрлап,
Жүгірмеспін-ау соңыңнан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *