ЖАДЫРА ДӘРІБАЕВА

Найзағайлы, ай қабақты от жалын…
Жарық дүние, кереметсің, керемет,
Сен де мені, мен секілді керек ет.
Күрең-күрең көбейттірмей күндерді,
Қуатың мен берекеңнен бере кет.
Сүмбіл көкке күнде жүрем ынтық боп,
Сезімдерім төгіледі мың шық боп,
Жалт-жұлт еткен ұшқын — әлем ішінде,
Тірі жанға тиер титтей қырсық жоқ.
Бәрі-бәрі жердің сілем төсінде,
Адамдығың ұшырасып кесірге,
Уыз таңмен оянасың уылжып,
Бүлінесің жетпей жатып бесінге.
Таңдай қағып, таңырқаудан басталған,
Нұрлы әлем, сені сүйіп қарсы алғам.
«Жеті қабат аспан үстін көрсем», — деп
Сәби көңіл қиялдаған, тамсанған.
Тазалық пен пәктік бар деп тек сонда,
Жүрсін деумен Тәңір салған ақ жолда.
Жақсылыққа баулып келем жақынды,
Түспесін деп сайтан құрған мың торға.
…Найзағайлы, ай қабақты, от жалын,
Білдім енді бұл дүниеде бақ барын,
Әрбір ізгі адам үшін хақ әлем
Көзін ілмей күресіп-ақ жатқанын!
Еліме
Салмағы артып мысыңның,
Тірегім болшы, туған ел.
Мен де бір өршіл қызыңмын
Өзіңмен өсіп, буған бел.
Көктемін құшқан көкірек,
Қалыпты қыстан қысылып,
Құрдымға кетіп көп тілек,
Желтоқсан желі ұшырып.
Санамды сыздан құрғатып,
Шабытым шалқып шалқарда,
Қиырда сырлы үн қатып,
Жүргенім сенің арқаңда.
Алақан толып нұр, баққа,
Адымың жатса күн аттап,
Ұлы күн туар ұрпаққа,
Жігерің тасып, жыр қаптап!
Тәж киіп лағыл шуақтан,
Күн санап өскен алыптай,
Өзіңе сеніп қуаттан,
Жүзіңді жүзге қарытпай!
Мұң-шерін Армен жуған ұлт,
Сындарлы, дана, қайырымды,
Сенерім сенсің, туған жұрт,
Көрмейін енді қайғыңды!
Тамырларды тереңдерден нәр алған
Тамырларды тереңдерден нәр алған,
Жүруші еді атам қорғап арамнан.
Ұмыт болып ұрандатқан қанша сәт,
Өшпей қойды сол өнеге санамнан.
Тұқымы деп текті ата-бабаның,
Көзі ғой деп кеткен жақсы ағаның,
Талай жанның мерейлерін өсіріп,
Халқым жерге тигізбейтін табанын.
Бағалау бар, (жағымпаздық бір бөлек),
Көлеңкелі болар ма еді бәйтерек,
Мезгілімен нәр алмаса жерінен,
Өспесе егер күн нұрына еркелеп.
Асылдарды аластауға асықтық,
Қанша ұрпақты «байдікі» деп жасыттық.
Қалай білмей келдік біздер сонша жыл,
Соның бәрі екендігін пасықтық.
Жайсаңдарды жау санадық, жайраттық,
Сатқындарды тайраңдатып, сайраттық.
Қырып, жойып ақылдысын, алғырын,
Елдің сорын жанашырсыз қайнаттық.
Ақырында өнеге жоқ, жалын жоқ,
Болыппыз да қалыппыз-ау қалың топ.
Бәріміздің жаттарымыз бір жарғы,
Мәз боламыз, әйтеуір, деп қарын тоқ.
Құнарлы да, тұмарлы едік, қайтерсің,
Айтуға да көбейді ғой жәйіт ерсі,
Қоқыраңдап доқ көрсету халқына,
Қай тәлімге, қай ағымға сай келсін?.
Мәңгүрттерді көбейттік-ау парықсыз,
Білімдіге әбден біздер «жарыппыз»,
Ана тілдің жауып тастап қазанын,
Өгейліктің астына от жағыппыз.
Мұның бәрі тексіздіктің кесірі,
Қирап жатса керексіз боп бесігі.
Не болмақшы есіл елдің жағдайы,
Жылап жүрсе зеректісі, жетігі.
Тамырларды тереңдерден нәр алған,
Жүруші еді атам қорғап арамнан,
Ұмыт болып ұрандатқан қанша сәт,
Кетпей қойды сол өнеге санамнан.
Қанағатшыл Қағанаттың қызымын
Қанағатшыл Қағанаттың қызымын,
Самал жел кеп тарқататын бұрымын.
Азды-көпке «тәубе» айтып, «шүкір» деп.
Сыйлап өскен ата-баба ырымын.
Жамандықты дарытпаған бойына,
Зерделі сөз тоқып өскен ойына,
Қасиетін қастерлеген елінің,
Сан сынаққа бермеген ол мойыла.
Ажарына ақылы сай, бал тілді,
Сол қыз өзі кешкен ғұмыр сан қилы.
Арғымақтың құлағында ойнап ол,
Елі үшін ермен бірге жан қиды.
Сыңғырлаған күлкісінен нәр алып,
Өскен екен батырлар да нар, алып,
Осал болмас, босаң болмас ұрпағы,
Ару Ана, арлы Атадан жаралып.
… Арсыздық пен алауыздық азайып,
Жаңа дәуір жыр-дастанын жазайық.
Мен сенемін: бар қырсықтан арылып,
Біздің қазақ Ел болады ғажайып!
Қайырым күтіп, жайы да болмай, жадағай
Қайырым күтіп, жайы да болмай, жадағай,
Жатыр-ау дала қасірет шеккен анадай,
Көлбеңдегенмен көлшіктер арбап алыстан,
Жанына келсең қалқыған қалдық, қара май.
Алаңсыз өстік, береген болдық санаспай,
Жеріміз кең деп, сыйға да тарттық, таласпай.
Жалаңдап келген тойымсыз, арсыз ашкөздік,
Берекемізді бастағандай ма аластай.
… Жерімнің туған аңсап жүремін құйынын,
Шешерміз қашан күрмелген сауал түйінін,
Қиналған ауыл көз алдымда әбіржіп,
Теңселіп тұр ғой, қысқандай кесел бүйірін.
Жарқырап тұр мына маңғаз дүние
Жарқырап тұр мына маңғаз дүние,
Мың жыл бұрын болған осы күйінде,
Жұлдыздар да би билеген қуанып,
Ай қараған наздана да, сүйіне.
Есіркеуді сұрап жүріп ескі айдан,
Жарылқауды күткен бабам жаңа айдан,
Мәңгі ғұмыр сүрмейтінін білсе де,
Сан тілегін тілей берген Құдайдан.
Үміт, үрей жанды ұшырып қаңбақтай,
Кейде, тіпті, баққа жетпей бармақтай,
Құштарлықтан құмар көңіл күлдіреп,
Пенде өтер ұлы өмірді ардақтай.
Тылсым әлем қарап бізге шат күліп,
Тарту күшін жердің қойған арттырып,
Өлшеулі өмір сыйлаған соң адамға
Арманын да бергенде ғой шақ қылып…
Еңкейтпеші еңселіні ептіге
Еңкейтпеші еңселіні ептіге,
Іргемізді ібілістер жайлап кетті ме?
Пұлы бардың таңқияды танауы,
Миығынан күліп тұр ол тектіге.
Қасиетін қастерлеген жақсының,
Татса-дағы дәмін әбден ащының,
Ұрпағы едік сол кәусәрлі халықтың,
Бүгін неге кеудемізде тапшы нұр?
Жарылқауды күтеміз кеп біреуден,
Есіркеуді жалықпаймыз тілеуден,
Құлап жатып жығылғанға күлеміз,
Алдымызға жан салмаймыз мінеуден.
Ұғынуға парқы жетер, құнттым-ай,
Бұзылмасын ақ пейіл мен құлқың-ай,
Ертеңің тұр ілінулі қармаққа,
Арынды бол, арқа сүйер жұртым-ай!
«БІЗДІҢ ЖАҚТЫҢ АСПАНЫ» ЦИКЛЫНАН
I
АЗАМАТҚА
Сыр алдырмай өтсем егер сындардан,
Аға толқын тәлімімен шыңдалғам.
Жақсыларға кезіктірген тағдырды
Жалықпаспын шын жүректен жырлаудан.
Масаттанып масаңсудан аулақпын,
Жылағанның жүрек сырын аулаппын,
Өнегеме өрісімді өсірген,
Түйсігі бар жас ұрпақты баулаппын.
Ыждахаттық ығына алып ықтырса,
Сәуір сәттер мөлдірлікті ұқтырса,
Ұлылардың ұлағаты дем беріп,
Салихалы қасиетін жұқтырса.
II
Бап керек қой балаға да, басқаға,
Қаншама жан өтті амалсыз, жасқана,
Еңселерін көтере алмай, үгіліп,
Азайып та бара жатыр жақсы аға.
Басымыздан аспай жүрміз көбіміз,
Мейлі, мені даңғой деңіз, сөгіңіз,
Ұсақталып қасиеті ерлердің,
Тең түсіп тұр есік пенен төріміз.
Үйренгішпіз өзімізден басқадан,
Сонша асылды керексіз деп тастаған,
Халықпыз ғой малын бере салатын,
Бәз біреуге атымызды мақтаған.
Қырық пышақ, қырық ру бөлініп,
Бөтен көзге жақсы болып көрініп,
Даңғазалық, мардымсыздық үлгі боп,
Қалмаса екен ел іргесі сөгіліп.
Жайсаңдардың аяғынан шалмайық,
Жағасынан ешкімнің де алмайық.
Өсер халық үйренетін жәйт жетер,
Тояттанып, жарты жолда қалмайық!
III
Тәуірлерді айту керек тәуір деп,
Көбейгені күншілдердің ауыр тек.
Абыройы ортақ елдің ұл, қызға,
Бақыт жасап бермес өзге қауым кеп.
Қатерлер көп төніп тұрған жерге де,
Ол да қазір көз жастардан шерменде,
Бөліп-жарып тартқылайтын түгі жоқ,
Үмітпенен қарайды ел ерлерге…
IV
Ел жайы не болмақшы еңсе түссе,
Өспірім бой алдырса арсыз іске,
Бақ келіп қонақтар-ау басымызға,
Айналсақ жұдырықтай жұмыр күшке.
Елеріп есерсоқты дүбірлерге,
«Ұр да жық» ұрандарға жүгірме де,
Бас қосып әз халықтың азаматы,
Не жетсін ақыл-еске жүгінгенге.
Атам менің қалдырмапты зәулім үй
Атам менің қалдырмапты зәулім үй,
Есесіне сыйлап маған ән мен күй,
Аманат қып зерделі сөз, өлең-жыр,
Деп кетіпті: «Көңіліңе мұны түй».
Туған жерім — нұрлы, сырлы жыр елі,
Қамысына дейін әнші киелі.
Көп өсімдік өспесе де даламда,
Әрбір бұта ән-күйге бас иеді.
Бұйра құмдар төгілтеді-ай өр күйді,
Кеткен қыздай аңсап жүрген төркінді,
Еркетотай желі келіп әндетіп,
Ала қашып жөнеледі бөркіңді.
Дуалы сөз бағындырған баршаны,
Қасіреттен қорғап қалған қаншаны,
Тұл тұрмысқа қажымаған талайлар,
Өткір сөзден болғаннан соң қалқаны.
Аттанғандай соның бәрі келмеске,
Сөзің өтпей замандасқа, жерлеске,
Қалған кезде жан әлемі жабырқап,
Көкорай шақ түседі екен жиі еске.
… Бұрқасындар борандатып, боздатып,
Көңілдегі армандарды қоздатып.
Бара жатыр бақа-сынды кей ойлар
Күннен күнге жүрегімді мұздатып…
Абырой тілеп таңды атам атырған
Абырой тілеп таңды атам атырған,
Әрбір күнін тағзым етіп батырған,
«Бала берсең, сана бер» деп тілеумен,
Келешектің жайын ойлап, аһ ұрған.
«Жұқтырмайшы өн бойыңа жаман ат,
Аздырмайды адамзатты қанағат,-
Деп үйретіп отыратын қарттарым,-
«Риза болсын әр ісіңе жамағат».
«Қарғыс сені өтер, бәлкім, айналып,
Ұрпағыңа келер, бірақ, қайғы алып,
Қия басқан шағы түсер есіне,
Кейбіреудің бағы қалса байланып».
Таптамайтын ешкімнің де намысын,
Алушы еді кілең жұрттың алғысын,
Сиреп кетті сол қарттардың қатары
Ниеттері кейінгіге дарысын.
Ақ тілегі қабыл болып бабаның,
Сағы сынбай келген туған даланың,
Ізгілікті ұялатсақ жүрекке,
Талайы әлі туар еді дананың.
Әр пенденің өмір жолы –құбылыс,
Қуат беріп, қолдайды оны Ұлы Күш,
Құнықтырып, кердеңдетіп алайда,
Хақ жолынан тайдырмасын ібіліс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *