ӨМІР ӨЛШЕМІ (АЗАН МЕН НАМАЗ)

Құдайға құл екенін күнде айғақтап,

Көрмеген тірі жанды бір ғайбаттап.

Оңаша ойға батып отырды қарт,

Жанында немересі жүрді ойнақтап.

Маңдайдан бала терін тамшылатып,

Қасына келді дағы шаң шұбатып.
Ерке ұлға ес кіргендей:
– Ата! – деді,
– Ғұмыры бір адамның қанша уақыт?

Сұрақты күтпегенмен дәл осындай,

Қария жауап берді баласынбай.
– Ғұмыры бір адамның түсінгенге,

Азан менен намаздың арасындай!

Алланың пендесіне көп сынағы…

Қарт адам ойын солай топшылады.

Таң қалып немересі:
– Адамдардың
Өмірі неге қысқа? – деп сұрады.

– Қорықпай, ой жүгіртіп қарашы, әкем,

Жаныңа болсын сабыр, парасат ем.
Қамшы ғұмыр – «намазсыз азан» менен
«Азансыз намазыңның» арасы екен.

– Санама жауабыңыз тіпті сіңбей,

Сөзіңді тұрмын, ата, түк түсінбей?

Ақсақал әңгімесін жалғастырды

Жас ұлдың жүрегіне жүк түсірмей:

– Өткенде есіңде ме, тыңда, балам,

Көрші үйде сәби туды іңгәлаған.
Сәбидің құлағына азан айтып
Ат қойып бермеп пе еді діндар адам?!

– Соған куә қылды ма көрші бәрін?
– Айналдым ақылыңнан, жөн сұрағың.

Намазы сол азанның оқылған жоқ,
«Намазсыз азан» деген сол шырағым!

Өмірге келу – қызық, қайту – қайғы.

Амалың, сауабыңды айқындайды.
Ал адам өлген кезде оқылатын

Намаздың азаны, ұлым, айтылмайды.

«Азансыз намаз» деген осы, қарғам,

Өлім – хақ, тұратұғын тосып алдан.
– Неге азан шақырмайды?
– Тоқта, бала,
Ұмытпау керек мұны есі бар жан.

Бүгінгі емес, бақилық бақытты ойлан,

Қайтатұғын келеді уақыт тойдан.
Ол намаздың азанын, есіңде ме,

Адам туған кезінде оқып қойған…

Бес парыз бұйрық болып жетсе Алладан,

Мүміндер сан сауаптан кеш қалмаған.
Сондықтан құлшылық қып аз ғұмырда,

Сәт сайын бір Алланы еске ал, балам.

ӘДЕП
Бір ғұлама, тәрбиесі тым бөлек,
Шәкірттердің қарсы алдына бірде кеп.

Түзу сызық сызып қойып тақтаға,
Сынақ болар сұрақ қойды «Бұл не?» – деп.

Біреулері: «Бұл бір деген сан» – деді,

Біреулері: «Бәлкім, жалғыз жан…» – деді.

Біреулері «Таяқша,-деп, тік тұрған,
Улап-шулап айтып жатты әр нені.

Бағанадан болып жатқан құр әлек,

Шәкірттерге тақпай ұстаз кінә көп.
– Білмесеңдер, енді біліп жүріңдер,

Бір дегенім – баға жетпес бұл ӘДЕП!

– Деп ғұлама өзі берді жауабын,

Алла берер айтқан сөздің сауабын.
Бір артынан НӨЛ-ді жазып: «Бұл не?» – деп,

Ұстаз адам тағы қойды сауалын.

Сол болған соң көзі жетіп көргені,

Бәрі бірдей жауап беріп «НӨЛ!» — деді.
– Жоқ, балалар, БІЛІМ! – деді, бұл деген,

Таң қалысып қалды бұған сенгені…

Нөл артынан нөлді жазып тағы да,
– АҚЫЛ! – деді, керек бұл да жаныңа.

Мұның атын: ӨНЕР! – деді ғұлама,

Тағы да бір нөлді қосып соңына.

Біреулері мұның сырын кеш ұғып,

Біреулері қағазына көшіріп Жатыр еді,

алдындағы сызықты,

Өз қолымен тастады да өшіріп,

Ұстаздары: – Не қалды? – деп сұрады,

Ал шәкірттер кейіпке еніп кінәлі,

Кілең нөлдің қалғанына таңданып,

Бірі күліп, бірі іштей жылады.

…Көкжиектен бара жатты күн қайтып,

Мұның мәнін түсінеді кім қайтіп?…

Ақыл, білім, өнеріңнің ӘДЕПСІЗ,

НӨЛ екенін ғұлама адам тұрды айтып.

ЗАҢ – ДӘСТҮР

Ата заңымның анасы болған дәстүрім,
Ата салтында – ғажайып ғұрып, жақсы ырым.

Ата бабамның ақ отау, алтын бесігі – Атамекенім!

Алладан соңғы басты ұғым!

Шариятымды, ар-ұятымды шаң басып,

Шаңырақ қалды. Шежіре сырдан шал қашып.

Шала білетін ұлтымның ұлық тарихын,

Шалағайлар жүр ата дәстүрден алжасып.

Қасиет қалмай, береке болмай ісімде,
Қас дұшпан келіп қасықтап қанымды ішуде.

Қасымхандардың қасқа жолынан адасып,

Қасқырдай болып ұлиды- ау, үрей ішімде.

Есімнен қалған елді адастырмас ескі жол,

Есімдегі әлгі ән, «Елім- ай» еміс естілер.

Есіктен қарап қалмасын қайран қазағым,

Есілге қонған есіл ерлерім, есті бол!

Тәуелсіздіктің жолында кеше мың өлдік,

Тәубасын айтып Тәңірге бүгін жүрер жұрт.

Тәуекел етіп, жеті жұртымның қамын жеп,

Тәукедей, сірә, жасайтын кім бар бір ерлік?!

Залалы тимей заманды мынау кім күштер?

Заңғар таулардай бола алар ма екен «білгіштер»

Заманалардан қазақтың заңы – дәстүр ғой,
Заң бұзғандардың бәрі де, ендеше, қылмыскер.


Сөндірмей шоғын үміттің, Етекті басқан бақ пен сор.

Адасып мен де жүріппін, Шындықты көрмей, әттең, сол.

Тәрізді кейде көлеңкең

Қасыңда жүрер дос пен қас.

Түсіндім енді, мені ертең

Еңіреп ешкім еске алмас.

Көктемін аңсап текті жер,

Алмасып жатар қыс пен жаз.

Келгенін күздің жеткізер Басыңнаң биік ұшқан қаз.

Өмірің – жалған, не керек,

Жұмақты сұра күн мен түн!

Міні жоқ, кемел, керемет Аңсамас Хақтың кім көркін?

Жаратқан сыйы емес пе,

Жеті қат мынау жер мен көк? Құдіретті Құдай, демеске Пендеде, біздей, дәрмен жоқ.

Есінді жина, ей, Адам,

Етегін жапсын ұл мен қыз!

Құдайдан, бізді аяған,

Қорықпай қалай жүргенбіз?

МАДАҚТАП МІНСІЗ АЛЛАНЫ…

Жарлы жұртымның жағасы жыртық…

Жар астында ма жақсылық?
Кетіпті елдің арасын ірітіп,

Жалғанды жалмап жоқшылық…

Қайтады қашан қазақтың кегі,

Жазмыш не дейді, көк аспан?

Шекесіне оның азаптың мөрі.

Басылған ба екен о бастан?

Жер бетіндегі нала-сұмдықтың,

Қасіреттердің көптігі…
Олардың бәрі жанашырлықтың,

Жанашырлықтың жоқтығы!

Жаттайын тынбай аят-сүрені

Мадақтап Мінсіз Алланы.
Ойсыз күндерден, оятшы мені,

Әдіре қалсын қалғаны…

ҚАДІР ТҮНІ

Құл болу құрмет қой, ҚҰДАЙҒА,

Фәнилік ұмытып уайымды.
Нұр шашқан нығметті бұл айда,

Бір түн бар — мың айдан қайырлы!

Бұл түнді тең қылған бір Аллаһ!

Сексен үш жыл менен төрт айға.

Бұл түнде бұйырған ҚҰРАН – бақ,

Әр жолы – Ақиқат, мол пайда.

Көбейтіп мүміннің несібін,

Раббымыз бұл түнді сый еткен.

Дұғамыз: КЕШІРІМ, КЕШІРІМ,
…Тек қана тап-таза ниетпен!

Ондаған жылдардың амалын,

Бір түнге Тәңірім сыйғызып,

Бергенде, сол болсын жауабым

Маңдайды сәждеге тигізіп…

Кел, бауыр, құлшылық қылайық,

Сан түрлі сауаптан құр қалмай.

Ақ таңды қарсы алып тұрайық,

Анадан пәк болып туғандай.

Көшеде адасып кісі көп,

Мешіттің есігін таппай жүр.

Мұхаммед үмметі, шүкір ет,

Басқаға бермеген бақ қой бұл!.

АЛЛАҺУ АКБАР!!!

ТОЛҒАУ

Ерлерім мініп ақ боз ат,

Еліме қонған бақ ғажап.

Алаң да алаң заманда,

Бабам да талай тартты азап.

Алланың ғана құлымын,

Алаштың ғана ұлымын!
Азаттық үшін күреспеу –
Азамат деген атқа жат.

Ойланбай түсем отқа да,

Мәртебең үшін, мәрт ҚАЗАҚ!

Ақ сауыт киіп асылдан,

Дұшпанның құтын қашырған.

Жібермей жауға есені,
Бес қару сайлап асынған.

Бабалар өтті-ау кешегі,

Аллаға ғана бас ұрған.

Ел болдық бүгін көшелі,

Қуанышымды жасырман.

Күткенің, жұртым, осы еді,

Қилы да қилы ғасырдан.
Бағым да менің бес елі,

Қайтпаған ғазиз басымнан.

Кемеңгер елдің көсемі,

Абыройыңды асырған.

Атырау, Алтай арасы – Қазақтың дархан даласы.

Жетісу менен Арқаның,

Аңқыған жұпар ауасы.
Қаратау – қорған қамқорым,

Алатау – алаш анасы!

Босқын боп келген халықтың,

Болған да елім панасы.
Қандырған шөлін бар ұлттың

Еділ мен Ертіс жағасы.
Татулық сыйын танытты,

Алаштың арлы баласы.

Ән-күйіменен бабамның,

Әлдиіменен анамның,

Тербеліп өскен ұлымын,

Тектілік тұнған даламның.

Қанымен келген бабамның,

Арымен келген анамның,

Дүниеден қымбат,

мен үшін Дидары дархан даламның.

Аққу құс болар, көлімнің Келбетіндегі киесі.
Жусанды жұпар белімнің Жер бетіндегі иесі

– Қазақтай елміз ғаламат!

Көңілді тербер күй осы,

Ағайын, бізге аманат,

Алланың берген сыйы осы!

БҰЛ ӨМІР…

Бұл өмір қысқа, құстың тұмсығындай,

Жастығың жара бермес бүршік ыңғай.

Өкініп өткен күнге өксігенмен,

Жуарсың көңіліңнің кіршігін қай?

Бұл өмір – ойнап жүріп от басулар.

Кездейсоқ кездесулер, қоштасулар.

Таусылған тағдырларды теңдеп алып,

Келмеске кеткен сонау көп ғасырлар.

Бұл өмір – жауабы жоқ, сұрағы бар,

Алдамшы арзан бақтан кім арылар?

Қаңтарда көбелек боп жауған қардың,

Көктемде көз жасына куә қылар.

Бұл өмір – кімге мәнді, кімге мәнсіз?

(Сағымдай бірде жоқсыз, бірде барсыз).
«Қар жаумай, қазан ұрмай солып қалар»,

Қайтейін ғұмырымды гүлден әлсіз.

Бұл өмір – бізге мәлім өткел сынды,

Өтем деп сол өлкелді көп тер сіңді.

Жазғырып Жаратқанды жылаймыз-ау,

Жүргендей қатар кешіп от пен суды.

Бұл өмір өтпес, өтсек біз өтерміз,
Қыс, Көктем, жасыл Жаз бен Күз екенбіз.

Тұншығып жасына әбден көзіміздің
Бір күні еріп кетер мұз екенбіз.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

САҒЫНТАР ЖАЛҒЫЗ МЕКЕН ЖЕР БЕТІНДЕ….

ҚАРАУЫЛ. ҚАРАӨЛЕҢ

Қара өлеңнің мекені – Қарауылға келемін,

Қара өлеңнің қамы еді, қарап жүрмей жегенім.

Қарағанның ішіне көп тығылып ойнайтын,

Қара өлеңге құмартқан қара бала мен едім.

Қара Ертісті жағалай толқып келе жатырмын,

Қара басып қалардай, қорқып келе жатырмын.

Қараой менен Қарасаз, Қарауылдың мұңы бір,

Қара нарға мұңымды артып келе жатырмын.

Қараөткелдің бойынан Қарауылға бұрылып,

Қара жолдың үстінде қуып келем бір үміт.
Қараша үйдің есігін көп кешікпей ашармын,

Қара жорғам астымда кетпесе егер сүрініп.

Қара торы жігіт боп қалғанымды көрсем деп,

Қарай-қарай жолыма қайран анам кемсеңдеп,

Қараңғыда аптығып шыға келсе алдымнан,
Қара таудай қасқайып тұрар ма екем мен сергек.

Қара ұлына байлаған бағыланды сойдырып,

Қарапайым қызықты қайран әкем той қылып…

Қара қойдың сорпасы бұрқ-сарқ етіп қайнаған,

Қара қазан жататын бәрімізді тойдырып.

Қара нанға сары май жағып алып жейтұғын,

Қара суға қанағат, қарын тойды дейтұғын.
Қара жаяу, қайғысыз көше бойлап жүгірген,

Қарадүрсін кешегі сағындырды-ау кей күнім.

Қара сиыр сүтімен қою шайды ішетін,

Қара кемпір сөйтіп ап қара терге түсетін.
Қараң қалғыр! – деп қойып қарайғанға ұрысып,

Қара күбі қымызды қайта-қайта пісетін.

Қара қыздар кешегі – қара көзді келіншек,

Қара шашын тарайтын қапияда көрінсек.

Қара түнде ақсүйек ойнамайды енді олар,
Қара барқыт кеште де шыққысы жоқ, еріншек.

Қарақұрым халықтың халі бөлек бүгінде,

Қара жаңбыр жауып тұр қар аралас іңірде.

Қара суық күз келіп қалтырайды қу тірлік,

Қара торғай секілді қарағаштың түбінде.

Қарауылда қалды әне, қара шалым, тектім-ау,

Қара шалдан қалғаны – Қара шаңырақ тек мынау.

Қара күйе жағылып арыңа аппақ, ауылым,
Қара ниет қоғамның құрбаны боп кеттің-ау…

ТЕСІКТАС

Саған деген көңілдегі күй – үнім,

Сағынышым, сан мың мақам иірім.

Таңғажайып тағдырың бар,

Тесіктас – Сенсің менің ең алғашқы биігім!

Әппақ үміт алып-ұшып асыға,

Арманымды қашап жаздым тасыңа.

Бар әлемді көріп тұрмын деуші едім,

Балалықпен шығып алып басыңа.

Тас дегенде тас емес ең, тау едің,

Ашылмаған сырға толы әлемің.

Ғасырлардың омырауынан үзілген,

Сезілетін маған ауыр әуенің.

Түнгі аспанға тесігіңнен телміріп,

Таңды атырдым талай жұлдыз сөндіріп.

Саған деген сағынышым ғұмырлық,

Таусыз жерді жүргеніммен төр қылып.

Маған жұмбақ сенің тарғыл тағдырың,

Жалғыздықтың жалғыз тартып бар жүгін.

Жарылмастан қайтіп, қалай жатырсың,

Замандардың жұтып алып зар-мұңын?

Тереңдерден талып жеткен тынысың,

Жастығымның жалаулаған жырысың.
«Тесік моншақ жерде қалмас» десе де,

Елде қалған ең қымбаттың бірісің!

АРҚАТ

Сарғайып саган келдім, Арқат ауылым,

(Сағынса жыр арнайтын салты атамның).

Тұп-тұнық кәусарыңнан қанып ішіп,

Шерімді шемен болған тарқатармын.

Жатырқап мені неге тұр мынау бақ,

Көңілін көбелек жүр гүлдің аулап.

Еркелеп ерте шыққан күн нұрына,

Келеді құлын күнім құлдыраңдап.

Аңсарым алыс кетсем ауған саған,

Ауыл ең, тұла бойын тау қоршаған.

Аңқыған иісі бар таудың гүлі – Алайын бір рахат жанға аршадан.

Тұңғиық түнді талай кешіп бастан,

Сырыңды кетіп едім еш ұқпастан.

Балалық күндерімнің күнделігін,

Оқиын тебіреніп Тесіктастан.

Сарқуыс, Сарқырама, Тулақ – тоғай,

Теріп ек доланасын шулап талай.
Шөлімді қандыратын қанша ішсем де,

Бұлақтың көзі қалған құрғап қалай?

Аспаным алабұртып менің мөлдір,
Жас жаным жаңбыр күтіп көгімнен бір.

Таңдайын кеуіп жатқан қырат-қырдың,

Жып-жылы жібітетін төгілген нұр.

О, менің Туған жерім – дертім ішкі,

Сендегі қасіреттің өрті күшті.
Кешегі қырық жылғы жарылыстың,

Жарасы жанды ауыртар қорқынышты.

Қойлы ауыл, қоңыр өлке, аттылы қыр,

Сағынған дала жүрек қақты дүбір.
Уланып үнсіз ғана өтті-ау сенде,

Уыздай уылжыған тәтті ғұмыр.

ДАЛА

Керме иық далам, келем көсіліп,

Аяғым асты көк шалғын.
Төсіңнен текті өлең көшіріп,

Батыр бабамды еске алдым.

Көгімде менің қалықтап ұшқан,

Кереге қанат – қыран құс.
Шетінен – Шешен, Алып, Данышпан,

Бабаларыма мың алғыс!

Бозарып атқан бозала таңнан,

Бозторғай үнін естимін.
Ұлдары – ұлт боп ҚАЗАҚ атанған,

Еңісте тұрған ескі үйдің.

Керілген керім кербез даламда,

Көлім де есен, тау аман.
Жусанын желпіп жел қозғағанда,

Жұпар аңқиды ауадан.

Домбыра далам, тоғыз пернелім!

Шанағы шерлі мұң сіңген.
Қоңыр төбелі қобыз кеуделім,

Момын молалар күрсінген…

Далиған мынау далада жүрміз,

Дара нұр төгіп қыр таңы.
Соры бес елі Бабалардың

Біз Бағы батпандай ұрпағы!

АРҚАТТАҒЫ БІЗДІҢ ҮЙ

Ауыл. Түнді жамылып ап,

Түгел тылсым көшке еретін.
…Біздің үйдің шамы бірақ,

Бәрінен де кеш сөнетін.

Ай көңілге нұрын сеуіп,

Қиял құштық үйге сыймай.

Кеш батса да жүруші едік,

Кешіп бастан күйді осындай.

Тұла бойдан текті аңқытып,
– Болармысың мұнша қырсық,

Әкеңе айтам! – деп қорқытып,

Жүреді Анам жұмсақ ұрсып.

Анам – момын, Әкем – қатал,

Бір біріне жақын, серік.
Кілең ұлдар қатар-қатар,

Кілем үсті жатушы едік.

Шілде күні. Өрт айнала,

Терезеден түскен арай.

Ойын қуған өңкей бала,

Оянушы ек түске қарай.

Жалаң аяқ жаз өтеді,

(Есейдік-ау біздер ептеп.)

Жаңа киім қажет еді,
– Не киеміз? Күзде – мектеп.

Ақ көйлекті (ағамдікі),

Кетседағы сарғыш тартып,

Киім қылып маған бүтін,

Беруші еді сәл қысқартып.

Таңсәріден, тым тымырсық,

Мектеп бардық таласа ерте.

Қалтамызда – құрт, ірімшік, Арқамызда – ала сөмке.

Ауылдағы үй! Бақ, ырысым, Бақытым да – өзіңде еді.

Саған деген сағынышым, Содан бері көз ілмеді.

Бар байлығым сенде менің, Өтсе дағы уақыт сырғып.
Жаратқанға тәубе дедім, Жаратпаған бақытсыз қып.

ЕРТІСТІҢ БОЙЫ…

Ертістің бойы – ескі жұрт, Қарауыл. Қара шаңырақ. Есілдің бойы…
Кешкілік
Жұлдыздан алқа тағынад.

Ертістің бойы – ескі өлең, Сол өлең қымбат бізге тым. Есілдің бойы…
(Өспеген,
Жалғыз менің қызметім).

Ертістің бойы – ескі Оба, Жидебай жырлы Күмбезім ! Есілдің бойы…
Астана!
…Тиіп кетпесің тіл – көзің!

Ертістің бойы – ескі Алаш! Тәуелсіз ойдың мекені!
Есілдің бойы… Ексе ағаш,
Бәйтерек болып кетеді…

Ертістің бойы – ескі арба, Көнеден келген Керуен.
Есілдің бойы… Достарға
Қосыла қалсаң — серуен…

Ертістің бойы – ескі індет. (Дертіме дауа берші, Аллам?!.) Есілдің бойы…
Ешкім жоқ,
«Ереуіл атқа ер салған!»

Ертістің бойы – ескі ауыл, Естілік одан кеткен жоқ.
Есілдің бойы… Дос, бауыр,
Ешкімге ешбір өкпем жоқ.

Ертістің бойы – ескі мұң, Бояуы сіңген бойыма.
Есілдің бойы. Кешқұрым.
Осы өлең келді ойыма.

АСТАНА

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам, Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған. Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым, Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған, Тарихтың қойнауынан тапқан олжам. Баянды бақытымның бастауындай, Айналдың Астанаға аппақ арман…

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана, Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер Қарайды әлі саған сәл қызғана.

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы, Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын, Қашанда еркіндіктің құны басым. Керіліп кербез далам көсіледі, Сезініп бостандықтың шұғыласын!

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам, Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам. Бірлікті байрақ етіп болашаққа, Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!

ТУҒАН АУЫЛ

Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім, Кешір мені, кеш мені, сен текті елім! Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш, Жүреді ылғи жанымды өртеп менің.

Туған ауыл. Бәрі есте… Балалық шақ, Қалаға кеп қаңғырдық қалам ұстап.
Кешір мені, күнәсіз балалығым, Қала алмадым ауылда саған ұқсап.

Қатты маған қызуың күннен сенің, Сағынышым өзіңсің, мұң мен шерім. Қайран ауыл, қалдың-ау үзіп алып, Жұдырықтай жүректің бір бөлшегін.

Тұрғанда жасыл өлке жырға тұнып, Көшіріп алушы едім, қырда отырып. Жауһардай жырға құмар жүрегімді, Алар ма ем, тұнығыңа бір батырып.

Көнермес қасиет бар келбетінде, Сағынтар жалғыз мекен жер бетінде! Ауылым, сенен алған тұнық сезім, Жанымды бір ән болып тербетуде.

Бәрі есімде бал ғұмыр, бала кездің, Арман қудым. Ат міндім. Дала кездім. Қазыналым, қымбатсың маған мәңгі, Қарашығы секілді қара көздің!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *