Жалған дүние
Арқаның таңы ағарып атқанда, Құдайдан жақсылық тiлеп жатқанда, қайран тiлек керi кетiп, қаһарлы сұп-суық хабар жеттi: сұм дүниеден жампоз Камал өттi.
Қайран, Камал! Бiз екеумiз бiр-бiрiмiзбен хат жазысып, бiр-бiрiмiзге ұдайы да жақсылық тiлеушi едiк. Елдiң, қазақтың арманы мен аңсарын айтып, ол хаттар «Егемен Қазақстан» атты аға газетте жарияланып жатушы едi.
Ендi не болды?
Заманның дидары мен кепиетi туралы сырларымды ендi кiммен бөлiсемiн?
Сен тым ақкөңiл, адал едiң ғой, Камал! Қоғамда болып жатқан толайым кемшiлiктердi мен ашына жазғанда, сол қоғамдағы зәредей жақсылықтарды тiзбелеп, маған басу айтушы едiң. Заманның, қоғамның алдағы күндерде жақсылыққа, ақжарқын күндерге жететiнiн дәлелдеп, ұдайы да үмiт отын жандандыратынсың.
Екеумiз бiр-бiрiмiзге жазған осы хаттар кейiн, «Елiм, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» деген атпен кiтап болып шығып, сол кiтап халықаралық абыройлы сыйлыққа ие болып едi.
Кiм ендi менiмен сыр бөлiсiп, армандар, тiлектер айтысып, кiм ендi маған хат жазады?
Әттең, дүние… Екеумiз жұп жазбай Ұлытауға барып-қайтып жүретiн заман-ай…
Сен, Камал, осы заманның Баубек Бұлқышев ағаңдай батыры әрi қара сөздiң ақыны едiң. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан берi жұп жазбай, жұп жазсақ та, көз жазбай, қатар келе жатқан бiр жылдың төлдерi едiк.
Жатқан жерiң жәннат болсын! Аллаһу-Тағала о дүние қызығын берсiн, қанаттас, қаламдас асыл дос!
Сенсiз дүние – бiр кем дүние.
Мектептің тұғыртасы
Ұлттық кеңес жиналысында: Бiлiм тұжырымдамасын талқылау.
Президент резиденциясы.
Мен:
– «Байқоңыр қорлығы. Байқоңыр намысы деген ұғым туды. Унизительный и оскорбительный Байқоңыр.
Байқоңырды өзiмiз игере алмайды екенбiз, тетiгiн, техникасын бiлмейдi екенбiз. Бұған бiлiмiмiз жетпейдi екен. Ендеше, несiне кекiрейемiз?!
Ауыл мектебi. Бастауыш мектеп. Тұғыртасы мықты болса, үй құламайды. Бастауыш мектепте тұғыртас жоқ. Бар бәле содан.
Бастауыш мектеп – уыз. Уыз орнына – көкшалап.
Мұғалiм қайыршы. Одан бедел бола ма? Қаржы жоқ дейдi.
Бюджет салықтан тұрады. Ал бюджетке мұнайдан мұнша, мыстан мұнша, хромнан, молибден, бокситтен мұнша түседi деген статья бар ма? Жоқ!
Қазақстан қайыршы болатындай сорлы емес. Оны сондай болуға мәжбүр еттi.
Ұлы ұрлық дәуiрi. Сөз бiттi».
Әбiш Кекiлбаев қолдады. «Байконурский синдром», – дедi. (6.08.1995 ж)
Бұл қай, қандай кем дүние?!
Абылайдың түсіндей…
Батырдан – барымташы,
Барымташыдан – ұры,
Ұрыдан – қары,
Қарыдан бәрі туады.
Әсіресе соңғысы көп.
Бір кем дүние.
Заманбектің 54 пәтері
Түн ішінде “Елтінжалды” қайталап оқып жатқанда Заманбек Нұрқаділов телефон соқты.
– Кеше Сізді телевизордан көріп, сәлем беріп қояйын деп едім, – дейді.
– Еске алғаныңа рахмет. Екеуміз елге рахметі жоқ жақсылық жасадық. Алладан қайтсын.
Радио, телевидениеге бірден берген 54 пәтерлі үй еді. Сол үшін жазаландық…(6.08.1995 ж.)
Сөйткен Заманбек жауыз кезеңнің құрбаны болып кетті.
Алла о дүниесін берсін! Жауыздардың жазасын берсін!
Айуан артық
Бауыржан Момышұлының Кеңсайдағы ескерткіші тоналды. Мыспен қапталған шинелін “шешіп” әкетіпті. Мыс қымбат.
Адам – адам болудан қалды.
Айуан артық. Ол зиратты тонамайды.
Бір кем дүние. (21.08.1995 ж.)
Ешкінің тоңған майы
Республика сарайында Абайдың 150 жылдығына арналған салтанат ашыларда Елбасы маған:
– Халіңіз қалай? – деді.
– Бірде жылқының қысыр тайын жеп, бірде ешкінің тоңған майын жеп жүріп жатырмыз. Рахмет!
Бір кем дүние.
Опасыз алтын
Жүз жасаған теректi арқалап, балталап жатып алып кеткен. Томары қалып қойған. Кедей кемпiр самаурынға деп, күнде барып, томарды шетiнен кемiре бередi.
Бiр күнi балтасы тасқа тигендей болды. Қазып қараса, шағын сандық екен. Ашып көрiп едi, iшiнен киiзге ораған алты кило алтын шығады. Милицияға хабарлайды. Өкiмет кемпiрге алтын құнының 25 процентiн бередi. Баласы ұрсады:
– Балам-ау, осыған да шүкiр де. О баста өз иесiне опа қылмаған алтын ғой. Осыған да қанағат. Қанағат қарын тойғызар. Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар. Саған қатын алып беруге осы да жетедi, – дептi кемпiр.
Баласы дүрдигенiн қоймапты.
Бiр кем дүние.
Бас пен мұрын таласы
Панфилов паркіне таңертең шығатындар “Жалаңтас” командасы деп аталады. Соның бір мүшесі Бек Тоғысбаев:
– Сіздің мұрныңыздан менің мұрным үлкен, – деп мақтанды.
– Әттең, мұрның үлкен болғанша, басың үлкен болсашы, – деймін мен. – Мысалы, Платон тайпақ болған. Басы үлкен екен. Бірақ Платон (Тайпақ деген сөз) тайпақ деп тарих оны менсінбей қойған жоқ.
Беке, Құдайдан мұрын емес, бас тілеген жақсы (31. 05. 1995 ж.).
Қайран Бек! (Совхозбек) дүниеден о да өтті. Құдай оған шоң мұрын бергенше, ұзақ өмір бергенде жақсы болатын еді…
Бір кем дүние.
Шын сөз аспанда
Жұлдыздар – аспандағы жазулар. Құдіреттің жазуы. Не жазғанын түсінбейміз. Түсінсек, оқи алсақ, албастылар аласталып, шын Адам болар едік.
Құдіреттің шын сөзі аспанда.
Біз түсінбейміз. Бір кем дүние…
Кімдікі дұрыс
Мен Президентке:
– Бабаларымыз жүздеген жылдар бойы қызғыштай қорғап, ұрпағым үшін деп сақтап келген жерді сату қалай болады?
Президент маған:
– Сатсақ, ол жерді біреу қабына салып, топырақты арқалап кетпейді ғой. Жер қалады! (1994 ж.)
Ақыры Жерді сату туралы Заң шықты.
Байлар байи түсті.
Не боларын Құдай біледі.
Бір кем дүние.
Тұмар-иіс
Отырып-отырып, Өмекеме (Өмірбек Байгелдиге) телефон соғайын. Мың болғыр орнында отыр екен.
– Өмеке, Оразаңыз қабыл болсын! Мен ескі жазбаларымды ақтарып отырып, Манастың 1000 жылдығын тауып алдым. Есіңде ме сол той?
Өмірбек:
– Есімде. Тараздан 170 үй апарып тіккенбіз.
– Әп бәрекелде-е-е! Ал, сонда деймін-ау, бізде Манас тұлғалы қайраткер болмаған ба? Әлгі Кирдің басын кесіп алып, қан толтырған меске сол басты салып: – “Кир! Іздегенің қан еді, іш енді тойғаныңша!” – дейтін біздің Тұмар анамыз емес пе?
Өмірбек: – Тұмар-иіс
Мен: – Е, еуропалықтардың Томирис деп жүргені сол екен ғой. Ал енді содан бері қанша жыл?
– 2500 жыл.
– Манас оның қасында бала екен ғой.
– Сонда деймін-ау, Тұмар-иіс анамыздың 2500 жылдығын біз неге атамаймыз? Мұны білетін тарихшылар жоқ па?
– Жоқ.
– Бұдан мыңдаған жыл бұрын гректерден шыққан Геродот болмаса, Тұмар-иіс анамыздан хабарсыз қалатын екенбіз ғой.
– Солай. Тұмар-иіс анаң өз алдына. Зарина апаңды айтсаңшы.
– Ендеше неге жазбайсың, ойбай?!
– Ертең кел, сөйлесейік.
– Құп болады, мақұл.
Сонда деймін-ау, бұрын бейшара қазақ зиялысы дегені қазақтың тарихын 1917 жылғы ұлы Октябрь революциясынан бастаушы еді. Ендігі қол жеткізгені ХV ғасырдағы Керей мен Әз Жәнібек құрған қазақ хандығы. Одан арыға құлашы жетпеген.
Ал, Өмекемнің құлаш сілтесі мынау… Кәсіби тарихшылар жолда қалды.
Ғылымдағы, тарихтағы бір кем дүние. Зор кем дүние.