АРАЛ ЖЫРЛАРЫ
АРАЛ ҚЫЗЫНА
Қай жаны пәк жігіттің
Бақытына жаралдың?
Қарлығашы үміттің,
Ақ сазаны Аралдың.
Қызғалдақ па ең сен әлде,
Көгеретін көктемде.
Қасқалдақ па ең сен әлде,
Көлбеңдеген көк көлде.
Қиялдаған Навоидың,
Жоқ жары ма деп едім.
Қайта туған Абайдың,
Тоқжаны ма деп едім.
Арта берсін мерейің,
Жайқала бер орман боп,
Несін айта берейін,
Көкіректе арман көп…
Шараңа суың сыймастан.
Теңселіп жатқан теңізсің.
Теңі жоқ ғажап күй-дастан,
Тербелген ыстық лебізсің.
Сілкіле құлай жаздатып,
Толқыныңмен қағып өт.
Жіберші мені маздатып.
Кеудеме жалын жағып от.
Бойында туған балаңмын,
Аяма, теңіз барыңды.
Арманын тыңдап даламның
Алайын сенен бар үнді.
Жандардың мынау көңілді
Кемесін, теңіз тербей біл.
Тербеліп жатқан өмірді,
Тебіреніп сүйген ел ғой бұл…
Теңізге мынау қарашы,
Жетпейді көздің шарасы.
Кеткендей боп тұр астасып,
Аспан мен жердің арасы.
Мұнда жоқ кінә-кек деген,
Мұнда жоқ шет пен шек деген.
Сан бақыт мұнда бүршіктеп,
Сан мұрат мұнда көктеген.
Оған жат қайғы-қасірет,
Айтары ерлік өсиет.
Теңіздің теңіз екенін
Тану да үлкен қасиет.