ТАУ ЖОЛЫНДА
Қия тасты, ұя тасты, ақ тасты,
Міне, алдан сансыз таулар қақпа ашты.
Аспай қайтпау асулардан серт болсын,
Арман-талап арғымағы ерттелсін,
Жүр, Сабырхан, шежіре-жыр шерт, досым.
Дүние есігін сен де жаңа ашқан ең,
Мен де өзіндей оқылмаған дастан ем.
Қанша тау бар балғын табан баспаған,
Қанша құз бар біздер әлі аспаған,
Қандай жақсы жолды шыңнан бастаған.
Бұл өмірде аз ба асуға өрлеген,
Бәрі бірдей шың төбесін көрмеген.
Көргендерін сан ғасырлар сүйіпті ел,
Әрине олар топты жарған жүйріктер,
Сәлем саған, біз шықпаған биіктер!
Бұл өмірде бір күн қызық бір күннен,
Көңілдердің қылауы жоқ кірбіңнен.
Жер-дүниені желпіндіріп ойменен,
Тоқсан таудың ортасында тұрмын мен.
Кейбір жота дем алып тұр гүлдерден,
Соған ғана қадалыпты күн — Мерген.
Алтын күнді құшақтағым келеді
Табиғатқа таңғажайып түр берген.
Асқар шындар, арманыңмен біргемін,
Қандай бақыт қақ ортаңда жүргенім.
Жоғарыда тұрған қандай жақсы еді,
О, биіктер, түскім келмей тұр менің.