Бір таба нан
Әңгіме
1922 жылы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі
Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында дүниеге келген. Орта мектепті
бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орталау мектебінде мұғалім болды.
Армия қатарында қызмет атқарды. 1942- 1943 жж. Преснов аудандық
комсомол хатшысы, 1942- 1945 жж. «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби
қызметкер. 1950 жьшы ҚазМУ- дің филология факультетін үздік бітірді. Содан
кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі,
1952 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бөлім бастығы, Қазақстан
Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы «Қазақ
әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958- 1960 жж. Қазақстан
Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970- 1975 жж. Қазак КСР
Мәдениет министрлігі репертуарлық коллегиясының бастығы болған.
«Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды
кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер
цикліне тақырыбы, идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанаға
багындырылған алты повесть — «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы»,
«Мәжнүн тал» кіреді. Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған.
«Қайдасын, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір
қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары көптеген қазақ
театрларының сахнасында қойылып келеді.
Үнді жазушысы Р. Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын
сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л. Толстойдың
«Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибуналын»,
француз композиторы Эрве мен драматург А.Мильяждың «Түлкі бикеш»
комедиясын аударған.
«Жыл құсы» повесі 1974 жылы ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының
жұмысшы тақырыбына арналған конкурсында жүлделі орынға ие болды. Ал
Р.Тагордың «Күйеу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан
Жазушылар одағының сыйлығын, «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар»
атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік
сыйлығын алды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы
құрметті атағына ие болды.
«Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Қызылжар (Петропавл)
қаласының құрметті азаматы.
Бір таба нан
Мен туған анамнан сегіз жасымда қалыппын. Сегіз жас есіңнің кірген шағы.
Сегіз түгіл, төрт, бес жасыңдағы уақиғалардың да жадыңда сақталып
қалатындары бар. Айталық, өзімнен төрт жас кіші інім Есмағидың дүниеге
келгені күні бүгінге дейін есімде. Отынағаш атты күздеуде отырғанда жеті
айлығында шала туған інімнің үлкен қара тымаққа салынып кереге басында
ілулі тұрғаны — маған сондай айқын. Ал бес жасымда көрген бір қорқынышты
түсімді қазір де дәп басып айтып бере алам.
Біздің ауылда орман қорушысы Хамит деген тұрды. Тіпті Рабиға дейтін
әдеміше келген әйелі де менің көз алдымда.
Әкем жаңағы орманшымен дос болатын. Ертеңгі шай, кешкі тамақ Хамитсыз
ішілмейтін- ді. Неге екенін кім білсін, бірде екеуінің арасынан ала мысық өтіп
кетіп, араздасып қалғаны бар. Сол тұста әкемнің бір шана әкелгені де көз
алдымда. Бұрын дос болып жүрген кезінде бір шана түгіл, он шана отынға да
қыңқ демес Хамит бұл жолы дуылдата келді: қырамын да жоямын.
Кісі бетіне келе бермейтін әкем де шорт кетті.
- Қылатыныңды қылып ал! Шық үйден, найсап! Әйтпесе мына балтамен
табанда жайратамын.
Бұл ерегістің аяғы немен тынды, есімде жоқ. Бірақ, сол күні түнде көрген
түсім күні бүгінгідей: сақалды біреу қуып келеді. Мен қашып келем. Бұл кім
деймін бе, артыма қарасам, қуып келе жатқан сақалдым — орманшымның өзі.
Қолында балта, жалақтатып қояды. Мен тегі бақырған болсам керек, шошып
ояндым…
Кішкене кезімдегі осындай болымсыз елестің өзін жадымда ұстаған менің,
бір өкініштісі, сегіз жасымда дүние салған туған анам туралы білетінім тіпті
бұлдыр, көмескі.
Өз ойымша, анам ат жақты, қызыл шырайлы, әдемі кісі болатын. Күлкісі
мүлде жадымда жоқ. Ал ашулы кезінде қызыл шырайлы өңі бұзылып,
сұрланып кететіні есімде. Күннің бір ыстығында өзім тұрғылас бір топ бала
суға түсіп жүр едік, анам келді. Өзгеріп тұрған өңінен ашулы екенін бірден
түсіндім. Салмақты дауыспен мені шақырып алды да, шапалақтап-
шапалақтап үйге алып барды. Мен онда бес жаста болсам керек. Ал Есмағи
інім бір жаста. Қанға, ұғымға сіңген тәртіп бойынша бес жастағы бала өзінен
кейінгілерге бас- көз болуға тиісті. Тәрбиелі үйде жалғызілікті анаға
көмектесу, мал қайыру, өрістен оралған табынның алдынан шығып, төлдерді
жамыратпау секілді міндеттер бар бес жасар бала пешенесіне жазылған. Ал
мен болсам осы міндеттерімді орындауды ұмытып, ойнап кететін болсам
керек. Дәл осылай ма, анық біле бермеймін.
Білетінім — анамның әйтеуір ұрсатыны, анам ұрысқан кезде әкемнің сыртына
барып паналайтыным. Шынымды айтсам, шешемнен көрі әкем
қайырымдылау секілді. Өйткені, әкемнің сыртына барып тығылған
кездерімде:
- Жарайды, бір жолға кешір енді, батыр- екесі, енді қайталамайды,- деген
арашашы дауысты жиі еститінмін.
Бұл, әрине, нені болсын сырттай қабылдайтын бала ұғымы. Ал есейіп ат
жалын тартып мінген кезімде ағайын- туғаннан да, былайғы елден де:
- Анаң сенің ел кісісі еді ғой. Сондай ұкыпты, іскер, таза, біреуді екеу, екеуді
он етіп отыратын өнер иесі- тін. Ұры басынып ұрлайды, қонақ таңдап түседі
деген бар. Дәулеттерің шағын болса да үйлерің сол ауылдағы таңдап қонақ
түсетін санаулы үйлердің бірі болатын. Қиза марқұм сіздің үйдің құты еді,-
дегенді сан рет естігенмін.
Осы пікірді бұл күнде сексеннің төртеуіне шыққан әкемнің өзі де қостап,
қайталап отырудан жалықпайды.
- Қиза шешең туралы жұрт тегін айтпайды. Марқұмның орыны бөлек еді ғой.
Туған анамның дүние салғанына міне елу жылға жақындап қалса да, әкемнің
айнымас пікірі осы. Өзім ес білгелі оның осы пікірден жаза басқан кезін
байқаған емеспін. Ал өзі жөніндегі, менің анам Қизамен көңіл қосқан
кезіндегі ағайын- туғандардың қарым- қатынастары жөніндегі пікірі әрқилы.
Олардың қосылуы да бір хикая. Еңлік пен Кебек оқиғасындағыдай қантөгіс
болмаса да, соған пара- пар.
Менің болашақ анам байғұс әу баста Әмина деген қызымен жесір қалыпты.
Күйеуі Нұрмағанбет әкеме жамағайын. Әмеңгерлік жолы ма табыстырған,
кім білсін, әйтеуір жесір қалған жеңге мен қайын іні көңіл қосыпты. Ал оларға
екі жақтың да ағайын- туғандары қарсы болыпты. Бұл қарсылықтың насырға
шабар түрі соншалық, тіпті «айтқанымызға көнбейсің, райыңнан
қайтпайсың», — деп өз ағайындары әкемді арқан байлап құдыққа тастап,
тәуліктеп мұздай суға да ұстапты.
Осы оқиға жайында бала кезімде әкемнің «ағайындарым маған не
көрсетпеді!» — деп ренжіп отыратынына талай куәгер болғанмын. Ал
ағаларының бәрі дүние салып, өзінің де жасы ұлғайған осы бір шағында:
«ағаларымның ол ісінде зұлымдық жоқ, шешеңді басқа біреуге жөнелткісі
келген мықты нағашыларыңның ырқынан шыға алмай маған жасаған жәй
қоқан- лоққысы ғой», — деп шәйіп- жуып отыратынды шығарды.
- Дегенмен құдыққа тастаған кезде қорықпадың ба? — деп сұраймын мен
әкемнен.
- Қорыққан жоқпын. Себебі шешеңе сендім. Қиза марқұм бүкіл ел болып
қанша азғырып, қанша қинаса да айтқанынан қайтпады ғой, — деп жауап
береді ол кісі.
Тегі анам бір бет, айтқанынан қайтпантын, мынау жақын, анау алыс демейтін
әділ, тура кісі болса керек. Олай дейтінім: басқаны былай қойғанда өз
туғандары — төркін жұртына кейде разы болмай отыратын- ды.
Бір жолы мен қысқы соғымның мүше- мүшелерінен сыбаға алып
нағашыларыма барып қайттым. Нағашы әжем Сәлиманың сондағы жиен
қоржынына салып жіберген сәлем- сауқаты — жарты таба кепкен нан болып
шықты.
Сонда қолы ашық шешем: «Мұны не деп жіберді екен?» — деп ашуланып
есіктен шығарып сыртқа, итке лақтырған еді. Елде коллективтендіру
жүргізілгенде, көрші «Талпын» атты колхозға, ал біз «Лия» колхозына
ауысқанбыз. Менің нағашы ағам Әбу Файзуллин сауаты ерте ашылған, есеп-
қисапқа жүйрік, әрі өте бір сүйкімді жігіт. Алдымда туған ағам
болмағандықтан ба, әйтеуір мен оны жақсы көретінмін. Сол нағашы ағам
біздің колхозға есепшілік қызметке келді де, біздің үйде тұрды. Менде ес
жоқ, әйтпегенде ше. Жақсы көрген нағашы ағаңмен бір үйде тұрып, бір
төсекте жатсаң, туған ағасы жоқ балаға одан артық қуаныш бола ма!
Бірақ бұл қуанышым көпке бармады. Бір күні анам тамақ үстінде өзінің
інісіне:
- Жыл болса жаман, дүниенің бәрі тарылып кетті. Оның үстіне менің де
денсаулығым жоқ. Жағдайың бола бермеуі мүмкін. Ағайынның алыстан
сыйласқаны жөн. Баска пәтәрге шыққаның дұрыс болар,- деді.
- Әбу ала бөтен күтім тілер дейсің бе. Біз не ішсек, соны ішер, осында- ақ
болсын, — деген әкеме де, «Әбу ағамды жібермеймін»,- деп жылаған маған
да көнген жоқ.
Анамның дүниеден өтер күні де көз алдымда. Ғалым- синоптиктердің
айтуына қарағанда, ол жыл күн белсенділігі артқан жыл екен. Жазда
жаңбырлы қара дауыл үй шатырларын ұшырып, киіз үйлерді көкке көтеріп
кетсе, қысы бір зымыстан болған. Екі үйдің арасына бала түгіл, ересек
адамдардың өзі арқан байлап жүргендері есімде. Сол бір ала құйын ақ түтек
зымыстан қыстың адам айтса сенгісіз ақ үлпек қар жауып басылған тып-
тынық, жып- жылы, май тоңғысыз бір күні болатын. Әкем төсекте жатқан
анамның басында отырған- ды. Кенет әлсіз дауыс шықты:
- Екі қарғамды шақыршы.
Терезе алдында тұрған мен бұрынырақ жеттім. Анамның салдырап қалған қу
сүйек қолы менің басыма жақындай берді де түсіп кетті. «Шы… бы… ным…» —
деп бір ашылып, екі жабылған шүберек ерні қимылсыз қалды. Тарамыс қол
неге түсіп кетті? Кезерген ерін неге қимылсыз қалды? — Мен оны түсінбеген
болсам керек.
Әйтеуір, әкем байғұстың әлде не деп күбірлеп, анамның қолын түзеп жанына
салып, кірпігін жапқанын ғана білем…
Біз сөйтіп жетім қалдық.
Есмағи екеуміздің қолымыздан көп нәрсе келе бермейтін секілді. От жағып,
тамақ пісіру, кір- қоңды жуу бәрі де енді әке мойнында.
Әке жұмысы мұнымен тынбайды. Неге екенін білмеймін, жетпіс- сексен
үйден құрылған осы «Лия» колхозында белсенділерді қоспағанда бас
көтерер, күрек ұстар жалғыз әкем ғана. Сол себепті оған тапсырылар жұмыс
та көп.
Таң атпай тарсылдап терезе қағылады. Өктем дауыс естіледі.
- Шәймерден, орталық малы кеше су ішпей қалыпты. Тез киініп ойыққа айда.
Колхоз малына кеше шөп салынбапты.Ұлып тұр. Бір шана шөп апарып шаш.
- Ауданнан келген өкілді көрші ауылға апарып салып кел.
Әкем сөз қайтармайды. Терезе қағылды дегенше киіне бастайды. Қалай
десең де бұл өтініш- жарлықтар қиян- қилы бұйрықтардың ішіндегі
қиналмай, көңілді жүріп атқарылар түрі. Ал олардың жиі қайталанатын қиын,
суық түрі де бар:
- Шәймерден, пәлен үйде пәленшекең өліп қалыпты. Алып шық.
Шәкең өзіне серік болар жанның жоғын жақсы біледі. Сол себепті: «Менен
басқа кім барады?» — деп сұрап жатпайды. Інім Есмағи екеумізге: «мынаны
ішіңдер, мынаны жендер», — деп қатқан- құтқан бірдемелерді көрсетеді де,
қар баспаса қақпадан, қар басып қалса, қора жапсарынан шығып, өлгендерді
жерлеп түннің бір уағында қайтады. Біз болсақ, суық үйде зарығып әкемізді
күтумен боламыз.
Сондай сұрқай күннің бірі. Түнімен жынды боран соқты. Жел кеулеп азынап
кеткен суық үйде ұйықтап та жарытпадық қой деймін, әкем ерте тұрып от
жақты.
Үй жылына бастағанда, біз тұрдық. Үлкен кісінің қос алақанындай ғана
кішкене терезенің көзіне тұрған қырауды қос елі десең де болады. Көсеуді
әуелі отқа саламыз. Қып- қызыл болған кезде оны апарып әйнекке басамыз.
Күнгірт тартқан үй іші ашылайын деді. Қырауы еріп, шынысы тазарған
терезеге қараймын. Үй төбесімен жүріп кеткен ақ күртікті бір кішкене
саңылау бар. Сол саңылаудан ең әуелі ақ пиманың басы көрінді. Сол пима
олай- бұлай тебініп жаңағы саңылауды кеңейтті де, солбаң етіп біреу терезе
алдындағы қуысқа түсті. Әйнекке тақылдап таяқ соғылды.
- Шәймерден, далаға шық. Жанболат өліп қалыпты.
Жанболатты мен жақсы білем. Жауырыны күдірейген құныс шал болатын.
Суық түспей семьясы ішке кетіп, өзі бір үйде жападан- жалғыз қалған- ды.
Қалай, неге бардым? Жадымда жоқ, әйтеуір, мен әкеме еріп Жанболатты
жерлесуге бардым. Жынды боран бұл үйдің де төбесінен жүріп кетіпті.
Қақпаға тіпті жолап болмайды. Әкемнің үй терезесін қиратуына тура келді.
Қара моладай сұрқай тартқан балшық үйдің төргі бөлмесінің төрінде
аударылған ұзын қораптай болып бірдеме жатыр. Сол жақтан шыққан сасық
иіс қолқаңды атады.
Байқасам аударылған қорап дегенім Жанболаттың өзі екен. Осы күні көзім
жетеді: қаптай болып ісіп, іркілдеп кеткеніне қарағанда, өлгеніне ай өтпесе
де апталар өткен. Жүрексінер әкем жоқ, өлікті киімшең қалпында арқанмен
шандып байлап, терезеден тартып шығарды да, қол шанаға салып сүйреп
апарып жерледі.
Лия көліне қоныс тепкен осы ел қазірде де сол баяғы жетпіс- сексен үй
құралпы. Өзгеріс мәні санда емес, басқада. Ат орынын тай басар дегендей,
замана зырлап өткен сайын әке орынын ұл, ұл орынын немере басып
жатқаны айқын. Сан өзгерісі ана мола жақта. Қоныс тепкен елмен бірге
қоныс тепкен ауыл зираты қанатын кеңге салып, далиып жатыр бұл күнде.
Ағаштан қиып, цементтен құйып немесе қызыл кірпіштен қалап, әйтеуір
жұпыны болса да әр қилы ретпен басын қалқайтқан сол зиратта кішігірім
ауыл қотанындай алаң бар. Сол «алаңнан» қырағы көз жер болып кеткен
төмпелерді көре алады. Басында түк белгі жоқ осы төмпелер — сол жылғы
қыста жалғыз жүріп әкем жерлеген ауыл адамдары.
Дені дұрыс адамдардан әкесін жақсы көрмейтін кім табылмақ. Мен де
әкенің аты әке деймін. Бірақ бұл күнде қайраты қайтып, қолтоқпақтай ғана
кішкене шал болып, шөгіп қалған, шектен тыс адалдығы мен өтірік
айтпайтындығынан басқа түк өнері жоқ әкемді екі қасиеті үшін артық
бағалаймын. Біріншісі — еңбекқорлығы. Бейнет атаулыны өз басына тілеп
аларлығы. Екіншісі — артық сөйлемейтіндігі, мақтан қумайтындағы.
Артық сөйлемейтіндігі демекші, елде менен кейінгі балаларының қолында
тұратын ақсақал қыста үнемі Алматыға, маған келіп, қонақтап кетіп жүреді.
Бұл кем дегенде соңғы отыз жылдың ұрғасы. Осы жылдардың ішіңде ел
жайында, жер жайында, өзінің көрген, білген, естігендері жайында әкем
айтқан әңгімелердің ұшы- қиыры жоқ. Бірақ бір ғажабы — бір айтқанын, өзім
сұрамасам, қайталап айтып көрген емес. Мен мұны анық білем. Әрі
зеректігіне қайран қаламын. Ал бейнетке жақындығы қырық шақты адамды
жападан- жалғыз өзі жүріп жерлегендігін айтып та дәлелдеуіме болады ғой.
Әкемнің осы ісін мен елден шыққан ерлік деп бағалаймын. Жолым түсіп
ауылға бара қалсам, қасыма ергендердің бәрін де сол зиратқа апарып әлгі
«алаң» сырын баяндаймын. Бірақ әкем оған басқаша қарайтын секілді.
Үскірік қыста бір өзі соншалықты адамды жалғыз жүріп жерлесе, онда тұрған
ерлік не деп түсіне ме, «ә, ол бір сондай кез еді ғой», — дейді де қояды.
Мен ырымшыл адам емеспін. Сөйтсе де өзім ес білгеннен бергі жылдардың
ішінде біздің семьяның талай- талай кездейсоқ қатерлерге кезігіп, соның
бәрінен де аман өтіп келе жатқанын байқап, тәуба демекпін. «Өзім үшін
емес, өзгелер үшін», — деп тер төгетін адамды алғыс, рахмет әманда жебеп
жүруге тиісті ғой. Соған бірер мысал келтіруді жөн көрем:
…Ішке аттанған сапарымызда (Солтүстік Қазақстан қазақтары өзіне іргелес
Омбы, Түмен, Қорған областарын осылай «Іш»- деп атайды) жақынымыз
ағайынды Нығаш пен Қауыштың үйіне түнедік. Бұлар совхозда қызмет істейді
екен. Паек алады. Тұрмыстары жақсы.
Ел жағдайын сырт естігені болмаса, көзбен көрмеген. Аштық, кісі өлімі
дегенді білмейді. Сондай ақ көңіл, ақжарқын адамдар. Бізді жақсы қарсы
алды. Барын алдымызға қойды. Күтті. Ертеңіне ертемен: «Егер
ауыздарыңның салымы болса, бірдеме атып әкелермін» — деп Нығаш
мылтығын тазалады. — Ол кісінің ел ішінде үш артық қасиеті ботатын: Бірі-
жүзгіштігі. Біздің «Күздік» деген көлді ортасынан жүзіп өткен. Екіншісі —
құралайды көзден атқан мергендігі. Оның үстіне Нығаштың жауырыны жерге
тимеген балуандығы тағы бар.
Біз төсекте жатырмыз. Әуелі әкем, одан кейін мен, сонан соң Есмағи, өгей
шешем Бейіс… Астымызда төрт қабат текемет… Ал Нығаш болса әкемнің ар
жағында орынбаспайда оқпанып бізге қаратып мылтығын тазалап отыр. Інісі
Қауыш бір кезде:
- Әй, Нығаш, байқасаңшы. Мылтығыңды Шәймерденге қарай кезей бересін,
атылып кетіп жүрмесін, — деді.
- Оғы болмаса, қалай атылады? Ал міне қара! — деп Нығаш мылтығын әкеме
қарай көтере беріп, шүріппесін басып қалды. Мылтық гүрс етті…
Жаңсақ оқталған құс мылтықтың оғы әкемнің сол жақ қабырғасынан бір- ақ
елі төмен төрт қабат текеметті тесіп өтіп, жерге кіріпті… Әкем аман қалды.
Мен осы күні ойлаймын: мылтық аузы бір- ақ елі жоғары көтерілсе… Бір үзім
нан үшін ағайынымызды іздеп ішке кетіп бара жатқан біздің содан кейінгі
халіміз не болар еді?!
Екінші мысал: кейін 1935- 1939 жылдар мұғдарында ауылға қайта оралған
соң біздің колхозда егін шықпады ма, әлде басқа себеп бар ма, әйтеуір,
көрші «Қоскөл» деген колхозға әкемді көмекке жіберді. Көлік те, машина да
жоқ. Әкем төсек- орын, ыдыс- аяғын ит арбаға артты да, үстіне Есмағи інімді
отырғызып, біз жаяу, жиырма шақырым жерге жол тартты. Аралықтағы
«Балуан» колхозынан өткен кезде бір ақ сары пұшық орысқа кездестік. Аты
жардай. Ойнақшып, ауыздығымен алысын тұрмайды.
Әкем шала орысшасымен айтып жатыр:
- Әй, тамыр, біз «Қоскөл» барады. Мен арба таскайт қылады. Старшый
баранчук пен маржа сам ходит, серуана шаршады. Младше баранчук
телешке сидит, серуана шаршады. День нехороши. Сондай жарко. Пить еткісі
келеді. Скорей приехать надо. Подвозить қылшы.
Ақ сары пұшық сөз айтпастан көне кетті:
- Ал онда тездетіп отыра қалыңдар.
Өгей шешем — Бейіс екеуміз арбаға отырдық. Ал артқан жүгі бар, үстінде
Есмағи отырған ит арбамызды не істеу керек? Соны шешкенше болмады, ақ
сары пұшық, «ал кеттік!» — деп делбені қағып қалды. Ит арбаны сүйреп келе
жатқан қалпы әкем тарантасқа қарғып мінді. Ойнақшып тұрған арғымақ
делбе қаққан соң ала жөнелген… Зырлап келеміз. Есмағи інім отырған арба
да зырлап келеді. Ақ сары пұшық аусар ма, кім білсін, онсыз да ауыздығымен
алысып құйғытып келе жатқан атты «ну, собака!» — деп бишігімен үйіріп-
үйіріп тартып жіберді. Ат шаба жөнелді. Ит арба үстіндегі Есмағи қорқып
жылай бастады.
- Әй, тамыр, нехорошой так ехать. Лошадь плохо будет, мой баранчуку плохо
будет. Не гоняй лошадь так! — деп жалынды оған әкем. Әке өтінішін тыңдаған
ол жоқ. Тісін ақсита қарқылдай күлді де, атқа тағы да қамшы басты. Көрпе-
жастық үстінде қолайсыздау отырған Есмағи енді сыпырылып түсіп қалуға
айналды. Сол кезде әкем өзі ұстап отырған ит арба арысын қоя берді де
тарантастан қарғып түсті. Арысы жер сызған ит арба бұрыла тартты да тез
тоқтады. Ал әкем болса, үш домалап, оң иығын, арқасын жерге жыртқызып
тұрды. Ақ сары пұшықтың ақылы осыдан кейін кіргендей. Ат басын тартып,
әкем мен Есмағиды енді тарантасқа отырғызды да, бізді «Қоскөлдің» жол
бойындағы дала қосына әкеп салды. Есер атшыға рахметін айтқанымен,
әкемнің он бес — жиырма күн бойы ауырсынып жүргені күні бүгінгідей есімде.
Әкемнің осы бір еңбек сатпайтыны, бұлдануды білмейтіндігі, елгезектігі
себеп болса керек, сол бір ауыр қысты біз жүдемей еткіздік. Қыс басында бар
малын ортаға салып, өзіне деп тоқты- торым бірдемелерін қымқырып
қалғандардың үйі тас- талқан тінтіліп, көже- қатық дегендерінің бәрі
сыпырып алынса, біздің үйге белсендінің қайсысы болсын қол сұққан жоқ.
Қол сұқпағаны былай тұрсын, қайта ілтифат білдіріп қарайласып жүргендері
де болды. Осы орайда ауыл ішінде «Қаһар Жүсіп» атанып кеткен өкілді еске
аламын…
Ең алдымен оның біздің ауылға қалай келгені айна- қатесіз көз алдымда. Пар
ат жегіп, бір мылтық аз болғандай, екі иығына айқарып екі винтовка асынып
келді.
Келді де шапқылап жүріп көшелерді аралады. Жұртты біржолата ығыстырып
алайын дегені ме, тарсылдатып мылтық атты. Өкіл әсері сұмдық:
сырттағылар сыпырыла қашып үйге тығылып, үйдегілер «не сұмдық болып
қалды» деп сыпырыла босып далаға шықты. Сол Қаһар Жүсіптің өзі әкеме бір
пұт бидай берді. Бидай болғанда да қандай, қып- қызыл… Тұқымдық бидай.
Тұқымдық бидайды алуға бола ма, болмай ма, онда біздің шаруамыз жоқ.
Өйткені ауыл ұғымында Қаһар Жүсіп кісі өлтірем десе де өз еркінде.
Бұл оқиға былай болған еді. Қай жақтан екенін кім білсін, қыс ортасы ауған
соң колхоз қоймасына шана- шана тұқымдық бидай келіп түсіріле бастады.
Соншама көп бидайға қапшық дегенің қайдан жетсін. Жұрттан алаша
жиналады да екі бүктетіліп шеті сырылады. Сөйтіп қанар жасалады. Қанар
қапты көтеріп қоймаға жеткізу оңай емес, сол себепті тұқымды жұрт
шелектеп тасиды. Бір күні осындай бір іс үстінде Қаһар Жүсіп келді:
- Шелектегеннен не өнеді, қаптап неге тасымайсыңдар?- деді ақырып.
- Бұл қап емес, алаша ғой. Оны кім көтере алады дейсің, Жүсеке,- деп
Мәуияның кілтші Құрманы жорғалай жауап берді.
Қаһар Жүсіп менің әкеме қарады.
- Әй, Шәймерден, сені жұрт мықты дейді ғой. Мына алашаны көтеріп албарға
жеткізші кәне, ақысына бір пұт бидай аласың.
Әкем «рас па?»- дегендей кішкене көзін күлімдете қарады. Бұл кезде біздің
үйде де қаптың түбі тақырланып қалған еді, итермелеген сол жай ма,
тайынар емес.
- Шын айтасың ба?
- Неменеге бажырайдын? Жүсіп қашан екі сөйлеп еді?
- Көтерсем, көтерейін. Тек демесін, иығыма салысып жіберетін болсын.
Әйтпесе құшағым жетпейді.
Қаһар Жүсіптің қабағын бағып тұрған жүкшілер алашаны әкемнің арқасына
құлата бастады. Менің денем қалтырады. Қанар қап басып қалып мерт бола
ма деймін бе, жасқа булығып үнсіз тұрмын. Дегенмен ақыры қуанышпен
тынды. Әуелі алаша, шынында да, әкемді басып қалған секілденіп еді. Қол-
аяғын, басын түгел жауып кеткен. Ендігі сәтте қарасам, алаша қабым жан
біткендей қоймаға қарай сүйретіле қозғалып барады. Сол алаша қаптан
әкемнің қыбырлаған өкшесі ғана көрінеді.
Әлі есімде, таразыға салған Құрман кілтші:
- Он сегіз пұт, бес қадақ! — деп нәштей сөйледі. Даусында ырзалық бар.
Қанша қатал десем де Қаһар Жүсіп сөзінде тұрды. Әкем екеуміз бір қап
алтын берсең де таптырмайтын бір пұт бидайды алып қуана- қуана үйге
келдік.
Менің әкем шапаты келген кішкене кісі. Сөйтсе де күш атасын танымайды
дегендей жасында сондай қайратты еді. Өз басым әкемнің күреске түскенін
көрген емеспін. Бірақ талай- талай жиын- тойдың туын көтеріп, желегін
ұстағанын, әрі жауырыны жерге тимегенін ол кісінің өзі осы күнге дейін
айтып отырады. Қазақ күресінде ауыр салмақ, жеңіл салмақ деген ұғым жоқ.
Салмағы жүз килограмм тартатын түйе балуан мен алпыс- жетпіс килограмм
салмақтағы ашаң жігіттер белдесе береді. Солардың бәрінде де бәйгені ауыр
салмақты түйе балуан ғана алатын еді десек…- қате. Аласасы мен
ашаңдарының да мерейі үстем шығып жатқан. Сол себепті мен әкем сөзіне
кәміл сенемін.
Бір қызық жәй: кейін мен қазақ университетінде оқып жүрген кезімде жазғы
бір демалыста ауылға бардым.
Ол кезде жазғандарым аздап болса да баспа бетін көріп жүретін- ді. Сол жәй
дәнекер болды ма, біздің үйге аудандық орман шаруашылығының бастығы
Ахметжан Нұртазин келді. Ол өзі асықпай отырып, тілдің майын тамызып
сөйлейтін, сөзге ұста, алды кең, мінезге бай, көшелі кісі болатын. Халық
ақындарының стилінде өлең де жазатын. (Олары кейін С. Мұқановтың алғы
сөзімен кітап болып та шықты.) Сол кісі шай үстінде айналаға көзін жүгіртіп:
- Сафуан, сен қызықсың. Күшім жетпейді дейтін емес, аяқ- колы балғадай
міне жұтынып отырған інілерің бар. Төрт- бес бөлмелі ағаш үй неге қиып
алмайсың? — деді.
Олай дейтіні — біздің үй айналуға келмейтін бір- ақ бөлме болатын.
Ауданның орман қожасынан мынадай ұсынысты күтпесем керек.
- Ағашты қайдан алам? — деппін.
- Ағашты ма? Ағашты тап мына менен аласың.
Осыдан кейін орман аралап бөрене таңдауға кірістік. Бөрене дегенде бәрін
табатын әкем. Осы жерде туып, осы жерде өскендіктен бе, шоқ- шоқ болып
өсетін орманның «Ана жерінде анадай бөренелік қайың, мына жерінде
мынадай бөренелік қайың бар», — деп дөп басып айтады да, жаза баспай
табады. Біз — мен және екі інім Есмағи мен Еркебұлан пар өгізді жегеміз де
әке соңынан ереміз. Содан кейін бәріміз жабыла жығып, бұтарлап тастаған
жуан бһренелердің өлдім- талдым деп төртеу- бесеуін арбаға артып, арып-
ашып, құр сүлдерімізді сүйретіп ауылға қайтамыз. Шаршайтынымыз сондай,
жатқан қалпымызда ертеңіне аяғымызды да жия алмай қаламыз. Ондайда
әкем бізді қинамайды, пар өгізін жегеді де, орманға жалғыз кетеді. Содан
кешке қарай кешегі біз әкелген бөренелерден де жуан бөренелерді алып
келеді. Біз қайран қаламыз.
- Жалғыз жүріп қалай арттың бөренелерді? — деп сұраймыз.
Әке жауабы әрі келте, әрі қызық:
- Ой, тәйірі, со да сөз болып па?!
Ол кісіге сөз болмаса да, бізге сөз, әрине. Өйткені біз үшеу- төртеуміз
жабылып мықшыңдап көтере алмай жатсақ, көтере алмағандықтан арбаның
доңғалағын алып, неше түрлі айла- тәсіл қолданып жатсақ, ол кісі сырттай
қарап, жәй бақылаушы болып отырмайды. Жаңағы әрекетіміздің бел шешіп
жуан ортасында жүреді ғой. Және аянып та жүрмейтін секілді. Шынымды
айтсам, әкемнің «О, тәйірі, со да сөз болыппасы», — маған күні бүгінге дейін
жұмбақ.
Әкем кеуде көтеріп, артық сөйлеп көрген жан емес. Мен ес білгелі былапыт
сөз айтқанын да естіген жоқпын. Біреуді кекеу, мысқылдау, әжуа ету де оған
жат қылық. Жұрттың бәрінен де өзін кіші санайды. Бірақ жағымпазданып
елбек қағу, жалған айту, алдау дегендерің де табиғатында жоқ.
Ондай достарына өзі де кұлай беріліп, аузынан тастамай отырады. Сондай
ұзақ жылғы созылған қалтқысыз шынайы достық Сәбит Мұқанов екеуінің
арасында туған еді. Мен елге бара қалсам, не әкемнің өзі Алматыға келе
қалса, «немерелерім аман ба?» — деуден бұрын «Сәбит аман ба?» — деп сұрар
еді. Соған орай Сәбең мұрқұмның да ол кісі десе, жаны қалмайтын. Елге
барса, бұрыс болса да, нөкерлерін шұбалтып «шалыма сәлем бермей
кетпеймін», — деп әдейі соғып өтетін. Ал Шәкең қалаға келсе, бірінші болып
келіп сәлем беретін де, қара «Зиміне» отырғызып алып қала аралататын,
тауға қыдыртатын да Сәбең марқұм еді. Ондайда әкем үйге көтеріліп келеді.
«Мен кім? Жасым үлкен болса да, қазақтың жаман қара шалымын. Ал
Мықанов ел азаматы. («Мұқанов»- демейді. «Мықанов»- деп бұрып айтатын
өз дағдысы. Ал мен болсам, әке сөзіне түзету енгізіп көрген емен.) Соған
қарамастан уақытын бөліп мені анда қыдыртып, мында қыдыртып жүргені —
білімділігі, кісілігі, кішіпейілділігі емес пе!» — дейтін. Кей- кейде маған шұқшия
қадалып, құдды мен бір басқа пиғылдағыдай- ақ:
- Балам, қанша өсіп кеттім десең де, Мықановты сыйлап жүр, — деп құлағыма
құйып қоятын да кезі болған.
Шәкеңнің сол кәдімгі Мықановы үйінде болған бір жолы әкеме өзінің құндыз
бөркін сыйлады.
- Әй, шал, мынау бір аса қымбат бөрік. Ана жылы қазақ әдебиетінің он
күндігін өткізейік деп түрікпендерге барған едік. Сонда бір түрікпеннен
басындағы қоқайма сеңсең бөркін сұрап алып айналдырып көре
бастағанымда, қасымда тұрған мына қу балаң: «Сәбе, тым қызығып тұрған
секілдісіз ғой, қызық бір сауда болып қалсын, ана, басыңыздағы құндыз
бөркіңізбен айырбастай салыңыз. Мынау Сәбит Мұқановтың өзінің бөркі деп
кейін мақтанып жүретін болады», — дегенде естімегенсіп едім. Түрікпенге
қимаған сол бөрікті саған сыйладым», — деп тарғыл даусымен көңілдене
айтты. Содан кейін әкемнің өз акцентіне салып. — Мықановтың көзіндей көріп
киіп жүр. Жаман айтпай жақсы жоқ, алда- жалда олай- пұлай болып кетсең,
ауылдағы бір жаман шалдың қолына түсіп кетіп жүрмесін. Мына отырған
балаңа есиет ет, — деді.
Мен Сәбең үйінен шыққан соң, әкеме мұның аса бір қымбат жәдігер екенін
түсіндіріп, Сәбең сөзінің астарын аңғарттым. Әкем мақұлдаумен болды.
Жәдігер- реликвия. Бұл Европа халықтарында баға жетпес асыл дүние. Жыл
өтіп, көнерген сайын реликвия құнының арта түсетіні, тіпті табынарлық киелі,
қасиетті затқа айналып кетерлігі соншалық, атадан балаға, баладан немере,
шөберелерге өтіп, қастерленіп сақтала бермек. Орыстың ұлы жазушысы
Тургеневтің досы, кезінде жер дүниеге аты кеткен даңқты әнші Полино
Виардо қайтыс болғаннан кейін өзінің жеке басының заттары миллион
сомдық реликвия ретінде аукционға түскені тарихтан белгілі. Тіпті келе- келе
«мынау Виардоның тарағы еді», «мынау Внардоның айнасы еді»,- деп
кәдімгі дүкендегі жәй айна, тарақтарды сатып олжаға қарық болғандар да
толып жатыр. Жә болмаса, Потсдам музейіне келушілердің ішінде кешегі
Дүниежүзілік екінші соғыстың қорытындысына арналған Потсдам
конференциясында Сталин отырған креслоның былғарысын тіліп алып,
шегелерін суырып алып АҚШ- қа апарып сатып, байып кеткендер де болғаны
баспасөз бетінде жарияланған.
Мұның бәрі реликвияны жұрт қастерлейтінін дәлелдейді. Жәдігерлік қазақта
да болған. Көзімдей көріп мініп жүргейсің деп сәйгүлік мінгізіп, берен-
барқын шапан жабатыны, көзімдей көріп салып жүргейсің деп алтын, күміс
сақина- жүзік сыйлайтыны бұл қазақтың есте жоқ ескі күннен келе жатқан
ежелгі дәстүрі. Бірақ ат өледі. Шапан тозады. Ал сақина- жүзік болса атадан
балаға мирас болып ауыспайды. Ауыса қалса, одан кейінгі буынға жәдігер
болып жетпейді. Бағаланады. Бірақ жәдігерлік ретінде бағаланбайды. Алтын
болғандықтан, күміс болғандықтан ғана бағаланады. Кезінде ақын Сара
шолпы тақпады. Әйгерім сақина салмады деп кім айтады? Жоқ қой сол
бұйымдар. Ақан сері, Біржан сал, Құрманғазы салған алтын жүзіктер қайда?
Бәрі де жоғалған. Жоқ, жоғалмаған. Біреу болмаса біреудің қолында, біреу
болмаса, біреудің сандығы түбінде жатқан да болар. Бірақ енді олар жәдігер-
реликвия емес, көнеден келе жатқан асыл заттар ғана. Бары сол. Қазақ
қауымында жәдігерлік заттар бір ұрпақтан екінші ұрпаққа ауыспайды.
Сәбең сыйлаған құндыз берік тағдыры да дәп осылай болып кетті. Кейін
жазушының мемориалдық музей- үйі ашылған кезде баяғы Сәбен бөркі
қайда екен деп сұрау салсам, жоқ болып шықты. Інім Есмағидың ауылда
Зейнеш деген әдебиетші мұғалім қызы бар. Басқаны былай қойғанда оқыған,
көзі ашық сол баламның өзі бөрікті сөгіпті де, пальтосына жаға жасап
алыпты.
Сондай өкінішті- ақ.
Тағы да сол Сәбеңе байланысты менің өз басымда болған тап осындай тағы
бір оқиғаны айта кетсек, артық болмайды ғой деп ойлаймын.
1960 жылы Сәбең алпысқа келді. Даңқты жазушының бұл мүшелді тойы
апрель айынан түу ноябрьге дейін созылған болатын. Арнайы жиыны
октябрьдің аяғында өткен- ді. Оған туысқан республикалардан жиырма
шақты қонақтар келген- ді. Сәбеңді, Сәбеңнің соңынан ерген елу шақты дос-
жар, іні- қарындастарына жаңағы сырттан келген қонақтарын қосып, қазақ
өнерінің кәрі тарланы Кенен өз ауылына шақырған- ды. Облыстық көлемдегі
бұл қонақасыда Кенен ақсақал өзінің Сәбит інісіне күмістеген ер- тұрман,
әбзелімен қара арғымақ мінгізіп, шапан жапқан болатын. Дән разы Сәбең
берен шапанды киіп, күміс сапты қамшыны қолына ұстап қара арғымақпен
олай- бұлай ойқастап жүрген- ді.
Сол дүрмек той үстінде менің машинама отырып келген Хамит Ерғалиев
қолына қалай түсіргенін білмеймін жаңағы Сәбең қамшысын алып келді де
маған бирді.
- Мә, машннаңның бір жеріне тыға тұр. Көрерсің, Сәбең қазір іздейді
қамшысын. Сонысын қызықтайық, — деді.
Айтқанындай шықты, Сәбең қамшысын іздеді. Өзінің дағдылы тарғыл
даусымен: «Әй, қамшымды қайсың алдыңдар?» — деп көпке дейін сұрау
салумен болды. Біз Хамит екеуміз үлкен кісінің мына бала мінезін
қызықтаумен жүрдік. Сөйтіп қамшы менің машинамда кетті.
«Әне апарып берейін, міне апарып берейін» деп жүргенімде қыс түсті. Бір
күні жұмыстан келсем, алты жасар ұлым Саян ілулі тұрған қамшының
таспаларын тарқатып кесіп- кесіп конькиін шандып байлап жатыр екен…
Саяным бұл күнде атақты хоккейші. Спорт шебері. Жеті дүркін СССР
чемпионы. Көгалдағы хоккейден СССР біріншілігін сегіз рет жеңіп алған
«Динамо» командасының капитаны. Баламның осындай атақ- даңққа ие
болуына мүмкін қасиетті Сәбеңнің қамшысы тіген шығар?!
Қалай ақталсам да, бұл да бір өкінішті жай.
Сөйтіп, 1932 жылдың замыстан қысын да аман өткіздік- ау, әйтеуір. Ауыз аққа
тиді. Оның үстіне тағы да басқа бір жақтардан аппақ, қып- қызыл жүгері
тиелген арбалар ағылып келе бастады. Жүгері болса да ел енді паек алатын
болды. Арқа кеңиін деді.
Адамның адамдығы қиын кезде анықталады ғой. Ішінде жатқан кісілік пе,
иттік пе, басыңа ауыртпалық түскен шақта көрінбек. Бала болсам да сол
жылғы көктемде егіс басында болған оғаш бір жай жадымнан күні бүгінге
дейін шығар емес.
Халық ат қойғыш. Менің жақын ағам Мырзахметті жұрт «хатшы бала» дейтін.
Өйткені ол он төрт жасында хатқа зеректігімен, іс басына іліккенімен елге
танылған. Тағы бір нағашы ағам Сейтахмет үнемі шілмиіп жүретін арық
«Кілегей» аталатын. Ал мына бір көк көз, жалпақ бет жуан сарының лақабы
«Доңыз». Ол Бисараның Рамазаны деген кісі. Біреуге жасаған қиянат,
қастығы болды деп айта алмаймын. Бірақ ағайын арасында бір бет, қатал,
айтқанға көне бермейтін кісі еді. Екі сөзінің бірінде «Әй, доңыз», — деп
сөйлейтін. «Доңыз» аталынуының себебі де осы.
Жұрт ертемен тұрады да, жұмысқа аттанады. Соның ішінде менің әкем де
бар. Ал қос басында осы Рамазанның әйелі Айша екеуміз ғана қаламыз. Мен
баламын. Ал Айша болса, ас пісіреді. Жұрт оған мысқалдап өлшеп ботқалық
жүгерісін қалдырып кетеді.
Кіші бесінде Айша от жағады. Ошаққа көтерілген кішкене қазандар от үстінде
жапырлай бастайды. Мен де қарап отырмайымын. Шөпшек теріп әкеліп
Айшаға көмектескен боламын. Сөйтіп жүргенде кеш түседі.
Ұзақты күн бас білмейтін арық- тұрақ сиырмен алысып, арып- ашып шаршап,
жер жыртып келген жұрт жүгері көжелеріне жапырласады. Ал Айша болса, өз
қазанын сонда ғана көтере бастайтын. Өйткені жұрт сенген Айшаға өз әйелі
болса да доңыз Рамазан сенбейтін. Жүгері салған жәшіктің кілті оның өз
қалтасында жүреді. Көженің татымын байқаймын деп ожаудың сыртын
жалаған Айшаның талай- талай соққыға жығылғанын да білемін. Сондағы
Рамазанның: «Әй, доныз, менен бұрын ауыз салып, әкетіп бара ма, тарт
қолыңды», — деген күжілдек даусы күні бүгін менің құлағымда тұрғандай.
Бұл оқиғаны есіме алып отырған себебім — әкеме байланысты. Кісі
жамандауды білмейтін сол кісінің өзі: «Рамазанның онысы — қараулығы. Жай
қараулығы емес, қас қараулығы. Жер аяғы кеңіген жоқ па?! Енді жұрт жуа
теріп жесе де өлмейді ғой», — дегенін талай еститінмін. Соған орай сол доңыз
Рамазанға жамағайын Бостау шалдың ірілігін де таңдана әңгімелейтіні бар.
- Кісі деп әне Бостауды айт, — дейді әкем тамашалап.
Өткен қыста көгітен көрінбеген соң халін білейінші деп әкем сол үйге
барыпты. Бостау төрде жатыр екен дейді. Кемпірі жоқтан- бардан ботқа
жасап шалының алдына қойғаны сол болса керек, әкем сонда ауыз үйде
тұрып мынадай әңгіменің куәсі болған.
Шал: — Кемпір- ау, барыңды сен тағы да менің алдыма әкеп қойдың ба?
Кемпір: — Аяқ- қолыңды байқамаймысың? Ісік бар, өліп қаласың. Сөзді қой
да, жеп ал, байғұс.
Шал:- Өй, жазған- ай. Кеше де осыны айтып едің ғой, бірақ тірімін ғой. Мен
өлмеймін. Бүйте берсең, сен сорлы өліп қаласың. Бүгінгі көжені сен іш. Сенің
кезегің, — деп болмаған.
Өмірлік жолдасының жәйін ойлап кезегін берген сол Бостау шалыңыз сол
қысты кемпірімен елбесіп әйтеуір аман өткізіп, көп кейін қартайып барып өз
қазасымен өлгенін мен жақсы білем.
- Әне, ерлік деп соны айт, — дейді әкем.- Тіпті, ондай ерлік қолыңнан келмейді
екен, төңірегіңе қара. Көптің ауқымында бол. Жұрттан ала бөтен жырылып
шығу — ұятсыздық. Амал не, қарау адамдар ұялу дегенді білмейді ғой.
Құдайдан қорықпайды. Ұялатын, қорқатын болса ондайлар қарау да болмас
еді ғой бірақ.
Әкемнің осы сөзі менің әлі күнгі көкейімде. Жұрттан ұялу… «құдайдан
қорқу»..: — Адам бойындағы обырлық пен қомағайлықты, ынсапсыздықты
тежейтін қасиет болса керек бұл екеуі.
Есіме түседі… Мен ұйықтап қалсам керек, сықырлап ашылған есік пен адам
дауысынан оянып кеттім. Түнделетіп келген — қазанның бір құлағын ұстап
жүретін ауыл белсенділерінің бірі екен.
- Шәймерден, ояусың ба? Құдай берді, — деді әлгі кісі жайғасып болмай
жатып.
- Иә?..
- Албар күзетшісімен келісіп келіп отырмын. Ертең түнде бір арба бидайды
артып алып шық та, ағаш арасына апарып тық. Құдай жазса, екеуміздің келер
көктемге дейін мұртымызды балта шаппайды.
- Мұртымызды балта шаппайды дегенде,…- деп тоқталды әкем. Әлде
ұйқысын аша алмай отыр ма, әлде ойда жоқта тап болайын деп тұрған
олжадан бас тартқысы келгені ме, әйтеуір жауабы ықылассыз, салғырт.
Соны аңғарған ана белсенді:
- Ау, саған не болған? Қабырғаңды бидай тіреп тұрған жоқ еді ғой…- деп
реніш білдірді.
- Тірегенді айтасың, енді бір жұмадан кейін мына екі бала не жейді? Соны
ойласам, арқам мұздайды тіпті — деді әкем ағынан жарылып.
Бір жұмадан кейінгі мүшкіл халімді ойлаймын ба, әйтеуір ұйқым шайдай
ашылды. Бірақ қозғалған жоқпын.
- Енді неге күмілжисің. Ағайын болған соң сол жәйіңді ойлап келіп отырмын
ғой. Басқаға баруды білмеді дейсің бе?!
- Қайдам… біреу- міреу сезіп қалып жүрсе…- деп күмілжіді әкем тағы да.
Белсенді кейістік білдірді.
- Ой, жоқтан қорқады екенсің. Сезсе не істейді?! Ауылдағы милиция өзіміздің
бала. Ұстап бермейді. Шынымды айтсам, оған шет жағасын сездіртіп те келіп
отырмын. Мен білмеген болайын деді ол бала.
Әкем даусы енді орнығайын деді.
- Сотталып кетем деп қорқып отырғаным жоқ. Пәленшекеңдер дардай
басымен бидай ұрлапты деген қаңқу сөзі жаман ғой. Одан да құрыған жақсы.
Аштан өлмеспіз. Бір жөні болар. Мені қинама.
- Шының осы ма?
- Шыным осы. Жұрттан ұят,- деп әкем үзілді- кесілді жауап берді.
Біздің үйдің сықырлауық есігі қаттырақ жабылды. (Қазанның бір құлағын
ұстаған бұл белсенді кейін шынында да колхоз құрылысын құрушылардың
бірі болды. Ауылда есепшілік қызмет атқарды. Ұзақ жыл дүкен ұстағаны да
бар. Сөзге ұста, жөн- жобаны білетін, сырттан біреу келсе, сол кісі деп келетін
ел адамы атанған кісі еді. 1955- 56 жылдардың бірінде дүние салды. Аруақты
мазаламайын, өзінен қалған нұсқалы балалары мен білікті немерелерінің
бетіне шіркеу түсірмейін деген ниетпен атауды жөн көрмедім.)
Бұл күнде қайраты қайтып, қолтоқпақтай ғана кішкене шал болып шөгіп
қалған, адалдығы мен тазалығы, бейнетқорлығы мен өтірік
айтпайтындығынан басқа түк өнері жоқ, сексеннің төртеуіндегі менің әкем
міне осындай кісі.
Осы көктемде біздің үйде семья тағдырын жаңа арнаға салған үлкен
жаңалық туды. Біз Есмағи екеуміз шешелі болдық. Аты Бейіс. Біздің үй осы
кісінің қолына көшерде де әкемнің естілігін байқаймын. Ол кісі онға
жақындап қалған мені, алты жастағы інім Есмағиды қасына отырғызды да:
- Міне көрмейсің бе, үй болса азып барады. Маған колхоз жұмысы да олқы
соқпас. Ал үй ішіндік отын- су, тамақ пісіру, кір- қоңдарыңды жуу секілді
шаруаны, сендер қарсы болмасаңдар, бір әйелге тапсырғым келеді,- деді.
Және ол кісінің қақ- соқта жұмысы жоқ, момын, ісіне тыңғылықты, әрі
біздерге дұрыс қарайтын, кеудемізден итерін, кет әрі демейтін адам екенін
ескертті.
Әкем бекер айтпапты. Сол жылғы көктемнен бастап отыз жыл бойына бар-
жоқты, ыстық- суықты әкеммен бірге бөліскен, бізге ана орнына ана бола
білген, әрі Еркебұлан атты іні тауып берген Бейіс, шынында да, сондай адам
болып шықты.
Біз тегі әке сөзіне қарсы болмасақ керек. Сол күннің ертеңіне көрпе- жастық,
шымылдық, алаша, текемет, ыдыс- аяқ, самауырын секілді дүние артылған
кішкене арба кішкене үйіміздің алдына келіп тоқтады. Біз сөйтіп сордан
құтылдық. Үйімізге тазалық, тәртіп келді. Бөлме іші ақталып, еден мен терезе
шынылары жуылды. Әйнектерге қызыл ала сисадан шілтертер ұсталды.
Бұрын құрым жапқандай қарауытып тұратын қара пеш енді ақ шаңқай түрге
түсті.
Үй еңсесі көтеріліп, самаладай жарық болып жүре берді. Ең бастысы Есмағи
екеуміз көп айлар бойы уысымыздан шығып кеткен, зарықтырған алақан
жылылығын сезіндік. Көйлегіміздің жағасы тазарды. Бейіс көп сөйлемейтін,
қойылған сұраққа «бар» немесе «жоқ» — деп жауап беретін кісі. Бізді
еркелететін еді, бетімізден сүйетін еді деп те айта алмаймын. Сырт көзге
салқын да сабырлы. Бірақ жылылығы ішінде, жүрегінің тереңінде болатын.
Бала жүрегі ол жылылықты әу баста- ақ аңғарған- ды.
Бір ересек бала мені жығып салып, асығымды тартып алды. Бет- аузым қан-
қан, жылап үйге келдім. Сондағы өгей шешемнің жағдайын көрсең. Мені
жетектеп алды да, жаңағы баланың үйіне барды. Тентектің құлағын бұрап,
шапалақпен тартып- тартып жіберді.
- Жетім деп, жақтаушысы жоқ деп басынбақсыңдар ма?! Басындырмаймын.
Бұдан былай әлімжеттік жасасаң тура сирағыңды қырқамын, — деді. Содан
кейін үйге келе жатып: «Ондай сойқанға жолағаныңның соңы осы болсын.
Жылағаныңды көрмейін мен енді»,- деп маған ұрысты.
Өгей шешем қанша ұрысса да көңіліме алған жоқпын. Бала жүрегі тамыршы
секілді. Жек көріп ұрсу бар, жақсы көріп ұрсу бар.- Бірден айырады. Мен де
солай. Кектенбеген, ренжімеген себебім, өгей болса да, Бейістң үлкен
жүрегін, маған деген махаббатын, жан ашырлығын сезіндім. Бейіс құдды өз
анам секілді. Өз анам болып, жаны ашып ұрсып келе жатқандай болып кетті.
Маған ана болған сол отыз жылдың ішінде өмірдің не тауқыметін тартпадық.
Не қиындықты бастан кешірмедік. Қандай бір қиямет кезеңде де Бейіс бізге
деген жаңағы бір ішкі жылылығынан айнып көрген емес. Арып- ашып,
таусылған, мойып жасыған күнін де көрмедім.
Жаратылысында сондай нәзік, ашаң болса да, ауыртпалықтын бәрін әкеммен
бірдей жүріп көтеріскен еді. Балапанына жемді құсып берер көгершіндей
таршылық кезеңде өз сыбағасын аузынан жырып бізге бергенін ұмыта
алармын ба сірә да.
Әлі есімде: сол жылы жаз ортасында біздің үй ішке көшті. Түменде біздің
ағайындар бар. Соларды сағалап кеткен болсақ керек. Пәлен жерде бақыр
бар. Барсаң бақыр түгіл, сапты аяқ та жоқ дегендей, ағайынсырап барған
біздің онда да қарық болғанымыз шамалы. Бірақ бір жақсысы, әйтеуір,
жұмыс табылды. Әкем мен шешем, тағы бір елдес ағайындар қалың орман
ішінен күрке қалқайтып, құрылыстық қарағай кесті. Ақысына не алатындарын
білмеймін, әйтеуір, екі ай бойы қара көжеден басқа түк көргеніміз жоқ. Нан
дегенің түсімізге де енбеген. Августің аяғында ол жақта қара бидай орылады.
Қара бидайы орылып алынған сондай егістіктен масақ теріп Бейістің нан
пісіргені бар. Екі айдан бері нан сағынған Есмағи екеуміз төңіректеп от
басынан шыкпаймыз. Таба жаппайдағы нан иісі бұрқырап біздің сілекейімізді
шұбыртады.
Біз шайға бас қойдық. Бейіс буын бұрқыратып үстіңгі табаны көтерді де, қып-
қызыл болып күреңіте піскен бір таба нанды қолына алып қақ бөлді. Сөйтті
де бір жарты таба нанды: «Ертеден қара кешке көретінің бейнет, үздігіп
кетерсің, жеп ал!» — деп әкем алдына тастайды. Ал қалған жартысын тағы да
қақ бөліп: «Нан бетін ұмытқандарыңа екі ай болды ғой, мә жеңдер», — деп
Есмағи екеуміздің алдымызға қойды. Есімді біліп қалған мен: «Өзіңе қайда?»
- дедім.
- Мен тағы да барып масақ терем. Тағы да нан пісірем. Сонда жеймін,- деді
менің өгей шешем.
Осыдан кейін қалайша оны өгей шеше демексің? Тумаған деп аузың барып
қалайша айта алмақсың?! Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан
кетпейді дегендей, бұл ұлы оқиғаны — әйел ұлылығын, ана ұлылығын қайтіп
ұмыта алмақсың?!
Өгей бала мен өгей ана арасын жалғастырған осы оқиға ма, әлде күнделікті
күйкі тірліктің қарым- қатынасындағы жадыңда қала бермейтін ұлы жүректің
сен деп соққан лүпілі, аялы алақанның жылуы ма, мен әйтеуір тумаса да
туғандай болған анамды таптым. 1962 жылы Бейіс дүние салғанға дейін сол
балалық махаббатымнан айнып көрген жоқпын.
Мен кейін университетте оқып жүрген кезімде елді сағынатын едім. Сондай
сағыныш тұңғиығына тереңірек бойлап: «Ал нені сағынасың, ал кімді
сағынасың?» — деп көңіл көзіне ой жүгіртсем, балалық шағым өткен сары
белдерді, шоқ- шоқ болып өсетін қайыңды орман мен тана көз мөлдір
көлдерді, өңі салқын болса да алақаны жылы өгей шешем — Бейісті
сағынатын едім. Оқу бітірген соң семья құрып, Қарағандыда қызмет істеген
кезімде де, кейін «Болашаққа жол» романын жазып бітірген соң Алматыға
ауысқанымда да шешемді жиі- жиі шақырып алып жүрдім. Үнемі қасы мен
қабағына қарайтынмын. Жаным әмәнда сол кісінің үстінде. «Көңілінен
шықпай, бабын таппай қалған жоқсың ба?» — деп жұбайым Бағдатқа
шұқшиған кездерім де бар. Шешемнің табиғатында өкпешіл адам емес
екенін, неге болса да төзгіштігін, көнтерлілігін бес саусағымдай білемін. Неге
болсын ақыл көзімен қарайтын сабырлы Бағдатымнын ибалы, қызметшіл
келіні ретінде енесін шашаусыз күтетініне де көзім жетеді. Біле тұра, көзім
жете тұра ойлаған жерінен шықпай қалдық па деген күдік баурайтын да,
бәйек болатынмын. Бәлкім, мен тумағандығымды осы мазасыздығыммен
аңғартып алар ма екенмін?!
Туған анаң туралы дәп осылай шыр- пыр болып жатпауың да мүмкін ғой.
Бейіс онымды ұната бермейді.
- Шырағым, бәрі де бар. Күтімім де жақсы. Алаң болмай жұмысыңды істе,-
дейтін.
Өстіп жүргенде шешемніц ауылға қайтар уағы болады. Бейіс жауабы келте:
Ауылдағы қарғаларды сағындым. Еркебұлан ол кезде жаңа ғана үйленген- ді.
Балалы- шағалы бола қоймаған кезі. Шешемнің «ауылдағы қарғалар» деп
отырғаны өзінен тумаған Есмағидың балалары. Мен бұл сөздің құр көлгірсу
емес екенін түсінемін. Жас кезінде, қайратының бар, дер шағында мүмкін
жетім біздерді алаламағанда, енді өз қолы өз аузына жеткен ересек
балаларының қолына қараған кезінде немерелерін қайдан алаласын.
Есмағидың тұңғыш қызы Зейнеш пен одан кейінгісі Зейнеп туа осы кісінің
бауырында. Сағынатын жөні сол.
Сөйтіп, шешеміздің ауылға аттанар кезі болады. Келіні Бағдат Бейіске айтпай
көйлек- көншек секілді әлде бір сыйлықтар дайындайды оған. Айтпайтыны —
шешеміз біліп қалса, өлердей қарсылық білдіреді.
- Шығынданып қайтерсіңдер. Ауысқан бірдемелерің болса, ана қарғаларыңа
жұмсаңдар,- дер еді.
1960 жыл февралінің бас кезінде ауылдан хабар келді: «Шешең әл үстінде.
Қайтсең де жет!» Мен барып самолетке билет алдым да, бір түнді
Қызылжарда өткізіп келер күнгі бесінде ауылға келдім. Үйге кіріп келсем,
толы жан екен. Төргі бөлмеде оң кабырғада темір кереует болатын. Сонда
беті орамалмен жабулы бір кісі жатыр. Оның Бейіс екенін мен бірден
аңғардым.
Қам көңіл жұрттың күбірлей сөйлегеніне, шешем бетіндегі орамалға қарап
мен әуелі ол кісіні жүріп кеткен екен ғой деп шошынып қалып едім, «балаң
келді ғой», — деп дүр ете түскен жұрт шуылы әсер етті ме, төсекте жатқан
кісінің салдырап қалған қу сүйек қолы қимылдап бетіндегі шүберекті
сырғытты. Жоқ, тірі екен. Таянып келіп үңіле бердім. Әуелі көргенім
өңменіңнен өтер шарадай үлкен көз. Әуелі естігенім, баяғы жан тәсілімін
қыларда анам айтқан таныс сөз: «шыбыным…». Содан кейін тың сөз
«…келдің бе?!» Шешемнің көзі жұмылып кетті. Байқасам, нұрға, жылылыққа,
мейірге толы жүрегінің терең түкпірінен жарып шыққан көз жасы әжім
айғыздаған бетіне мөлдір жол салып домалап бара жатыр екен. Бұл бейнет
пен қасіретке толы осынау бір жиырма тоғыз жылдың ішінде өгей шешемнің
жылағанын тұңғыш көруім еді. Осыдан кейін тіл қатпады. Жұмған көзін де
ашқан жоқ. Сұлық бір күйде қозғалыссыз жатты да қойды.
Жаңа ғана көзі ілініп еді, шаршап қалар, қасында тұра берме. Былай шық,
мына жұртпен амандас. Бейіс дем алсын,- деді әкем.
Ауру жәйін сұрастырсам, осыдан үш- төрт күн бұрын қан құсқан. Содан кейін
әлсіреп қалыпты.
Бір кереметі ертеңіне талайдан бері төсекте қимылсыз жатқан шешем басын
көтерді. Белін мата белбеумен қатты буып, ертеңгі шайға келіп отырды.
«Қалайсың?» — дегендерге: «Бүгін жақсымын»,- деп жауап берді.
Мен аудан орталығынан дәрігер шақырттым. Ол Бейістің көптен бері көкірек
ауруымен ауыратынын, екі өкпесінің де сау еместігін айтты.
- Ал егер Алматыға алып кетсем қайтеді?
Дәрігерлер бірден құптады.
- Жеткізе алсаң, тамаша болады. Өйткені бұл кісі өмірі дәрі ішпеген, дәріге еті
үйренбеген адам. Тез сауығады.
Мен сөйтіп тәуекел дедім де шешемді Алматыға алып жүретін болдым.
Басында өзі де келісімін беріп еді. Мен облыс орталығы — Қызылжардан
санитарлық самолет шақыртып қойған кезде, әлде біреу азғырды ма, ол кісі
«Алматыңа бармай- ақ қойсам қайтеді?» — дегенді айтты. Мен бұл
дүдамалдықтың негізін бірден түсіндім де:
- Балаңның қуаты жетеді, Бейіс, далада қалып қоям деп қорықпа. Жаман
айтпай жақсы жоқ, егерде олай- бұлай болып кетсең, сүйегінді осы араға
алып келем, — дедім төтесінен.
Байқасам, күдік үстінен дөп түсіппін. Шешем бірден көнді. Сөйтіп, мен Бейісті
Алматыға алып келдім. (Шешем біздің үйге ес біліп, есейіп қалған кезімізде
келгендіктен бе, мен де, Есмағи да ол кісінің атын атайтынбыз.)
Жолда әуелі Қызылжарға дейін самолетті көтере алмай қиналғанымен, кейін
Алматыға дейін поездың ауасы тарлығынан мазасы кеткенімен, аман- есен
үйге жетіп, февральдің орта кезінде өгей шешемді республикалық
туберкулез институтына орналастырдым.
Мен әлдеқашан ашылған Американы қайта ашам деп арам тер болмай- ақ
қояйын. Бірақ қайталап айтса көптік етпес бір шындық: адам өзі өскен
ортасымен мықты. Суда жүйткіген балықты сыртқа шығарып тастасаң,
пұшайман. Аспанда қалықтаған қыранды қанатын қырқып жерге жіберсең,
пұшайман. Адам да солай.
Бейіс дәрі ішпеген болса, аурухана бетін де көрмеген жан ғой. Біз Бағдат
екеуміз соны ескеріп, шешеміз ішқұса болмасын деп күніне бір рет, кей
күндері екі рет барып, қасында ұзақ отырып кетіп жүрдік.
Бейісті Алматыға алып келгенімнің бірден- бір дұрыс жол екеніне екі жарым
айдан кейін көзім анық жетті. 1961 жылдың май қарсаңында егер ауылдан
біреу болмаса, біреу келіп шешемді көрсе, танымай қалуы да мүмкін еді. Осы
уақыттың ішінде ол аппақ манардай болып толығып, сауығып кетті. Қүні- түні
буындыратын жөтел де жоқ. Апталаса қара судан басқа нәр татпайтын
шешеміз әкелген тамағыңды сыпыра соғатын болды. Емші дәрігерлерінің де,
өзінің де, біздің де көкірегімізді қуаныш кернеді.
Емші дәрігер айтады: Мамаңның беті бері қарады. Бірақ сауығып кеткен жоқ
әлі. Туберкулез — айлап, жылдап жатып емделуді тілейтін науқас. Бұл кісі әлі
де екі- үш ай осында болады. Содан кейін бес- алты айға мына қала
іргесіндегі «Каменское плато» санаториіне жібереміз. Сонда емделеді.
Біз Бағдат екеуміз дәрігер сөзін қуана қарсы аламыз. Шешемізге жеткенше
асығамыз. Бірақ Бейіс қуана бермейтін секілді.
- Иә, дәрігер маған да айтқан- ды,- дейді де қояды.
Осы кезде ол кісінің көңіл күйінен басқа бір өзгерісті байқағандаймын. Мен
бара қалсам, шешемнің үнемі терезеге қарап, әлдеқайда алысқа көз тігіп
отыратынын көремін.
Мені көріп далаға қуана шыққанымен, әңгімеміз жалғаспайды. Үзіліп қала
береді. Мен сол тұста Бейістің менің сезіме құлақ қоя бермейтінін, көңілі
басқада отыратынын аңғарамын. Осы бір ала көңілділіктің аяғына көктемнің
құлпыра көктеп, өрік ағашы аппақ гүлге оранған тамаша бір күні (сол кезде
институттың көк шалғыны құлпырған саялы кең ауласында өрік ағашы да көп
болатын) нүкте қойылды: шешем сол аулада орынбаспайда отырғанымызда
маған оқыс бұрылды да:
- Балам, саған енді өлсем аруағым разы. Мен жазылдым ғой. Ана қарғаларды
сағындым. Ауылға қайтаршы! — деді.
Амал жоқ, Бейіс ауылға аттанды. Кетерде емдеуші дәрігері: Салқын тиіп
қалмасын, ауыр жұмыс істемеңіз. бойыңды күтіңіз. Сіз әлі түгелдей айығып
болған жоқсыз,- деп ескертті.
Ауылға барған соң ауыр жұмыс істемеу, бой куту қайда. Өмір бақи еңбекпен,
бейнетпен көзі ашылған адам қарап отыра алар ма?! Екі жаз, бір жарым
қысты араға салып 1962 жылдың январінде елу тоғызға қараған шағында
менің өгей шешем дүниеден өтті.
Тағы да: «Шешең әл үстінде, тез жет!» — деген шұғыл хабар келді. Мен тағы
да шұғыл қамданып араға бір күн салып бесін кезінде ауылыма келдім.
Келсем, әкем бастаған ауыл адамдары шешемді жерлеп келіп отыр екен.
- Неге маған қаратпадыңдар? — болса керек алғашқы сөзім.
- Қашан келеріңді білмедік. Бүгін күн жұма. Мәйітті ертеңге қалдыруға
болмады.
- Ендеше хабарды неге кеш бердіңдер? Мен ауыл арасында жүрген адам
емеспін ғой.
Мен, сөйтіп, өгей десең де туған анамдай болып кеткен үлкен жүректі
қадірлі, қасиетті жан иесіне топырақ сала алмай қалдым.
Мен Алматыға қайтып келем. Жол бойы жегідей жеген ой: Бұл кісі мен ұшқан
ұяға отыз жыл қазық болды. Бақты, қақты. Шаршасам жебеді. Сүрінсем
демеді. Бойындағы бар қызу- қайратын менің жолыма бағыштады. Ең қызық
кезін, жастық шағын маған арнады. Өссе екен, адам болса екен деп
армандады. Ал мен өстім. Ал мен адам болдым. Ал сонда менің жолымда
бар ғұмырын сарып еткен осы кісіге мен не жақсылық көрсеттім? Не
қызметім өтті? Рас, шеше қызметі сатулы емес. Түбінде қайтарып алармын
деп қарызға берген жоқ ол өмірін. Білем мен оны. Бірақ тумаса да туғандай
болған ана алдындағы, қызметі өткен аяулы жан иесі алдындағы парыз-
қарызың қайда? Халық ұғымында ананың ақ сүті анаңды үш мәрте жаяу
арқалап Мекеге апарсаң ғана өтеледі деген бар. Ал тумаған ана ақ сүтін
бермесе де туған анаңдай болып еңбек етсе, бағып, қағып сені қияға
қондырса, ондай адамның еңбегі Мекеге тоғыз рет арқалап апарсаң да
өтелмеуі мүмкін ғой. Өтелмейтін себебі, жаңағы еңбектің сатулы еместігінде.
Менің жасым ұлғайып, араға жылдар түсіп, Бейіс менен алыстаған сайын
өгей шеше ұлылығы айқындала түскендей болады.
Әлі есімде мен Қарағандыда тұрған кезімде Бейісті сол калаға алып келдім.
Алып келер алдында аудан орталығы Пресновкадан паспорт алу, ал паспорт
алу үшін ол кісінің суретке түсуі керек болды. Паспорттық суретке түсу үшін
тағы бір шарт бар екен: еркек болсын, әйел болсын суретке жалаң бас түсуге
тиісті екен.
Мен Бейіске осы шартты түсіндірдім. Жаулығын алуды өтіндім. Ательеде
фотограф, үшеуміз- ақ болсақ та шешем жаулығын алғысы келмеді. Үгіттеуге
тура келді.
Ұялатындай қайын ата, қайын аға дегендердің жоқтығы айтылды. Шешем
жаулығын шешті. Дайын тұрған аппарат сырт етті. Осы бір қабақ қағыста
шешемнің қара терге шомылып жүре бергенін байқадым.
Бұл не? Баласынан, әлде қайдағы бір фотографтан ұялып, қысылғаны ма
сонда? Жоқ, менен де, одан да емес, өзінің арынан ұялғаны.
Адамшылығынан, кісілігінен қысылғаны. «Бұл ұят болады», — дегеннің ар
жағында ұяты барға қаншама тежеу, шектеулер жатыр.
Егер екі- үш ай бойы нан дәмін ұмытқан біздерге Бейіс аузынан жырып өз
үлесін беріп жатса, өгей шеше мейірімін ар билемеді деп кім айта алады?! Әу
баста екі баламен қалған менің әкем мен күйеуі өліп, бір баламен қалған
менің өгей шешем уағада байласқанда екеу ара:
- Менің екі қарғам бар, сыртқа теппейсің.
- Әрнне, сыртқа теппеймін.
- Сол қарғаларды өз балаңдай көресің. Алаламайсың!
- Әрине, алаламаймын,- деген секілді анттасу диалогі болуы ықтимал ғой. Ал
сондай анттасу диалогі болды десек, сол ант жолы менің өгей шешемнің
келешектегі іс- харакетін, мінез- құлқын, бізге деген пейілін анықтап бермеді
деп те айта алмайсың ғой. Өз өмірін ар мен адамшылық белдеуіне байлаған
мұндай адамдар біреу үшін тау қопару керек деп түсінсе, қопарады.
Ары, ұяты үшін отқа да түседі, суға да түседі. Ал өзіне қатер төнген шақта
біреуден жәрдем күтіп жаутаңдамайды. Қызметім өтіп еді ғой деп салық
салмайды.
Өлім таянғанға дейін шешемнің маған телеграмма бергізбегенін мен осылай
түсінемін.
Менің өгей шешем — ардың құлы. Адамшылықтың, кісіліктің құрбаны.
Ал осы құрбандыққа мен немен жауап беруім керек. — Шынымды айтсам, бұл
сауалға күні бүгін де жауап таппай қиналамын. Жалғыз- ақ сол 1962 жылдың
аяқ кезінде жазылғаи өгей шеше жайындағы «Мезгіл» хикаясы сол сұраққа
жауап тапсам ба деген ізденістен туған туынды екенін айтқым келеді.