ҚҰЛМАМБЕТТІҢ ҚҰЛЫНЫ

Ай, Жанарбек інім-ай!

Оразалы туралы он бет қағазды уақытылы жазып бере қоймадың деп мені жазғырып жүрген шығарсың-ау. Досың туралы естелікті қағазға түсіріп бер деп сен мені қанша уақыт қолқаласаң, мен сонша уақыт өз- өзімнен қасірет шегіп, іштей азапқа түсіп жүрген жоқпын ба? Неге деймісің? Өзіңнің балаңмен жасты рухани інілерің туралы естелік жазамын деп кім ойлады дейсің. Және оның не қызығы бар дейсің. Өзіңнен бір көйлек болса да бұрын тоздырып, аз болса да, көп болса да тәлім-тағылым берген ағаларыңмен бірге өткізген келте күндердін елес-сәулесін еске алудың жөні бір бөлек. Сені бір бел-белес санап, соңыңа ерген, қолыңа су құйған жеткіншек інілердің қысқа ғұмыры туралы сөз қозғаудың еш ләззаты болмайтынын сен ұғынбай-ақ қой.

Амал қанша!

Айтыс та майдан сияқты.

Мылтықсыз майдан.

Мерген уақыттың қарауылына іліккен айтыс сарбаздары саптан шығып қалып жатыр.

Ең әуелі «Илигай-лап» келіп, бір-ақ күнде бәрімізді тәнті еткен Жандарбек Бегімбетов кісі қолынан қаза тапты. Атаңа нәлет қай қаныпезердің өлімге қиып жібергенін білген кісі жоқ.

Сосын Көкшетау мен Астананың арасындағы қара жолда Ерік Асқаровтың арбасы қирады. Сексенінші жылдардың ортасында Алаш баласын акиқатқа ұйытқан ақберен ақын сол еді.

Одан соң Әзімбек Жанқұлиевтың туы жығылды. Ауған соғысынан аман келген жауынгер ақынның жүрегі жаңа ғасыр басындағы ауыртпалықтарға шыдас бермеді.

Енді келіп… Жиырма тоғызға жетер-жетпес жасында ортекедей ойнақтаған Оразалы опат болды. Айтысты майдан емес деп кім айтты?

1990 жылы Ташкенттегі айтыстың үстінде кемел акын Көпбай Омаровтың жүрегі тоқтап қалған.

1998 жылы шындық деп шырылдаған Шымболат Ділдебаевтың да жүрегі жарылып кеткен.

Айтыс деген – майдан. Қаңғыған оқ жыршыл жүректі жаңылыспай табады. Шонжыдан қайтып келе жатып, жол үстіндегі апатта мерт болған Оразалы Досбосыновтың жаманат хабарын маған сенбі күні бозала таңда Дәулеткерей Кәпұлы жеткізді. Астанадан телефон шалып тұрған ақын бауырымның дауысында үрей де, таңырқау да, түңілу де бар еді.

– Оразалы ініңіз сіз тұратын Тұздыбастау ауылының шет жағын мекендейтінін айтып еді. Анық көшесін білмедім. Табарсыз, – деді.

Алматының іргесінде тұрғанмен, Талғар ауданына қарайтын біздің Тұздыбастау ауылында кемінде он бес мың халық бар. Алматыдан тұрақ таппаған Қанапия Дәрібаев, Темірше Сарыбаев, Айтақын Әбдіқалов секілді біраз ақын да сол он бес мыңның санатында. Шалдардың күпісіндей далиып жатқан Тұздыбастаудың қай бұрышынан Оразалының қара қосын табарсың? Нарынқолдан кәсіп іздеп келгендер төменгі жақта қоныс салып жатыр дегенді құлағым шалуы бар еді, солай қарай жүре бердім. Ауыл жайбарақат. Әркім өз тіршілігімен әуре. Алаштың ардақ тұтқан бір боздағы өмірден өтпегендей. Мерт болмағандай. Сұрай-сұрай, Ораздың бір кәрі апасының үйін тауып алдым. Қария кір жуып отыр екен:

– Иә, Оразжан опат болды деп хабарлап кеткен. Мына бір жиналып қалған кірді шығара салайын деп… Үйінің қайсы екенін да анық айта алмаймын-ау мен сорлы… – Ораз ойран болып жатқанда шаруасын күйттеп үйінде отырған кейуананы жек көріп кеттім. Қолқасы суырылғанша дауыс салып, өлімге құрмет көрсетіп, үзілген өмірге жоқтау айтатын қайран біздің шешелердің орны енді тола қоймас-ау… Оразалының үйін өз бетімізбен тауып алдық. Қам кірпіштен – салынып жатқаны да, құлатылып жатқаны да түсініксіз қазақы жайдақ үй. Қоршауы да жоқ, аңғал-саңғал. Аңыраған ана. Жер шұқыған бауырлар.

Ақылды әйелім берді:

– Қаладағы ұлымыздың үйіне барайық. Ақша тауып берсін. Оразалыны жөнелтуіміз керек қой…

Ұлымыз ойдан шықты. Зыр қағып жүгіріп, бір сағаттың шамасында әжептәуір ақша тауып әкелді. Оны Ораздың шешесінің алақанына салған соң, ақынды қоятын жер іздеуге шықтым. Күн демалыс. Басшылар жоқ. Тұздыбастау мешітінің молдасын ертіп алып, зиратқа апарсам, қайдағы бір жықпыл-жырамен таудың терең қуысына кіргізіп, бір төбенің астын нұсқап:

– Бұйырған жер осы, — дейді.

– Зиратты ел жақ шетіне, анау қара жолдың бойындағы ашық алаңға неге қоймаймыз?

– Рұқсат жоқ…

Әрі-бері тәжікелесіп, көнбеген соң, ауылға қайта барып, имамның үйін тауып алдым. Бір-бірімен келісіп қойғандай:

– Рұқсат жоқ! – дейді.

Тірі Оразалыға орталықтан үй салуға рұқсат жоқ. Өлген Оразалыға қара жолдың бойында ел төбесін көріп жатуға да рұқсат жоқ! Ертең «Ой-бауырымдап» аяулы ақынның достары келмей ме? Ел жиналмай ма? Мына таудың қиядағы қуысына кім тауып келеді?

Әкімнің бе, оның орынбасарының ба, әйтеуір билігі бар біреудің есігін қаққаным есімде:

– Қара жолдың бойынан қабір қаздырмасаң, Ораз бауырымды оң жақта он күн ұстасам да, осы қуысқа қойғызбаймын! – деймін қаным басыма шапшып. – Сіз өзі Оразалыны кім деп тұрсыз?! Оразалы жүз жылда бір-ақ туар Алаштың арқалы ақыны емес пе!

Сөз ұғатын кісі екен. Қара жолдың бойынан, менің Тоқтасын досым мен Серік інімнің қасынан жер кесіп берді. О, тоба, мына аруана фәни дүниеде аяулы ақыныңды жерлейтін орын тапқаның да қуандырады екен. Қуаныштың осындай да түрі болады екен!

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинді қонақта отырған жерінен тауып алдым. Оразалының ағасы Оразалин де азамат-ақ екен. Екеуіміз тізе қосқан соң, жерлеу-жөнелту шаралары реттеле бастады. Ойға-қырға шапқылап жүріп, көздің жасындай жыр жолдары тілге орала береді.

… Сенің үйің үйлердің шеткісі еді,

Түнгі мейман шеткі үйге кеп түседі.

Домбыраңды әлдилеп жүргеніңде

Домбыранның үзіліп кетті шегі.

… Сөзден соғам деп жүріп зор мұнара,

Сорың қайнап қалды-ау,

Сорлы бала!

Талантты өзі жаратып тәңіріміз,

Сол таланттың алдына тор құра ма…

Оразалымен алғашқы жолығысуларым есімде жоқ. Домбырасын өңгеріп келіп, өзге де жас айтыскерлермен бірге сынақтан өтуге талпынды ма екен, әлде, оқушы дәптеріне қылқаламмен тізілген алғашқы өлеңдерін оқып шығуға берді ме екен? Әйтеуір, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің үшінші курсында оқып жүргенінде, студенттік шығармашылық кешін өткізетін болып, соған қатысуға шақырды. Өзім де сол қарашаңырақтың түлегі едім. Ұстазымыз Нығмет Ғ абдуллин менің де алғашқы өлеңдерімді дәл осындай үйірмеде оқытып, бір топтамамды «Қазак әдебиетінің» бетіне жариялаған. Қолымнан жетектеп жүріп, «Жас керуен» деген кітапқа кіргізген.

… Сол ҚазПИ-дің өзімнен айнымаған қара баласы өлең кешіне шакырып, қиылып тұрса, қалай бармаймын?

Киіктің асығындай ғана қағілез қара бала. Күрек тістерінің арасындағы саңылаулар көзге бірден шалынады екен. Біресе өлең оқыды, біресе айтыстарын тыңдатты. Қай дүниесіне ден қойсаң да, ауыл баласына тән бір аңғалдық пен тазалық ішіңді жылытады. Ұяты бетіне шығып тұрған жастың қалыптасып болмаған қолтаңбасында бір ғажайып құпия бар секілді. Шапанының шалғайы желбіреген ауыл шалдары өрімдей өлеңдердің әр тұсынан көлең ете қалатындай. «Көзден таса қылмайтын бала екенсің» деген тұжырымды көкейіме түйіп қайттым.

Көп ұзамай Оразалы топқа қосылды. Бір қызығы, Республика сарайында өткен жас перілердің жыр сайысында ол ә дегеннен-ақ сүрініп кетті. Айтыстың көзге көріне бермейтін көп-көп ұйымдастыру шараларымен миқата болып жүріп, Оразалының қалай қапы кеткенін мен аңғармай қалыппын. Үйге келген соң, айтыстың аудиотаспаға түскен нұсқасын қайта тыңдап көрсем, «жеңіліп» қалған Оразалының сөз орамдарының арасында небір жарқылдаған маржандар, гауһарлар, алтындар жүр. «Сынапты сыпырындыдан жинағандай» депті бір жерінде. Мен де сыпырындыдан сынап жинағандай, Ораздың ең көркем жолдарын кағазға түсіріп алып, ертеңіне қазылар алқасымен «айтысуға» бардым. Мынандай ғажайып сөздерді айтқан ақын қалай жеңілді деп дауласа кеттім. Дәлелдедім. Түсіндірдім. Обалы қане, қазылар алқасындағы ағалар сөзге тоқтады. Оразалы сахнаға қайта шықты. Жарқылдатты. Нөсерлетті. Төкті. Сөйтіп, бір кеште бес ақынмен айтысқан Оразалының есімі лезде қазақ еліне мәлім болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед шығын мөлшерін қайта қарап, Оразалыға үш мың АҚШ долларына татитын арнайы жүлде тапсырды. Осыдан кейін алты жыл бойы Ораздың бақ жұлдызы айтыс өнерінің аспанында жарқырап тұрды.

Оразалы бір айтысында «Құлмамбеттен қалған құлынмын» деді. Оның осы сөзі айтыс жанашырларының құлағына майдай жақты. Жетісу өңірінде Құлмамбеттен қалған бір құлынның зәрулігі өтіп-ақ тұрған кезі еді. Ұлы айтыскер Сүйінбай айтыстың туын желбіреткен өлкеде Жамбылдың ізі суып, Үмбетәлінің, Саяділдің, Қуаттың, Әбдіғанидың шаңы басылып, арындаған арқалы жырдың арнасы ортайғандай болып жүрген. Әсімқан мен Әлімқұл шау тартты. Бәріміздің өңешімізді создырған Есенқұл Тәушен апасымен бір тәжікелескеннен кейін атын ауыстырып мініп, жазба поэзияның жайлауына шығып кетті. Ермек Жұматаев құр текіректен аса алмады. Оның жеткен биігі «Ермек өлең айтпайды Абай үшін, Абай өлең жазбаса Ермек үшін» деген бәдік болды. Ақын жоқ. Қасқа құлынның құлағы көрінбей, басқа құлынның шұрқырағаны естілмей, нәумездеу болып жүрген бір тұс болатын. Дәл осы кезде Құлмамбеттің құлыны құнан шығып, бір шаңды бір шаңға қоса бастады. Таудан құлаған тас бұлақтың жанға жайлы сылдырының ар жағынан Көдек ақынның құдіретті сарыны да естілетін. Оразалының құлағына қай періште сыбырлайтынын кім білсін, адам баласы естімеген кайдағы бір оқыс та тапқыр теңеулер оның төкпе шумақтарының жалын күдірейтті, жонын биіктетті. Ақтамберді мен Шалкиіз, Жанақ пен Шөже Оразалы кейпінде сахнаға шықты. Өлең будақ-будақ төгілді. Дауыс та ашылды. Ән де түрленді. Жан баласын шыдатпайтын жаңа бір ақын көз алдымызда күннен-күнге өсіп келе жатты. Құрдастары оны «қырғыз ақындарының киллері» деп атап жүрді. Шынында да, бауырлас қырғыз ақындарымен сөз сайысына түскенде, Оразалы мүлдем шығандап, шырқау биікке шығып кететін. Сүйінбай бабасына бас терісі мен қас керісі ұқсамаса да, жырдың жас перісі дәл сол бабасынша арқаланып, өлеңнің қара дауылын қатпаған селдей қаулатқанда, қарсыластың тілін байлап тастаушы еді. Нағыз намыстың перзенті еді. «Сыбырлағанды құдай естімей ме?» дегендей, кейбір әріптестері алдағы айтыстарда айтар өлеңдерін қағазға түсіріп, қойын-қонышына тығып жүргенде, Ораз бауырымыз сәл жымиған сүйкімді күлкісімен нұрлана түсіп, суырып салып өлең айтудың небір таңдай қақтырар үлгілерін жарқылдатушы еді. Шұбыртпалы ұйқаспен жыр төгу керек пе, абстракты поэзияны түрленту қажет пе – осының бәрі Оразалының жаңа гүл ашқан талантының оңтайына келе беретін иірім-қайырымдар еді. Осы қасиеттерін ол өзі де білетін, өзгелер де үнсіз мойындайтын. Бір ғажабы, сол бұлақ өзінің жаңа көздерін жыл санап ашып келе жатыр еді…

Жезқазғанда «Ауылым – алтын бесігім» деген айтыс өтіп, соған қатысушылар арнайы бөлінген жұмсақ автобуспен Астанадағы айтысқа оралып келе жаттық. Біреу ән салып, біреу өлең оқып, біреу әзіл айтып, ұзын жолды өнер думанымен қысқартып, дуылдатып отыр едік. Артқы жақтан кемпірдің шаң-шұң дауысы шықты. Оған шалдың шарылдаған байбаламы қосылды. Сиыр мөңіреп, бала жылап, автобустың іші лезде азан-қазан болды. Осының бәрі бір Оразалының өнері екен. Баяғы Қаллекидің өзі секілді. Ақын бауырымның осы өнеріне қуанғаным соншалық, ертеңіне Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында өткен айтыстың арасында Оразалыны қоярда-қоймай қолқалап, сахнаға әртіс етіп шығарып жібердім.

Ол осындай кесек дарын еді-ау!

Басқа ақындар қай жерде, қанша айтыс өтсе де, бәріне қатысқысы келіп, өңмеңдеп, қайта-қайта қолқалап жүреді. Оразалыны үлкен айтыстардың алдында кісі жіберіп іздетіп, әзер дегенде тауып, додаға қосушы едік. 2004 жылдың 24 қазанында Мәскеуде өткен айтулы айтысқа да ол осылай аттанып еді. Отбасындағы кикілжіңдерден қажып жүрген Оразалы бұл сапарға көңілсіз шықты. Демеушілік жасаған А. Ермегияевтың, Ө. Сәрсеновтың, А. Атамқұловтың, Н. Сабильяновтың арқасында арнайы вагонмен, барлық сән-салтанатымен Мәскеуді бетке алған бұл думанды топтың ажары қандай ашық болса, Оразалының өңі сондай сынық болды. Ырду-дырдуға қосылмады. Сыраға да қол созбады. Алматымен сөйлесіп отырып, қолындағы ұялы телефонын терезеден сыртқа лақтырып жібергені де оның көңіл-күйінің қандай райда болғанын аңғартса керек… Салы суға кеткен Оразалыны менің отбасымның мүшелері қайтар жолда бөлек күтімге алды. Ыстық- суықтың бәрін алдына тосып, бәйек болды. Делегацияның тәртіп бұзған біраз мүшесіне:

– Оразалының басып кеткен ізіне татымайсындар! – деп кейігенімді олар әлі ұмытпаған болуы керек.

Балғынбекке, Сараға, Рүстемге, Ринатқа қанша қатты айтсам, сонша жылы сөзді Оразалыға арнауыма не себеп болғанын әлі ұғынбаймын. Күні өтіп бара жатқан есіл бауырдың бұл өмірде естіген соңғы қолпаштары сол екен-ау. Қазақстан шекарасына кірген соң, шырайланып, біраз жыр төкті.

Ән салды. Әзіл-қалжыңның тиегі ағытылды. Экспромт өлеңдер айттық.

Алдағы ажалдың хабарын аузыма Құдай салды ма:

– Оразалы,

Қаңғыған оқтан болар бәрі ажалы,

Сені де қинар ма екен көр азабы, – демесім бар ма?

– Ұйқасыһыз тастай екен, – деп күлді де қойды. Оразалының өмірден өтуіне бір аптаға жетер-жетпес мерзім қалған екен ғой сонда.

Мәскеуден келген күннің ертесіне Дәулеткерей Кәпұлы екеуі екі кештің арасында үйге соғып кетті.

Айтыскер ақындардың бәріне бақылау жасауды «қоғам дық негізде» атқаратын біздің пыркарол Оразды құшақтап сүйген болып, иісін тексеріп жатқанын ақын қайнысы сезе қойды:

– Ой, тәте, мен мәшине жүргізіп келдім. Мына көлікті жақында алып едім. Енді үйреніп жүрмін, – деп шыр-пыры шығып, бұл аса қиын өткелектен жақсы құтылды. Бәріміз де қуанып қалдық.

Ертеңіне кешке Жазушылар одағының бильярд клубында жолығысты. Дәулеткерей мен Аманжол секілді бұл да қолы қатты ойыншы болатын. Байқамасаң, лезде ойпаң-тойпаңыңды шығарады. Шар қуалаудың қызығына берілген Ұлықбек екеуіміздің бітіспейтін бәсекемізді бір сәтке бөліп:

– Шонжы жаққа жүріп барамын. Қоштасып кетейін деп едім, – деді.

– Жекпе-жекке дайындала жүр. Уәде орнында болсын, – деп пойыз үстіндегі екеуіміздің келісімімізді есіне салдым. Бұрын-сонды болмаған бір қызық айтыс жасауды жоспарлап келіп едік.

– Өтірік өлең айтысын өткізсеңізші. Мынау қоғамды, мынау қым-қуыт өмірді келемеждеуге содан қолайлы жанр жоқ. Ринат екеуіміздің оң жамбасымызға келіп-ақ тұр. Жекпе-жек айтысамыз, – деп, мені еліктіріп қойған.

Өтірік өлеңді қалай айтатынын көрсетіп, өзініһ әмбебап дарынының жаңа бір қырын жарқ еткізген. Қазақ жұртына тосын бір қуаныш сыйлайтынымызды күн ілгері сезіп, сол айтыстың бүге-шігесін күндіз-түні ойластырып жүр едім-ау. Сол жолы қолымызды алып қоштасқан Оразалы ажал сапарына аттанып бара жатқанын Жаратқаннан басқа кім білген?..

Тартып туса тегінен сұңқарға асыл,

Тура келген ажалдан бұлтармас ұл.

Шаң қаптырып кетті ме қапияда

Тақымыңнан бұлт етіп тұлпар ғасыр?

… Амандықпен, Адаммен араз ғасыр

Айтпайтынын біліп ек Оразға сыр.

Өзіме-өзім дұға оқып отырғандай

Көздін жасы тамады қағазға сұр…

Өксігімізді баса алмай біз қалдық. Аңырап анасы, жаутаңдап қос құлыны қалды. Шашылып шаруасы қалды. Ешкімге қатты қайырып сөз айтып көрмеген, досқа деген назын, жарға деген наласын ішінде булықтырған, сыртқа сыр бермеген сабаз іні сол сапарға жүрерде шешесіне де барып қош айтысып, мәшине енді орнынан қозғала бергенде, екі көзі боталап тұр еді дейді көргендер. Әркім әр саққа жүгіртіп айтады. Ақынның соңынан сөз боратуды салт еткен қалпымызды қайдан бұза қояйық.

Айырықша естілген әуелде үні.

Алты алашқа танымал Әуенді іні.

Қош бол енді Тәуелсіз қағанаттың,

Тауқыметке туғаннан тәуелді ұлы!

… Тұрмысқа, отбасына, жоқ пен барға ТӘУЕЛСІЗДІГІН ажалымен жеңіп алған талантты ақын, айтыс әлемінің ақиығы Оразалы Досбосынов біздің Тұздыбастау ауылынан шығатын қара жолдың бойында дамылдап жатыр.

Содан бері де жыл жылжып кетіпті-ау… Аруана- фәни дүние…

ЖҮРСІН ЕРМАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *