ӘКЕДЕЙ ҚАМҚОР, АҒАДАЙ ЖАНАШЫР…

Әлқисса. Кітапқұмар Ақнұр Жүрсін атасының таңдамалы 70 өлеңі жарияланған кітабын қолына алып, бір қарап шыққаннан кейін: – Бұл кісінің өлеңдері түсінікті, оқығанға жеңіл екен, – деп өзінше бағасын беріп қойды. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген сөз рас екен-ау. Төртінші сыныпқа енді аяқ басқан ерке қызымның ертесі күні мен жұмыстан келгенімде: «Әке, мен Жүрсін атаның екі өлеңін жаттап алдым» дегеніне аса мән бере қойған жоқ едім. Арада 2-3 күн өткен соң Нарынқол өңіріне жолға шықтық. Қолымыз қалт етсе аспан таулар аясындағы туған ауылымызға тартып отыратын әдетіміз. 90-ға таяп қалған нағашы әжесі әр барған сайын Ақнұрдың жаңа жаттаған өлең-жырларын тыңдап, бір серпіліп, тыңайып қалатын. Абай, Мұқағали мен Еркіннің, Қадыр мен Ұлықбектей ақындардың жырларын жатқа соғатын қағілез қызым бұл жолы арнасын басқа жаққа бұрды. Әжесіне өзіне тән балаң дауысымен Жүрсін ақынның «Ертегі» деп аталатын өлеңін бабына келтіріп, бастан-аяқ жатқа оқып берді. Өлеңнің әсері сондай, кейуана екі көзіне жас алып, үн-түнсіз отырып қалды. Әжесінің ішкі күйзелісін түсінбеген қызым әлденені бүлдіріп алдым ба дегендей анасы екеумізге жалтақ-жалтақ қарай берді. Сәлден кейін ғана немересіне көңіл аударған әжесі:

– Айналайын-ай, – деді құшағына қысып, маңдайынан иіскеп. – Мынау әлгі «ділебизордағы» айтыс жүргізіп отыратын сақалды жігіттің өлеңі дедің бе? Мың жасасын шырағым! Бұл өлеңі біздің өткен өмірімізге мәңгілікке қойылған ескерткіш қой, – деп күбірлеп, бетін сипады. Сірә, ішінен ақынға деген аналық батасын берген болар! Сол өлең мынау ғой:

Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді, Ертегіні тәуір көрем мен, тегі. Осы күні ойлап көрсем, жасымда Шешем маған айтпапты еш ертегі.

Соғыстан соң жимаған кез жұрт есін, Сәби көздің жасын өзің сүртесің. Таңсәріден кететін ол шығырға, Әкеміздің киіп солдат күртесін.

Шықпаған кез елдің әлі бүйірі, Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі. Кешке келсе, күтіп оны тұратын Жанбаған от, сауылмаған сиыры.

Парыз-бейнет босатпайды арқаны, Отын шауып, диірменін тартады. Су әкелу, тезек теру аз болса, Мүгедек боп оралған жар бар тағы.

Қалай бәрін үлгерді екен, есепте! Қалай ғана тесілмеді қос өкпе? Ертегі боп ұйқыны бір қандыру, Әзер жетіп жығылатын төсекке! Ертегіде жібердің деп есені, Жазғыруға болмайды енді шешені. Апашымның азайғанда бейнеті, Алпамса ұлға ертегі айту кеш еді!

Қартайды ана, Көп арман бар ойында, Мазалайды ажал жайлы уайым да. Мен шешеме айтам енді ертегі, Жүз жасайтын кейуаналар жайында!

«Бір өлеңі – бір әлем». Жүрсіндей жүйріктің жүрек қылын сызылта шертер өзге де өлең-жырларын, орыс классиктері мен Батыс-Шығыс әдебиетіндегі айтулы ақындардың шығармаларына жасаған талдауларын оқып, ой таразысынан өткізуді өзіңізге қалдырдық, көзі ашық, көкірегі ояу оқырман.

Белгілі ақын, аудармашы, ұлағатты ұстаз Асқар Егеубайдың «поэзиясыз Жүрсін – Жүрсін емес» деген сөзі бар еді. Иә, Ұлытау түлегінің тегеурінді жырлары жайында сөзтанушылар тарапынан аз жазылған жоқ. Бірақ журналист Жүрсін өлеңмен қоса өз мамандығын да өгейсіткен жоқ. Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққандығын өмірінің өткелдері айғақтап тұр.

Ж.Ерман 2006 жылы Қазақ радиосына бас директор боп келген бетте сөз өнерінің қазанында қайнаған қыздар мен жігіттерді қызметке шақырды. Жоғары оқу орнын енді бітіріп жатқан жас мамандарға да сол уақытта радиодан жұмыс табыла кетті. Айтыс ақындары да үлестен құр қалған жоқ. Әрісін Астанадан шақырса, берісі осы Алматының өзінде жұмыссыз жүрген айтыскерлердің біразына жұмыс берді. Жігерін жанып, намыстарын қайрап, алға жетелеп отырды. Сол жылдары тек қана ақындар емес, есімдері елге мәлім өзге де өнер иелерінің радиода қызмет атқаруына бас директор жол ашып берген еді. Өзбекәлі Жәнібеков, Камал Смайыловтай сардарлардың сынынан өтіп, тәжірибесі толыққан Жүрсін Ерман бір кездері теле-радионы басқарған К.Смайыловтан қалған дәстүр – «апталық лездемені» қайта жаңғыртып, радио жұмысын жандандырды. «Сырт көз – сыншы» деп кей лездемелерге сырттан кісі қатыстырып, кем-кетігіміз бен жетістігімізді жіпке тізгендей талдататын. Осы үрдіс біз түгілі, сақа журналистердің өзіне едәуір серпіліс әкелді. Жас мамандардың сауаты шыңдалды. Апта сайынғы лездемеде әр редакцияның хабарларына шолу жасайтын журналистер эфирден өткен барлық хабарды мұқият тыңдап, әр хабардың сапасына қатысты пікірін айтып, ой қорытатын. Жер мен жесір дауына төрелік айтатын би-шешендер секілді шолушы да бар күш-жігері мен жанын салып дайындалатын. Сәл тайып кетсең, Жүрсіннің қаһарына ұшырауың да ғажап емес. Орайы келіп жатса қисынсыз сынға іліккен хабардың авторына ара түсіп, төрелігін өзі айтып, қорғап алатын. Кей әріптестеріміз: – Хабардан қате кетсе құримыз, эфирді Жүкеңнің өзі тыңдап отырады екен, – деп естері шығып жүретін-ді. Осындай қатал талап пен шынайы жанашырлықтың нәтижесінде Қазақ радиосы хабарларының сапасы артпаса, кеміген жоқ.

Жүрсін Молдашұлы өз әріптестерінің еңбегін бағалап, оларды үлгі тұтып отырды. Мәселен, кезекті лездемеде бір журналист «Бұрынғы директор Нұрлан Өнербаевтың әндерін эфирден неге бергізбей отырсыз?» деп сауал қойды.

– Н.Өнербаев пен Р.Стамғазиев халық жауы емес, қазақ өнері мен мәдениетіне бір кісідей еңбектері сіңген Алаштың айтулы азаматтары. Бұрынғы басшылықтың «салқын самалы» сәл басылсын, Рамазан мен Нұрланның әндерін бергізбесек не үшін отырмыз?! – деп азаматтығынан айнымай, өз пікірін ашық айтқаны бәрімізге де ой салды. Көп уақыт өтпей- ақ, есімдері аталған әншілердің орындауындағы әсем әндер тыңдаушылар жүрегіне жол тартты. Радионың 85 жылдық мерейтойы кезіндегі баяндамасында Ә.Меңдеке, Т.Данияр, Н.Өнербай секілді бұрынғы басшылардың еңбектеріне тоқталып, олардың радиоға қосқан үлестерін ерекше атап өтіп, өз ілтипатын білдіргені де күні кешегідей есімізде.

Басшы болғаннан кейін әртүрлі шаруалармен іссапарға жиі шығады. Айтыстың қыруар шаруасы тағы бар дегендей. Сондай сәттерде директор жоқ деп арқаңды кеңге салып, сайрандап жүрсең, ертесі келіп кемшілігіңді көзіңе шұқып, шаңыңды қағып, тәубеңе түсіретін. Жүкеңнің тағы бір ерекшелігі, тауып айтқан сөзіңе тоқтап, мерейіңді асыратын.

Бір кездері қаражаттың тапшылығынан болар, радио мен алыс аймақтардың арасында өзара байланыс үзіліп қалған еді. Осы мәселені дұрыс жолға қойып, радио қызметкерлерінің іссапарға шығып, шалғайдағы облыс, ауылдардың тыныс-тіршілігі туралы хабарлар таратуына да жағдай жасап берді. «Атамекен аспаны» деген радиожоба соның жемісі еді.

Бізге Жүрсін мырза атына заты сай, тек қана жүре беретін, өмірі ұйқы дегенді білмейтін пенде секілді көрінетін. Өйткені таңертең кабинетіне кірмей тұрып, әр редакцияны аралап, тәулігіне 24 сағат әуе толқынына шығатын хабарлардың мазмұнын тұтас айтып, әрбір журналиспен кеңесіп, пікірлесіп отыратын. Осы күнде ойлап қарасақ, радионы мұқият тыңдап, Жүкеңе кеңес беру жағынан Бақытжамал апайдың еңбегі де орасан зор сияқты.

Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болсақ, соның барлығы да Жүрсін ағаның бізді шыңдау мақсатындағы, жалпы, жұмыс жүргізудегі әдіс-тәсілі екенін енді ғана ұғындық. Әкедей қамқор, ағадай жанашыр, құрдасыңдай сырлас, турасын айтып, туғанына да жақпай қалатын батыр тұлғалы, баладай аңғал Жүрсін аға алпыстың асқар шыңына көтеріліп отыр.

Бақыт Жағыпарұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *