ІНІМ ЖҮРСІНГЕ

Атақ, абырой жігіттің мінер аты,

Бірде аласың,

қаласың бірде қапы

Жарық күн қалай керек болса әлемге

Халықтың керек солай махаббаты.

Бәрін айтты дүниеге жаршы халық,

Өзі берген сыйлықты алшы барып.

Абыройдың тұлпары келген күні

Неге тоқты соймасқа қан шығарып.

Жылқы жықсаң

оған да қарсы емес ел,

Той дуласа төрінде көңіл өсер.

Бір жуынып қалады қайран жаның,

Жауып-жауып өткендей қалың

нөсер.

Өткірлігін сынамай алмас деме,

Бөгегенді жолыңды жолдас деме.

Айтыстырып ақынның бағын аштың,

Бір қайырым құдайдан болмас неге.

Мырзалықпен досты алдың, ағаңды

алдың,

Ақынды айтыстыруға мамандандың.

Тұманбайдан басқаға «Волга»

сыйлап,

Ұстазыңа келгенде сараңдандың.

Ескі сыйлас болған соң ескі тамыр,

Қазылыққа шақырдың кей тұста бір.

Ақындықтың әмбесі өлең жазбай,

Бетін бұрып кетпесін айтысқа бұл.

Машиналар тозады, қалады өлең

Тауды құшақтастырған даламенен.

Әттең ағаң домбыра тарта алмайды,

Бір айтысып көрер ем Сараменен.

Әдетімен өзеннен өткіш ұлдың

Кішірмейтін жерлерде көп кішірдің.

Ескілерді ояттың,

жаңаларды,

Қанат байлап бердің де көкке ұшырдың.

Көнбейді ақын, ақындық бұйдалауға,

Жылынбасын кім келіп күйлі алауға.

Бүкіл мына айтыскер ақындардың

Қол басшысын хақым жоқ сайламауға.

Айтыстарда жан беріп, жан аларсың,

Беріп жатса ел сыйын тағы аларсың.

Алпысымда ағам деп ат мінгіздің,

Жетпісімде жағам деп жағаларсың.

Өз Тұмағаң

МОЛДАҒАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *