ТЕКТІ ТАЛАНТ

Бүгінгі қазақ поэзиясын шырқау биікке көтеріп, қара өлеңнің қасиетін ұғына білген біршоғыр жүйрік таланттар бар. Солардың арасында ұлттық тамырдан ажырамаған, қазақы бояуы қанық, көркемдік әлемі келісті – Жүрсін Ерманның да есімі айрықша аталады. Шежірелі Ұлытаудан қанат қаққан бір кездегі бала қыранның бүгінгі жеткен биігі де бас айналар ұшар шыңның басы секілді. Ақынның жыр жинақтарын құныға оқығанда, оның ішкі сыры мен қышқыл мұңын, буырқанған табиғатының барлық болмысын анық байқайсың. Даңқымды емес, тәңірім, антымды бер, Болжамасам халімді –халқым күлер. Кешейін қойдан қоңыр тірлігімді – өзінің шамасы мен шарқын білер.

Жайдақталып кеткенмен замана тым.

Өңмендеумен шықпасын жаман атым.

Шұға жауып жатса да көктен жерге

Қалғып кетпе қазақы қағанатым!- деп өзінің асыл өнерін халқының

мұратына арнаған өлеңдері кім-кімді де толғандырып, ой салары хақ. Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып, Отырамын ішімнен өзім біліп.

Базар баққан бәдіктер ортасында,

Кісі де жоқ тұшынар сөзіңді ұғып.

Бір күніңнен аумайды бір күніңіз, Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз. Саңырауға беретін сәлемдей-ақ,

Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз? –деген өршіл жолдары сені сарсаңға салып, беймаза ойға жетелейді. Ақынның қай өлеңі болмасын сезім шынайлығымен, қалтқысыз айтар ақжарма көңілімен бірден баурап алады. Ол адамның көңіл пернесін тап басатын сезімдерді сөзбен суреттеуге өте шебер. Және дәлдікті дәл қояды. Жүрегіңді түйіп-түйіп жіберетін сәттер өте көп кездеседі.

Райы баяғыдан басқа күздің,

Дәмі де айнығандай ақ сағыздың.

Шөп тартып жүруші едік сонау белден, Жабысып арқасына қасқа өгіздің.

Құм сағыз,

Қара сағыз,

Аққан сағыз,

Зыр қағып жүгіруші ек тапқанша біз. Қырларын Құлжанбайдың кезуші едік, Кірпікке қарашада қатқанша мұз.

Шал қайда –күрең атты борбайлаған?

Ел қайда – сырма айдаған, арба айдаған?

Есіңе бүгін ғана бәрі түсіп,

Несіне күрсіңесің, сорқайнаған!

Ұяға болушы еді торғай да алаң…

Бір сәт қиян түкпірде бұйығы жатқан туған ауылың есіңе түсіп, қалың ойға батасың. Онда өткен балалық шағың, ата-анаң, қимас таныстарың – бәрі — бәрі еске түседі. Және сол ауылдың бүгінгі жүдеп тұрған көңілсіз көрінісі де көз алдына келеді, сен де осындай күйді бастан кешіп жүргенің кәміл. Сондықтан адамның жүрегінің бір бүйірінде бұғынып жатқан алай-дүлей сезімдерді ақын оны өлеңмен сәтті өре білген. Ақынның қай жыры болмасын сіздің ішкі «меніңізбен» үйлесіп тұрады. Өз көңілінді тербетіп жүрген нәзік мұңмен бірге астасып, жігеріңді жанып, рухыңызды биіктетіп жібереді.

Уыты бар көңілде, Жазылмайтын жараның.

Неге келдім өмірге,

Неге кетіп барамын.

…Ұзап бара жатқандай, Келешектің кемесі.

Удың дәмін татқандай, Уылжимын.

О, несі?!

Жалған дүниені дәл осынша мұңлы бейнелеу, анық суреттеу философ ақынның ғана ойлы қаламынан ғана туады. Өмірдің қилы-қилы сәттерін, мұңлы жүрегінен өткізіп, оны тылсым поэзия тілімен сезіміңізді тербетер, ойыңызды толғантарлықтай өрнектей білу – дара дарындардың ғана қолынан келеді. Ақынның «Абайға мұң шағу» өлеңін де:

Абай аға, мен дел-сал болып тұрмын. Жанарыңда сенің де толып тұр мың. Оқулықтан көретін дидарыңды,

Енді ақшаның бетінен жолықтырдым,- дей келіп:

…Сенің құның болғанда жиырма теңге,

Менің құным көк тиын ағайынға! – деп түйін жасайды. Денең дір етіп, ойың сан-саққа бөлінеді. Шайырда осындай ойып түсер шымыр жазылған, қуатты өлеңдер өте көп. Ақынның ықшам ғана дос туралы жазған өлеңін оқыған жан-дүниен шымырлап, нәзік мұңға берілесің.

Дос дейтін дос та қалмады,

Санама түсті салмағы;

Шын досты ажал жалмады. Алдамшылары алдады. Құлағанымды күтіп жүр, Қарақтап қасымда қалғаны.

Оң жаққа мені салғалы,

Үш жерден буып-таңғалы. Cүйегіме түсіп сол күні, Тонымды қалап алғалы!

Ақынның әр өлеңін оқи отырып, қазақы сөздің дәмін үйірер шеберлігіне, көркемдіктің көкжиегіне көз салған ақындық қуаттың арынды екпініне еріксіз таңырқайсыз. Оның жырларында тосын тіркес, бұрын-сонды айтылмаған образды оралымдар, қазақы кейіпте қона кетер бейнелі сөздер көп кездеседі. Көрнекті сөз зергері Сәкен Иманасов : «Мен білетін Жүрсін «көбікте болса көп болсын» деп, болсын-болмасын, оң жамбасына келсін-келмесін, оңды-солды қалам сілтеп, төпелеп ұрып жаза беретін «ақындар» санатынан емес. Әуел бастан-ақ «аз болса да саз болсын» деген қағиданы қадір тұтып, айтары болғанда ғана, лықсып келген ойды ірке алмай, шірей тартқан шабытына шамасы жетпеген тұста ғана барып қолына қалам алатынға ұқсайды. Содан да барып оның әр өлеңі қырық күн бабымен бауырына басып шығарған қыран балапандай шымыр келеді. Көз алдындағы нұрлы бояудың өз басы, өз көңіліне лайықтысын ғана таңдап, тауып ала біледі», — деп ағынан жарылған екен. Осы сөз — сөз. Бізде ақын ағадан асырып ештеңе айта алмаймыз. Қысқаша айтқанда, Жүрсін Ерман – намысты да қуатты, нәзік те сезімтал жырларымен, ерен талант, берен тұлғасымен қазақ поэзиясының жазира алқабында оқшау тұрған, қойнауында сан ғасырлық тарихтың таңбасы бар Ұлытау секілді алып шың. Ол шыңның басына терең тарихты көрем деген, түйсінем деген, поэзияны шын жүрегімен сезінем деген оқырмандар сан рет шығары хақ!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *