САҒАТ ӘШІМБАЕВ

Күнделік жазбайтын қазақы салақтығымызға қанша өкінсек те, сол күннен бастап орынын толтыра беруге болатын осы олқылықты әрі қарай тағы жалғастыра береміз. Оны айтып отырған себебім, кеше озіміз қатар жүрген Сағат туралы осы естелікті осыдан бес-алты жыл бұрын жазып тастамақшы болып, ойымда пісіріп, енді қолға қалам алуға әне кірісем, міне кірісем деп жүргенде, күнделікті күйбеңнің бітпейтін бір шаруалары кимелеп, кешіге бердім. Бүгін есімдегілерді қағазға түсірейін десем, содан бері де біраз жәйттердің жадымда көмескілене бастағанын сезіп, тағы да өзімді өзім жазғырып отырған жағдайым бар.

Енді тіпті арыдан бастауға тура келеді.

Бүгін бастан өткен бір оқиғаның кейін басқа бір оқиғаға себеп болатынын байқамай қаламыз.

1986-ші жылы Жапонияға туристік мақсатпен сапарлап қайтатын жолдама қолыма тиді. Кеңес өкіметінің кезінде бұл бір сирек сәті түсетін шаруа еді. Жеме-жемге келгенде кежегем кейін тартып, сонау қиыр шығысқа барғым келмей қалды. Сол кезде денсаулығымның сыр беріп жүргені де себеп болса керек. Екінің бірінің қолына түсе бермейтін сирек жолдаманы бірінші қолқа салған кісіге – профессор Асқар Тоқпановқа бере салдым.

Жапонияға жолым түспегені мектепте оқитын үш балама батыпты. Олардың сыныптастарының бірінің әкесі ана шетелге, бірінің әкесі мына шетелге барып келген. Олар әңгіме тиегін ағытқанда, ауылдан Алматыға енді келген менің балаларым, айтарға әңгіме таппай, қамығып қалады екен. Бұл да – қорлық. Шетелге шығаратын келесі жолдаманы ойланбастан аламын деп жүргенде, маған Кубаға барып қайтуға ұсыныс жасады. Жапонияны жырақсынып жүргенде. Кубаға тап болдым. Балаларымның көңілін қимай, мұхиттың арғы жағына, бостандық аралына аттанып кете бардым. Бұл – 1986 жылдың 16-желтоқсаны болатын.

Келер жылдың 3-қаңтар күні Алматыға қайтып келсем, елімізде талай оқиғалар болып үлгеріпті. Алаңдағы ереуілдің белортасында жүрген үлкен балам түгілі, желтоқсан көтерілісінің хабарын жиырма күн кешігіп естіген мені де ұлтшылдардың тізіміне қосып, тергеуге алды. Өзімнен ештеңе шықпайтынын сезген соң менен Сағат Әшімбаев туралы «компромат» алуға тырысты. «С.Әшімбаевтың осылай деуі мүмкін бе, осылай істеуі мүмкін бе?» деген қияли сұрақтарын қадап сұрайды. Желтоқсан көтерілісінің эпицентріндегі кеңсеміздің терезесінен бүкіл айуандықты көзімен көірп отырған қазақтың арман-аңсары десе басын бәйгеге ойланбай тігетін Сағат Әшімбаевтан шынында бәрін күтуге болатын еді. Ол ұлттың мүддесі үшін отқа түсіп кетуден тайынбайтын бір пәруана көбелек еді ғой. (Осы жерде өзім үнемі таңқалатын ына бір жайды айта кеткім келеді. Желтоқсан көтерілісі кезінде көзге түсіп қалып, жаза тартқан кейбір қандастарымыз жайшылықта желтоқсанның батырымыз кеудесін соғады да, іле-шала жазықсыз жапа шегіп едім деп, ақталғысы келіп, ізденіп жүреді. Қисын қайда? Екінің бірі емес пе?!). Қазақстың қарадомалақ балаларының итке таланғанын көзімен көрген Сағат Әшімбаев бұғып қалмайтын ерлердің сойынан еді ғой!

Біз студент болған 1968-1972 жылдары Алматының жоғары оқу орындарында, әсіресе, КазПИ мен КазГУ-дің мехматында әдеби басқосулар жиі өтетін де, сондай жиындарда суырылып шығып өлең оқитын Кеңшілік, Жарасқандармен жағаласып мінбеге көтеріліп, алқынып сөйлеп тұратын студент Сағат мен қатарлылардың көбінің есінде қалған болуы керек. Екпіндеп, ексімдеп сөйлейтін. Уысында умаждалып тұратын қара кепеші де жадымда. 1982 жылы Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін үздік бітіріп, жыл соңында Қазақ теледидарының Жастар хабарлары бас редакциясына бас редактор болып келдім. Жастарға арналған «Жүректен қозғайық» деген жаңа телехабарды басқаруға лайықты ойы ұшқыр, тілі шешен жүргізуші іздей бастағанда, менің есіме баяғы екпіндеп сөйлейтін Сағат орала кетті. Іздестірсек, авторлық қоғамды (ВААП) басқарып отыр екен. Қазіргі «Хабар» агенттігі орналасқан, салпыншақты ғимараттың ең үстіңгі қабатының оң жақ бұрышындағы шеткі кабинетте Сағатпен бірге «Жүректен қозғайықтың» неше түрлі жобасын талқылап, талай кешті бірге өткіздік. Ақылдасуға да, кейін хабарды өткізуге де Лұқпан Сыдықов, Әбдімәлік Нысанбаев, Бақтажар Мекішев, Күләш Ақжолтаева секілді біраз ойлы азаматтар белсене қатысты. Ауылшаруашылығы жэне зооветинститутта өткен сол жастар хабары өз кезінде елге кеңінен танымал болды. Ұлт мүддесі, қазақ жастарының мұрат-мақсаты туралы озық ойлар, батыл пайымдаулар ортаға түсті. Соның бәріне қозғау салатын тележүргізуші Сағат Әшімбаев та лезде танымал болып шыға келді.

Телерадиокомитет төрағасының орынбасарының босаған орынына кім келеді деп бал ашып жүргенімізде, аяқ астынан, ешкім ойламаған жерден Сағат Әшімбаев сол қызметке келе қалды. Жоғарыдағы көсемдер Сағатты әкеліп ұжымға таныстырып, орындығына отырғызып кеткен соң, түстен кейін жаңа бастығымыз менің кабинетіме кіріп келді. Мен әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясын басқарушы едім. Оңашада қуанышымызды бөлісіп болған соң:

– Менің осы жоғары қызметке келуіме тележүргізушілігім сылтау болды. Ал тележүргізуші болуыма себеп болған сенсің. Енді тізе қосып, бірге жұмыс істейік. Өзің білесің, мен теледидардың ішкі құпияларынан бейхабар адаммын. Жұмысты неден бастауым керек? – деп Сәкең сұрақты төтесінен қойды.

Ол жылдары Қазақ теледидарының директоры – көп жыл телерадио саласында қызмет істеген, қулығына құрық бойламайтын жәйіт Изя Эйнехович Фидель деген кісі. Қазақша хабарлардың жалпы көлемі 30-35 пайыздан аспайды. Асырмайды. Ђр редакцияны басқаратын Сәңгерей Тәжіғұлов, Кеңес Дүйсекеев, Қажы Қорғанов, тағы бірер жігіт, дирекцияның мүшесі ретінде жиналыс сайын Фидельмен, оның сойылын соғатын партком Светлана Татенкомен шайқасамыз да жатамыз. Техниканың құлағын ұстаған мамандардың көбісі – сол екеуінің сойылын соғатындар. Тізеге салса да, алдаса да солардың сөзі өтеді. Қазақ тіліндегі әр хабар үшін, олардың түсірілуі, құрастырылуы, эфирге қойылуы үшін көзге көрінбейтін майдан жүріп жатады. Сағаттың жұмысты неден бастасам екен деген өзімсінген сауалына:

– Телетехнологияны зерттеуден, үйренуден баста. Кез келген бейнеинженер, ішкі жұмыстың қитұрқысын білмесең, алдап кете береді. Қазақша хабарлардың соры қайнайтыны содан, – деп ағымнан жарылып, хабарды студияда пысықтау, түсіру, құрастыру кезіндегі қиянаттардың жайын айтып, өз тіліміздегі телехабарлардың жолын кеңітудің амалдарын айта бастадым. Менің сөзім оған жақпады. Неге жақпағанын әлі күнге анық түсінбеймін. Жанарын бір нүктеге қадап, түйіліп отырып қалатыны болушы еді. Сөйтті. Сірә, Орталық Комитеттен алып келген тапсырмаларымен менің көзқарасым сәйкеспеді-ау деп шамалаймын. От пен судың арасында қапылып жүрген маған жаңа басшының қазақ тіліндегі хабарларга оң қабағы керек еді. Менің сөзімді жаратпаған Сағат орынынан тұрып жүре берді де, сол бетімен бірер ай менен бойын аулақ њстады. Бір књні, кешке жақын, тағы да оңаша әңгімеге шақырды да:

– Сенікі дұрыс екен. Мынау бір жасырын соғыс жүріп жатқан жер ғой. Ақылдасып тұрайық, – деп мәміле айтты. Осыдан бастап өле-өлгенше Сәкеңмен сыйлас, сырлас болдық десем, артық айтқандық емес шығар.

Өздерінің қызмет кабинеттерін Мәскеудің Кремліндей күзеттіріп, жан тыныштығын қызғыштай қоритын кейінгі басшылардай емес, Сағат Әшімбаевтың есігі өз қарамағындағыларга айқара ашық болатын. Қабылдау бөлмесінде сарылып отырмаушы едік. Оған кез келген уақытта кіріп барып, шығармашылық жұмыстың ұсақ-түйек мәселелерін сөйлесе беруге болатын. Қиялы да жүйрік, ойы да шапшаң Сәкең аяқ астынан жаңа идеялар туындатып, шұғыл тапсырмалар беріп, оны жүзеге асырғанша тыным таптырмайтын. Кезінде қазақ қауымына кеңінен танымал болған «Қарыз бен Парыз» бағдарламасы да осылайша шұғыл шешімін тапқан іс еді. Әрине, оған дейін де өзі жеке ойланып-толғанып, санасында пісіріп алған болуы керек. Жобаның соңғы ширатылуына мені шақырьш, ақылға қосты да, хабардың бірнеше атын алдыма жайып салып:

– Таңдашы,– деді.

Мен «Қарыз бен Парыз» деген нұсқаны таңдадым. Қасындағы ғалымдардың бірі қарыз бен парыз деген ұғымдардың ұқсастығын айтып келе жатыр еді, Сәкең оның сөзін бөліп тастап:

– Бітті. Осыған тоқтаймыз! – деп кесіп айтты. Қазақ қоғамындағы түрлі түйінді мәселелерді батыл сөз етіп, ойға қозғау салған осы жоба Сағат Әшімбаевтың өз қандастарынан қаншалықты озып кеткенін, ұлт болашағының қамын қандай жоғары деңгейде ойлай алатынын, сол ұлы мұраттар үшін басын бәйгеге де тіге алатынын қапысыз дәлелдеді. «Қарыз бен Парыз» бағдарламасы пішіні жөнінен көне болып көрінгенімен, онда телетехнологияның барша мүмкіндіктері, қосымша компоненттері аз пайдаланылғанымен, Сағаттың озық ойы, парасатты пайымдаулары арқылы қоғамдық пікірдің көшін бастады. Ғасыр басындағы қозғалысының идеялары осында жаңаша мазмұн таба отырып, тынысы қалған тәуелсіздіктің басты ұстанымдары да еріксіз тілге оралып жатты. Сағат ұлт көсемдерінің қатарына қосқан осы ұлтжандылық оның ұлан-ғайыр білімінен, ізденістерінен бастау алушы еді. Сағат шын мәнісінде білімпаз, көп оқитьн еді. Ол кітапханасы бай адамдарды құрмет тұтатын. Кітабы көп қаламгердің әдеби дарынының тапшылығына да кешіріммен қарайтын. Сондай бір ақынды Сағаттың көңілі үшін дәріптеп телехабар дайындағанымыз ұмытылмай есте қалды. Сәкең өзіне қажет кітаптың соңына шырақ алып түсетін. 90-шы жылы Мәскеудің «Мысль» баспасынан Фридрих Ницшенің қос томдығы шықты деп естіп, қанша аласұрғанымен, Алматыдан қолына түсіре алмады. Бір күні:

– Ницшенің бірнеше данасы сенің Жезқазғаныңа бөлініп кетіпті. Қалайда қолға түсіруің керек, – деп қиғылық салды.

Жезқазғандағы кітап саудасының бастығы – облыстық МАИ-дың бастығы Гилленің әйелі екен. Атын ұмыттым. Ұзын сөздің қысқасы, біреулер арқылы Гиллеге шығып, ол әйеліне айтып, Ницшенің қос томдығының екі данасын олжаладық. Сағат әйелі ұл тапқандай қуанды. Сол кездегі ақшамен 60 рубльге алынған неміс философынан Сәкеңнің не тапқаны өзіне аян, ал менің Ницше мұрасына әлі күнге тісім батпай жүргенін несіне жасырайын.

Жаңылмасам, сексен тоғызыншы жылдың басында арқалы ақын Кеңшілік Мырзабеков кенеттен қайтыс болды. Бұл күтпеген қаза оның досы Сағатқа да, Кеңшілікпен университет дәрісханасында бірге отырған, ұялас күшіктей інісі маған да қатты батты. Марқұмды туысқандары өз топырағы – Торғайға апарып жерлемекші болды да, бірақ, Алматының ауа райы жолды кесіп, ұшақ ұзақ уақыт еру болды.

Мен: Сенің жолың кешеден кесілуде,

Жатсың үнсіз табыттың бесігінде.

Жібергісі келмей ме Алматының,

Самолеті Торғайдың кешігуде, –

деп басталатын өлең жазып, Сағатқа оқып бердім. Қатты тебіренген Сәкең:

– Кеңшіліктің замандас достарын телестудияға жинап, досымызды еске алайық. Елге көңіл айтайық. Қатарымыздың сирей бастағаны осы болар. Өзімізді бір түгендеп алайық, – деп бастама көтерді. Сол күні жасы қырықтың ар жақ – бер жағындағы оншақты әдебиетші қазақ теледидарының эфиріне шығып, Кеңшілікпен қоштасу сөзін айттық. Хабарды С.Әшімбаевтың өзі жүргізді. Толқып сөйледі. Біздің қатарымызға да шеңгелін сала бастаған сұм ажалдың дауасыздығына назаланды. Сол күні Сағаттың қасында қаздай тізіліп отырған қатар-құрбыларының Жарасқан Әбдірашев, Тынышбай Рақымов секілді бір тобы бақилық болып кеткелі де біраз жыл өтті. Қайтып оралмайтын сапарды Сәкеңнің өзі бастағанын өкінішпен еске аламыз.

Орталық комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Сағатқа көп қолдау көрсетті. Ұрыншақ, алды-артын аңдамай, от басып қала берегін Сәкеңді беделді басшы қанатының астына алып жүретінін жиі аңғарушы едік. Бір қызығы Өзағаң кейбір оңаша жолығысуларға лауазым биігінде отырған Сағатпен бірге оның қарамағындағы көп бас редактордың бірі мені де қосатын. Мұндай басқосуларда көбіне әдебиет пен өнерді, тарих пен археологияны, рухани мұраны насихаттаудың кезекті шаралары сөз болатын. Жеңіл әзілдер де айтылушы еді. Сондай бір сенбідегі кездесудің соңына таман Өзекең:

– Осы екеуіңде үй-күй жоқ па? – деп тыңнан қалжың бастады.

– Неге жоқ болсын…

– Ендеше осындай кең уақытта хатшыны үйлеріңе шақырып, ас-су беріп жібермейсіндер ме?

Әзіл болса да, шын болса да, осы күтпеген ұсыныстан Сағат екеуіміз басымызды ала қаштық. Жәнібеков секілді мәртебелі кісіні аяқ астынан үйге алып бару менің ақылыма сыймайтын шаруа еді. Достық даңғылының жоғары жағында тұратын Сәкеңнің үйінен бір рет шай ішкенім болмаса, ол кісінің тосын қонақты қабылдау қабілетінен бейхабар едім. Медеу жағынан бір жақсы үйге көзі түсіп жүрген Сағат шығармашылық адамының жайлы баспанаға қаншалықты ділгер екенін тілге тиек етіп, тығырықтан шығарып әкетті.

Әуезовтің, Толстойдың, Чеховтың жеке үйлері туралы қазбалап сөйледі. Біздің шай-суымызға зәру дейсіз бе, әншейін әзіл үшін сөз бастаған Өзекеңнің Сағат әңгімесіне еліккені соншалық, ақыры Орталық Комитет ғимаратынан шығып, әлгі Медеу жақтағы ерекше үйді көруге тартып кеттік. Сыртына жылқының бейнесі бедерленіп салынған жеке коттедж сол кезде үшеумізге де таңсық көрініп еді. Қаламгердің еркіндігі туралы біраз қияли әңгіме айттық. Хемунгуэйдің Гаванадағы музей-үйі туралы менің әңгімем де біразға дейін талғажау болған тәрізді еді. Осы жерде мен Өзекеңе:

– Сізде де үй-күй жоқ па? Бар болса, түскі асты неге сонда ішпейміз? – деп қатерлілеу қалжың айтып қалып едім, Сәкең шошып кетіп, әңгіменің тігісін жатқызуға тырысты. Өз басым жасымда аузым ауыр, орнықты бала сияқгы едім, жүре-келе орынды-орынсыз қалжыңдай беретін мінез таптым да, Омашев, Айтов пен Жұртбаев сияқты құрдастарыма өткізетін әзілдерімді үлкенді-кішілі кісілерге де айта салу дағдыма ене бастаған. Жайшылықта ондай бұралқы сөзге бар денесін селкілдетіп күліп алатын Сәкең, Өзағаның алдындағы қалжыңдардан бойын тартып жүретін. Бір жолы менің келіншегіме де менің үстімнен «арыз» түсіріп:

– Қой десеңші. Бір күні ойыны осылып жүрмесін, – деп сақтандырғаны бар.

Қатар жүрген көп күндердің біразы із-тозсыз санадан өшіп кетіпті. Менің туған жеріме, Жезқазған, Жезді, Ұлытау аймағына барған бір сапардан қатты әсерленіп келгені есімде. Тарихи өлкенің бүкіл табиғаты, Мұхтар, Амангелді, Көбейсін, Серік секілді көшелі кісілердің ажарлы әңгімелері, сақтаулы жәдігерлер оның қиялына қанат бітірді. Саған өзімнің Нарынқолымды көрсетемін, бірақ, ауылда кісі күте қоятындай ағайындарым аз деп қамыққанын ұмытқаным жоқ. Ұлытау сапарынан оралған соң, елдес ағайындарым Камал Смайыловпен, Төрегелді Шармановпен бірге Сағатты үйге шақырдым. Дәм үстінде Сәкең біздің елден көрген-білгенін екі ағамызға ризашылықпен айтып отырды. Кәмекең мен Төкең:

– Енді бізге Нарынқолды көрсетсеңші. Сенің ауылыңды аралап қайтайық, – деп Сағатты қажаңқырап отырды.

– Сіздердей ұлық кісілерді күтіп алатын ағайыным аз, – деп Сәкең шындауға көшкенде, Т.Шарманов:

– Сен қысылма. Біз аудандық аурухананың бір бөлмесіне қона саламыз. Тіпті аурухананың тамағын да іше береміз. Өзің қасымызда болсаң жетеді, – деп қалжыңды өршіте түсті. Сағат қанша күлкіге жеңдіргенмен, көңіл түкпірінде бір қаяудың бары анық еді. Қазір, өзі өмірден озып, алаштың ардақты азаматтарының қатарына қосылған кезде, Сағат Әшімбаевтың есімін бедел тұтып, онымен мақтанатын азаматтар аз емес екенін байқаймыз. Ал Сағат құлашын жаяр кезінде, қияға шырқар кезінде кібіртіктей бергеніне куә болған біздер тұрмыс түйіткілдерінің осындай көшелі кісіге де бауыр жаздырмағанын көріп едік-ау…

Сағат өмірінің соңғы сағаттарында оның санасына салмақ түсірген қаңқу сөздерді де өз құлағымызбен естідік. Сол күнгі лездемеде бұрыннан қыңыратқып жүретін бір режиссер Телерадиокомитетінің төрағасы С.Әшімбаевқа жөнсіз соқгығып, ауыр-ауыр сөздер айтып қалды. Шамданған Сәкең алқынып тұрып жауап берді. Ренжіді. Қазақы бейәдеп қылығымызға қамықты. Төраға біздің қорғаштауымызға зәру емес шығар дедік пе, үйреншікті бопсалаудың бірі ғой деп мән бермедік пе, үндемей, салғырт тыңдап, отыра бердік.

Сөздің құнын білетін Сағат Әшімбаевтың нәзік жүрегі қиянатқа шыдас бермеген екен.

Сағат достың тосын ажалы туралы суық хабар сол күні кешке мені өз үйімде қуып жетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *