Жұмыр басты пенделердің сан қилы пиғылды, алуан мінезді болып келетіні белгілі жайт қой. Біреулер үлп еткен желдің лебі тисе де майысып, иіліп қалатыны бар. Ал енді кейбіреулер, керісінше ызғарға ықпайтын, ағынға қарсы жүзетін қаһарман тұлғалы болып келеді. Қазақы ұғыммен айтқанда, оларды «табанының бүрі бар жандар» дейді. Немесе «мінезді адам» деп те жатады. Бүгінгідей жақсыдан жаманды айыру қиын, жалт-жұлт еткен жарнаманың заманында мінезділердің саны да саусақпен санарлық қана болар, бәлкім. Солардың бірі – көрінбей қалса жұрты елеңдеп күтетін Жүрсін.
Олай деуіміздің де өзіндік жөні бар. Алаш баласының Айтыс десе – Жүрсін, Жүрсін десе – айтыс деп қабылдайтын деңгейге жеткені қашан? Кеңестік кері саясаттың кесірінен келмеске кетуге шақ қалған киелі өнердің өркендеуіне, кемеліне келіп көркеюіне көп үлес қосқан да – осы Жүрсіннің өзі.
Иә, өлең десе, ішкен асын жерге қоятын абыз елдің ақын ұл-қыздары – «Жүрсіннің жүйріктері» жер-жерден қайнап шығып, сөз өнерінің осынау қасиетті түрін түрлендіріп-ақ жіберді. Осылайша, тәуелсіздік жылдары айтыс керемет биік деңгейге жетті. Нар көтермес нарықтың ауыр жүгі айтыс ұйымдастыруға еш кедергі келтірмеді десек, үстірт кеткен болар едік, әрине.
Дәл осы арада Жүрсіннің жігері, қабілет-қарымынсыз істің оңға басуы қиын еді. «Айтыс үшін шайтанмен де тілдесуге әзірмін» – деп өзі айтқандай, ол осы бір халықтық өнерді қатарға қосу жолында барын салды. Оның қанатын кеңге жаюы үшін Жүрсін білгір психологтың, іскер басшының қызметін атқарды. Айтыс үшін талай облыс, аудан әкімдерімен арбасып, тасада қалғысы келген шен-шекпенділерді шырқыратып, тығырыққа тірегенін көзбен көрдік. Сауданың ебін, кәсіптің тегін білетін іскер, елжанды азаматтардың тамырын басып, тілін тауып, демеушілікке көндіргенін де білеміз. Халық деген қазына емес пе?! Небір қолы ашық, жаны жомарт жандар бар екен жұрт ішінде. Солардың басында Өмірзақ Сәрсенов, Аманкелді Ермегияев сынды ағаларымыз тұрып, көпшіліктің орынды қошеметіне бөленді. Сонымен, сөз майданы да қызынды, темір тұлпарлар жүзден жүйріктерді күтіп сахнада тізілді. Елеусіз жүрген айтыс ақындары сайдың тасындай іріктеліп, елге танылды. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Мұның барлығы айтуға оңай болғанмен екінің бірі шырмауын шеше алмас қиын түйін екендігі өзінен-өзі түсінікті. Сөз басында айтқанымыздай, ондай істі табанының бүрі бар, жүрегінің түгі барлар ғана баянды етіп, елдің ілтипатына бөленсе керек.
Сөзді кие тұтып, поэзия құдіретіне ерекше табынатын азаматтың ақындығы – өз алдына бөлек әңгіме. Оны өзгелердің үлесіне қалдырып, мен тек сөзге сараң, ойға бай ерекшеліктеріне ғана тоқталсам деймін. Жүрсіннің өлеңдерінде басы артық теңеулер, сәтсіз ұйқастар, үйлесімсіз оралымдар жоқтың қасы. Ел ау-зында жүрген бірнеше әнге де мөлдіретіп сөз жазғаны жұртқа жақсы таныс. Менің білуімше, ол өлең деген киелі өнерге мұқият жауапкершілікпен қарайды. Мұны өзінің «Құдіретке жүгіну» атты кітабында былай айтқан: «Ұят дейтін бір кінәз, нәпсі дейтін бір кесел – арбасады да жатады. Содан ба екен қанағаттың шапаны мен қияметтің кебінін мен алдымен өзіме өлшеп көремін. Назары сұсты бір құдірет жазғанымды жырттыра береді. Алпысқа келгенінше бар жазғаны бір томға жетер-жетпес өлең болған Абай аға да көкжелкемнен қарайды да тұрады. Ол кісі де қатал-ақ! Осылайша бар мен жоқтың, от пен судың арасында қапылған шамшыл шайырдың тым болмаса бір шумақ өлеңі тым болмаса бір қайырым сөзі талғампаз оқушының таңдайын жібітуге жараса нетті деп үміттің шырағын үрлегеннен басқа, құдіретке жүгінгеннен басқа не шара бар?!» деген түйін сөзінен ұға беруге болады. Сондықтан оның таңдамалы өлеңдерін сығымдап, тек қана бір том етіп бастырғанын айтсақ та жетіп жатыр.
Жүрсіннің о бастан үзбей тер төгіп, қаламының қарымын, жастығының алымын арнаған саласы – журналистика. Соның ішінде теле-радио саласы. Көгілдір экранның құпиясына, радионың сиқырына үңіліп жүріп, ол теле-радионың майын ішкен майталман маманға айналды. Оған мысал жетерлік. Бәрін тізбелемей-ақ, кезінде көрерменнің көңілін жаулаған «Көктөбедегі кездесуін» айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын. Бірақ бір ескеретін мәселе, Жүрсіннің бұл саладағы қызметі де көбінде тартыспен өтті. Табиғатынан тура мінезді жаралған азамат кей кездері ұлт намысы мен ел мүддесі сынға түскенде тартынбай шындықтың көзіне тура қарап, сөйлей білді. Кейбір босбелбеу басшысымақтардың ұлттық намыстан жұрдай екенін шымбайына батыра баян ететін. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Ер болсаң, бопсаға шыда» деген қазақы қасиетті ұстанды. Бұл өз кезегінде оның біраз қызметпен қоштасуына да түрткі болып жататын. Бірақ бірбеткей, намысқой, еркін ойлы жігітті мұның бәрі жүнжіте алмады. Жұрт оны осы үшін де сыйлайтын сияқты.
Сонау 1969 жылдан бері өмірдің небір қызығы мен қыжылын бірге бөлісіп, достығымыз жарасып келе жатқан Жүрсіннің табиғатын түсініп болудың өзі қиын. Бірде тарпаң, бірде жайсаң, бірде шарт та шұрт, қырсық-қисық мінезімен талай таңғалдырғаны бар. Ал енді кейде жалғыз ұлы – Дарханға арнап жазған өлеңі секілді туындыларымен сай сүйегіңді сырқыратса, енді бірде жан-жары – Бақытжамал сүйіктісіне арнаған нәзік лиризмге толы сыршыл ақындығымен тәнті етеді. Болмысы бөлек досыңа іштей риза боласың да қоясың. Кейде өзіне «мынауың бір жақсы дүние екен» дегенді айта бастасаң, «Сендер мені бағалай алмай жүрсіңдер ғой» деп балаша бұртаңдайтыны тағы бар.
Әлі есімде екінші курстан соң жазғы семестрге шығып, Торғай даласына ауылшаруашылық жұмысына барғанбыз. Біз құрылыс басында қалып, Жүрсін бастаған бір топ студенттер кірпіш зауытына көмектесуге кеткен. Кешкісін жұмыстан қайтқан қыз-жігіттердің өңдері өрт сөндіргендей түнеріп кетіпті. Не болғанын сұрағанымызда: Жүрсіннің жігіттерге араша түсіп, бір баскесермен қатты ерегескенін айтты. Әлгі қанішер қолындағы балтасын сілтеп қалғанда, ажалы жоққа себеп екен, Құдайға қараған біреу қас пен көздің арасында қағып үлгерген көрінеді. Әйтпесе, балаң жігіттің басын қақ айырар еді дейді. Тайқып кетуді өлімнен артық санайтын сабазың қасқайып қарап тұрған ғой.
Аз жазса да, саз жазатын Жүкеңнің қаламынан соңғы кездері төрт аяғын тең басқан очерктер де туа бастады. Бұл дүниелері өзгеше бір сәтті шыққан шығармалар деп батыл айтуға болады. Онда адамдардың бейнесі, қоғамның тыныс-тіршілігі, кейіпкерлерінің мінез-құлқы барынша айқын, ашып көрсетіледі. Туындыларының тілі де төгіліп тұр. Не жазса да қарапайым ұғынықты етіп, оқырмандарды бірден өзіне баурап алады. Мысалы, «Алматы мен Қоскөлдің арасында» деп аталатын жолсапар очеркінде туған жерді аяушылық сезіммен еске алады. Оның тұрмысын қалтқысыз көз алдыңа елестетеді. Қазақтың түп тамыры ауылдың тіршілігін сағына отырып, шешім таппаған көптеген мәселені оқырманға ақырын ғана тұспалдап жеткізеді. Ал анау «Аллах деген арымас» дейтін қажылық жолдан жазған очеркінде журналистік еркін де азатшыл көзқарас сезіліп тұр. Жүрсіннің бұдан басқа да очерктерін алып қарасақ, бітімі бөлек, жаңаша леппен жазылады екен. Бәлкім, азат ойлы, еркін көзқарасты, кең тынысты шығармашылық ағымның басы болуы да мүмкін ғой деп ой түйдік. Оның үстіне бір ғана туындысында қаншама мәселені көтере біледі. Әрі оны дабылдатып немесе ұрандатып емес, Жүрсінге ғана жарасатын сөзбен түйреп, орынды сынап өтеді. Сонымен қоса, оқырманға таңдау еркіндігін қалдырады. «Былай болу керек еді» деген насихат жүргізбейді. Осындай жаңаша стилімен де оның шығармашылығы өзгеше болар, бәлкім. Жазбаларында зілсіз әзіл мен жеңіл мысқыл да жарасым тапқан. Тілінде оқырманға жұғымды қазақы шұрайлылық та бар. Осы ерекшелікті алғаш марқұм Асқар Егеубаев байқап, жоғары баға берген еді. Ұлтымыздың сүйікті ұлына айналған Өзбекәлі Жәнібеков жайлы очеркінің жаңа түр, жаңаша пішінмен жазылғанына дән риза болған Ақселеу ағамыздың кезінде арнайы телефон шалып, құттықтағанына куә болғанбыз.
Шығармашылығы да, азамат болып толысуы да көз алдымызда қалыптасқан Жүрсін жайлы бір жолғы шағын мақалада бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Оның үстіне ол сыртқа сырын аша бермейтін, сан қырлы күрделі болмыс иесі болса қайтпексің? Қалай десек те, атқарған ісі елдің көз алдында өтіп жатыр. Сөз қадірі мен бағасын бәрінен жоғары қоятынын да жұрт біледі. Ең бастысы – қалам ұстаған тұлғаның да іскерлік деген жаңаша ұғым-мен қабыса жұмыс жасауға қабілетті екенін дәлелдеді ол. Айтулы алпысың құтты болсын. «Азаматым» деп алқалаған алашың аман болсын. Тасада тап беретін арамзаның айбалтасынан алтын басың аман жүрсін, Жүке!
Намазалы ОМАШҰЛЫ.