Арнау
Алпыстың асқарына келген ақын
Ғаламдық жыр жақұтын терген ақын
Ұлтының айшықты өнері сөнбесін деп
Ғұмырын айтыс үшін берген ақын.
Ауылдан Астанаға барған ақын
Басына бақ береке жанған ақын
Сезініп нұр дидарын бір Аллаһтың
Ауылына Ақ Мешітті салған ақын.
Еліне шарапаты тиген ақын
Отына, ыстығына күйген ақын
Есінен еш шығармай Ата жұртын –
Елжіреп елін шексіз сүйген ақын.
Нәсібін пейілімен тапқан ақын
Шамшырақ жырдың отын жаққан ақын
Алпысың асқаралы құтты болсын
Масайрап, масаттанып мақтан ақын.
ЖҮРСІНГЕ
Айналайын атыңнан, інім Жүрсін!
Айтыстың ық жағында өзің тұрсын.
Салт айтысқа сыңаржақ «сайыскерлер».
Төл айтысты түсініп, мойын бұрсын!
Париж барып, айтысты дүрілдеттің,
Еуропаға Еліңді таныс еттің,
Әміренің ән салған сарайының.
Қақ төріне Қандастарды төрлеттің.
Сүйінбай мен Жамбылдың мұрагерін,
Апардың, жүзден жүйрік Құлагерін!
Қазақтың көк байрағын желбіреткен,
Халқымның қаһарманы болдың Ерім!
Жүрсін інім! Еңбегіңді елейін!
Жай қолыңды, Ақ батамды берейін:
Жортқанда жолдасың Қыдыр дос боп,
Көкке өрлеп, үстем болсын, мерейің!
Өмірдің өрінде бол,
Тектілердің төрінде бол.
Зиялының сөзінде бол.
Құрметтінің көгінде бол,
Еңбектің ебінде бол,
Қыдырдың көзінде бол.
Өзіңе-өзің сенімде бол.
Әмин!
Төлеш СТАНБЕКОВ