ЖҮРСІНГЕ

Әзіл, қалжың дегенге беттемеймін,

Жылдарменен жасыңды шектемеймін.

Айтсам шыным, Жүрсінім,

айтып жүрген

Осы алпысың сен үшін

көп пе деймін.

Биігіме жеттім деп мақтанбайсың,

Қыз-қырқынға ұнаған ақ маңдайсың.

Қырықтың арғымағын мініп келіп,

Елудің есігін сен қаққандайсың.

Жүрсінім, жассың десем бір көнбейсің,

Қарттықта бақыт барын білгендейсің.

Қабылдап дауылын да, жауынын да

Отыздың ауылында жүргендейсің.

Егделіктің үстінен жай түсіріп

Шақырмайды жиырма жас

қайта ысқырып.

Ақын болып анадан туған бала,

Ақындарды шаршадың айтыстырып.

Бұл сайыста ерекше салмағың бар,

Айтысқандар аспанға самғадыңдар.

Қанша айтысып жүргенмен

іштеріңнен,

Бір Жамбылды шығар алмадыңдар.

Алтын тақтың иесі, күміс бақтың,

Көп сұраудың жауабын дұрыс таптың.

Тұлпар мініп қолыңа ту ұстамай.

Тұлпар беріп талайға ту ұстаттың.

Жассың әлі жүрегің өртеніп тұр,

Жастық шақтың өзіне еркелік қыл.

Мен де міндім қолыңнан бір тұлпарды

Бәйбішенің жолына жыр төгіп бір.

Әлпештеді жасынан жыршы гүлді,

Жыршы гүлдер жаныңа нұр сіңірді.

Мырза көңіл, ондағы жомарт жүрек

Жүзге апарсын аялап Жүрсінімді.

ТҰМАНБАЙ АҒАҢ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *