ЖЫР ЖАЛАУЫ

Жырмен ұшып, ал бірде жырмен ағып,

От жүректің алауын Күннен алып,

Айдан алып аппақ сыр анау бір жыл

Қайтып едік Мәскеуге бірге барып.

Қуанышын арқалап, азабын да,

Қайнадыңыз осы өнер қазанында.

Айтыс өтті Мәскеуде халықаралық

Таң қалдырып орысын, қазағын да!

Тағы да бір қолға алып бастамасын,

Өлең, айтыс тең қақты қос қанатын.

Бөтен елде тамаша айтыс өтті –

Тамсандырып орыстың астанасын!

Көріп жүрміз өтуде сан дүрмектер,

Айтыс деген ғажайып! Ал күндеп көр.

Барғанша да келгенше ән ағытты,

Дәулеткерей, Ораздар, Балғынбектер.

Бір купеде менімен Оразалы,

Білінбеді сол сапар жол азабы.

Ауызашар дайындап зыр жүгірді

Бақыт жеңгем. Болатын ораза айы.

Демеп еді ақша етем, атақ етем,

(Болды ма әлде берілген бата бөтен).

Оразалы бауырдың ойлап тұрсам

Мәскеу барған ақырғы сапары екен.

… Қарсы алып сізді қанша күліп бектер,

Қазақтың бір жиынын ұлықты етті ел.

Жалыны мен қолдады Қырымбектер,

Дарынымен қолдады Ұлықбектер.

Қасиеті қазақтың жырланып кең,

Мәскеу төрі танысты күллі алыппен.

Жалын жүрек жастарға бата берді,

Мырзатайдай ағамыз мырзалықпен.

Дос, дұшпанның елемей табаларын,

Болғанша ой – өрт, күрестің сана – жалын.

Демеуші боп келеді дем көтеріп

Аманкелді, Өмірзақ ағаларым.

Атбегісі айтыстың, бастаушысы,

Бола білдің ұлы өнер жоқтаушысы.

Алтын арқау осынау сүрлеуіңді

Патшаның да кесетін жоқ қайшысы.

Қыран жырға айналып бала дәптер,

Қанат қақты – қарымын бағалап көр.

Жалаулатып жеңіспен қайтты ақындар

Сіз – қолбасшы болғанда олар – әскер.

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *