Дос жоқ қой менде.
ЖҮРСІН.
Досым жоқ деп налыма, дос дегенің баршылық,
Досқа қызмет еткенің – сүйіп тапқан жалшылық.
Қаңсығанда тамыры судан көріп таршылық.
Зар еңіреп жылайды жалғыз-жарым талшыбық.
Жылағанмен жалғыз тал малшынып көз жасына,
Жамыраған көк орман көшіп келмес қасына.
Қу далада қалғандай, Жүке, сонша шошыма,
Керек болса сенікі ердің артқы қасы да!
Ақансері ағаңдай еңіреме, жасыма,
Атың барда асықпа Сағынайдың асына.
Жеке барып шағынсаң Ұлытаудың тасына,
Елің қайтіп жиналар, Едігенің басына?
Жатып алсаң жапанда күңіреніп абыздай,
Өртенеді аспаның шілде менен тамыздай.
Жетім қозы тәріздес жүдеу көңіл марқаймас,
Өгей өмір бауырына өз қолыңмен жағызбай.
Досым жоқ деп аузыңды сүрткенменен қу шөппен,
Досын әкеп бере ме біреу саған бір шеттен.
Шыбын жаным аманда жүрегіме нұр сепкен,
Дыбысыңды естимін жер бетінде тырс еткен.
Бұлқынғанда бұрқ етіп, кеудедегі көк қайнар,
Сарынға түс сабырлы, сары өзендей төкпей зар.
Кермесіне жолатпай кермесіне қақпайлар,
Опырылса мама ағаш ортамызда ат байлар.
Адам тозар ішінен, жан-күйіңді түсінем,
Жатырқайсың жалғанда түңілгенде кісіден.
Қанжығада көрісер емеспіз ғой көк қоян,
Қашып жүріп жыртқыштың тырнағынан, тісінен.
Ақ сұңқары арманның заңғардан үн қататын,
Торға түссе торығар шет елге ұрлап сататын.
Үзілмейтін жұлындай күндер қайда құдай-ау,
Кісінескен құлындай шұрқырасқан жататын?!
Несіпбек АЙТҰЛЫ