БАҚАНАСҚА БАРАСЫҢ БА…

«Мода» деп аталатын бір құдіретті күш бар.

Алғашқы немереміз туғанда ұлымыз бен келініміз:

– Бала өздеріңдікі ғой. Есімін де өздерің қойыңдар, – деп Бақытжамал екеуімізге ерік берді.

Әрі ойлап, бері ойлап, кішкентай қызымыздың аты «Асыл-Ажар» болсын деп ұйғардық. Асыл да, Ажар да менің әжелерім. Екеуі де сүйегі Найман, қолдары ісмер, ыспадияр, ағайынға шарапаты көп тиген, заманында атаққа ілінген, көргенді кісілер болған екен. Немеремізге куәлік алуға барса, азаматтық хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ):

– Мұндай есім біздің анықтамалықта жоқ. Академияның Тіл білімі институтына барып, қағаз әкеліңдер, – деп, екі баланы әуре-сарсаңға салыпты. Академияның сөз білетін кісілері анықтама жазып беріп, әулие әжелеріміздің есімін жаңғыртуға рұқсат алып едік. Ұлымыздың орысша оқыған жолдастарына Асыл-Ажар деген есімнің ұнағаны сонша, олардың біразы кейін туған сәбилеріне осындай ат қоя бастады.

– Мен немереме өз әжелерінің атын қосақтап қойдым. Ұмытпасқа белгі болсын деп едім. Сендердің достарыңа не жорық? – десем, бала мен келін:

– Мода ғой! – деп күледі. Алматыда қазір біраз Асыл-Ажар бар. Мода деген құдірет ақын-жазушы ағайынның арасында да билігін жүргізіп тұрады. Баяғыда аңға шығу, саят құру деген мода болған. Мұхаңның, Ғабеңдер мен Елағаңның құс атуға барған хикаяларын аузымыздың суы құрып талай тыңдағанбыз. Кейін преферанс деген үрдіс ортаға кіріп кетіп, Әлжекеңмен, Ақселеумен, Сәкен серімен, Несіпбекпен ала қағаздың үстінде талай таң атырдық. Тәуелсіздіктің таңы атқалы бері бильярд деген мода үстемдік ете бастады. Жазушы атаулының бәрі бильярдшы. Кеңес өкіметі кезінде Сәкеннің, Қалиханның шар соғысы деген аңыздар болушы еді. Өзгеміз курортқа барғанда ғана таяқ ұстаушы едік. Қазір Алматы мен Астананың қай қуысына барсаң да, қаптаған бильярд клубына тап боласың. Қайсысының босағасын аттасаң да, кемінде бір ақын, бір жазушы шар қуалап жүреді. Бәрінің де қолында бір сиырдың құнын төлеп алған таяғы болады. Шетінен чемпион. Шетінен мақтаншақ.

– Мен барған бильярд жарысына Асанәлі Әшімов қатыспайды, – деп Шөмішбай Сариев мақтанады: – Бәрібір менен жеңілетінін біледі. Жарыс болғалы жатса, Асекең телефон шалып:

– Шөмішбай қатыса ма? Онда мен несіне әуре боламын, – дейтін көрінеді. Бір жолыққанда Асекеңнен:

– Рас па? – деп сұрасам, түлкі бұлаңға салып, анық жауап бермей, күле береді. Сірә, Шөмішбай өтірік айтпайтын кісі болуы керек.

Ибрагим Исаев «Бильярд» дейтін тамаша өлең жазып, оны Алматы сауда палатасының президенті Ізбасар Бозаевқа арнап, қазір досымыз Ізбасардың қолтығына өзі оңаша кіріп алды. Кейде соның бильярд клубына түней салатын болыпты.

Ақын Темірше Сарыбаев қуысқа түсер-түспесін білмей, сандалақтап келе жатқан шарға:

– Жаным, жаным! Келе ғой! – деп жалынады. Соны естіген Исраил Сапарбай:

– Жарға айтатын сөзіңді шарға айтады екенсің! – депті.

Қай жерде бильярд жарысына сауын айтылады деп сайланып жүретін Намазалы Омашев пен Бауыржан Жақып тас-таяқ додасы табылса, түрленіп кетеді.

Бильярдтың хикаясы көп. Астанаға бара қалсаң, бастығымыз Мырзатай Жолдасбеков:

– Үйге шақырып әуре болма. Бильярдқа шақырсаң, дайынмын, – деп емеурін білдіреді. Зауқиыр шақыра қалсаң, Қойшығара, Ақселеу, Секен Тұрысбеков деген серілермен бірге құдалыққа келгендей сау ете қалады. Бәрінің қолында бір-бір сүйріктей таяғы болады. Бильярдтың столына бойы жетпейтін Несіпбек Айтұлы биік өкше етік киіп келіп, бәрін ұтатын көрінеді. Мода деген осы! Бұл мода деген нәрсе қайта айналып соғып тұратыны бар. Ғабеңдердің үрдісін жаңғыртып, басқа өнерді әуектейін деп, аңшылыққа ден қоя бастадым. Өзімнің мылтығым да жоқ, мылтық – Белгібай досымдікі. Тым болмаса, сыртым аңшыға ұқсасын деген оймен су етік, киіз қалпақ, сырма шалбар, жарғақ тон сатып алдым. Әйел қарсы болмады: қаз атса да, қоян қуаласа да, қаланың сыртында, құба тұзде жүрсін дейтін болуы керек. Бильярдты сылтау етіп үй қарасын көрмейтін қаламдастардың таң алдында қайдан келіп жатқанын шынында да кім біліп болады?!

Сонымен, Бақанас жаққа қаз атуға барған сапарымнан бір жолжазбам «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көре қалмасы бар ма. Алдымен Алматы қаласының Қаржы басқармасының бастығы, ескі досымыз Қыдыр Тәжібаев телефон шалды:

– «Қазақ әдебиеті» дейтін оқымайтын газетім еді. Сенің мақалаң шыққан нөмірді жігіттер әкеліп берді. Біздің ауылға барып, бір үйрек ата алмай қайтқаның дұрыс болмаған екен. Маған хабарласып қойсаң, үйрек пен қырғауылды үйіңе түсіріп береміз ғой, – дейді.

– Сондықтан «Қазақ әдебиеті» деген газетке жазылу керек, – деймін мен газеттің пайдасын көздеп. Былтыр Шымкенттегі ректор досымыз Уәлихан Бишімбаевтың үш мың дана «Қазақ әдебиетіне» жаздырамын деп уәде беріп, сөзінің аяғы сұйылып кеткелі бері осы газетке қарыздар секілді сезінемін.

Келесі күні Бақанастан ауданның әкімі едім деп Ерғазы деген азамат телефон соқты:

– Біздің ауылдан құр қол қайтқаныңды «Қазақ әдебиетінен» оқыдым. Оның алдында өз еліңе, сосын қажылыққа барғанынды да осы газеттен білдім. Жазушылардың газетін жібермей оқимын. Бақанасқа жасырын, ұрын келмей, елдің егесімен хабарласып, осындағы үлкендердің батасын алу керек. Сонда үйрек пен қаз да, одан ірісі де қанжығаңа байланады. Бізде жабайы жылқыға дейін бар. Тағы бір келіп қайт. Өзім бастап жүремін, – дейді бейтаныс әкім.

Шынын айтсам, Бақанасқа барған екінші сапардан оралып отырғаным сол еді. Көгермегір Мәлік құрдасым Іленің бойын үш күн шарлатып, кеше ғана жылап қоштасқанбыз.

Бұл жолы «Қараойдағы» Мәліктің үйіне кештете жетсек, аулада бір үлкен қара «Джип» пен доңғалақтары кісінің бойымен бірдей, аса қуатты екенін сыртымен-ақ сездіретін жабық машина тұр екен. Екеуінің де егесі – жасы алпыстан енді ғана асып түскен, бойы тіп-тік, жүзі жылы Марат деген бизнесмен болып шықгы. «Сарытұмсықтан» өгіз терісіндей жерді иелікке алыпты да, соған аңшы Мәлікті қарауыл етіп белгілепті. Шаруасы өрге жүріп тұрған кәсіпкердің доңыз атуға келген беті осы көрінеді.

Мәліктің үйінде еліктің арық еті желініп болған соң:

– Былтыр он бір қабан атып алғам. Биыл да күздіктің мезгілі келді ғой, – дейді сабырлы сөйлейтін Мәкең.

– Жеңгеміз орыс болмаса нетті? – деді соттың төрағасы Белгібай.

Марат жымиды да қойды. Орыс болса, орыс шығар. Кім кімді алмай жатыр?..

Мараттың пайдасын Белгібай екеуіміз сол түні-ақ көрдік. Ілені жағалап, қаз бен үйрек қалың-ау деген бір тұсқа бойлай еніп, тоқтай қалдық. Мәкеңнің көмегінде жүрген екі бала жабық машинадан алдымен «Ямаха» деген двигательді түсіріп, дыр еткізді де, сексеуілдің бұтақтарына үш-төрт шамды іле салды. Түн серпіліп, айнала самаладай жарқырады. Лезде қызыл-жасыл шағын шатыр да тігілді. Ақ пластиктен жасалған төрт жеңіл стол ортаға тұра қалды. Дәл сондай жеп-жеңіл кресло мен орындықтар, аппақ дастарқан. Сексеуілдің алаулаған жалынымен тез жылынып, көңілденіп сала бердік. Ақ дастарқанның үсті алуан дәмге толды: қазы мен жая, шұжық пен тауық, тұздалған, тұздалмаған қияр мен қызанақ, түрлі түсті қырыққабат, біз көрмеген тағы бірдеңелер. Жұмсақ орамалдар мен сүлгілер, бұрыш пен тұздыққа дейін түгел үстел үстіне жайғасты. Буы бұрқыраған бүйірлі ақ шәугімнен шай да құйыла бастады. Ыстық тұшпараның бір табағын төңкеріп тастаған Белгібай:

– Әйелді орыстан алу керек екен-ау! – деп есіней бастады.

– Ал енді доңыз атуға барамыз. Өз көліктеріңді жауып, мына жабық машинаға мініндер, – деді Мәлік.

Жұмақ сол жабық машинаның ішінде екен. Кіре берістегі кішкене темір пеш қып-қызыл боп, даланың суығын жалмап тұр. Сол жақтағы кішкене қолжуғыш та сүп-сүйкімді. Төрде төрт кісілік ақ төсектер. Марат пен Мәлік қару-жарағын асынып, жылы киімдерін киіп, биік креслоларға жайғасқан қалпы бастарын люктен шығарып, төңірекке прожектор салуға кірісті. Белгібай екеуміз екі мылтықты кезеніп, іште отырмыз. Мылтық атар кезде бір түймені басып қалсаң, екі жақтағы терезелер шалқасынан ашыла кетеді.

Ыңыранған жабық «Кунг» құмды кешіп, алға ұмтылады. Қуатты шамдардың алысқа түсетін жарығы түннің қою қараңғылығын айқыш-ұйқыш тілгілейді. Ана жерден де, мына жерден де ор қояндар орғып шығып, «мені ат, мені ат» деп тұра қалады. Доңыз бен қасқырдан өзге анды атпаңдар деген қатаң тапсырыс алғанбыз. Доңыздың ізі бар да, өзі жоқ. Әрі-беріден соң пысынап кеттік те, бар киімімізді шешіп тастаған Белгібай екеуіміз екі төсекке сұлаған қалпымызбен, ұйқыға бас қойдық. Қуатты машинаның ызыңы тербетіп, оған пештің қызуы қосылып, ұйықтамасқа қоймады. Анда-санда, машина қатты сілкігенде оянып кетсем, сот төрағасының қорылынан басқа дыбыс құлаққа шалынбайды. Жоғарыдағы екі мылтықшы түн құшағына телміріп алған, бізде шаруасы жоқ. Шаруасы – доңызда. Доңызы түскір жоқ – қамыстың ішінде олар да түс көріп жатқан болар. Жақында ғана қажылыққа барып келген мен үшін сол харамдардың қарасы көрінбегені жақсы…

Ұйқылы-ояу жатқан менің ойыма өзім туып-өскен Байқоңыр даласы, Қарақұмның дүзген мен қоянсүйек, үшқат, сағыз көмкерген шағылдары оралды. Құлжанбайдағы сегіз жылдық мектепте оқып жүргенімізде, менің ұста әкем Зәбида дәл осындай күз айларында түйемен аңға шығушы еді. Қос ауыз қара мылтығына аша аяқ бекітіп алған майдангер қарт жұмасына бір рет түйесіне мініп, таң қараңғысында құмға сіңіп кететін. Кеш түсе ауылға оралады. Бақырауық сары атанның жазысына арқанмен байланған төрт-бес киіктің текесін көргенде, Тұрсын екеуіміздің қабағымыз жабылып кетеді. Жабылмағанда қайтсін: Әкей дәретін алып, намазын оқып, Күлбаршын апамның күрең шайына кіріседі, ал біз екеуміз әлгі текелерді ауылдағы үйлерге таратуға кірісеміз. Біреуін құмға жабыса салынған Есқали әкейдің үйіне, бірін дүкеннің қасындағы Нұрпейістің үйіне, бірін «Бәтір-ау» әженің үйіне дегендей, екі қара сирақ бала зыр жүгіріп жаяу тасимыз. Күзгі семіз текелер қандай ауыр. Олжаны үлестіріп болған соң, өзімізге қалдырған текені сою да Тұрсын екеуіміздің мойнымызда. «Ұста пышаққа жарымас» деген рас, күмістен жүзік соғатын ұста әкейдің киік соятын пышағы да өтпейтін бір лөкет еді-ау!.. Келесі жұмада осы бейнет қайта басталады. Бұл жолы киік жетпей қалған үйлер Зәпекеңнің келесі аңшылықтан олжалы оралуын асыға күтіп отырады. Тірсегіміз майысқан Тұрсын екеуіміз зыр жүгіріп, теке таратуға кірісеміз. Осы күнгі балаларды дүкеннен нан әкелуге жұмсасаң, қорс ете түсуден тайынбайды. Сол Зәпекеңнің Тұрсын екеуіміздің келіншектеріміздің қолынан шай ішуге ғұмыры жеткеніне де тәубә деп жүр едік қой…

– Ат, ат! – деген дауыстан оянып кетсек, қалың құмның ішінде тоқтап тұр екенбіз. Прожектордың жарығына ілінген сұр қоян орнынан қозғала алатын емес. Жоғарыдағы доңыз атқыштар қоян атуға арланса керек (біздің ұйқы соғып жатқанымызды қайдан білсін), кезекті Белгібай екеуімізге беріп тосып тұр екен.

– Ат, ат! – дейді жарыса дауыстап.

Жартылай жалаңаш соттың төрағасы әлгі қоянның үкімін іштей шығарып жіберген болуы керек, лезде мылтығын гүрс еткізді. Сұр қоян мұрттай ұшты. Көп ұзамай мен де екі қоянның мұрнын қанаттым. Ағарып таң да атты.

– Енді қаз атуға кеттік! Міне, өздері де ұша бастады! – деп жоғарыдан Мәлік айқайлады. Терезеден бас сұғып, сыртқа қарасаң, шынында да, сыпсындаған үйректер мен қаңқылдаған қаздар көл жақтан қарақұрым болып ерсілі-қарсылы ұша бастаған екен. Түсе-түсе қалып, бір-бір сексеуілдің түбіне бұғындық. Төбемізден суылдап ұшқан қанаттылар оқ жетер жерге төмендейтін емес. Оқ көп. Гүрсілдетіп атамыз. Құстар серпіліп, одан әрі биіктейді. Әудем жерге барып қонып, көлдің бетін азан-қазан еткен дауыстарымен жүйкемізге тиетінін қайтесің…

Сәске кезінде оттың басына оралып, Мараттың Алматыдан ала шыққан дайын сорпасына бас қойдық. Менің есіме Төлеген Айбергеновтің бір шумақ өлеңі түсіп, тост орнына соны оқып бердім:

Алдында Ай дірілдеп ұзақ таңға,

Не жетсін айдын көлден құс атқанға.

Сол құсы құрғырыңды атпағанмен,

Өзіңді құс атқанға ұқсатқанға!

– Мұндай ақынды неғып білмейміз, – дейді бизнесмен Марат сүйсініп. – Тағы айтып жіберші әлгі тақпақты.

Төлегеннің «тақпағын» қайта айта отырып, өзімнің жақында ғана жарық көрген, сарайда жиналып тұрған «Құдіретке жүгіну» атты кітабымды есіме алдым. Қырық жыл бұрын өмірден өтіп кеткен сұрапыл ақын Айбергенов Бақанастың қалың құмына енді жетіп жатса, менің тақпақтарымның күні не болар екен?..

… Бақанастан телефон шалып тұрған аудан әкімі Ерғазыға мен сол жақтан жаңа ғана оралғанымды айтқаным жоқ. Шындап шақырса, тағы барып қалармын. Күтіп жүрсін.

– Жалғыз келме. Ақын-жазушыларды ерте кел. Айтысты ала келсең, тіпті тамаша болар еді. Кешегі Қонаевтың елі деген атымыз бар ғой. Ұятқа қалдырмаймыз! – дейді аңқылдаған ел ағасы. – Мәлік құрдасыңа сыйлаған кітабыңның бір данасын маған да қи!

Елең ете қалдым. Бақанас жаққа тағы кетіп отырсам ба екен? Әттең, бильярдтың қызығына құнығып, көк түтінге қамалған менің қаламдас достарым ере қояр деймісің?!

Сорлы Көкбай қор болды-ау, Осыншадан құр қалып! – деп Абай ағам айтпақшы, ауылда, ен далада қандай қым-қуыт өмір өтіп жатқанын қаланы мекендеген бильярдшы қаламгерлер қайдан білсін…

Алматы – Бақанас – Қараой.

ЖҮРСІН ЕРМАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *