«АТЫ БӘЙГЕДЕН КЕЛГЕНДЕРДІ АЯҚТАН ШАЛУ ӘДЕТІМІЗ»

Жүрсін ЕРМАН ақын, айтыс жанашыры:

Қақаған қара суығын ала келген қараша айы қамсыз жатқан қалың елді тағы да бір тосын жаңалығымен елең еткізді.Ел Президентінің арнайы Жарлығымен әдебиет саласындағы үздік туындылары үшін ақын Несіпбек Айтұлы пен жазушы Сәбит Досановқа берілген Мемлекеттік сыйлықтың сүйінші хабары бұл жолы да зиялы қауым арасында дүрлігіс тудырып қалды. Әдеттегідей, біреулер құптады, біреулер даттады. Осы қай күні ғана 31 телеарнаның «кабинет» айдарымен берілетін хабарын жүргізуші Жүсіпбек Қорғасбек кезінде «Қазақ әдебиеті газеті» бетінде «ХХІ ғасырдың халтуршигі» деп әжуаланған Сәбит Досановтың қолына кез келген адамның қанжығасына байлана бермейтін жоғары атақты оп-оңай ұстата салғанымыздың абыройсыз іс болғандығын бетке басты. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Әлде бұл жазушылар қауымын ежелден жағаластырып келе жатқан бақталастықтың әсері ме, жоқ әлде оның түп төркінінде ақиқат шындық па?

– Қаламгерлер қауымының арасын екіге жарып отырған осы пікірлердің қай жағындасыз?

– Даладай дархандығымыз бен бақталастығымыз қашан да үзеңгі қағыстырып қатар жүретін ел емеспіз бе, өз басым Мемлекеттік сыйлыққа ие болған осы азаматтарды қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қылаудай да еңбегі сіңбеген, жай ғана жазушы, ақын деген атақтарды малданып, қара көбейтіп жүрген адамдар деп айта алмас едім. Біткен іске сыншы көп, көре алмайтын адамдарымызға тасада тұрып тас ату, аяқтан шалып омақастыра құлату бағзы замандардан қанымызға сіңіп кеткен қазақы қасиет. Ұмытпасам, осыдан он, он бес жыл бұрын ба екен,»Қазақ әдебиеті» газетінің жазушы Сәбит Досановты ағаш атқа теріс мінгізіп, соңына шам алып түсіп алғаны бар. Қаламгердің шығармасын оқымай, оған терең бойламай жатып, пікір айтып, сыртынан тон пішу секілді әдет сол жылдардан қалыптасып, дертке айналып кетті. Асырып айтқандығым емес, жазушының туындысын ден қойып оқып көрген адам, оның айтар ойы бар, қаламы жүйрік , тілі төгіліп тұрған, қазақ публицистикасында өзіндік орны бар адам екендігін қапысыз аңғарар еді. Ал,Несіпбек Айттың өзі дүниесін мемлекеттік сыйлыққа бесінші рет ұсынып, әзер дегенде осы атаққа қол жеткізіп отыр. Мойындауымыз керек, Несіпбек тарихи шежірелі поэма дастандарды жазудың әдіс тәсілін жете меңгерген ақындарымыздың бірі. Мүмкін поэманың дәуірі өтті деп қарсы дау айтатындар да табылып қалар, ондай пікірлер баяғы Лермонтовтың заманында да болған. Расында да дәл қазіргідей ақпараттық құралдардың жетілдірілген заманында поэмаға қалам тартатын ақындардың бұрынғыдай көп емес, тым азайып кеткендігі де ақиқат шығар, алайда осы жанр уақыт көшінен әлі күнге қара үзіп, қалған емес.Несіпбек сол поэма мен дастанды төгілдіре жазудың кас шебері. Егер қолымда құдіретім болса, дәл осындай атақты ақындар Жәркен Бөдешов пен Рафэль Ниязбековке де ойланбастан бере салар едім. Сәбит Досановтың шығармашылығына баға беру үшін оның туындыларымен ден қойып танысып шығу керек. Автордың Мемлекеттік сыйлық алып отырған «Жиырмасыншы ғасыр» романы да, оған дейінгі Қасым Аманжолов туралы шығармасы да ұлтқа берер тағылымы мол ұялмай оқитын дүниелер.

– Ендеше Сіз мақтап отырған жазушы Сәбит Досановтың шығармашылығы төңірегінде неге дау көп?

–Өз басым қазақ әдебиетінің тарихында осы Мемлекеттік сыйлықты соңына сөз ергізбей, айтыс-тартыссыз алған 2-3 қаламгерді ғана білемін. Олар Бауыржан Момышұлы, Тахауи Ахтанов сосын тағы бір ағамыз. Қалған қаламгерлерімізге берілген атақтардың соңы айқай-шусыз аяқталған емес. Тіпті сыйлыққа қатарынан 2-3 мәрте ұсынылғандар да бар. Соған қарағанда қазақ қоғамында шеберлігі жағынан бірінен бірі асып түсетін жақсы жазушылардың көп болуы мүмкін. Екіншіден, «ешкімнің аты бәйгеден озып келмесе екен, атақ пен жүлдені тек өзім ғана олжаласам» деп тұратын ішітарлық пен мысық тілеу қазақ қоғамының салтына айналып кеткен қасиет. Жазушыларымыздың арасында Сәбит Досановқа қарағанда шеберлігі толысқан, көп ой түзе алатын қарымды қаламгерлеріміздің де болуы бек мүмкін. Мынандай аламан бәйгеде солардың есімдері аталмай, аттары мәреге жете алмағаннан кейін Сәбиттің кемшіліктерін іздеп, шұқшиып отырғанымыз да сондықтан шығар.

– Қаламгерлеріміздің озық туындыларын бағалап, мемлекеттік сыйлық беру барысында алақолдылық пен жершілдіктің, рушылдықтың орын алуы ықтимал ма?

– Меніңше өз адамдарына бүйрек бұрып, алақолдылық жасау көбіне көп мемлекеттік сыйлықты белгілейтін мемлекеттік комиссия мүшелері тарапынан орын алып жатады.Тәртібіне жүгінсек, 700-ге тарта қаламгерінің ішінен таңдаулысын іріктеп алып, атаққа ұсыну тікелей осындай іспен айналысатын Қазақстан Жазушылар одағығының құзырындағы шаруа. Биыл сыйлыққа 22 қаламгер ұсынылды. Сондай жиыннның бірінде «неге жазушыларымызға берілетін сыйлықтың тағдырын жоғарыда отырған қазақ әдебиеті мен мәдениетінен хабары жоқ адамдар шешуі керек, өзіміз жақсы білетін 2-3 автордың туындысын сұрыптап, таңдаулыларын ұсынайық» деп ұсыныс та жасадым. Тек сөзім өтпей қалды. Жазушылар одағы сыйлыққа 20 шақты ақын-жазушыны ұсынып, өзінің бұл бағытта белгілі бір ұстанымы жоқ, жалпақшешейлігін тағы да танытып алды. Сыйлыққа ұсынылатын дүниелерді алдын ала осындағы поэзия, проза секцияларында иін қандыра талдап, салмақтыларын ұсынғанда мұндай қаңқу сөздер ауа жайылып кетпес еді. Екіншіден, жазушының қаны мен терін сығып алып жазған төл шығармасының тағдырын қазақ әдебиетін оқымаған, Сәбит Досанов пен Несіпбек Айтұлының, Рафэль Ниязбековтің аты-жөндерін білмейтін, басқа тілдегі адамдар шешіп жатады. Мұндай жерде әділдіктің болуы мүмкін бе? Сол себептен де комиссиядадағы талдау барысында қай жазушы көбірек көзге түсті, қай қаламгер жоғарыдағы ұлықтың алдына қанша мәрте барып, дауысын қалай сұрап алды деген мәселелер ғана есепке алынады. Біздің қазақ қоғамы қалай болса, конкурстары да сондай деңгейде өтеді. Мұндай жағдайда араға кісі салу, сақал пұлдау, көз сату сияқты жағымсыз қасиеттердің ықпалымен бүгінгі күннің озық жауһар шығармалары емес, кейбір пысық адамдардың ортанқол, жілігі татымайтын дүниелерінің өтіп кетуі мүмкін. Тамыр таныс жағалап, беделді адамдардың көмегіне жүгіну қоғамымызда бұрында болған, қазір де бар, келешекте де орын ала бермек. Мына Балтық жағалауындағы елдердегі комиссия құрамында бірнеше адам жыл бойына жұмыс істеп, сыйлыққа тек ел мойындаған озық шығармаларды ғана іріктеп алады екен. Бұл елдерде дәл біздегідей алдыңды кес кестеп жүргізбей,өздері жазған шығармаларын тықпалап, ұсынатын әдет жоқ. Қазақстандағы сыйлық беруді де осындай жүйеге көшіру керек.

– Мемлекеттің сыйлықты негізгі шарты бойынша оған ұсынылатын шығарма кем дегенде соңғы бес жыл көлемінде жазылған болуы керек екен. Ал, Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романы бұдан он-он бес жыл бұрын шамасында дүниеге келсе керек.

– Өкінішке қарай қазақ қоғамында бұл тәртіпті сақтап жатқан ешкім жоқ. Былтыр ғана үкіметіміз бекіткен мемлекеттік сыйлық берудің тәртібі жөніндегі ережеде бір автордың шығармасы қатарынан бірнеше рет ұсынылмасын дегендей де талап көрсетілді. Тіпті сол ережеде сыйлыққа бір жылдың ар жағында, бес жылдың бер жағында ғана жазылып, баспа жүзін көрген шығармалар ұсынылуы тиіс деген қатаң қағида да болды. Соңынан шарт талаптарын өзіміз бұзып алдық. Қазір сыйлыққа атам замандарда жазылған кітаптар мен осыдан 12 жыл бұрын баспа бетін көрген шығармалар да талғамсыз ұсыныла беретін болды. Осының бәрі сыйлық беру тәртібінің бір жүйеге түсірілмегендігінен. Мемлекеттік сыйлықты беру деген автордың ұлтқа, халыққа сіңірген өлшеусіз еңбегін бағалап, қамқорлық жасау деген сөз. Бірақ бізде сыйлықты шығарманың салмағына қарап емес, авторының аты-жөніне қарап беру кеселге айналып кетті. Маңдайына үкі тағып, сыйлыққа ұсынып отырған шығармамыз осындай биік атаққа лайық па, жоқ па онымен ешкімнің шаруасы болмайды. Шынтуайтына келсек, бұл жерде шығарманың көтеріп тұрған салмағы емес, оның авторының аты-жөні көп рөл атқарады. Көбіміздің қанымызға сіңіп кеткен «әй, осы пәленшекең, пәленбай жылдан бері сыйлыққа ұсынылып келеді ғой, осының алатын уақыты болды емес пе, алсыншы»деген жалпақшешейлік пен жұмсақтық ақыры түзу жолдан тайдырып, өз дегенін жасап тынады. Әлемдегі ең жоғары сыйлық Нобельдің де кейде ең ірі жазушыға емес, ешкім білмейтін, шығармасы халықаралық деңгейде танылып, мойындалмаған кейбір қаламгерлерге оның еліне деген көзқарастың әсерімен беріліп жататынын да көріп отырған жоқпыз ба. Біздің елімізде де сыйлыққа ұсынуда осындай кемшіліктер жоқ емес, бар. Бірақ оған бола жүрегіңді сыздатып, таусылудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әйтеуір қалай дегенде де белгілеген сыйлығымызды сырттан келіп, ешкім қанжығасына байлап әкетіп жатпағанына тәубе айтуымыз керек ғой, айналып келгенде атақ та, марапат та өз ортамызда қалады емес пе. Әрине келешекте мұндай қомақты сыйлықтар Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» сияқты классикалық дүниесімен деңгейлес туындыларға беріліп жатса, «мыналарың қалай» деп ешкім де өкпе айта қоймас еді. Қазір кім көрінген сыйлық алатын болды.

– Көзі тірі кезінде лайықты бағасын ала алмай арманда кеткен кейбір ақын-жазушыларымыздың шығармалары мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кезде де «осы әруақтарды мақтап, марапаттаудың қажеті қанша» дегендей күңкіл әңгімелер де естіліп қалған еді…

– Расында да ел танып, жұрт мойындаған кейбір қаламгерлерімізді мемлекетіміздің көзі тірі кезінде бағалай алмай, ол өмірден озғаннан кейін халықтың қысымымен, қоғамдық пікірдің ықпалымен есіне алып, марапаттап жататындығы бұрыннан бар әдет . Әрине «өлі разы болмай, тірі байымайды». Десе де о дүниелік болып кеткен ақын жазушыларымызға шетінен сыйлық үлестіре беретін болсақ, онда қазіргі жер басып жүрген ақын-жазушыларымызға кезек тимес еді. Қатал замандарда мұндай құрметтен құр қалған данышпан Абай мен ер Махамбетке де мемлекеттік сыйлық берсек, онымызды ешкім де сөкеттік көрмес еді. Бірақ олар әдебиет әлемінде онсыз да Абай мен Махамбет болып қалыптасып, қалың жұрттың жүрегінен орындарын тапқан ұлы тұлғалар емес пе. Меніңше, сыйлық көзі тірі жазушыны арқасынан қағып, қанаттандыру үшін қажет. Жалпы мемлекеттік сыйлықтың кімдерге берілгендігі төңірегінде аттандап, айқай-шу көтеретіндей ештеңе де жоқ. Бар кінәрат біреудің аты бәйгеден озып келсе, қарадай ішіміз күйіп, жамандық тілеп тұратын өзіміздің қазақы пендешілігімізде. Мемлекеттік сыйлықты берумен айналысатын арнайы комиссиясының құрамында әдебиет пен өнердің тамырын тап басып, әділ бағасын беретін, жершілдік, рушылдық кеселімен ауырмайтын, қазақтың руханиятын көздейтін, үлкен биікке шыққан, жақсы мен жаманның, асыл мен жасықтың ара жігін ажырата білетін парасатты тұлғаларымыз отырса, ұсынылған сыйлықтың соңы дәл мынандай өрттей қаулаған қаңқу сөздер мен айтыс тартысқа ұласпас еді. Ал бізде комиссия құрамындағы адамдардың мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаға байыпты баға берудің орнына рушылдық пен жершілдікке бүйректері бұрып тұратындығы өрттей қаулаған түрлі пікірлер мен жел сөздерге жол беріп жатады.

– Сіз бір кездердегі азуы мықты әдеби сынның тілі күрмеліп,аяғына тұсау салынғандығының әсерінен көптеген сапасыз, салмақсыз дүниелердің мемлекеттік сыйлықтарға әртүрлі жолдар мен ұсынылып кететіндігін айтпағанда, соңғы жылдары авторларының аты-жөні белгісіз күлдібадам кітаптардың қаптап кеткендігін де ұдайы айтумен келесіз. Анығында да бүгінгі сынның ахуалы сіз айтып жүргендей шынымен де мүшкіл ме?

– С.Қирабаев, С.Әшімбаев, М.Қаратаевтардың кезіндегі әдебиетті сала-салаға бөліп, жіктеп, жіліктеп, лайықты бағасын беріп отыратын сынның қуатың жоғалтып алғанына қай заман. Баяғы одақтың кезінде «Ұжымдық Белинский» деген мәртебелі аттаққа ие болған қазақ әдеби сыны қазір аузына су толтырып алғандай үнсіз күйде, тым-тырыс, Басқасы басқа әдеби сынның ең шағын жанры жаңадан шығып, оқырмандарына жол тартатын шығармалардың кем-кетігі мен жетістігін таразы басына салып талдайтын рецензия жазу дәстүрінен де көз жазып қалдық. «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінен әдеби сынның нышанын шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Баспа жүзін көретін кітаптардың кемшілігі жіпке тізіліп, авторлардың бетіне мін ретінде айтылмағаннан кейін инкубатордан шыққан балапандай бір біріне ұқсас, татымы жоқ дүниелерді шығару бел алып кетті. Аттарын адам естімеген ақындар баспалардан том-том кітаптарын шығарып марапатталып жатады. Кеше ғана Жазушылар одағының кіре берісінен «қазақтың талантты ақын қызының кеші өтеді» деген тілдей хабарландыруды оқыдым.. Мұндай талантты ақын қыз бұған дейін жұрт назарына ілікпей, әдебиетіміздің қай бұрышында жүрген? Осының барлығы әдеби сынның көк жасық дүниелерге тоқтау салмағанының кесірі. Таяуда қазақ радиосынан пәленше деген ақынның пәлен кітабы шыққанын, 300-ге тарта өлеңін қайта кітап етіп шығаруға қамданып жатқанын, 300-тарта әнге сөз жазғанын естіп таңқалдым. Жұрт аттарын естімеген бұл қандай ақындар? Алғашқы өлеңімен әдебиеттің босағасынан тізесі дірілдеп аттамаған, газет бетіне шыққан тырнақ алды туындысының бояуына көңілі қобалжымаған, өлең тағдырына өмірін қор етпеген адамнан ақын мен жазушы шыға қоя ма? Әдебиеттегі тағдыр– ол адам тағдыры. Өзгесін айтпай-ақ қояйық, Қазақстан Жазушылар одағының қарамағындағы, солардың ықпалымен кітап шығаратын баспалардың өздері кім көрінгеннің дүниесін әзірлейтін болды. Сол кітаптарды оқып отырып, тым құрыса тұшындыратын нәрсе таппайсың. Бірақ оған «ау, мына қалпымызбен қайда барамыз» деп қабырғасы қайысып, алаңдап жатқан тірі пендені көрмейсің. Әдебиет жанрының қарапайым ережелерін сақтамаған осындай дүниелер баспа бетін көрместен бұрын Жазушылар одағындағы поэзия, проза, аударма секцияларында неге талданып, талқыланбайды? Осы секциялардың қалыптағыдай жұмыс істеуі үшін пәлендей қаражаттың қажеті де жоқ ғой.Секция мамандары баспаға әзірленетін кітаптарды талғам мен талап таразысының басына салып, нақты бағасын берсе мұндай жауапсыздық орын алмас еді деп ойлаймын.

– Кезінде атақты жазушы Ги де Моппасанды сол тұстағы билік басындағылар «Пышка» новелласында өмір шындығын көрсеткені үшін «Францияны жерге қараттың» деп кінәлаған екен. Бүгінгі қазақ әдебиеті қоғамымыздағы шындықты дәл сондай дәрежеде билікке жалтақтамай тура айта алады деп ойлайсыз ба?

–Сіздің алыстан орағытып, астарлап жеткізген әңгімеңіздің бір төркінінде Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі басшыларына қатысты сұрақ жатқан тәрізді. Ішімде бүгіп, іркіліп қалмайын, айтайын. Таяуда Жазушылар одағының кезекті сьезін өткізіп, жаңа басшымызды алдағы бес жыл мерзімге қайта сайлап алдық. Осы құрылтайдың алдында баспасөз беттерінде одақтың төрағасы орнынан кетіп, бұл лауазымға басқа адам сайлануы керек деген тәрізді мазмұнда әртүрлі пікірлер айтылды. Тіпті жазушы Қабдеш Жұмаділов бастаған топтың адамдары болашақ төрағалық қызметке келетін кісінің аты-жөнінде атап, таныстырып та жіберді. Өз басым Жазушылар одағының қазіргі төрағасы Нұрлан Оразалиннің кандидатурасын қолдадым.

– Неге?

– Себебі дәл қазіргі кезде Жазушылар одағының жұмысын Нұрлан Оразалиннен артық дөңгелентіп әкететіндей тұлғаны көріп тұрғаным жоқ. Оның үстіне жекелеген топтардың бұл орынға ұсынып отырған үміткерлерінің қабілет, қарымы Нұрланнан көп төмен. Сондықтан да бұрынғы төрағаның өз қызметінде қалғанын қаладық. Нұрлан қазақтың үлкен ақыны, қайраткері. Жазушылардың тілін таба білетін, билік пен қаламгерлер қауымы арасында көпір болуға жарайтындай адам. Алайда бұл Жазушылар одағының бүгінгі басшылығы атқарып отырған жұмыс сапасы көңілімізден шығады деген түсінікті білдірмейді. Біз де сол баяғы кеңес заманындағы қалыптасып, қатып қалған қағида бойынша Жазушылар одағының басшыларына тек төрдегі жайлы орындықта отырып, биік мінбелерден сөйлейтін шенеунік ретінде қараудың әлі де мұрты бұзылмай келеді.Әділдігін айтсақ, нарық заманындағы Жазушылар одағының басшылары жазушының қамын ойлап, оның көз майын тауысып жазған дүниесін шығаруға қол ұшын созатын, қаламақы тауып беріп, марапаттауға жағдай жасайтын, қаламгердің демалуына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін тиімді тұстарды іздестіретін топ менеджердің қызметін атқаруы тиіс.

– Бүгінгі Жазушылар одағы сол міндеттің тым құрыса ширегін атқарып отыр деп айта аласыз ба?

– Айта алмаймыз, неге десеңіз қазіргі Жазушылар одағының қарапайым қызметтің түрі кітаптың шығуына ықпалы жүрмейді, қаламақы тауып бере алмайды, шыққан дүниені таратуға пәрмені жетпейді. Жазушылар одағының жұмысын заман талабына сай қайта құрып, дөңгелентіп әкететін лайықты қайраткер таппағандықтан амал жоқ Нұрлан Оразалинге тоқтап отырған жоқпыз ба. Түбі бұл лауазымға бойында менеждерлік қасиеті бар адамдар келеді деп үміттенемін.

– Өз жұмысын заман талабына сай қайта құра алмаған, батыс қазақстандық қаламгер Алпамыс Бектұрғановтың айтып жүргеніндей, өз мүшесін табандап қорғауға қауқары жетпей қалған мұндай одақтың шын мәнінде қажеті бар деп ойлайсыз ба?

– Қаламгерлер қауымы арасында Жазушылар одағы қажет пе, жоқ әлде басқасын құрамыз ба дегендей пікірлер бұрыннан да айтылып келеді. Мұндай өкпе-наздар бүгінгі одақтың жұмысына көңіл толмағандықтан айтылып жүрген шығар деп те ойлаймын. Анығында да Жазушылар одағының кешегі өздері мүшелікке қабылдаған жазушыны басына іс түскенде шетке қағып, жағалауға шығарып тастауы қаншалықты әділ болды, жауапты басшылар бұл мәселенің байыбына көздерін жеткізе алды ма деген сауал әлі де анықтауды қажет етеді. Сол А.Бектұрғанов ақталып шыққаннан кейін Жазушылар одағының құрылтайында сөз де сөйледі. Сол кезде одақ оны қабатына алып, қайтадан қабылдауы керек, еді, өкінішке орай басшылар ондай қадамға тәуекел етіп бара алмай қалды. Мүмкін бұл жерде біз біле бермейтін басқа да түйткілдер бар шығар, десе де Жазушылар одағы өз елінің жазушысына соншалықты немқұрайлы қарамауы керек еді.

– Осы қолайсыздау оқиғаны қаламгерлер қауымының қара шаңырағы Жазушылар одағының атқарып отырған жұмысына көлеңкесін түсіріп кеткен мін ретінде қабылдай аласыз ба?

– Әрине бұл үлкен мін болды. Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдау дегеніңіздің өзі үлкен мәселе. Мен одақтағы мүшелікке қабылдау жөніндегі комиссияның мүшесімін. Сенерсіз, сенбессіз, сол комиссияның кезекті бір жиналысында 80 адамды мүшелікке қабылдауға мәжбүр болдық. Олардың ішінде жасы сексеннен асып кеткен егде адамдар да бар. Мұндай қарт адамдарға одақтың мүшелігіне өтудің қандай қажеттілігі бар десеңізші. Кезінде одақтың мүшелігіне өту партия қатарына қабылданғаннан қиын шаруа болатын. Үш кітабың шықпаса үмітің үзілетін. Қазір бір немесе жарты кітабы шыққан, немесе әлі әдебиеттің табалдырығынан аттап үлгермеген адамдар да мүшелікке оңай қабылдана салатын болды. Оны одақтың беделін түсіретін абыройсыздық деп санаймын!

Тағы бір айта кететіні биыл Жазушылар одағының Алаш сыйлығы 42 адамға берілді. Үміткерлердің көптігін одақ төрағасы сыйлықтың үш жылдан бері берілмей, жиналып қалғандығымен сабақтастырып, ақталды. Жазушылар одағының есебінде бас-аяғы 700-ге тарта жазушы бар екен, сонда оларға жыл сайын осыншама сыйлықтан үлестіре берсек, талап, талғамсыз берілетін атақ та қандай құн, қандай қасиет қалады. Жазушылар одағы осы жерде де ұстамсыздығын көрсетіп қалды.

– Өндірдей жас кезіңізде еңбек өмірбаяныңызды бастаған қазақ теле дидары мен радиосындағы лауазымды қызметіңізден ондағы басшылармен тіл табыса алмағандықтан кетті деп естідік.

– Жүрсін Ерманның өзгелерден бір ерекшелігі ол жиырма жасында теледидардың табалдырығынан аттап, соның отымен кіріп, күлімен шыққан адам. Осы жылдар ішінде көңілге бір түйгенім Қазақстанда теледидар мен радионың басшылық қызметіне одан хабары жоқ адамды әй-шәй жоқ әкеліп отырғыза салу жиырма жыл көлемінде көз үйренген қалыпты үрдіске айналып кетті. Телерадио комитетті кімдер басқармады? Хамит Хасенов, қазір еліміздің құқық қорғау органдары сабылып іздеп жүрген Виктор Храпуновтың жұбайы Ләйла Бекетова, Шерхан Мұртаза, Әшірбек Көпішев, Ерлан Сатыбалдиевтер халықтың санасына әсер етіп, ұлтты тәрбиелеп, біріктіретін осындай қуатты мекемнің тізгінін ұстады. Бұл адамдардың өз саласының білгір мамандары екендігіне айтар дауым жоқ. Тек олар телеарналардың жүмысынан бейхабар емес пе. Халқымыздың «Сақаудың тілін шешесі біледі»,»Балықтың тілін бақа түсінеді» деген сөздері осындай мән-жайларға қарап айтылған. Билік басындағылардың аса маңызды құрылымның басына оның жұмысының қыр-сырын түсінбейтін әлгіндей адамдарды ойланбастан отырғыза салатынына әлі күнге дейін таң қаламын. «Хабар»,»Қазақстан» сияқты ұлттық арналарымыздың қызметі көңілімізден шықпай жатса, оның да түпкі себебін ондағы басшылыққа кездейсоқ келе салған шенеуніктердің қабілет қарымынан іздестірген абзал. Әдетте басшы қандай адам болса, маңайына өзімен ойы шамалас кісілерді жинастырып, топтастырып алады. Олардың ой өресінің қаншалықты деңгейде екендігі әуе толқыны мен көгілдір экран арқылы жалпақ жұртқа таралып жататын мәнсіз хабарларының мазмұнынан ылғи да менмұндалап көрініп тұрады. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі қазақ телеарналарының көгілдір экрандарынан қазақтың рухын оятатын, жас ұрпақты жарқын болашаққа бастайтын рухты хабарлар мүлде көрсетілмейді. Есесіне еліміздің теле кеңестігін Ресей мен басқа елдердің түпкі мақсаты экспанциялауды көздейтін тағылымдық мәні жоқ, арзан хабарлары жаулап алып, өз үстемдігін жүргізіп келеді.

Шынын айтсам, телеарналардың басшылық қызметтеріне халықтың қамын емес, тек қалтасын қалыңдатуды ойлап келетін басшылармен тізе қосып, жұмыс істей алмадым. Ақыры басшылық қызметке телеарнаның жұмысын түк сезбейтін, тіпті оның қарапайым қағидаларын білмейтін, тәлім тәрбиелік мәні күшті құрылымды ақша табудың көзіне айналдыруды көздеген Дәурен Әбдіхамитов деген жігіт келісімен өз еркіммен кетуге мәжбүр болдым. Қарап отырсам, бас-аяғы 2-3 ай ғана директор болып қызмет атқарыппын. Сол Д.Әбдіхамитов бір күні хабардың безендірілуіне жеті миллион ақша бөліп, маған «қол қойыңыз» дейді. Мен оның арам пиғылын сезіп, қол қоймайтынымды айттым. Бір ғана хабар үшін мемлекеттің соншама қыруар ақшасын шығындайтындай студияның ішінен Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін тұрғызамыз ба? Сол Д.Әбдіхамитов ақша табудың оңай жолын әріден ойластырса керек, апта сайын жүргізушінің костюмін жаңалау үшін ақша бөліп, заңсыз құжаттарға қол қойдыртып, арандатқысы келді. Мұндай басшымен қалай жұмыс істейсің? Бүгінгі телеарналар да сол жаттанды қалпынан ауытқыған емес. Кеңес заманында топырлаған адамдарды студияға жинап алып, жұртты жалықтырып жіберетін нашар хабарларға «говорящие головы» деген атау тағылатын. Соның өзінде режиссерлер сөйлеп отырған адамның әңгімесінің мазмұнына қарай әртүрлі ұтқыр шешімдер тауып, іш пыстырарлық хабардың өзін құлпыртып жіберетін. Қазіргі телеарналардан беріліп жүрген хабарларда сондай еңбектің нышаны да жоқ. Телеарналардың жүргізушілігіне кім болса сол шақырылып, студияға келген меймандарға адамның күлкісін, кейде тіпті ызысын келтіретін «қанша әйелің бар»,»көлігің қандай», «қанша пайыз шындық айтып отырсыз» деген тәрізді бостекі сұрақтар қойылып, сол сауалдарға оқыс жауаптар алынса, өздеріне өздері мәз болып, экранды татымсыз дүниелермен толтырып отырмыз. Сонда Қазақстандағы теле арналар үшін осындай арзан, көрерменіне берер түгі жоқ, ойын-сауық пен шоудан басқа көрсететін мәнді нәрсе қалған жоқ па? Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық дәстүр деген қайда? Халықтың басын қосу деген қайда? Ұлттық идея деген қайда? Өз басым әзірге оны ойлауға деңгейі жететін іскер басшы қазақ телеарналарының басына келе қойған жоқ деп санаймын.

– Кезінде Сіз де бүгінде жаңғырығы жалпақ жұрттың құлағына жетіп отырған мемлекеттік сыйлыққа айтыстың жобасын ұсынып, бағыңызды сынап көрген екенсіз. Өте алмай қалғаныңызға өкінбейсіз бе?

– Бәйгеге қосқан аты өзгелерден мәреге қара үзіп келмеген адамда өкініш болмайды дейсің бе, болады. Менің де еңбегім бар шығар, соңғы отыз жылдың көлемінде айтыс өнері қазақтың рухани өмірінен өз орнын іздеп тапты. Халқынан көз жазып қалған қасиетті өнер ата жұртымен қайта қауышып, табысты. Сіз сыйлықты айтасыз, қазіргі айтыс қамқорлыққа зәру болып қалды. Айтысты үкіметіміз қаласа ашады, қаламаса жабады. Жақында 3-4 ай болды, Мәдениет министрінің пәрменімен айтыс деген бөлім ашылды. Үш-төрт адам қызмет жасап жатқан сияқтымыз. Сияқтымыз деп отырғаным қолымызда түгіміз жоқ. Айтысты ақ-тер көк тер болып өткізетінімізді қайтейік, әзірге оны халыққа жеткізуге телеарналар мен радионың, баспасөздің беті жабық тұр.Қазір шындықты айтпақ түгілі көлеңкемізден қорқып, жоғарыдағы қолында билігі бар адамдар мен кішігірім шенеуніктердің өзіне жалтақтап қарайтын дәрежеге жеттік. Айтыс деген сөздің түпкі мәнінің өзі айту деген ұғымды білдірмей ме. Айтыс қоғамдық ойды қозғап, ұлттың өзін өзі тануына кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерді жеріне жеткізіп айта алмаса, онда оның несі айтыс? Осы күні билік басында отырған кейбір шенеуніктер тұспалмен айтылған сәл ғана қалжыңның өзін көтере алмай шамданып, соңынан айтыстың қақпасына қара құлпын іле салады. Үстіміздегі жылдың 9 желтоқсаны күні Астана қаласында «Тәуелсіздікке тағзым» деген атпен ақындар айтысы өтеді. Былтырғы ақындар айтысын әлі күнге теле арналар арқылы халыққа көрсете алмай отырмыз. Биылғы айтысты да шалғайдағы бауырларымыздың көгілдір экран арқылы тамашалай алатынына үмітіміз аз. Себебі ақындар айтысы барысында әртүрлі әңгімелердің айтылып, оның кейбір жекелеген шенеуніктердің шамына тиіп кетуі әбден ықтимал. Қазіргі ақындардың бәрі сауатты, мемлекетке қарсы сөз айтпайды, сонда да төмендегі шенеуніктер өз сұлбаларынан өздері үркіп, «жоғарыдағылар не деп қалады екен» деп үрейленіп отырады.

– Тарихтың сахнасынан алыстап, өшіп бара жатқан айтыс өнерінің аузына дер мезгілінде су тамызып, қайта тірілткен азаматтың бірісіз. Десе де біздің бір байқағанымыз, ылғи да сын мен өкпе наздың ортасында жүресіз. Сіздің атыңызға бағытталып айтылатын сондай сынның мазмұнының бірі «Айтыстың қаражатын табатын біз, ал, қайырымы мен қызығын көретін Жүрсін Ерман» деген ойға саяды.

– Осы айтысқа үкіметтің қомақты қаржы шығындағаны шамалы. Айтыстың арқасында алды 30-дан,40-тан көлік мінген ақындар бар. Сол қаражатты өзгелерге алақан жайып, қалтасы қалың азаматтарды айтысқа қайырып әкелу арқылы таптық. Әңгіменің әділдігін айтсақ, сол тентіреп жүріп табатын қаражатқа иелік жасайтын мен емес, айтысқа төрешілік жасайтын қазылар алқасы. Оның құрамында қазақтың мүйіздері қарағайдай ақындары мен жазушылары, ғалымдары бар. Солар қалай шешім қабылдайды, мәселе солай шешіледі. Кейде жүлденің әділ берілмей кетуі де мүмкін. Себебі абсолютті әділдік деген еш жерде жоқ. Мені кейбір адамдардың сол айтыстардың қалай өткені немесе онда қандай өткір ойлардың айтылғаны емес, бас жүлденің кімнің қанжығасында кеткенін ойлап, уайымдап отыратындығы таңқалдырады. Ағайын-ау, сол айтыстың жүлдесін Тәшкеннен Тәшмет ака, Ресейден Иван келіп қанжығаларына бөктеріп әкетіп жатқан жоқ ғой. Жиған-тергеніміз жасы бар, жасамысы бар өзіміздің 120 шақты ақынның арасында бөлінеді емес пе?

Қазіргі айтыстың жаңарып, жасарған кейпін көре алмаушылық әсіресе жазба әдебиет өкілдері тарапынан жиі кездеседі. Сондағы олардың кейбірінің қызғанышына от тастайтыны «біз ондаған жылдар бойы көз майымызды тауысып, роман, поэма жазып, том-том кітап шығарамыз оған мынандай қаржы бөлінбеді. Ал, айтыс ақындары бір сағат, жарты сағат сахна төріне шығып, айналдырған аз уақыт ішінде көлік мініп кетеді» деген қыжыл ғана. Әсіресе қазақтың айтыс өнерінің бас дұшпанына айналып отырған белгілі жазушымыз Дулат Исабековтің бұл өнердің халық тарапынан әділ бағасын алғанын түсінетін кезі жетті деп ойлаймын. Былтыр бір айтыстың үстінде жазушымыз «айтыс деген ХХІ ғасырдың өнері емес, оны тоқтату керек» деп ұшқары пікір айтып қалды. Дулат Исабековтің осы сөзіне байланысты Мұхтар Ниязов деген ақынымыз жазушының жақын інілерінің бірінен саналатын Бекарыс Шойбековке «ағаңа айт, абыройсыздығын тоқтатсын» деп өтініш айтқан кезде, ол қазір жұрттың аузында жүрген «Кластағы баланың сөзін айтып, классикпін деп жүрген осы ғана» деген өлең жолдарын айтты. Қазақтың осындай мықты жазушысының айтыс өнеріне соншалықты шүйлігіп, сорлы көзқараспен қарайтындығы тым өкінішті.

– Дулат Исабеков айтыс өнеріне неге соншалықты жауыға қарайды деп ойлайсыз?

– Жазушының онысын жеке басымдағы табыс пен бақытты көре алмаушылықтан туындаған пендешілігі деп есептеймін. Болмаса айтыс ешкімнің қазанына түсіп жатқан жоқ, өз несібесі өзіндегі өнер. Сондықтан да Дулаттың мұнысы жәй ғана көре алмаушылық.

– Дегенмен де биылғы айтыста жемқорлық басым болып, алақолдылық үстемдік жасады деген пікірін баспасөз беттерінде жариялаған оралдық ақын Бауыржан Қалиоллаұы осы тосын ойы арқылы ел-жұртты бір дүрліктіріп тастады.

–Бауыржан Қалиоллаұлының бұл өкпесі былтыр үкіметтің қаулысымен желтоқсан айында өткізілген айтысқа ғана қатысты айтылды. Сол айтысқа 40-қа жуық ақын қатысты. Сонда жүлдеге риза болмаған ақынның пікірі бұл. Өз басым қаржының тізгіні Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен Мырзатай Жолдасбековке берілгендіктен ол туралы кесімді ой айта алмаймын. Жүлденің кімдерге берілетіндігі сол кісінің ұйғаруымен шешілді. Шындығында да айтыстың көңілді ортайтатын олқы тұстары болған да шығар, алайда қаржының қалай бөлінгенінің есебін білмегенен кейін ол туралы әңгіме айтудың өзі қиын.

– Қай бір жылы ақтөбелік бір бауырымыздың айтысты зияткерлік меншігім деп айқай көтеріп, сіздерге дөңайбат көрсеткені есімізде.

– Халықтың қазынасын меншіктеп алу деген әңгімеге тіпті де түсінбеймін. Сол бауырымыздың Әділет министрлігі берген табақтай қағазды қайта қайта көрсетіп, айтыс берілген «Хабар» телеарнасының директорымен мені «сотқа беремін» деп қыр көрсеткені есімде. Іле-шала мен де сондай қағаз алдым. Бірақ ол кімге керек? Айтыс атамнан мұраға қалған меншігім емес ғой. Осының бәрі сауатсыздығымыз бен күншілдігіміздің көрінісі.

– Айтыс өнерінің тағдыры үшін отқа да, суға да түсіп шырылдап жүрген Жүрсін Ерманның өткен өміріне өкінішпен қарайтын сәттері бола ма?

– Рас, өткен өміріме өкінішпен қарайтын кездерім көп. Ол бірақ жұрттың ойлайтынындай айтыстың жүлдесіне байланысты өкініштер емес. Оқта-текте өзімнің бүкіл шығармашылық мүмкіндігімді арнаған жылдарым текке кетті ме деп ойлаймын. Әркім шаужайыңнан алып, етегіңнен тартып, халқымыздың айтысын сүріндіруге жанталасып жатқан кезде осындай өлермендік қажет пе еді деп те мүжілемін. Тек сол көкірегіңді кеу кеулеген өкініш халықтың айтыс өнеріне деген ыстық ықыласы мен шынайы махаббатын жан тәніңмен сезген кезде ғана шым-шымдап тарай бастайды. Ал енді тіршілікке қатысты өкініштер мен сәтсіздіктер әркімнің басында болып тұрады. Мына бес күндік жалғанда пешенеге жазылған нәрседен артық нәрсені көре алмайсың. Алайда қамшының сабындай адамдық келте ғұмырда шамам келгенінше, парасат, пайымымның жеткенінше ұлтымыздың рухын көтеруге, басын біріктіруге, оның ұлт ретінде өзін өзі тануына мүмкіндік беретін қасиетті өнерді өрге сүйреген сәттерімнен қанағат табатын кездерім аз емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Пікірлескен Елеусіз МҰРАТОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *