АЙТЫСТЫҢ АТАСЫ

Сен өмірге келгенде Қобыландым,

Шырқалғаны шындық қой қоңыр әннің.

Кім біліпті қазақты тербетерін,

Қосындағы қыпшақтың қоңыраулы үн.

Көрермені лақтырған соңынан гүл,

Таптың ба екен өнердің жолынан нұр.

Атқа шапсаң Ақбала анаңыз да

Дастарханын жаятын молынан бір.

Өңі әжімді, әйтсе де, жаны балғын,

Дәм татпады анаңның қолынан кім.

Ақ сүтінен Жұмақтың иісі аңқығанг

Сағындың ба жұпарын омыраудың?

Ұлытауда жаралған Қобыландым,

Ұлы өнерін ұлтыңның қолыңа алдың.

«Айтыс» атты айбарлы қағанаттың

Абсалютті Қағаны болып алдың.

Тасалардан тас атып тобыр әр күн,

Көрсетеді қоғамда жоғын Ардың.

Айтысың да абайсыз билік деген

Түсіп қалды астына «саңыраудың».

Оқ атса да артынан оғыланның,

Туар Айы оңынан, солынан Күн.

Үміт қылып үркітіп жіберем деп,

Сор да қалмас соңынан бағы бардың.

Орта жастан асқанда танып әркім,

Ортасында қалдың-ау кәрі даудың

Сен түгілі Мұхаммед пайғамбардың,

Тікен төгіп тастайтын жолына әркім.

P.S.

Бар кезіңде несіне жабығармын,

Жоқ болсаң да түбі бір жолығармын.

Бағаңызды білгенмен бүкіл қазақ,

Қадіріңе жетпейді-ау қалың Арғын…

Балғынбек ИМАШЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *