АБАЙҒА ӨКПЕЛЕУ
Жырымен жүрек дертін емдер кей күн,
Мен Абайды ешкімге теңгермеймін.
Ақиқатын айтқанда, ұлы ұстазды,
Өзім туған әкемнен кем көрмеймін.
Әкеңнен жақын сірә, кісің бар ма,
Бастырса,
Сол бастырар ісіңді алға.
Өлең мені өгейсіп қалса,
Абайдан
Медет сұрап жүремін қысылғанда.
Жыр-жарыста әркімге бас қайғы деп
Абай-әкем жұмбағын ашпайды көп.
…Қазақ бекер айтпаған:
Әкенің де
Жақындығы жездеден аспайды деп!
ҚАЗАҚ БАЛАСЫН ҚАЙРАУ
Шежірені шиырлап тарата алам,
Тусақ, туған шығармыз әр атадан.
Өзіңді өзің сүйрелеп, қатарға қос,
Ей, қазақтың баласы қара табан!
Қарындаспын, қандаспын, жүректеспін,
Сол жүректен мен саған тілектеспін.
Алп-алп басқан аталар әулетіміз,
Сенен асып туған жоқ білекті ешкім.
Көптен көмек күтпей-ақ,
достан – қайыр,
Тасмаңдайдан тағдырды жасқанбай ұр.
Сен туғанда қуанған әке-шешең
Берді ғой деп Тәңірім қошқардай ұл.
Күнге қарап, қырандай қанатың кер,
Сені көріп серпілсін қара түндер.
Сұрамайды Құдайдан ұлды қазақ
Жүрсе екен деп әйтеуір санатында ер.
Жайсаңсың, сен,
Жарқылдап жүр ендеше,
Жігіт оңбас – жігерді шідерлесе,
Үлесіңді тартып ал, сұрап алма,
Ешкімнен де именбе.
Жіберме есе!
Сыр қадірі – тек қана сұрасқанша,
Жат түгілі, жақынға сыр ашпа онша.
Сен басқадан артықсың – анаң егер
Қуанғаны қалжа жеп рас болса!
Болу керек жігітте айла күшті,
Парасатпен пайымда пайдалы істі.
Барша қазақ елінің бақ-талайы
Тағдырыңа бір сенің байланысты.
Жігітсің бе, мақсаты, мұраты бар,
Құз басынан құлжаңды құлатып ал.
Жарқ ететін сағатың соғады әлі,
Оқталмаған мылтық та бір атылар.!
Өз жолыңды табатын жетті күнің,
Алғырлығың көрінсін,
ептілігің.
Болсаң болып, болмасаң – бордай тозып
Танылатын шақ осы тектілігің!
Сен оңбасаң, оңады қайдан халық?
Тойдан қалсаң қамықпа.
Ойдан қамық.
Аламанға түскенде бәйгеңді алып
Сен жүруге тиіссің жайраң қағып.
Тауқыметін тартсаң да азаптың көп,
Қуана біл, қарағым, қазақпын деп.
Атыңды сәл оздырсаң, сол қазағың
Жібереді мықты ғып.
Өзі-ақ, Күндеп!
АҚЫННЫҢ ЖАРЫ
Түндердің енді серпі қанатын,
Күн келді демді еркін алатын.
«Келеді қайтып өлеңін айтып»
Соғыстан тапқан дерті бар ақын.
Тізгіні қолға тиген сәт енді,
Сабаға түспек үйленсе әпенді.
Сабылып іздеп,
Сабырсыз жүрек,
Сағынып құшты сүйген Сәпенді.
Мойнына жар боп келіп асылды,
Көңілдің шемен шері басылды
Сәпен сұлу да серігім деді
Сұр шинель киген сері Қасымды.
Шерлі болмасаң, шерді ұғасың ба,
Еркелесең де, ерді басынба.
Серінің серттей сөзіне сеніп
Тағдырын Сәпен берді Қасымға:
– Айналсын, — деді; – сертіңе сертім,
Дертіңді менің дертім етермін
Әніңді сенің айтып өтермін,
Күйіңді сенің шертіп өтермін.
Бір ғана сөзді сұрасып алмақпын:
Шын сүйсең – сертте тұрасың, ардақтым.
Пейілін маған нәсіп ете гөр
Айшаны сүйген Расул Аллаһтың!
Жүр екен жүрек тек іштен жүдеп,
Таптым-ау жебер періштемді деп,
Сәпен сұраған сол ауыр сертке
Сеніскен жүрек
келісті елжіреп.
– Дауасыз жалғыз себепке айналып,
Тек ажал бізді бөлектей ме анық?
Садағаң болсын Сәпенің онда,
Өтейін сені бөбектей бағып!
Қуантып көзін көрікті Ай, Күні,
Қалар деп шошып сөніп қай күні,
Қасымның жары қасында жүрді
Бөліп бақытты, бөліп қайғыны.
Көрсетпей көзден шық құлағанын,
Уын да бірге жұтты қаланың.
Қасыммен бірге жадырап күліп,
Қасыммен бірге шытты қабағын.
Торғын деп киіп ескі көйлекті,
Қасыммен бірге кешті бейнетті.
Тарпаңдау ақын тарыққан жардың
Кейіген сөзін естімей кетті.
«Қамығып келсем – күліп тұрасың,
Дертімнің барын ұмыттырасың».
Өлеңнің отын лаулатып жағып,
Жаураған жарын жылытты Қасым.
Азайды дерті, басылды мұңы,
Көңілдің жайнап ашылды гүлі.
Сақыпжамалы – Қасымның жары,
Қасымның айы, Қасымның күні.
Жарының көзі – сезім айнасы,
Жалт ете қалған кезін ойлашы.
Қасымның жары – өзі Лаурасы,
Қасымның жары – өзі Ләйласы.
Деген жоқ дертке басым байланды,
Ақынды көрді досындай мәңгі.
Зәредей селкеу арада қалмай,
Сәпеннің өзі Қасымға айналды.
Ақылын құяр арна табылды,
Үйінде жұмақ орната білді.
Махаббатының шырағын жағып
Тәңірге емес, жарға табынды.
Сөзбенен сомдап таза сымбатын
Жүрекке мәңгі жазасың ба атын.
Ақылман әйел – ақынның бағы
Ақынның соры – мазасыз қатын.
Желіксе ақын – жері көтерер,
Желікпен жырдың жерігі өтелер.
Тәңірім, барлық ақынға сондай
Айнымас жарды серік ете гөр!
Қосылып үні егіз бұлақтың
Жемісін халал жегізді бақтың.
Сегіз жыл бірге дәурен кешірді
Салтанатындай сегіз жұмақтың.
Өбектеп дертін, жарасын емдеді,
Алдырды қолға анасын елдегі.
Отқа да түсті пәруана жары,
Ажалға бірақ шамасы келмеді.
Өлеңін жазып хатындай мәңгі
Қасымы өлмес ақынға айналды.
Шарасы қайсы, шырағы сөніп,
Хош айтар сәті жақындай қалды.
Елестет көзге Қасым ажалын,
Суалтты сырқат асыл ажарын.
Өмірден өтер сағаты жетіп,
Шақырды Қасым қасына жарын.
Қалтқысыз сүйген қыз есінде еді,
«Жастығымды өзі түзесін» деді.
Сылқ ете қалды Қасымның басы
Сақыпжамалдың тізесіндегі.
Өмір таусылды. Сайран басылды.
Ажал кеп алды қайран Қасымды.
Ұйықтап кетті Айша анамыздың
Тізесіндегі Пайғамбар сынды.
Сөзінен сыпсың шошымай елдің,
Келеді мен де осылай өлгім.
Пейіште нұрын шалқытсын Аллаһ
Ақынды сүйген асыл әйелдің!
БАУЫРЖАН ЖАҚЫП
Көрдім талай іріні –
Бауыржаным тұр дара.
Қасымдағы бір іні,
Соңымдағы бір қара.
Көңілдегі елесті
Көрсетеді жыр-айна.
Бұлың-бұлың көмескі
Құлын күнің жүр ойда.
Жолығатын жамырап
Қозыдайын көбеген.
Аузын ашса маңырап
Төгілетін көп өлең.
Жазатын ол жыр түмен
Деп ауылда қалды үйім.
Әжесінің құрты мен
Сағынатын әлдиін.
Жүрегінде сөндірмей
Жүрген отын даланың.
Сағынушы ем мен бірге
Әжесін сол баланың.
Зуылдама, зырлама
Десең, уақыт тоқтар ма.
Өлең құмар бір бала
Кіріп кетті көкпарға.
Жолықты ма олжаға
Өмірменен беттесіп,
Уылжыған сол бала
Ақын болып кетті өсіп.
Сіңіп кетті ол сағымға
Жүйрік аттай жыл шығып.
Арқасынан қағуға
Жүрем енді қымсынып!
САЙЛАУ БАЙБОСЫН
Сайлау дос,
Сайлау іні,
Сайлау ақын,
Кез келді сен жайлы да ойланатын.
Ауылдың жаратылған жүйрігісің
Алматыға апарса бәйге алатын.
Болмайды өзің жайлы толғанса артық,
Өлең сөз өзегіңді алған шарпып.
Шетелдің адамына көрсететін
Салдар мен серілерден қалған сарқыт.
Ұрпағың десем сізден бек кем емес –
Бөгенбай бабаң бізге өкпелемес.
Көзіме сен боп кейде көрінеді
Баяғы батырлардан жеткен елес.
Ауылдас ағайынның ұйтқысы ма ең,
Қауымдас қаламгердің мықтысы ма ең.
Жүресің елден саяқ, көптен жырақ,
Алысып Ерейменнің ит-құсымен.
Балқытып баялыштай жанса сезім
Желге ұшып кетіп жатыр қанша сөзің.
Дон-Кихот болған кезде Қанай ағаң,
Қасында жүрген Санчо-Пансосы өзің.
Белгілі әркім түрлі тон пішері,
Бойыңа өнерпаздың қонды шері.
Қанжығалы баласы хан көтерген
Ішінде Сүйіндіктің соңғы сері!
1
ҚАСЫМ ӨЗІ ТУРАЛЫ
Бәйгеден жүргенімен келмей атым,
Туған жоқ тұл ғасырда мендей ақын.
Күркілдеп жүргенімде күнім бітті,
Оқыса, оқи берсін енді аятын.
Ертеңге талпынғанмен ер көңілім,
Шықпайды бұрынғыдай сергек үнім.
Дүние дөңгеленіп өтер шақта,
Көлбеңдеп көз алдыма келді өмірім.
Кешіріп қиындықтың бәрін бастан
Бұл Қасым қияметтің төрін басқан.
Сөзіме сыйғыза алмай жүруші едім,
Көзіме тулақтай боп көрінді аспан.
Алланың жанып тұрса әр күн шамы,
Сынар ма жоқшылықтан ердің сағы.
Апыр-ай, жұдырықтай ғана екен ғой
Шегіне жеткізбеген жердің шары!
Хош, жалған – қызығымен мені арбаған,
Болып ем өлеңге алаң, өнерге алаң.
Жүйткіген келер күндер керуені
Түсіріп тастап жатыр мені арбадан.
Іштегі шемен болған шер басылмай
Сайрап ем тоты құстай торға сыймай.
Қайғы мен қуанышты кезек құшып,
Балқытып құйдым жырға қорғасындай.
Қазақтың керуен болып кең өлкесі,
Шұбырды тұс-тұсынан өлең көші.
Жаныма жуытпадым зұлымдықты –
Жырыма түспесін деп көлеңкесі.
Қарсы алып құмарлана өмір таңын,
Тамсанып келбетіне таңырқадым.
Қара өлең кірпішінен соқтым сарай
Көрсін деп тамашалап жаңа ұрпағым.
Жетелеп жүргенімен жастық үміт,
Қайтейін, көңілімді басты күдік.
Айтылмай қалды қанша ақиқатым,
Тұрғандай тамағыма тас тығылып.
Замана ызғарынан жыр бұғынып,
Мойнымда сүйретіліп жүрді құрық.
Айтақтап ағайыным ит қосқанда
Басында бір төбенің тұрдым ұлып.
Болғанмен туғаным – шын, өлерім – хақ,
Тіледім тапса екен деп өнерім бақ.
Алдым – жар,
Артымда құз тұрғандығын
Түсіне алармысың, келер ұрпақ.
Қайтейін, қол қысқарды, ой тарылды,
Алаңсыз айта алмадым айтарымды.
Күндіз-түн армандадым алаң болып
Халқыма қарызымды қайтаруды.
Өлеңнен қармап қалдым сыбағамды,
Келер жас, кіналама бұл ағаңды.
Жұбаттым жырымменен жылағанды,
Сүйедім қолтығынан – құлағанды.
Кетсе егер төңкеріліп бір күн қайық
Болмас деп жырды сүйген жұртым ғайып,
Жел кернеп жыр-теңізде желкенімді
Ертеңге құшағымды жүрдім жайып.
Өлеңім, өлгенімше сырласымсың,
Қанбадым құмарланып жырға сусын.
Еліме еркелейтін еркін шақта
Қасымға тарлық етті-ау бұл ғасыр шын.
Қорлатпай күншілдерге басымды алтын,
Қасқайып қалсам дедім Қасым қалпым.
Жанымды түйіп едім шүберекке,
Шешер деп керегінде асыл халқым.
Қасыммын, сені сүйген сол Қасыммын,
Алдаспан жарқылдаған алмасыңмын.
Күрмеліп қалған шақта қызыл тілім
Айтарсың ән-жырымның жалғасын кім?