ТҮНГІ ТАКСИ
Жексенбі.
Түнгі он екі кезі.
Сәл тінте қарап мені екі көзі
Таксидің ішінде бір ару отыр
Бөлек жамалы,
Бөлек мінезі.
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Тұңғиық жанар тереңге қарай
Батыра берді ағынша мені.
Түріктің қызы – туған ай дерсің,
Жүрегің болса – туламай көрсін.
Қап-қара шашты,
Аппақ иықты
Жолыққан ақын жырламай көрсін!
Ұмытар лезде азабыңды ішік
Сұлулық, сенің ғажабың күшті.
Аққу мойынға жараса қалған
Тарыдай меңге назарым түсті.
Бұрқанса сезім кімді бұзбайды,
Жұтамыз ба екен енді біз қайғы:
Түнгі сұлуға тебіреніп айттым
Хафиздың жырын меңді қыз жайлы.
«Мейірбанды түркі аруы
Сүйсе мендей бейшараны –
Бір меңі үшін қияр едім
Самарқан мен Бұқараны».
Білетін жырым осы бар менің,
Дәулетім болса тосылар ма едім,
Хафиз сыйлаған екі шаһарға
Алматыны да қосып ал дедім.
Еліккен ұлдың кесір мінезін
Көрікті қалам, кешіргін өзің!
Қолымда болса қиятын едім
Ертіс пен Сырды,
Есілдің өзін!
– Алмаймын! – деді –
сыйларың қымбат,
Одан да Хафиз жырларын тыңдат.
Жомарт ақынның дидарын көріп,
Дауысын естіп тұрғаным қымбат.
Кезімде жырды кенет аңсаған –
Өзім-ақ әлі телефон соғам.
Әзірге хош бол,
атымтай ақын,
Тыныққан бүгін жөн екен саған.
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Елеңдеп әлі күтумен жүрмін
Телефон шалар деп сағынса мені.
Түседі жиі есіме тегі,
Тағдырым қандай шешім етеді.
Хафиздың жырын іздеген шақта
Звондай салса несі кетеді…
ЫРҒАЙ ЖЫРЫ
Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Ғұмырыңды қысқартып
Уақытың зырлайды.
Ызыңына пенденің
Мойнын бір сәт бұрмайды.
Ырзығыңды берген боп
Қызығыңды ұрлайды.
Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Баяны жоқ бұл дәурен
Басыңда көп тұрмайды.
Өкінішің өзеуреп
Өзегіңді тырнайды.
Көздің жасы кептеліп
Көмейіңде құрғайды.
Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Ырылдасып қайтеміз
Сенде де бар бір қайғы,
Менде де бар бір қайғы.
Ырғай, ырғай, ырғайлы…
Ырғай мойнын ырғайды…
НӘПСІ ДЕГЕН КЕСЕЛДІҢ
Нәпсі деген кеселдің
Кесірінен неше өлдім.
Терім қалыңдаған соң
Терлемеуге төселдім.
Сөз сөйлесем жобалы
Ол өзімді табады.
Айтылмаса ақиқат
Кімге қалар обалы?
Қарап жүріп күйінем,
Жұдырықтай түйілем.
Жапырылам қоғадай,
Адырнадай иілем.
Түсіп кетсем топқа кіл
Алтын басым – қақпақыл.
Өзгермейді болмысым,
Осы менде жоқ па ақыл?
Көңілімнің жыртығын
Кеңейтеді түртіп ұл.
Дүрдигенмен сырты құр
Тақымында жүр тұғыр.
Жұртқа кінә тақпаймын,
өзіме-өзім жақпаймын.
Шырылдаған жанымды
Қай сандықта сақтаймын?!
ЕКІ СУРЕТ
Сұлу көрсем соңынан жүгіретін
Мынау – менің жас күнгі сүгіретім.
Шарап берсең шалқалап сіміретін
Мынау – менің бүгінгі сүгіретім.
Осы менің бүгінгі сүгіретім,
Қарай берме қажыма түріме тым.
Аяғына жем түскен тұғыр құсап
Етегіме болыппын сүрінетін.
Қашан қалай келтірген кім ретін
Көн секілді тартылған сірі бетім.
Күндер қайда жоғалған
Көлге барсам
Қармағыма ақ сазан ілінетін?
Жігіт едім жақсыға жүгінетін,
Жөнім бар-ау жалғаннан түңілетін.
Сындыр барлық айнаны!
Жырт альбомды!
Көрінбесін көзіме сүгіретім…
Сен не деген шеберсің, құдіретім!?
КҮЗГІ ЖЫР
Жоғал әрі санамнан сары уайым,
Қыркүйегім, келдің бе, шаруа айым.
Қырдың қызыл дүзгенін бір искемей
Мейірімінен даламның жарымаймын.
Жауа берсін ақ жауын себелеген,
Тауып алам бір қуыс шөмеледен.
Шайырлардың көзіне бір шалынбай,
Ши басынан тамшылап өледі өлең.
Қытықтаса желкемді тынысымен
Көк бестінің көремін мұнысын ем.
Саз-саз қылып шетелдік қалпағымды
Толтырамын көсікке құм ішінен.
Шуылынан мезгілдің мезімін бе –
Сабандалып қалғандай сезімім де.
Бір тал изен қыбырсыз салбырап тұр
Көкбестінің қап-қара езуінде!
Күн ашылды.
Бауырлап бу ұшуда,
Қара жидек езілді уысымда.
Бәтіңкемді жалатып маң төбетке
Маужыраймын маяның қуысында.
Тауан тауып таусылған тағатыма
Қарамаймын жаутаңдап сағатыма.
Күздің исі аңқыған күйлі жырды
Оқып берем көнтерлі көк атыма!
ЕРТЕРЕКТЕУ ЕРЖЕТІППІН
Ертеректеу ержетіппін
өтіп дәурен, озып ғалам.
Киіс көрген керзі етіктің
Жұлығындай тозып барам.
Уатылып төзім бордай
Қайда асығыс алып-ұштық?
Қасатталып сезім қардай
Суынды ерте қаным ыстық.
Тұлпарын бір тебінуге
Қысса жастық тақымын сәл,
Жігіт болып желігуге
Жібермеді ақылым – шал.
Саяқ жүрген құландаймын,
Жығылады жығам қай күн?
Ештеңеге қуанбаймын,
Ештеңеге жұбанбаймын.
Жүрегімен арыстанның
Қозыдайын көгенделдім.
Дел-сал болған данышпанмын,
Қайғы жұтқан кемеңгермін.
Ойыма мұң мінгесуде,
Тәңірім-ау, есірке бір:
Тақуа боп күн кешуге
Тати ма екен осы ит өмір?
ТҰРМАҒАМБЕТТЕН ТӘРЖІМА
Ойланып алмай – іс қылма,
Сайланып алмай – күш қылма.
Шамаңнан артық шоқпарды,
Беліңе бекер қыстырма.
Белдігің бекем болмаса,
Екі қол жүрер ышқырда.
Сөзіме бәрі күлді деп,
Үйірсек болма мысқылға.
Қадірі кеткен кезінде,
Алтынды қорлап, мыс қылма.
Сағынтар кезі болады,
Сары аяз буған қыстың да.
Қамыстың күні жетпесе
Себепсіз түспес ұшқын да.
Өшіріп жатса ел өртті,
Шатырым менің шетте деп,
Қауымнан сен де тыс тұрма.
Шуылдың бәрі бір ғой деп,
Дауылмен бірге ысқырма.
Бойыңа шақтап өлшеп ал,
Ұқсағың келсе ұстынға.
Күбіге тиер септігі,
Түтіннен болған ыстың да.
Еліңнің қамын ойлай жүр –
Қырандай көкке ұштың ба.
Көлеңкесі жерде болады,
Аспанда жүрген құстың да!
ӘЙЕЛГЕ ОДА
Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Әйелге барып дәлелде!
Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем
Сүйкімді болсаң шынымен
Әйелің сүйсін алдымен!
Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең – әйел деп сүрін
Халыққа сыйлы болмайсың
Әйелге болсаң жексұрын.
Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың
Әйелдің тілін таппасаң!
Ананың сорып емшегін
Басылған талай кемсеңің.
Бәдік боп өмір кешесің
Бермесе әйел жень-шенін.
Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың
Әйелден болған ажалы!
Әйелден ыстық от бар ма?
Сол үшін түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді
Әйелің өлсін деп қарға!
Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін – сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың
Әйелің сорлы болса егер!
Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!